.

Өмір мен өлім арасы

mm8197_59-05

2015 жылдың наурыз айында Гарделл Мартин мұздай суық өзенге құлап кетті. Екі жарым сағаттан астам уақыт тіршілік белгісін білдірмеген ол үш жарым күннен кейін дін-аман ауруханадан шықты. Бұл оқиға ғалымдардың өлім құбылысын тереңірек зерттеулеріне түрткі болды.

Линда Чамберлейн Аризонада орналасқан «Alcor» атты криоконсервация орталығының негізін қалаушылардың бірі. Ол жұбайы Фредтің мүрдесі салынған контейнерді құшақтап тұр. Күндердің күні «мұздатылған мүрдеге жан бітіп, қайта тіріледі» деп үміттенетін Линда өзі қайтыс болғаннан кейін денесін осы жерге тапсырмақ ойы бар. Фред ақтық демі таусылар сәтте әйеліне: «Бұл тәжірибе іске асады деп үміттенемін», – деген екен.

Линда Чамберлейн Аризонада орналасқан «Alcor» атты криоконсервация орталығының негізін қалаушылардың бірі. Ол жұбайы Фредтің мүрдесі салынған контейнерді құшақтап тұр. Күндердің күні «мұздатылған мүрдеге жан бітіп, қайта тіріледі» деп үміттенетін Линда өзі қайтыс болғаннан кейін денесін осы жерге тапсырмақ ойы бар. Фред ақтық демі таусылар сәтте әйеліне: «Бұл тәжірибе іске асады деп үміттенемін», – деген екен.

Авторы: Робин Маранц Хениг

Фото: Линн Джонсон

Алғашында ол «жәй ғана басым ауырып тұрған шығар» деп ойлады.

Жиырма екі жастағы Карла Перездің одан басқа бөтен ойы болмады. «Біраз жата тұрсам басымның ауырғаны басылар, бәлкім», деп анасының бөлмесіне барды. Ол кезде Карланың аяғы ауыр еді. Құрсағындағы сәби бес айлық. Дженезис есімді үш жасар қызы тағы бар. Бірақ жағдай нашарлай берді. Сосын төсектен басын жұлып алып құсты да, інісінен 911 нөміріне хабарласуын өтінді.

Бұл 2015 жылы ақпанның сегізінде, жексенбі күні түн ортасына жақындағанда болған оқиға еді. Жедел жәрдем көлігі Небраска штатының Ватерлоо ауданында тұратын Перезді алып, Омаха қаласындағы жүкті әйелдерге арналған ауруханаға жеткізді. Жан сақтау бөлімінде Перез есінен тана берді. Дәрігерлер іштегі балаға оттегі жетіспеушілігі туындамас үшін Перездің тамағына түтік орнатты. Сосын оны компьютерлік томографиядан өткізді. Сараптама нәтижесінде науқастың миына қан құйылып жатқаны анықталды. Соның әсерінен бас сүйегіне қысым түсіп, қатты ауырған көрінеді.

Перез ауыр инсульт алды. Абырой болғанда, құрсағындағы шаранаға еш зиян келмеді. Шақалақтың жүрек соғысы бірқалыпты болды. Нейрологтар түнгі екілер шамасында сырқатты қайтадан компьютерлік томографиядан өткізді. Осы кезде дәрігерлердің болжамы расқа айналды. Перездің бас миының ісіп кеткені соншалық, ондағы клеткалардың бірі (ми діңі) қысымға шыдамай, кішкене тесік арқылы бас сүйектің сыртына шығып кеткен екен.

Небәрі он жеті жасында көлік апатынан қаза тапқан Скоттың анасы Дианна Сантана: «Балам қыршын кеткенімен, айналасындағы адамдарға шарапатын тигізді», – дейді. Скоттың ішкі ағзалары мен тіні 76 адамға салынды. Скоттың жүрегімен өмір сүріп жүрген Род Грэмсон Калифорния штатының Плассервиль қаласындағы тас жолда Дианна мен оның жұбайы Ричпен кездесті. Көлік апаты осы жерде болған еді.

Небәрі он жеті жасында көлік апатынан қаза тапқан Скоттың анасы Дианна Сантана: «Балам қыршын кеткенімен, айналасындағы адамдарға шарапатын тигізді», – дейді. Скоттың ішкі ағзалары мен тіні 76 адамға салынды. Скоттың жүрегімен өмір сүріп жүрген Род Грэмсон Калифорния штатының Плассервиль қаласындағы тас жолда Дианна мен оның жұбайы Ричпен кездесті. Көлік апаты осы жерде болған еді.

Перездің бірінші баласы Дженезисті де, және екінші жүктілікті де тұрақты бақылауға алып, оның аман-есен босануына жағдай жасаған акушер дәрігер Тифани Сомер-Шилидің айтуынша, дәрігерлер сараптама нәтижесін көрген сәтте-ақ бұның соңы жақсылыққа апармайтынын түсінді.

Перез өмір мен өлім арасында жатты. Миы зақымдалып, істен шықты. Яки, семіп қалды. Науқастың ішкі мүшелері арнайы құрылғылардың арқасында ғана жұмыс істеп тұрды. Олай етпесе тағы болмайды. Құрсақтағы жиырма екі апталық шарананы аман алып қалу керек. Ғалымдар соңғы уақытта мұндай дерттің жиілеп кеткенін айтады. Өмір мен өлімнің ортасында, не өлі емес, не тірі емес күй кешкен науқастардың саны артып барады. Ес-түссіз сырқат тірі өлік іспетті. Кеудесінде жүрегі соғып тұрғанымен, миы істен шыққан. Кейбіреулер бақилыққа аттанып, қайта тіріледі. Тіпті, о дүниеде не көргендерін тәптіштеп айтып беретіндер де бар.

Жағдайы ауыр науқастарды емдейтін дәрігер Сэм Парния өзінің «Өліммен арпалысу» атты кітабында «Өлім дегеніміз қас-қағым сәтте болмайды. Бұл ұзақ процесс» дейді. Мұндай жағдайда ең алдымен сырқаттың қан айналымы бұзылады. Бірақ жүрек соғысы тоқтамайды. Ішкі мүшелері де бірден істен шықпайды. «Сырқаттың ағзалары күрт зақымдалмайды. Белгілі бір уақыт қызмет етіп тұрады. Науқас клиникалық өлімді бастан кешеді», – деп жазады.

