Таз көртышқан

Photo Ark жобасы үшін тұңғыш рет суретке түсіріліп отырған кемірушілердің аталмыш түрі ірі жерасты топтарымен Шығыс Африканың қуаң тартқан бөліктерін мекендейді. Линкольн Балалар зообағы, Небраска

Photo Ark жобасы үшін тұңғыш рет суретке түсіріліп отырған кемірушілердің аталмыш түрі ірі жерасты топтарымен Шығыс Африканың қуаң тартқан бөліктерін мекендейді.
Линкольн Балалар зообағы, Небраска

Авторы: РЕЙЧЕЛ ХАРТИГАН ШИ

Фото: ДЖОЭЛ САРТОР

Журнал фотографы Джоэл Сартор жылдар бойы үйінен жырақта жүріп жұмыс істеді. Ол бірде Боливиядағы Мадиди Ұлттық саябағының таңғажайып жабайы табиғатын зерттесе, бірде Ұлыбританияның ең үлкен үш шыңын бағындырып, енді бірде Аляскадағы Гризли аюларының маңынан табылды. Ал Небраска штатындағы Линкольн қаласында қалған жұбайы Кэти балаларына бас-көз боп, үйде отырды. «Ол ешқашан балаларының жаялығын ауыстырып, үйде отыратын әке болғысы келмеді», – дейді әйелі.

Алайда 2005 жылы «Алғыс айту» мерекесіне бір күн қалғанда, Кэтиге сүт безі қатерлі ісігінің диагнозы қойылған болатын. Қатерлі ісік салдарынан ол жеті ай химиотерапия алып, алты апта радиациялық емделуге және екі рет ота жасатуға мәжбүр болды. Шиеттей үш баласы бар Джоэл Сарторға өмірінің мәніне айналған жұмысынан бас тартып, үйде отырудан басқа амалы қалмады. Cол кезең туралы ол: «Менің ойлануым үшін үйде бір жыл уақытым болды», – дейді.

«Қарап тұрсам, мен тұмса табиғатты суретке түсіруге 20 жылдай уақытымды сарп етіппін. Алайда адамдарды қамқорлық жасауға үндеу жолында тырнағымның ұшын да қимылдатпаппын», – дейді ол.

Ол жан-жануарлардың тіршілік үшін күресін бір кадрға сыйғызуға тырысатын.

2006 жылдың жазында Сартор өзінің досы – Линкольн Балалар зообағының президенті, әрі басқарушы директоры Джон Чапоға хабарласып, хайуанаттар бағының кейбір жануарларын суретке түсіруге рұқсат беруді сұрады. Кэтидің дертін ескере отырып, үйден ұзамай жұмыс істеудің бір мүмкіндігі еді бұл. Хайуанаттар бағы үйден бір жарым шақырымдай жерде-тін. Чапо: «дегенің болсын», – депті досына.

Сарторға Чапо мен куратор Рэнди Ширден екі-ақ дүние керек еді, ол ақ фон мен бір орнында қозғалмай отыратын жануар. «Көртышқанға қалай қарайсың?» – деді Шир. Ол хайуанаттар бағының асханасынан алған тақтайдың үстіне азу тісті кеміргішті қойды да, Сартор суретке түсіруді бастап кетті.

Бір қарағанда осындай кішкентай ғана жаратылыс иесінің темір тордағы тіршілік иелерін суретке түсіріп, көпшілікті оның тағдырына ара түсуге шақырған Сарторды сонша шабыттандыруы ақылға сыйымсыз көрінуі де мүмкін. Алайда әлемдік деңгейдегі міндетін кішкентай кеміргіштің көмегімен орындау Сартордың философиясымен сәйкес келетін еді. «Мен осындай ешкім уақыт бөлмейтін кішкентай ғана жаратылысты суретке түсірген кезде үлкен ләззат аламын», – дейді ол.

