Астана Бурабайға қарай жақындамақ

 

Астана орманы-02

Астана мәртебесі әйгіленгеннен бастап Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев бірінші кезекте қала маңына ағаш егуді тапсырған болатын. Өткен 18 жылдың ішінде елорданың айналасындағықолдан өсірілген орманның ауданы 73 мың гектарға жетті. 60-тан астам ағаш түрі өсетін орманда қазір аң мен құс та көбейе бастаған. Жақында Елбасы Астананың орман плантацияларын және «Ақ қайың» көшеттер питомнигін аралап, дәстүрлі қырғауыл ұшыру шарасына қатысты.

Жасыл белдеу фото Е (10)

Мемлекет басшысы ағаш отырғызылатын аумақтың жалпы көлемін ұлғайту жұмыстарымен, 2018 жылға дейінгі жасыл желекті алап пен оның биоалуандылығын дамыту жоспарымен де танысты. «Жыл сайын Астана маңында қосымша 5 мың гектар ағаш отырғызылады. 73 мың гектарға жеткен бұл аумақ көлемі жөнінен Бурабай ұлттық саябағына тең. Біздің ендігі міндетіміз – Елорда маңындағы орман ағаштары алабын Бурабай саябағы аймағына ұластыру», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Елбасы елдің экологиялық жағдайын жақсарту үшін барлық өңірде орман өсіру ісін дамыту қажеттігіне де назар аударды. Президенттің айтуынша, қала маңында бой көтерген  «Жасыл аймақ» елорданы шаң-тозаң мен ұйытқыған желден қорғайды. «Орманы бардың қорғаны бар» деп қазақ тегін айтпаған. Жасыл аймақ та Астанаға жел мен шаңнан қалқан болып, қала тазалығын қамтамасыз етеді», – деген Н.Назарбаев барша азаматтарды ағаш егу ісіне өз үлестерін қосуға, Қазақстанның табиғи байлықтарын аялауға шақырды.

Жасыл белдеу фото Е (11)

Болашақта елорданың «жасыл аймағын» Ақмола облысы Ақкөл ауданы ормандарымен ұштастыру жоспарлануда. Қаланың «жасыл аймағында» туризм мен демалыс орындарын дамыту мақсатында 2014 жылы «сафари-саябағы құрылды. Ал 2015 жылы жабайы жан-жануарлар түрі мен санын көбейте отырып, саябақ аумағын 300 гектарға дейін кеңейту жөнінде жоба әзірленген болатын.

Жасыл белдеу фото Е (1)

1997-2016 жылдар аралығында Астананың жасыл аймағы алқабы 75,1 мың гектарға дейін ұлғайды. Оның ішінде қала шетінен құрылған 14,8 мың гектар аумақ елорда әкімдігінің теңгеріміне берілді. «Жасыл аймақ» аумағына отырғызылатын көшеттер өсіру үшін жыл сайын 30 тоннадан аса жеміс жиналып, қайта өңдегеннен кейін одан 3 тоннаға жуық тұқым алынады. «Ақ қайың» плантациясында қазіргі таңда ауданы 155 гектар, ал саны 50 мың дана болатын ағашты-бұталы тұқымның 62 түрі бар.

Жасыл белдеу фото Е (12)

Елорданың жасыл белдеуін құру жабайы жануарлар мен құстардың көбеюіне де үлес қосуда. Осы күндері аймақ екпелерінде марал, бұлан, елік, суыр, дала қарсағы, қоян және кішкентай тышқан мекендейді. Мұнымен қоса, балқарағай торғайы, сұр шіл, сұр сандуғаш, көк қарға, жасымық, шиқылдақ, мәскеу торғайы тәрізді қанаттыларды да кездестіруге болады. Биыл олардың қатарына тағы 150 қырғауыл қосылды.

ERA_4691

Ерлан Омаров

    

Пікір жазу