Өлгеннен кейін қайта тірілу мүмкін бе? Өлімді жеңуге бола ма? Клиникалық өлімді бастан кешірген адамның санасында қандай да бір өзгерістер бола ма? Көптеген ғалымдар осы сұрақтардың жауабына әлі күнге дейін бас қатыруда.

Сиэтлдық биолог ғалым Марк Рот осы сауалдардың жауабын табу үшін жануарларға тәжірибе жасаумен айналысады. Ол жүрек қағысы мен метаболизм процесін баяулататын химиялық ерітінді дайындап, оны мақұлықтарға егеді. Соның әсерінен жануарлар белгілі бір уақыт аралығында клиникалық өлімді бастан кешеді. Марктың мақсаты – жүрек талмасына шалдыққан науқастарды өлім аузынан аман алып қалу. Яғни өмір мен өлім арасында жатқан адамды тірілтіп алудың тиімді жолдарын іздестіру.

Сэм Тишерман бастаған балтиморлық және питтсбургтық бір топ травматолог дәрігерлер клиникалық сынақтар өткізумен айналысады. Мәселен, олар оққа ұшқан және денесіне өткір зат тиген науқастардың жарақатын ерекше тәсілмен емдейді. Олар жарақатты тігер кезде науқастың дене температурасын төмендетеді. Осылайша қанның ағуы баяулап, дәрігерлердің жұмысы жеңілдейді. Қазір басқа дәрігерлер де Роттың бастамасын құптап, науқастың өмірін сақтап қалу үшін денені уақытша жансыздандыратын тоңазыту әдісін қолданып жүр.

Аризонада орналасқан крионика орталығының мамандары 130 адамның мүрдесін тоңазытқышта сақтайды. Олардың пайымдауынша, өмір мен өлімнің ортасында жатқан бұл адамдар болашақта, бәлкім, жүздеген жылдардан кейін, денелеріндегі мұз ерітілген соң қайта тірілуі бек мүмкін. Мамандар «технология дамудың шегіне жеткенде кез келген ауруды жеңу мүмкіндігі туады» деген болжамды алға тартады.

Ричард Дэвидсон атты невролог ғалым Үндістанда «тукдам» күйінде қатып қалған буддалық монахтардың мумияларын зерттеумен айналысады. Монахтардың мәйіттерінен биологиялық өлімнің белгілері байқалғанымен, ол бір апта бойы сол қалыптарында сақталған. Дэвидсонның басты мақсаты – монахтардың миларындағы қандай да бір өзгерістердің бар-жоғын тексеру. Сондай-ақ қан айналымы тоқтаған кезде адамның санасы қандай жағдайда болатынын анықтау.

Нью-Йорк штатының тұрғыны Парния өлікті қайта тірілтуге болатынын айтады. Оның ойынша, жүрек-өкпе реанимациясының маңызы зор. Егер барлық шарттар орындалып, дұрыс күтім жасалса, жүрегі бірнеше сағатқа тоқтап қалған кейбір адамдарды өлім аузынан арашалап, аман алып қалуға болады. Және оның көп зардабы да бола қоймайды. Ол үшін сырқаттың дене температурасын төмендетіп, қолдан дем алдырған кезде барынша мұқият болу қажет. Кеудесін қолмен басқан сәтте бөлінген оттегі жұмсақ тіндерге зиян келтірмес үшін жылдамдық мөлшерін сақтай білу керек. Бүгінде ол клиникалық өлімнің бізге беймәлім тұстарын зерттеп жүр. «Жүрегі тоқтап, қайта тірілген адамдардың көбі неліктен «жан денеден ажырайды немесе өлім сәті жақындай түскенін сеземіз» деген сөзді жиі айтады? Және өмір мен өлімнің арасында қандай да бір байланыс бар ма? Жалпы, өлімнің сыры неде?» деген сұрақтардың жауабын іздейді.

2013 жылы Найла Уинкфилдтің он үш жасар қызы Джай Мак Мэтке миы істен шыққан деген диагноз қойылды. Анасы: «Дәрігерлердің сөзіне құлақ ассам, қазір қызым мұнда емес, зиратта жатар еді», – дейді. Уинкфилд күндердің күні қызының есін жиятынына сенімді.

2013 жылы Найла Уинкфилдтің он үш жасар қызы Джай Мак Мэтке миы істен шыққан деген диагноз қойылды. Анасы: «Дәрігерлердің сөзіне құлақ ассам, қазір қызым мұнда емес, зиратта жатар еді», – дейді. Уинкфилд күндердің күні қызының есін жиятынына сенімді.

Сиэтл қаласында орналасқан Фред Хатчинсон атындағы қатерлі ісікті зерттеу орталығының қызметкері Роттың пайымдауынша, өмір мен өлім арасында жатқан науқас үшін оттегінің маңызы зор. Ол: «Оттегі қоспасы ең алғаш рет 1770 жылы алынды. Ғалымдар оның тіршілік үшін маңызы зор екенін түсінді», – дейді. Алайда XVIII ғасыр ғалымдары оттегінің мөлшері қаншалықты маңызды рөл атқаратынын білмеді. «Иә. Егер оттегі түтігін алып тастасаңыз, жануар өліп қалады. Ал оттегі мөлшерін азайта түссеңіз, жануар қайта тіріледі. Тек ес-түссіз күйде жатады», – дейді Рот.

Ол топырақта тіршілік ететін жұмыр құрттарға тәжірибе жасады. Бұл жәндіктер ауа құрамында 0,5 пайыз оттегі болса, еш қиындықсыз тіршілік ете береді. Ал егер оттегіні 0,1 пайызға азайтса, өліп қалады. Бұнымен тоқтап қалмай, оттегі мөлшерін 0,001 пайызға кемітсе, құрттар екіұдай күйге түседі. Мұндай сәтте олар оттегіні қажет етпейді. Кейбір жануарлардың қыста ұйқыға кететіні сияқты олар да қимылсыз жатады. Бір қарағанда, оттегісіз өмір сүре алмайтын бұл жәндіктер өліп қалғандай көрінгенімен, шынтуайтында, олар тірі. Уақыты келгенде денелеріне қайта жан бітіп, бұрынғы қалыптарына келеді.

