.

Елбасы құттықтауы

elbasy

Құрметті редакция!
Қадірлі оқырман!

Алтай мен Каспий арасындағы ұланғайыр атырапты алып жатқан Ұлы Дала Елінде «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналының тың ізденістеріне арқау болатын тарихи-мәдени және ғылыми-танымдық тақырыптар аясы өте кең.
Байтақ жеріміздің географиялық ерекшеліктері ғана емес, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тамырлы тарихы да аса қызықты. Сақ пен Ғұнның, Түркі қағанатының рухын бүгінгі біздерге жеткізген ескерткіштері де мол.
Еуразия құрлығының әлеуетті дамуына дем берген Ұлы Жібек жолының сауда керуендері осы өлкенің бойында көшін керген. Сол далаға иелік еткен халқымыздың қайталанбас салт-дәстүрі, бірегей болмысы мен жасампаз келбеті қалыптасқан.
Осынау алуан айшықты табиғатымызды, шежірелі тарихымыз бен мәйекті мәдениетімізді, туристік әлеуетімізді дәйекті деректермен баяндап, әлем жұртына жан-жақты насихаттау – еңселі елдігіміздің белгісі. Жаңа журнал осы орайдағы жұмыстарға ғылыми тұрғыдан тың көзқараспен келіп, жауһар байлығымызды жаһанға таныту ісіне өз үлесін қосады деп сенемін.
Мен әлемге әйгілі басылымның Қазақ жерінде, қазақ тілінде жарық көруін ана тіліміздің халықаралық деңгейдегі тағы бір жетістігі деп бағалаймын.
Шығармашылық ұжымның жұмысына сәттілік тілеймін!
Жаңа басылымның қадамы құтты болсын!

11

Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті

       

Пікір жазу