.

Баласының есімін Алатау-Тамшыбұлақ деп қойған ағылшын саяхатшысы

 thomas-atkinson-2

Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан қазақ даласының әлем тарихында өзіндік орны бар. Сондықтан да болар, бұл өлкенің өткеніне қызығып, тау-тасын аралаған талай саяхатшылар өткен. Солардың бірі – XIX ғасырда, атап айтқанда, 1848 жылы Қазақстанға келіп, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін зерттеген ағылшын отбасы Томас пен Люси Аткинсондар, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Қазақ тарихы туралы құнды деректер қалдырып, халқымыздың тұрмыстық бұйымдарын өздерімен бірге Ұлы­британияға алып барған саяхатшылар еліміздің Қапал өңіріне тұрақтаған екен. Сол жерде Жоңғар Алатауын және Тамшыбұлақты ерекше зерттеген. Тамшыбұлақтың сұлулығына тәнті болғаны соншалық, қазақ жерінде дүниеге келген тұңғыш ұлдарының есімін Томас пен Люси Алатау-Тамшыбұлақ деп қойған. Бүгінде бұл есім Англиядағы үлкен бір әулеттің тегіне айналып отыр. Қазақ даласына табаны тиген саяхатшының алтыншы ұрпағы – Пипа Алатау-Тамшыбұлақ ханым қазіргі таңда Лондон маңындағы елді мекендердің бірінде тұрады.

Т.Аткинсонның еңбектерін зерттеп, қайта жаңғыртып жүрген ағылшынның жазушы-ғалымы Ник Филдинг Қазақ елі тарихына қатысты дүниелерді кітап етіп басып шығаруды көздейді. Оның айтуынша, саяхатшы Орталық Азия мен Қазақстанды және славян халықтарының тарихын зерттеп, соған қатысты 500-ге жуық сурет салған. Оның картиналарынан киіз үйдегі қазақ отбасының тұрмысын, ет пісіріп жатқан қазақ әйелдерін, домбырамен ән салған сал-серілерді және сәукеле киген қазақ қыздарын көруге болады. Бұл жәдігерлердің барлығы бүгінде Н.Филдингтің Лондоннан 75 шақырым жердегі Эвинтон қаласындағы үйінде сақтаулы тұр.

Сонымен қатар, жазушының қолында XVIII-XIX ғасырларда жасалған қазақтардың тұрмыстық бұйымдары да бар. Ол жөнінде Ник мырза «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында былай дейді:

– Қазір менің мұрағатымда қазақтың ұлттық ою-өрнек­терімен көмкерілген аяққап, түскиіз және қыздардың бас киімі бар. Оның бәрі осыдан екі-үш ғасыр бұрын жасалған. Ал бұларды ағылшын жеріне Томас Аткинсон алып келген. Осы жерде саяхатшы туралы аз-кем айтып өтсем деймін. Томас Аткинсон – сол кезде өз ортасына сыйлы, атақты адамдардың бірі болған. Ол Орталық Азияға орыс губернаторларының көме­гімен барған екен. Жалпы, Томас пен Люси Аткинсон сол өңір­ге саяхат жасаған алғашқы еуропалықтардың бірі. Қыркүйек айында Қазақстанда болған Ник Филдинг Алтай, Жоңғар және Іле Алатауларының табиғатын зерттеген.

– Мен таулардан қазақтың дархандығын көрдім. Меніңше, қазақ халқының ұлттық нақыштарының бірі осы таулар мен жазық дала және жылқы малы. Өкінішке қарай, Қазақстанда бір ай ғана болдым. Тағы да барып, саяхатшы Томастың маршрутымен жүріп өткім келеді. Алайда, ол үшін 3-4 жыл уақыт қажет, – деген ғалым келешекте осы мақсатын жүзеге асыру үшін жұмыс істейтінін айтты.

Ал Томас Аткинсонның тікелей ұрпағы Пипа Алатау-Тамшыбұлақ әулетінде осындай адамның болғанын мақтан тұтады.

thomas-atkinson

«Үлкен атамыз Джон Мэйсон Стюарт астрофизика және географиямен айналысқан. Ол кісі әулетіміз жайында көптеген еңбек қалдырды. Сол дүниелерде арғы атамыз Томас Аткинсон туралы айтылады. Тегіміздің Қазақстанмен байланысты екенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта ұлдарыммен Қазақ еліне барып, атамыздың ізі қалған жерлерді көрсем деген арманым бар», – дейді Пипа ханым.

Сурет: egemen.kz

       

Пікір жазу