Рот жан-жануарларға тәжірибе жасау арқылы осы бір құбылыстың қыр-сырын зерттеп көрмекші. Ол үшін йодид деп аталатын химиялық элементті қолданбақ. Оның ойынша, бұл элемент оттегіні тұтыну қажеттілігін төмендетеді. Жақында бұл тәжірибені адамдарға да жүргізіп көрмекші. Ал басты мақсаты – жүрек талмасы кезінде көрсетілген ем-домнан кейін төнетін қауіп-қатердің алдын алу. Егер йодид газ алмасу процесін баяулатса, миокардтың ишемиялық реперфузионды зақымдалу қатерін жойып, коронарлы қан тамырларын қиындықсыз кеңейтуге мүмкіндік берер еді. Яғни баяулатылған зат алмасу процесі кезінде, оттегі қалпына келтірілген қан тамырлары арқылы жүрекке біртіндеп бара бастайды. Ал керісінше жағдайда, жүрекке қысым түсуі мүмкін.

Роттың айтуынша, өмір мен өлім тікелей қозғалысқа байланысты. Биологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, қандай да бір тіршілік иесі неғұрлым аз қозғалса, соғұрлым көп өмір сүреді. Мәселен, ұрықтар мен споралар сан мыңдаған жылдар бойы тіршілік етеді. Тіпті, олар мәңгілік өмір сүреді деуге болады. Рот Австралиядағы ауруханалардың бірінде таяуда жүргізілетін клиникалық сынақтар өз нәтижесін беретін күн де туар деп үміттенеді. Яғни йодид деп аталатын химиялық қоспалар жиынтығы жүрек талмасы ұстап қалған науқастарды бір сәт қалың ұйқыға кетуден сақтап, өміріне төнген қауіптің алдын алуы әбден мүмкін.

Алайда бұл әдістің Перезге тигізер пайдасы шамалы еді. Себебі, оның жүрегі тоқтаған жоқ. Акушер Сомер-Шили компьютерлік томографияның естен тандырар нәтижесін естігеннен кейін қыздарын ойлап жандарын шүберекке түйіп отырған Берта мен Модесто Хименездерге шындықты айтуға бел буды. Карла кішкентай қызын үнемі айналып-толғанып, өбектеп отыратын балажан әйел еді. Езуінен күлкі кетпейтін жайдары келіншектің достары да көп-тұғын. Өзі би десе, ішкен асын жерге қоятын. Енді міне, оның миының істен шыққанын жақындарына айту қалай оңай бола қойсын?!

Бірінші қиындық тілдік кедергі болды. Хименездердің ана тілі – испан тілі. Дәрігердің айтқанын түсіну үшін тілмaш жалдау қажеттігі туды. Бірақ тілмaш дәрігердің сөзін айна-қатесіз жеткізе алмауы да мүмкін. Шынтуайтында, мәселе тек тілдік кедергіде емес-тін. Бар гәп «мидың өлуі» деген ұғымда болатын. Бұл ұғым алпысыншы жылдардың соңында медицина саласында екі бірдей бағыттың белең алуының нәтижесінде пайда болды. Біріншісі – жоғары технологиялық, заманауи құрылғылардың жасалуы. Яки дәрігерлер тек құрылғылардың көмегіне сүйенеді. Ал екіншісі – ағза трансплантациясы. Дәл осы бағытта кереғар пікірлер пайда болды. Мәселен, респиратордың көмегімен жасанды дем алып жатқан науқасты алайық. Оны өлдіге санауға бола ма, әлде ол тірі ме? Респираторды алып тастағаннан кейін мәйіттің ішкі мүшелерін бірден кесіп алып, басқа науқасқа салу керек пе, әлде біраз уақыт күту қажет пе? Егер өлген адамның жүрегі басқа науқастың кеудесінде қайтадан соға бастаса, онда оның тірі болғаны ма? Мүмкін, ол өлмеген шығар?!

Ковбой бейнесіндегі елес жанына келіп, қорықпауын өтінді.

Ковбой бейнесіндегі елес жанына келіп, қорықпауын өтінді.

Осындай күрделі сауалдарды талқылау үшін 1968 жылы Гарвард колледжінде дәрігерлер мен ғалымдар бас қосты. Олар өлімді анықтаудың екі жолын көрсетті. Біріншісі – кәдуілгі өлім концепциясы. Оның өзі екіге бөлінеді. Жүрек-өкпе критериясы және неврологиялық критерия. Бүгінде неврологиялық критерий деген ұғым «мидың өлуімен» байланыстырылады. Мидың өлуінің үш бірдей негізгі белгісі бар. Олар – кома (ес-түссіз күйде жату), апноэ (арнайы респиратордың көмегінсіз тыныс ала алмау) және ми рефлексінің жойылуы. Мұндай жағдайда науқасқа түрлі сынақтар жүргізуге болады. Мәселен, құлағын мұздай суық сумен жуу. Осылайша оның көзі қозғала ма, жоқ па, соны тексеруге болады. Сондай-ақ бет қимылын тексеру үшін тырнағының астына үшкір зат тығуға немесе оны жөтелту үшін тамағын шайып, түтік салуға болады.

Иә, бұл – өте қарапайым тәсілдер. Алайда ақылға мүлде қонымсыз. Нью-Гэмпшир штатындағы Дармут медициналық колледжінде қызмет ететін невропатолог дәрігер Джеймс Бернат 2014 жылы америкалық «Биоэтика» газетіне шыққан мақаласында былай дейді: «Миы істен шыққан науқасты өлдіге санауға болмайды. Себебі, оның жүрек қағысы бірқалыпты. Қан айналымы да өз қалпында. Тіпті, висцеральды мүшелері де қызметін тоқтатпайды». Джеймс Бернат бұл мақалада мидың өлуіне қатысты тұжырымдама жасап, ғалымдарды өз ойын құптауға шақырады. Мақала жарыққа шыққан кезде бүкіл ақпарат құралдары ауыр жағдайда жатқан екі науқас туралы жарыса хабарлап жатты. Олар калифорниялық жасөспірім Джей Мак Мэт пен Марлиз Муноз болатын. Джей Мак Мэт тонзиллэктомия кезінде оттегі жетпей, коматозды жағдайға түсті. Оның ата-анасы дәрігерлер қойған диагнозбен келіспеді. Ал Марлиз болса Карла Перез сияқты аяғы ауыр кезінде ес-түссіз күйге түсті. Бірақ Марлиздің жағдайы Перездікінен өзгеше еді. Оның жақындары науқасты арнайы құрылғылардың көмегімен жасанды дем алдыруға қарсы болды. Алайда аурухана қызметкерлері жергілікті басшылықтың көмегімен Марлиздің ата-анасын райынан қайтарды. Себебі, Техас штатының заңы бойынша, құрсақтағы сәбиді қалай болғанда да аман алып қалу керек-тін. Бірақ кейіннен құқық орындары Марлиздің ата-анасын жақтап, аурухана қызметкерлеріне қарсы іс қозғады.

