Жыр алыбы…

YSH_01
Қазақтың бас қаласы Астанадағы бірегей ескерткіштің бірі – өлең сөздің дүлділі, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші. Қасиетті қара домбыраны қолына ұстап, кең шапанының өңірін аша, ыстық құшағымен сайын даланы қапсыра құшқалы тұрған қарт жыраудың елордадағы тастұғыры Тәшенов көшесінің бойындағы саябақта орнатылған.

Жамбылды жұрт қазақ даласын әнімен тербеген, ықылым ғасырлардан келе жатқан жыраулар мектебінің ең соңғы үзігі деп те біледі. Жағы талмаған жыр алыбы ХХ ғасыр Гомері деген құрметке де ие болды. Ол жыр-ғұмырында батырлықты, өрлік пен ерлікті, әділдік пен теңдікті жырлады.

DCIM100MEDIADJI_0004.JPG

DJI Phantom 4 арқылы түсірілген фото

Жүз жасаған Жамбыл бірнеше заманның тірі куәгері бола жүріп, өз өмірін де, шығармашылығын да қазақ халқының өмірімен байланыстырып өтті. Шешендік сөз өнерін сапырған дүлділ он төрт жасында Сүйінбайдан бата алып, суырып салма айтыс ақыны ретінде танылды. Кейіннен оның күмбірлеген көмейінен 1916 жылдың құбылысты кезеңі жырланды, 1920 жылдары тарихи шындықтар төгілді. 1930 жылы кеңес өкіметі тұсында Жамбыл «Туған елім» деп толғаса, Ұлы Отан соғысы кезінде қарт жүректен шыққан шумақтар соғыс шебіндегі майдангерлер рухына қуат берді.

DCIM100MEDIADJI_0009.JPG

DJI Phantom 4 арқылы түсірілген фото

Өз заманында Жамбыл есімі әлемнің шартарабына танылды. Мәселен, көрнекті француз жазушысы Ромен Роллан 1937 жылы «Батыс Альпінің жүрегінен қазақ халқының және жаңа адамзаттың жаршысы Жамбылға туысқандық сәлем жолдаймын» деп телеграмма жолдаған екен.

Жалпы Астанада тарихи тұлғаларға, тағылым мен тәлімге арнап тұрғызылған елуге жуық ескерткіштер бар екен. Қасиетті сөзімен елін сүйіп, Алатаудың селіндей ағынды жырларымен жеріне қорған бола білген Жамбыл жырларының қасиеті Астана төрінде асқақтап тұрғандай.

DCIM100MEDIADJI_0034.JPG

DJI Phantom 4 арқылы түсірілген фото

Жамбыл ескерткіші Астана қаласының 10 жылдығына орай 2008 жылдың шілде айында ашылды. Жас астанаға жыр алыбының құшағын айқара ашып, ақ тілек тілеп тұрған бейнесін берген ескерткіш авторлары: мүсінші Н.Далбай, архитекторы Қ.Ж.Жарылғапов. Мүсін қоладан құйылған. Тұғырымен бірге ескерткіштің жалпы биіктігі 12 метр, ескерткіш айналасына гранит тас төселген.

Ұлы ақын, жырау, жыршы жыр алыбы, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері Жамбылдың туғанына биыл 170 жыл толды. Ол қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде 1846 жылы 28 ақпанда Жапа деген елге қадірлі адамның отбасында дүниеге келген болатын.

DJI_06

Фотосуреттер Ruba Technology компаниясының заманауи инновациялық квадрокоптерін пайдалана отырып түсірілген.

    

Пікір жазу