Әлемде жануарлардың түрлері шамамен 2-8 миллион аралығында деп есептелінеді. Олардың көбісі (болжам бойынша 1600-ден 3 миллионға дейін) тіршілік ету ортасының жоЙЫЛуы, климаттың өзгеруі мен жабайы аңдарды заңсыз сатудың кесірінен XXI ғасырдың соңына қарай жоғалып кетуі мүмкін. Австралиядағы Виктория хайуанаттар бағының басшысы Дженни Грей: «Адамдар жан-жануарларды немере-шөберелеріміз де көреді деп ойлайды. Алайда біз олардан қазір-ақ айырылып отырмыз, тұқым-тұяғымен жоғалып бара жатқан түрлер бар», – дейді.

Хайуанаттар бағы жоғалып бара жатқан көптеген жануарлардың соңғы үміті боп саналғанымен, олар жер бетіндегі барша тіршілік иелеріне қорған бола алмайды. Сартордың есебі бойынша, қамаудағы көптеген жануарлардың түрлерін суретке түсіру үшін 25 жыл, я одан да көп уақыт кетеді екен.

Соңғы он жылдың ішінде ол өз құлшынысынан туған Photo Ark жобасы үшін 5600-ден астам жануарды суретке түсірген. Ол жасыл-қара улы бақа мен Эль-Сегундо гүл құмар шыбыны сияқты кішкентай түрлермен қатар, ақ аю мен орман карибуы секілді үлкен жан-жануарлардың да суреттерін түсірген. Олардың арасында теңіз жануарларынан – түлкітұмсықты қоянбалық пен Гавай қысқа құйрықты кальмары, құстардан – Эдвардс қырғауылы мен Монтсеррат мысықторғайы және басқа да жан-жануарлардың түрлері өте көп. «Аяғымнан әл, кеудемнен жан шыққанша бұл ісімді тоқтатпаймын» – дейді ол.

Огайодағы Колумбус хайуанаттар бағындағы фототүсірілімнен кейін түтін түстес леопард Сартордың басына өрмелеп шығып алды. Азияның тропикалық ормандарында тіршілік ететін леопардтарды браконьерлер (қасақылыр) терілері үшін заңсыз аулайды. Грэхем С.Джонс, Колумбус Зообағы мен Аквариумы

Огайодағы Колумбус хайуанаттар бағындағы фототүсірілімнен кейін түтін түстес леопард Сартордың басына өрмелеп шығып алды. Азияның тропикалық ормандарында тіршілік ететін леопардтарды браконьерлер (қасақылыр) терілері үшін заңсыз аулайды.
Грэхем С. Джонс, Колумбус Зообағы мен Аквариумы

Сартор қиын жағдайға душар болған құстарды суретке түсіргеннен кейін, оны қорғауға бөлінген қаржы көлемі 20 000 доллардан бір миллион долларға бір-ақ жеткен.

Қазір Сартор сақтап қалуға болатын, бірақ жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған жануарларды суретке түсіруде. Өткен жазда ол Чех Республикасы Двур Кралове хайуанаттар бағындағы әлемде қалған соңғы бес солтүстік ақ мүйізтұмсығының біреуін суретке түсірген. Түсірілім соңында 31 жасар ұрғашы солтүстік ақ мүйізтұмсық ұйқыға кетті. Бір аптадан соң ол іріңнің асқынуынан өлді. 2015 жылдың күзінде солтүстік ақ мүйізтұмсықтарының тағы біреуі көз жұмды. Енді қалғаны – бір еркек пен екі ұрғашы ғана. «Мүйізтұмсықтардың өлуі қаншалықты өкінішті деп ойлайсыздар? Ол жай ғана өкініш емес, ол – апат» – дейді Сартор.