Перезді ауруханаға жатқызғаннан кейін арада екі күн өткенде Хименездер әулеті құрсақтағы баланың әкесімен госпитальдың мәжіліс залына келді. Зал адамға лық толы еді. Онсыз да Перезді уайымдап, қайғыдан қан жұтқан ағайындары мұнда не болып жатқанын түсінбеді. Олар мұнда аурухананың жиырма алты қызметкерімен, атап айтсақ, невролог, паллиативті көмек көрсететін дәрігер, медбике, дін қызметшісі, психолог және әлеуметтік қызметкер сияқты бір топ мамандармен кездесті. Перездің ата-анасы аудармашының сөзін мұқият тыңдады. Аудармашы оларға дәрігерлер ұсынған сараптама нәтижесін көрсетіп, қыздарының миының қызметі бұзылғанын айтты. Дәрігерлер Перездің ата-анасына «құрсақтағы сәби кем дегенде жиырма төрт аптаға дейін жетілуі тиіс» екендігін, ал ол үшін науқасты жасанды дем алдыруды одан әрі қарай жалғастыру керектігін түсіндірді. Нәрестенің аман қалуына кепілдік бере алмайтындарын алға тартқан дәрігерлер науқасты жасанды дем алдыруды тоқтатпайтындарын мәлім етті. Өйткені басты мақсат іштегі сәбиді аман алып қалу еді.

Модесто Хименез конференциядан бір күн бұрын кешкісін Сомер-Шилимен сөйлескен болатын. Сомер-Шили – акушер дәрігер. Ол Перезді бұрыннан таниды. Әмбе оның өмірге құштар, көңілді, мейірімді жан екенін жақсы біледі. Модесто дәрігерді оңаша жерге апарып «Қызым енді қайтып оянбай ма?» – деп сұрады.

Дәрігер «Иә. Қызыңыздың енді есін жиюы екіталай» – деп жауап берді. Бұл сөзді айту оған әсте оңай соққан жоқ.

Эшли Барнетт ірі көлік апатына ұшыраған кезде колледж студенті болатын. Оның жамбасы сынып, өті жарылды. Қан тоқтамай ақты. Сол сәтте ол екі әлемнің ортасында қалғандай сезімде болғанын айтады. Бір жағында дәрігерлер зыр жүгіріп жүр. Олардың бар ойы – Эшлиді аман алып қалу. Ал Эшли тұла бойы сыздап, қиналып жатыр. Екінші жағында мүлде бөлек әлем. Жап-жарық, адамды өзіне тартып тұрады. Әрі ешқандай ауырсыну сезімі мен үрей байқалмайды. Бірнеше жылдан кейін Эшли қатерлі ісік ауруына шалдықты. Бірақ ол сол бір оқиғадан кейін ұзақ өмір сүретініне сенімді болды. Бүгінде оның үш баласы бар. Ол ауыр жарақат алған адамдарға рухани қолдау көрсетумен айналысады.

Эшли Барнетт ірі көлік апатына ұшыраған кезде колледж студенті болатын. Оның жамбасы сынып, өті жарылды. Қан тоқтамай ақты. Сол сәтте ол екі әлемнің ортасында қалғандай сезімде болғанын айтады. Бір жағында дәрігерлер зыр жүгіріп жүр. Олардың бар ойы – Эшлиді аман алып қалу. Ал Эшли тұла бойы сыздап, қиналып жатыр. Екінші жағында мүлде бөлек әлем. Жап-жарық, адамды өзіне тартып тұрады. Әрі ешқандай ауырсыну сезімі мен үрей байқалмайды. Бірнеше жылдан кейін Эшли қатерлі ісік ауруына шалдықты. Бірақ ол сол бір оқиғадан кейін ұзақ өмір сүретініне сенімді болды. Бүгінде оның үш баласы бар. Ол ауыр жарақат алған адамдарға рухани қолдау көрсетумен айналысады.

«Мидың істен шығуы – өлімнің алғашқы сатысы. Дәрігер ретінде бұны жақсы білемін», – дейді Сомер-Шили. Бірақ Хименез әулеті мен Сомер-Шили жағдайы ауыр науқастарға арналған бөлімде жатқан Перезді ажалға қимады. Перез жаңа ғана ота жасау бөлмесінен шығарылған науқасқа ұқсайды. Денесі жып-жылы. Кеудесі бір көтеріліп, бір түсіп, тыныс алып жатқандай. Ішіндегі шарана да әлсін-әлсін қозғалып қояды. Бір қарағанда, беті бері қарағандай.

Адамға лық толы мәжіліс залында Хименез әулеті Перездің миының істен шыққанын естіп білді. Енді оның ешқашан оянбайтынына көз жеткізді. Соның өзінде Құдайдың құдіретімен қайта есін жияр деп, үміттерін үзбеді.

Иә, кейде медицинада да таңғажайып оқиғалар болып тұрады. Өлдіге саналған науқастың қайтадан есін жиюы әбден мүмкін жағдай.

Мартин әулеті былтыр қыста таңғажайып оқиғаға куә болды. Кенже ұлдары Гарделл абайсызда сарқырап ағып жатқан мұздай өзенге құлап кетті. Гарделл үйдегі жеті баланың кенжесі болатын. Ол ата-анасымен бірге Пенсильвания штатының орталығындағы шағын елдімекенде тұрады. Мұнда балалар емін-еркін ойнап жүреді. 2015 жылдың наурыз айында екіге келіп қалған Гарделлді ағалары өзен жаққа апарып, өздері қызу ойынға кірісіп кетеді. Өзен мен үйдің арасы шамамен 100 метр-тұғын. Гарделл ойнап жүрген кезде аяғы тайып, сұп-суық суға құлап кетеді. Бірер минуттан кейін ағалары оның жоқ екенін байқап, аласұрып іздей бастайды. Бірақ еш жерден таппайды. Содан құтқарушыларды шақыруға тура келеді. Гарделлді өзеннен көршілердің бірі алып шыққан кезде баланың жүрегі тоқтап қалған еді. Құтқарушылар суда отыз бес минут жатқан баланың кеудесін басып, жасанды тыныс алдыруға тырысады. Бірақ бұдан ештеңе шықпайды. Сөйтіп, баланы он алты шақырым жерде орналасқан «Эвангеликал Коммьюнити» ауруханасына жөнелтеді. Жолда да кеудесін басып, жүрек қағысын қалпына келтіруге тырысады. Бірақ жүрегі сол күйі соқпайды. Дене температурасы Цельсий шкаласы бойынша 25 градус, ал бұл дегеніңіз әдеттегіден 11 градусқа төмен. Ақыры, дәрігерлер тікұшақ алдыртып, Гарделлді 29 шақырым жердегі Данвиллге әкетпек болады. Олар баланы сондағы «Джейзингер» медициналық орталығына апаруға дайындалады. Бұл кезде де жүрек қағысы байқалмайды.

