.

Қазақ даласын суретке түсірген австралиялық жиһанкез кім?

001 (1)
Қазыналы түбек, қасиетті мекен – Маңғыстау өңіріне жақында ғана австралиялық саяхатшы, фотограф Александр Химушин есімді азамат ат басын тіреп, тарихи ескерткіштерге бай әулиелі өлкенің тылсым табиғатын фотоға түсірген. Ол ең әуелі қазақ даласынан сыр шертетін  суреттерін ғаламтордағы фейсбук парақшасына жүктеп, достарымен бөлісіпті. 362 әулие шыққан киелі мекен Маңғыстау өңірінің әсем суреттері менің де назарымды аудартпай қоймады. Жер жаһанды кезіп жүрген саяхатшы  Маңғыстаудың қытымыр табиғаты мен  өте құрғақ континенттік қатал ауа райын, шөл даласы мен аппақ шатқалдарын, соры мен құмын өте әдемі түсірген. Бір ғана кадрға қарт Каспийдің құшағына енген күллі Маңғыстаудың тыныс-тіршілігі мен өзіндік ерекшелігін, табиғи сұлулығын сыйғыза білген. Батыс халқы  пір тұтатыны – Бекет Ата, Шақпақ ата сынды әулие бабаларымыздың кесенесін де назардан тыс қалдырмапты. Қазақ даласына сонау Австралиядан келген жиһанкез Александрға хабарласып, Қазақстан туралы пікірін сұрап, сапарының мақсатын білуге тырыстық.

– Александр мырза, алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз?

– Мен Австралияның тұрғынымын. Ұлтым орыс. Жиһанкез әрі фотографпын. Соңғы 7 жыл бойы әлем елдеріне үздіксіз саяхат жасап, жер жаһанды аралап жүрмін. Бұрындары  иығыма тек жол сөмкемді арқалап, жолай кездескен көліктермен саяхаттап кете беретінмін. Алайда осы жылы ТМД елдерінің кең байтақ даласын көрсем деген мақсатпен ұзақ сапарға аттандым. Тұңғыш рет жол талғамайтын көлікпен Қазақстанға сапар шектім. Қазақ даласы мен табан тіреген 77-ші елді мекен болды. 77 санын сәттілік әкелетін сан ретінде жақсылыққа баладым. Алдағы уақытта бүкіл Орта Азия елдерін аралағым келеді. Әлі ешкім көрмеген, көпшілікке беймәлім жерлердің тылсым табиғатын көруге, сезінуге тырысамын. Маңғыстау – мен үшін тың жаңалық болды. Бұрын-соңды Қазақстанда мұндай керемет өлке бар екенін білмеппін. Менің достарымның арасында әлем елдерін аралап жүрген саяхатшылар көп. Ең қызығы – оларға  осындай  ертегі әлеміндегідей табиғаты сұлу мекеннің бар екені беймәлім болып шықты. Тіпті шетелдік танымал жолкөрсетпелерде Маңғыстау туралы ешқандай ақпарат жоқ. Сол себепті, мен Қазақстанның батыс бөлігін алып жатқан тарихи әрі киелі мекенін көпшілікке өз фотографияларым арқылы таныстыруды мақсат еттім. Мен әр сапарымнан ресейлік «Моя планета» телеканалына жазбалар беріп тұрамын. Әдетте жаңа материалдарды жариялауға біршама уақыт жұмсалатын. Бірақ, осы жолы олар Маңғыстаудан жасалған фоторепортажымды moya-planeta.ru сайтына бірден орналастырыпты. Қазақ даласынан сыр шертетін суреттер мыңдаған оқырмандардың жүрегіне жол тауып, көңілдерінен шыққан. Соның арқасында Қазақстаннан мыңдаған достар тауып, ғаламтор арқылы тілдестік. Қазақстандықтар өте қонақжай халық екен. Осы сапарымның шеңберінде Қазақстанға қайта оралу ойымда бар. Келесі жолы Қазақстанның шығыс бөлігі – Алтай тауының сілемдерін көрсем деген жоспарым бар. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі тұрақты оқырмандарымды енді қазақ жерінің шығыс өлкесінен түсірілген суреттеріммен тамсандырсам деймін.

– Александр, сіз қазақ жеріне келгенде неге дәл Маңғыстау өңірін таңдадыңыз? Әлде сол өлке туралы естіп-білгеніңіз бар ма? Сізге біреу бағыт сілтеді ме?

– Негізі мен әдетте нақты жоспарға сүйенбей-ақ сапарлай беремін. Бір елден бір елге аттанып, аралай беретінмін. Алайда осы жолғы автосаяхат мүлде өзгеше бастау алды. Мен сапарымды Мәскеу арқылы  жалғастырдым. Алдымен қай бағытты таңдарымды білмедім. Өйткені, Қазақстанның ұлан байтақ даласы кең екен. Тәжірибелі жиһанкез ретінде картаның көмегіне жүгіндім. Маңғыстау даласы маған жолай ұшырасатынын ескеріп, әрі кезінде түрлі ұлттарды тоғыстырған Ұлы Жібек жолы болған тарихи мекен ретінде қызықтырды. Бұған қоса Каспий теңізі бар. Теңіз – бұл бірінші ерекшелік, тау – екінші, тұзды сор дала – үшінші, топырағы – төртінші ерекшелік деп өзімше жүйеледім. Мен еш қателеспеппін. Ал, өмірімде бірінші рет Маңғыстаудың жұлдызды түнін көргендегі әсерімді ұмыту мүмкін емес.

– Александр, тарих пен шежіреге толы қазақ даласын суретке түсіріп, әлем жұртшылығымен бөліскеніңізге рахмет. Елімізде табиғаты сұлу өзге де өңірлер көп. Мүмкіндігіңіз болса қазақ жеріне тағы да оралыңыз. Сапарыңыз сәтті болсын!

001 (2)

Әңгімелескен – Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Дереккөз: el.kz 

       

Пікір жазу