«National Geographic» қоғамы тарапынан қолдау тапқан Photo Ark-тағы жануарлардың көбісінің белгілері, жүні, қауырсындары дисплейде бұрын-соңды анық түсірілмеген. Егер олар жойылып кетсе, бұл оларды көз алдымызға елестетудің бірден-бір жолы болмақ. «Менің мақсатым – біздің алып түрлерді жоғалтқанымызды жариялау емес, жануарлардың өмірде шын мәнісінде қандай болғандығын көру» – дейді Сартор.

Сартор түсірген жан-жануарлардың суреттерін бүгінде миллиондаған адамдар тамашалап үлгерді. Бұқара халық олардың бейнесін Instagram әлеуметтік парақшасы, осы журнал мен деректі фильмдерден ғана емес, Эмпайр стейт билдинг ғимараты, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас мекемесі мен Әулие Петр шіркеуі сияқты әлемнің ең керемет ескерткіштерінің жанында түсірілген жоба арқылы да көрді.

ЖАНУАРДЫҢ ҚАНША ТҮРІ БОЛСА, оларды суретке түсірудің де сонша жолы бар. Десе де, Сартор негізгі параметрлерді басшылыққа ала отырып жұмыс істейді. Барлық портреттер ақ немесе қара фонмен түсіріледі. «Бұл – тепе-теңдіктің белгісі. Ақ аю тышқанға қарағанда маңыздырақ емес және жүйрік қоңыздар мен жүйрік аттар сол секілді» – деді ол.

Ірі жануарларды суретке түсіру үшін Сартор фон орнына қара перде қолданады немесе қабырғаның суретін салып қояды. Хьюстон хайуанаттар бағында ол керіктің тұратын жерін бес жарым метр қара матамен орады. «Керік оны байқамай да қалды, ол тамақтануға келдім деп ойлады» – дейді хайуанаттар бағының вице-президенті Питер Риджер.

Кішкентай жануарларды суретке түсіру кезінде ол өз камерасының линзасын шетіндегі тесік арқылы өткізу үшін жануарларды жұмсақ қабырғалы қорапшаларға орналастырады. «Кейбіреулері сол жерде ұйықтап қалады, я тамақ жейді. Олардың көбісі мұны мүлдем ұнатпайды», – дейді ол.

Сартор жануарлармен байланысты өзі емес, қараушылар арқылы жасайды. Жан-жануарлар суретке түсіру барысында мазасыздана бастаса, түсірілім бірден тоқтатылады. Оның айтуынша, жануарлардың қауіпсіздігі мен өзін жайлы сезінуі қашан да бірінші орында. «Әл-әзір бірде бір жан-жануар зардап шеккен жоқ», – деп сөзін сабақтады ол.

*2016 ҚАҢТАР АЙЫ. **ӘЛСІЗ, ЖОЙЫЛЫП КЕТУ ҚАУПI ТӨНГЕН НЕМЕСЕ ТҰМСА ТАБИҒАТТА ЖОЙЫЛЫП КЕТКЕН СИЯҚТЫ IUCN АТАЛҒАН ТҮРЛЕР МЭТЬЮ ТУОМБЛИ. ДЕРЕККӨЗІ: ДЖОЭЛ САРТОР

*2016 ҚАҢТАР АЙЫ. **ӘЛСІЗ, ЖОЙЫЛЫП КЕТУ ҚАУПI ТӨНГЕН НЕМЕСЕ ТҰМСА ТАБИҒАТТА ЖОЙЫЛЫП КЕТКЕН СИЯҚТЫ IUCN АТАЛҒАН ТҮРЛЕР
МЭТЬЮ ТУОМБЛИ. ДЕРЕККӨЗІ: ДЖОЭЛ САРТОР

Десе де, Сартордың жолы әрдайым бола бермейді. «Бір рет тырна мені соқыр қыла жаздаған, бұл өзі бір жан түршігерлік оқиға», – дейді фотограф. Айрықша күшті примат саналатын мандрилден бетіне соққы алғаны тағы бар. Ал ақ айдарлы калао (мүйізтұмсықты құс) Сартор бейшараны тұмсығымен шоқып, қан-жоса қылған. «Бәлкім, мен осыған лайық та шығармын, кім біледі?!» – деп әзілдейді кейіпкеріміз.