Халі ауыр науқас балаларды емдейтін бір топ дәрігер тікұшақты күтіп тұрады. Солардың бірі әрі педиатр, әрі анестезиолог маман Ричард Ламберт еді. Ол: «Баланың бойынан тіршілік белгісі байқалмады. Тіпті, қалай сипаттарымды да білмеймін. Өңі қуқыл тартып, тұла бойы бозарып кеткен. Ерні көкпеңбек» деп еске алады. Баланың ауыр жағдайы туралы айтқан сайын Ламберттің дауысы дірілдеп шығады. Ол мұздай суға батып кеткен баланы аман алып қалуға болатынын білді. Бірақ бұған дейін Гарделл сияқты ұзақ уақыт бойы есін жимай жатқан баланы кездестірген емес. Ең сорақысы, баланың ағзасындағы сутегі мөлшері күрт төмендеп кетті. Ал бұл жүрек талмасына әкеп соғатын еді.

Осы ауруханада тәжірибеден өтіп жүрген жас мамандардың бірі Ламберт пен оның әріптесі, «Джейзингер Джанет Вейс» балалар ауруханасының директоры Фрэнк Маффейге: «мүмкін, осымен доғарғанымыз жөн шығар. Бала жан тапсырған сияқты», – деді. Бірақ Ламберт пен Маффей алған беттерінен қайтпады. Баланың өмірін сақтап қалу үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасап бақты. Олар әріптестеріне: «Рас, арада біршама уақыт өтіп кетті. Оның үстіне, өзен мұздай суық-тын. Дегенмен жас бала болғандықтан, оның ағзасы бәріне төтеп беруі мүмкін. Сондықтан тағы біраз байқап көрейік», – деп, әріптестерін соңына дейін күресуге шақырды.

Сөйтіп, олар өз жұмыстарын жалғастыра берді. Арада он минут өтті. Ешқандай тіршілік белгісі байқалмады. Тағы он минут өтті. Нәтиже жоқ. Жиырма минут, жиырма бес минут. Гарделлдің ес-түссіз жатқанына бір жарым сағаттан асып кетті. Тамыр соғысы да, тыныс алуы да байқалмады. Ламберт бұл сәтті: «Алдымызда бетінде қан-сөлі жоқ, сұп-суық мүрде жатты», – деп сипаттайды.

Жақындарын көрмек болып баспалдақпен көтеріліп бара жатқанда аяғы өзіне бағынбай кетті...

Жақындарын көрмек болып баспалдақпен көтеріліп бара жатқанда аяғы өзіне бағынбай кетті…

Алайда дәрігерлер ештеңеге қарамастан, баланың кеудесін басып, жасанды тыныс алдыртуға тырысты. Бірнеше дәрігер кезектесіп, кеудесін қос қолдап басты. Әрбір екі минут сайын ауысып отырды. Себебі, баланың кеудесі кішкентай болғанымен, жүрек қағысын қалпына келтіруге біраз күш салуға тура келді. Ал өзге дәрігерлер баланың жамбас пен күре тамырына, асқазаны мен қуығына катетерлер орнатып, жылы су ағызды. Осылайша денесін жылытып, қызуын қалпына келтіруге тырысты. Бірақ бұдан да еш нәтиже шыға қоймады.

Десе де, дәрігерлер табандылық танытып бақты. Ламберт пен Маффей Гарделлді хирургия бөліміне апарып, қанды жасанды жолмен айдамақ болды. Негізі, бұл – өте қауіпті әдіс. Бірақ дәрігерлердің басқа амалы қалмады. Бұл баланың жүрек қағысын реттейміз деген соңғы үміт еді. Хирургтер қолдарын жуып, ота жасауға дайындалды. Бірақ алдымен баланың тамыр соғысын тағы бір рет тексеруді жөн көрді.

Сол сәтте дәрігерлер ерекше көрініске куә болды. Баланың жүрегі әлсін-әлсін соғып жатыр екен. Әдетте жүрек ұзақ уақыт бойы тоқтап қалғаннан кейін қайта соға бастаса, аритмияға ұшырайды. Ал бұл жағдайда баланың жүрегі бірқалыпты соқты. Үш жарым күннен соң, құдайдан медет тілеген Гарделлдің ата-анасы бала-шағасымен бірге ауруханаға келіп, ұлдарын алып кетті. Тәлтіректеп жүргені болмаса, балақайдың жалпы жағдайы жақсы еді.

Гарделл небәрі бір жарым жаста. Сол себепті де ол 101 минуттың ішінде қандай сезім кешкенін бізге айтып бере алмайды. Есесіне, білікті дәрігерлердің арқасында өлім аузынан аман қалған ересектер жүректері тоқтап қалғанда қандай күй кешкендерін түсіндіріп бере алады. Қайта тірілгендердің түгелі дерлік ес-түссіз жатқан кезде небір тылсым құбылыстарға куә болып, ажалмен бетпе-бет келгендей әсерде болғандарын айтады. Ғалымдардың қызығушылығын тудырып, өлімді зерттеуге себеп болатыны да осындай оқиғалар. Сондай зерттеулердің бірі – «AWARE» деп аталады. Яғни өмір мен өлімнің ортасында жатқан адамның күйі. Бұл еңбектің авторы – Стоуни Брук университеті жанындағы «реанимациялық көмек көрсету» зерттеу орталығының директоры Сэм Парния. Бұл істі 2008 жылы қолға алған Парния өз әріптестерімен америкалық, британдық және австриялық он бес ауруханада сынақ жүргізіп, 2060 науқастың жағдайын зерттеді. Олардың 330-ы тірі қалғандар. Сұхбат алынған науқастардың саны – 140. 140 науқастың 55-і комаға түскен кезде өзгеше күйде болғандарын және сырттағы жағдайларды сезінгендерін айтты.

