Құбылмалы бақа

dscf5384

Сол жақтағы бақа (R. imitator) әзір ғана оң жақтағы (R. fantastica) бақаның түр-түсін «көшіріп» ала қойды. Бір-бірінің кейпіне ену арқылы улы қосмекенділер жыртқыштардан қорғанады.

«Ranitomeya imitator-ды» «сүйкімді» ететін екі ерекшелігі бар: біріншіден, ол әлемдегі жалғыз моногамды бақа, екіншіден, ол түсін өзгерте алады» – дейді Шығыс Каролина университетінің биологы және «National Geographic-тің» грант иегері Кайл Саммерс.

Саммерс Перудің тропикалық жаңбырлы ормандарын мекендейтін улы бақаны зерттеумен айналысады. Бұл тіршілік иесі басқа улы бақалардың түр-түсіне ене алатын қабілетке ие. Ал жыртқыштар жеуге аса қауіпті бақаның тек бір-ақ түрін біледі. Саммерс пен оның әріптестері түстерін өзгерте алатын улы бақалардың төрт түрін анықтады. Олар – теңбілді, жолақты, жалпақ жолақты және қызғылт-сары басты бақалар. Биолог-ғалым: «әдетте бір-біріне мүлде ұқсамайтын олар иммитация кезінде қасындағы жұптан айнымай қалады» – дейді.

Сондай-ақ Саммерстің айтуынша, зерттеу жұмыстары барысында бұлардың моногамды бақалар екеніне анық көз жеткен. Өмір бойы бірге тіршілік ететін олар өз итшабақтарын тропикалық өсімдіктердің жапырақтарына жиналып қалған суда қоректендіреді.

Зерттеу жұмысы кезінде ғалымдар бақаларды пластиктен жасалған стақанмен аулайды. Сосын олардың салмағы мен көлемін өлшеп, генетикалық анализ жасау үшін аяғының кішігірім терісін алады. Кейіннен бақаны еркіндікке жібереді. «Инфекция түспес үшін аяғының терісі алынған жерге неоспорин майын жағамыз», – дейді Саммерс.

Ал зерттеушілер удан қалай қорғанады? Саммерс: «Біз бақаларды резеңке қолғаппен ұстаймыз. Онда да, удан сақтану емес, бақаларды қорғау мақсатында», – дейді.

Түсін өзгерте алатын бұл бақаның уы жыртқыштар үшін қауіпті болғанымен, адамдарға соншалықты зиян емес. – Рэйчел Хартиган Ши

    

Пікір жазу