ДЖОЭЛ МЕН КЭТИ САРТОР шамдары күңгірт жанған Линкольндағы ас бөлмесінде отыр. Джоэл әйелін иығынан қапсыра құшақтап алған. Бір күн бұрын Мадагаскардан келген беті (Айтқандай, ол өз саяхатын 2007 жылы қайта жалғастырған болатын). Ол жұбайымен Instagram парақшасына салу үшін сирек кездесетін лемурлар мен сүңгуір үйректердің суреттерін іріктеп отыр. «Адамдардың назарын аударатын нәрсе – эмоция», – дейді редактор қызметін жиі атқарып кететін Кэти.

Сартор Линкольннан аса қашық емес, Небраска штатындағы Ральстонда өскен. Оның ата-анасы табиғатты жақсы көретін. Оны әкесі көктем айында саңырауқұлақ теруге, жаз айында балық аулауға, күзде аң аулауға апаратын. Ал өткен жылы қайтыс болған анасы сегіз жас шамасында оған құстар туралы «Тime-Life» баспасы шығарған кітап сыйлаған-тын. Сартордың өмірін өзгерткен сол кітап болу керек шамасы. Кітаптың соңғы, жойылу қаупі бар жан-жануарларға арналған бөлімінде Марта атты әлемнің соңғы кезбе кептер дарағының суреті тұратын. Оның сол бетті қайта-қайта ашатыны, саны миллиардтан асатын құстың мүлдем құрып кетуге айналғаны таңдандыратын.

Джоэл мен Кэти Zoo Bar деп аталатын жерде, Небраска университетінің студенттері болып жүрген кезінде танысқан. «Біз балық пен бақа аулау үшін кездесетінбіз, бақаны аяқтары үшін ұстайтынбыз», – деп есіне алады Кэти. «Бұл әрекетті ақтауға болады», – деді Сартор мән-жайды түсіндіруге асығып. «Олар өгіз-бақалар болатын. Бұрын Линкольнда жоқ еді, кейін қаптап кетті».

Кэтидің қатерлі ісігі 2012 жылы қайта белгі берді; ол екі омырауына да мастектомия жасатты. Дәл сол жылы олардың 18 жасар ұлдары Коулға лимфома диагнозы қойылды. Қазір екеуі де сауығып кетті. Десе де, дерт өз ізін қалдырмай қоймайды. «Біз қазір оны көп ойламауға тырысамыз», – дейді Сартор.

Photo Ark жобасы да оны айтарлықтай өзгертті. «Бұл жоба өзімнің өлім-жітім жайлы түсінігімді кеңейтті», – дейді ол. «Жобаның ұзаққа созылатынын ішім сезеді». Әлі де жан-жануарлардың мың-сан түрін суретке түсіруі тиіс ол егер жұмысты аяқтай алмайтындай қандай да бір жағдай туып жатса, бұл істі Коул жалғастыратынын айтады. «Өз басым бұл жұмыстың мен өлгеннен кейін де жүре бергенін қалаймын», – дейді Сартор.

Әлемнің жаратылысын түсіру үшін фотограф Джоэл Сартор қиындыққа шыдап, ашулыны сабасына түсіріп, күтпеген мәселелерді шешуге тиіс. Көне жануарлар туралы бейнежазбаны мына сайттан көріңіз ngm.com/more.

Әлемнің жаратылысын түсіру үшін фотограф Джоэл Сартор қиындыққа шыдап, ашулыны сабасына түсіріп, күтпеген мәселелерді шешуге тиіс. Көне жануарлар туралы бейнежазбаны мына сайттан көріңіз ngm.com/more.

    

Пікір жазу