Ортопед-хирург Тони Цикория табиғат аясында демалып жатқанда дауыл көтеріліп, найзағай жарқылдап, оған телефон арқылы жай түседі. Тонидің жүрегі бірден тоқтап қалады. Өзінің айтуынша, дәл сол сәтте жаны денеден ажырап, көгілдір, ақ сәуленің бойымен көкке көтеріле бастаған. Ең қызығы, Тони есін жиған сәттен бастап классикалық музыкамен әуестене бастады. Пианино сатып алып, түрлі әуендер шығарды. Әуен ырғақтары миында өзінен-өзі пайда болып, шабытын оятатын көрінеді. Ол Құдайдың қалауымен көкке көтеріліп, өзіне “жұмақтағы әуендерді жердегі адамдарға жеткізу міндеті жүктелді” деп есептейді.

Ортопед-хирург Тони Цикория табиғат аясында демалып жатқанда дауыл көтеріліп, найзағай жарқылдап, оған телефон арқылы жай түседі. Тонидің жүрегі бірден тоқтап қалады. Өзінің айтуынша, дәл сол сәтте жаны денеден ажырап, көгілдір, ақ сәуленің бойымен көкке көтеріле бастаған. Ең қызығы, Тони есін жиған сәттен бастап классикалық музыкамен әуестене бастады. Пианино сатып алып, түрлі әуендер шығарды. Әуен ырғақтары миында өзінен-өзі пайда болып, шабытын оятатын көрінеді. Ол Құдайдың қалауымен көкке көтеріліп, өзіне “жұмақтағы әуендерді жердегі адамдарға жеткізу міндеті жүктелді” деп есептейді.

Алайда клиникалық өлімді бастан кешкендер ажалды анық сипаттай алмайды. Есесіне, бестселлерге айналған «Жұмаққа барғандар» кітабында бәріне ортақ белгілер сипатталады. Олар – уақыттың баяу немесе жылдам өтуі (27 адам), тыныштық (22), жанның денеден ажырауы (13), қуаныш (9), жарық сәуле немесе отты жарқылды көру (7). Ал кейбірі (нақты саны белгісіз) қорқынышты жағдайларды бастан кешкендерін айтады. Атап айтсақ, үрейлену, суға бату немесе суда қалқып жүру. Тіпті, мүрделер салынған табыттардың жерге тігінен көмілгенін көргендер де бар. Парния мен басқа да зерттеушілер «Реанимация» деген медициналық журналда клиникалық өлімнің қыр-сырын сипаттайды. Олардың айтуынша, «клиникалық өлімнің басты белгісі – мидың қан айналымының бұзылуы және жүректің тоқтап қалуы». Клиникалық өлімді бастан кешкен науқастың кейінгі жағдайы ғалымдардың жіті назарында. Парнияның пайымдауынша, клиникалық өлім науқастарға оң немесе теріс әсер етуі мүмкін. Яғни оларды күйгелектікке немесе жан күйзелісіне ұшыратуы ықтимал. Алайда «AWARE» ұйымының ғалымдары клиникалық өлімді бастан кешкен науқастарға ортақ тағы бір белгінің барын ұмытып кетті. Ол – адамның бүкіл өмірін ой елегінен өткізіп, жаңа өмір бастауға деген құлшынысы. Тірі қалғандардың көбі осындай сезімді бастан кешірген. Олардың қайсыбірі, тіпті кітап та жазып жатады. 2013 жылы Нью-Йорктегі Ғылымдар Академиясында «Өлімді ой елегінен өткізу» атты ғылыми конференция өтті. Осы жиында Вайоминг штатынан келген ортопед-хирург Мэри Нил клиникалық өлім туралы өз ойын ортаға салды. Нил – «Жұмаққа барып қайту» деген кітаптың авторы. Ол осыдан 14 жыл бұрын Чилиде қайықпен жүзіп жүрген кезде басынан кешірген оқиғаны баяндап берді. Абайсызда қайығы төңкеріліп, суға батып кеткен ол ерекше көрініске куә болыпты. Атап айтқанда, жаны денесінен бөлініп, судың бетіне қалқып шығыпты. Ал денесі судың астында қала беріпті. Көздің жауын алатын күмбезді ғимараттардың қасынан өтіп, ерекше әдемі жерге тап болыпты. Ең бастысы, ол жерден енді ешқашан қайтпайтындай күй кешкен. Мэри судың астында қанша уақыт болғанын білмейді. Кейін оның кем дегенде отыз минут жатқаны анықталған. Ең қызығы, дәл сол сәтте «жұбайы мен балалары онсыз да жақсы өмір сүреді» деген ой келіпті оған. Денесін судан шығарған кезде ғана құтқарушылардың оған жасанды дем беріп жатқанын сезіпті. Құтқарушылардың бірі: «Көзіңді аш, оян» деген кезде о дүниеден қайтқысы келмей, әрең дегенде есін жиыпты.

Бұл жиынға Кентукки университетінің невролог ғалымы Кевин Нельсон де қатысты. Оның пікірі бұған мүлдем кереғар болды. Ол клиникалық өлім кезінде мидың қызметі бұзылмайды деп санайды. Бұған жиын кезінде айтқан мына сөзі дәлел: «Бұны өлімге теңеудің қажеті жоқ. Науқас ес-түссіз жатқанымен, миы істен шықпайды». Оның пайымдауынша, Нил түс көретін фаза (тез ұйқы фазасы немесе REM-фаза) деп аталатын ерекше құбылысты бастан кешірген. Мұндай жағдайда адамның миы әдеттегіден жылдам жұмыс істейді және көздің қарашығы өте шапшаң қозғалады. Оттегі тапшылығы кезінде де адам осындай күйде болатын көрінеді. Кевиннің айтуынша, адамның ес-түссіз жатуы оның өлгенін білдірмейді. Бұл гипоксияның әсері деп біледі. Яғни адам есін жоғалтқанмен, ми қызметі бұзылмайды.

Ол жанары мұңға толы әкесінің шоколад сатып алып жатқанын көрді.

Ол жанары мұңға толы әкесінің шоколад сатып алып жатқанын көрді.

Клиникалық өлімге физиологиялық тұрғыдан түсініктеме беретін зерттеулер де аз емес. Мичиган университетінің невролог ғалымы Джимо Бориджин бастаған бір топ зерттеушілер жүректері тоқтап қалған тоғыз көртышқанға тәжірибе жасап, миларындағы толқындарды өлшеді. Соның нәтижесінде, барлығының терең ұйқыда жатқаны анықталды. Яғни олардың жүректері тоқтап қалғанымен, милары бірқалыпты қызмет атқарды. Ең қызығы, жалпы жағдайлары әдеттегіден де жақсы болған. Соған қарағанда, ғалымдар сипаттаған «ми жүйесінің жоғары белсенділігі» деген құбылыс дәл осындай сәтте орын алуы әбден мүмкін.

«Тукдам» деп аталатын ерекше құбылыс турасында туындаған сұрақтар өте көп. Медитациялық трансқа енген монах отырған бойы жан тапсырғанымен, мүрдесі бір апта, кейде одан да көп уақыт бойы иістенбейді. Висконсин университетінің қызметкері Ричард Дэвидсон талай жылдан бері медитацияның нейробиологиялық факторларын зерттеп келеді. Оны мазалайтыны «Бұл сәтте адамның миы істен шыға ма, әлде қалыпты қызмет атқара ма? Адам өлі ме, әлде тірі ме?» деген сұрақтар. 2015 жылдың жазында Висконсинде орналасқан «Deer Park» ғибадатханасындағы монахты көрген сәттен бастап ол осы мәселе төңірегінде ойлана бастады.

Дэвидсонмен телефон арқылы сөйлескенде, оның әлденеге таңғалып тұрғанын байқадым. Ол: «Монастырьдың ішіне кіріп барғанда монахты көрдім. Бір қарағанда ойға шомып отырған тірі адам сияқты. Жүзі өлген адамға ұқсамайды. Мүрдесі де сол қалпы сақталған», – деді. Содан бастап Дэвидсон «тукдам» деп аталатын ерекше құбылысты ғылыми тұрғыдан зерттей бастады. Ол электроэнцефалограф және стетоскоп сияқты медициналық құралдарын арқалап, Үндістанға жол тартты. Тибеттік он екі дәрігерге монахтардың жай-күйін зерттеуді тапсырды. Оның ойы «тукдам» күйінде монахтардың миында қандай өзгерістер болатынын және оның қанша уақытқа созылатынын анықтау еді.

Екі көлік соқтығысып, Трисия Баркердің омыртқасы сынып, қан тоқтаусыз ақты. Ол Техас штатының Остин қаласында орналасқан колледждердің бірінде білім алып жүрген болатын. Трисияның айтуынша, дәрігерлер ота жасап жатқан кезде оның жаны денесінен бөлініп, төбеге қалқып шыққан. Ол жүрек қағысын өлшейтін құрылғыға ұзақ қарап тұрыпты. Сосын аурухана дәлізіне шыққан. Әкесінің автомат құрылғыдан тәтті алып жатқанын көреді. Тәттіден ауыз тигісі келген Трисия әкесіне қарай жүреді. Сол сәтте аяқ-қолы да қимылдай бастаған екен. Осылайша өлім аузынан аман қалды. Бүгінде профессор Трисия Баркер жазушылықпен айналысады. Ол бойында ерекше бір күштің барына және шабыттың бастауы о дүниеде екеніне сенеді.

Екі көлік соқтығысып, Трисия Баркердің омыртқасы сынып, қан тоқтаусыз ақты. Ол Техас штатының Остин қаласында орналасқан колледждердің бірінде білім алып жүрген болатын. Трисияның айтуынша, дәрігерлер ота жасап жатқан кезде оның жаны денесінен бөлініп, төбеге қалқып шыққан. Ол жүрек қағысын өлшейтін құрылғыға ұзақ қарап тұрыпты. Сосын аурухана дәлізіне шыққан. Әкесінің автомат құрылғыдан тәтті алып жатқанын көреді. Тәттіден ауыз тигісі келген Трисия әкесіне қарай жүреді. Сол сәтте аяқ-қолы да қимылдай бастаған екен. Осылайша өлім аузынан аман қалды. Бүгінде профессор Трисия Баркер жазушылықпен айналысады. Ол бойында ерекше бір күштің барына және шабыттың бастауы о дүниеде екеніне сенеді.

«Монахтар өлерден бұрын медитациялық күйге енуі мүмкін. Және жан тапсырғаннан кейін де сол күйде қалуы ықтимал. Бұл процестің қалай өтетіні және адам бойында қандай өзгерістердің болатыны әзірге белгісіз. Оған ақылымыз жетпейді», – дейді Дэвидсон. Оның бұл еңбегі батыстық ғылымға негізделген. Басты мақсат монахтардың «тукдам» күйіндегі жағдайын зерттеу және соның негізінде клиникалық өлімге тап болған жандарға қатысты ортақ қорытынды шығару.

Әдетте, қайтыс болған адамның мүрдесі тез бұзыла бастайды. Ми істен шыққан соң барлық дене мүшелері біртіндеп өз қызметтерін тоқтатады. Карла Перездің миы зақымдалған кезде құрсағындағы шарана дұрыс жетілу үшін жүз шақты дәрігер, медбикелер және басқа да аурухана қызметкерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Күні-түні Перездің қасынан шықпай, қан қысымын жіті бақылауда ұстады. Бүйрек қызметін, электролиттерді тексеріп, түтіктер мен катетерлердің дұрыс орнатылуын қадағалады.

Дәрігерлер Перездің жағдайын бір қалыпта ұстап тұрғанымен, оны аман алып қалуға кепілдік бере алмады. Себебі, оның ми қызметі бұзылған болатын. Науқастың комада жатқанына қарамастан, дәрігерлер палатаға кірген кезде онымен міндетті түрде амандасатын. Кетер кезде қоштасатын.

Бұл бір жағынан Перездің жақындарына деген құрмет еді. Оған шақалақ көтерген дене есебінде ғана қарамайық деген ишара-тын. Алайда дәрігерлер ұстараның жүзінде тұрғандай күй кешті. Өлім аузында жатқан Перезді аман алып қалуға бар күштерін салғанмен, ешқандай нәтиже болмады.

Перезді бақылауда ұстаған дәрігерлердің бірі Тод Ловгрен перзенттен айырылудың қандай қасірет екенін жақсы біледі. Кезінде оның тұңғыш қызы шетінеп кеткен еді. Егер тірі болса, ол қыз бүгінде он екі жасқа толар еді. Бірде ол маған: «Карлаға дені сау адам ретінде қарамау мүмкін емес еді. Менің алдымда тырнағын бояп алған жас келіншек жатты. Анасы күнде шашын тарап беретін. Аяқ-қолы жып-жылы. Өлген адамға ұқсамайтын. Сол кезде оның миында қандай өзгерістер болғанын білмеймін. Бар білерім, оны өлілердің қатарына жатқызу мүмкін емес еді» деп ағынан жарылды.

Ловгрен күні-түні Перездің жағдайын ойлаумен болды. Оған аурухана төсегінде сұлық жатқан жас келіншек күндердің күні аяғынан тік тұрып кететіндей болып көрінді. Бірақ оны екінші рет компьютерлік томографиядан өткізген кезде бұл үміті мүлде үзілді. Перездің миының істен шыққаны былай тұрсын, ол енді ұсақ бөліктерге бөлініп, ажырай бастаған екен. Алайда Ловгрен мидың өлуінің ең соңғы, үшінші сатысы – апноэнің дами бастағанына қарамастан, ешқандай шара қолдануға асықпады. Себебі, Перезді тыныс алу түтігінен ажырату құрсақтағы сәбиге кері әсерін тигізуі мүмкін деп ойлады.

Берта Хименездің қызы – Карла Перез 2015 жылы жүкті кезінде комаға түсіп, сол күйі есін жимады. Бүгінде анасы онымен тек суреті арқылы тілдеседі. Дәрігерлер Карланың денесін 54 күн бойы бір қалыпта ұстап тұрды. Бұның бәрі нәресте Энджелді аман алып қалудың қамы еді. Бүгінде Карланың үш жасар қызы Дженезис пен кішкентай Энджелді атасы мен әжесі бағып жатыр.

Берта Хименездің қызы – Карла Перез 2015 жылы жүкті кезінде комаға түсіп, сол күйі есін жимады. Бүгінде анасы онымен тек суреті арқылы тілдеседі. Дәрігерлер Карланың денесін 54 күн бойы бір қалыпта ұстап тұрды. Бұның бәрі нәресте Энджелді аман алып қалудың қамы еді. Бүгінде Карланың үш жасар қызы Дженезис пен кішкентай Энджелді атасы мен әжесі бағып жатыр.

Ақпан айының он сегізінде дәрігерлер Перездің қан айналым жүйесінің күрт бұзылғанын байқады. Бұл кезде оның ауруханада жатқанына он күн болған еді. Миының зақымдалған бөлігінің жұмсақ тіндері қанға тарай бастаған екен. Сол сәтте Ловгрен Перездің енді ешқашан оянбайтынына көзі анық жетті. Шарана жиырма төрт айға толған кезде дәрігерлер Перезді жүкті әйелдерді емдеуге арналған ауруханадан перзентханаға ауыстырды. Абырой болғанда, дәрігерлер оның қан айналым жүйесін бір қалыпқа келтірді. Бірақ ұзаққа бармай оның жан тапсыратыны белгілі болды. Дәрігерлерге шұғыл арада кесар тілігін жасауға тура келді. Олар ота жасауға арналған құралдарын алып, іске кірісіп кетті. Нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін соңына дейін күресуге бел буды.

Сэм Парния: «Өлімді жеңуге болады», – дейді. Оның айтуынша, адам жан тапсырған кезде, денедегі жасушалар бірден өлмейді. Кейбір жасушалар мен ағзалар бірнеше сағат бойы, тіпті бірнеше күн бойы өз қызметін тоқтатпайтын көрінеді. Сондай-ақ «адам өмірін сақтап қалу дәрігерлерге көп байланысты», – дейді ол. Мәселен, кейбір дәрігерлер жүрегі тоқтап қалған науқасқа жүрек-өкпе реанимациясын бес немесе он минут жүргізеді. Осы уақыт ішінде науқас тыныс алмаса оны өлдіге санайды немесе комаға түсті деп қорытынды жасайды.

Алайда ғалымдар жүректері тоқтап қалған науқастардың миы мен басқа да дене мүшелерін бір қалыпта ұстап тұрудың жолдарын ойлап тапты. Солардың бірі – дене температурасын төмендету. Оған Гарделл Мартиннің басынан өткен оқиға дәлел. Яғни жасанды тыныс алдырмас бұрын науқастың дене температурасын төмендетеді. Ғалымдар нәтижеге жету үшін табандылық та керек дейді. Ол, әсіресе, жүрек-өкпе реанимациясын жүргізуге арналған құрылғылармен жабдықталған ауруханаларға қажет. Ал болашақта йодид деп аталатын дәрінің қолданысқа енуі әбден мүмкін.

Парния реанимация ғылымын аэронавтикамен салыстырады. Бір кездері адамдарға аспанда ұшу мүмкін еместей көрінді. Бірақ 1903 жылы ағайынды Райттар алғашқы ұшақты құрастырды. Адамдар алпыс алты жыл бойы көкте ұшудың жолдарын іздеп, түрлі құрылғылар жасап шығарды. Олардың арманы айға барып, сол жақтағы тіршілікті зерттеу болды. Парния болашақта реанимация саласы да осындай үлкен жетістіктерге жетеді деп есептейді. Оның ойынша, бұл тек бастамасы ғана. Ол алда көптеген жаңалықтар ашылып, өлімді жеңудің жолдары табылады деп пайымдайды.

Дәрігерлер Перездің құрсағындағы шарананы аман алып қалу үшін бар күштерін салды. Ақыры, 2015 жылы сәуір айының төртінде, Пасха мейрамының қарсаңында Небраска штатында Энджел Перез деген ұл бала дүниеге келді. Дәрігерлер оны түн жарымында кесар тілігімен алды. Қазір Энджел дін-аман. Дәрігерлер оның анасын елу төрт күн бойы жан сақтау бөлімінде ұстады. Миының зақымдалғанына қарамастан, құрсағындағы сәбиді аман алып қалудың жолдарын іздестірді. Ақыры, үміттері ақталды. Салмағы 1,3 келіні құрайтын сәби аман-есен туылды. Ата-әжесінің дұғалары қабыл болып, немере сүйді. □


img_4121

Бұл жобаға кіріспес бұрын фотограф Линн Джонсон алдымен өзінің досына хабарласты. Ол кезде досының анасы Филлис өлім аузында жатқан болатын.

Бұл шым-шытырық оқиғаны ngm.com/more. сайтынан оқи аласыздар. Жобаның басты мақсаты – оқырмандарға «Өлім жайлы не ойлайсыз?» деген сауал тастау. Себебі, ерте ме, кеш пе, бәріміз де өлеміз. Жақындарының махаббаты мен қолдауын сезінген досының анасы өлімді оңай жеңіп шықты.

       

Пікір жазу