.

Қабір қарақшылары

Әлемдік тарихи-мәдени мұралардың қирауы мен жәдігерлердің заңсыз саудасы күннен-күнге өршіп барады.

Федералдық агенттіктің қолына түскен Мысырлық табыт Нью-Йорктегі құпия қоймада сақтаулы.

Федералдық агенттіктің қолына түскен Мысырлық табыт Нью-Йорктегі құпия қоймада сақтаулы.

Шығыс Сириядағы ежелгі Месопотамиялық қала Мэридің спутниктен түсірген суретінен 2011 жылдың тамызы мен 2014 жылдың қараша айлары арасында тонаушылық жолмен қазылған шұңқырлардың ерекше көбейгендігін байқауға болады. Ортадағы құрылыс – кезінде Басты сарай болған ғимарат шатырының үйіндісі. СУРЕТТЕР: IMAGE ©2016 DIGITALGLOBE, INC. ANALYSIS: AAAS

Шығыс Сириядағы ежелгі Месопотамиялық қала Мэридің спутниктен түсірген суретінен 2011 жылдың тамызы мен 2014 жылдың қараша айлары арасында тонаушылық жолмен қазылған шұңқырлардың ерекше көбейгендігін байқауға болады. Ортадағы құрылыс – кезінде Басты сарай болған ғимарат шатырының үйіндісі.
СУРЕТТЕР: IMAGE ©2016 DIGITALGLOBE, INC. ANALYSIS: AAAS

03

Авторы: Том Мюллер
Фото: Роберт Кларк

Профессор жарық үстелі үстінде тесірейе қарап жатқан жолақ парикті әйел мәйітіне үңіліп: «Әлі де керемет қалпында… таңғаларлықтай жақсы сақталған», – деп күбірледі. Табыт қақпағының үстіне сызылған денені көзімен шолып өткен ол әйел жамбасының жоғары жағына қарай жазылған Амон құдайы, тырна-құтан мен Өлілер кітабындағы сиқырлы дұғаларды нұсқады. «Мұнда оның аты мен дәрежесі жазылыпты: Шесеп-амон-тайешер, үйдің ханымы. Бұл сөздерді дауыстап оқу арқылы мен оның о дүниелік болғаннан кейін де өзін еске алса екен деген тілегін орындаудамын».

Мысырлық ақсүйек әйелдің қайтыс болғанына 2600 жылдай болған. Мысыртанушы Сара Паркак бір кездері әйелдің мумияланған денесі салынған үш ағаш жәшіктің бірі – ішкі саркофагты қарай бастады. Тонаушылар саркофагты төртке бөліп кесіп, АҚШ-қа жіберіпті. Ол жерде антиквариат реставраторы оларды қайта біріктіріп, жөндеген. Айлар өте кеден қызметкерлері табытты Бруклиндік жәдігер дилерінің үйіне тығып қойған жерінен тауып алды. Федералдық билік тәркілеген Үндістандық үлкен тас Будда, Қытайлық саз балшықтан жасалған салт аттылар, Ирак, Сирия және Йеменнен келген рельефтік бейнелер сияқты дүниежүзінің әр түкпірінен жеткізілген ескерткіштер Нью-Йорк қаласындағы бір тасалау жердегі қоймада сақтаулы.

Үндістандағы ғибадатхананы, Боливиядағы шіркеуді, Қытайдағы мазарды тонағандар адамзаттың өткен тарихының астаң-кестеңін шығаруда. Кез келген заңсыз әрекет секілді тонаушылықтың да санына жету мүмкін емес. Дегенмен жерсеріктен түсірілген суреттер, полиция тәркілеулері және оқиға орнындағы куәгерлердің жауабы – барлығы қолды болған жәдігерлерді сату ісінің дүниежүзінде кеңінен етек алып келе жатқандығын көрсетеді.

Мысырда Паркак спутнигі түсірген сурет арқылы контрабандалық жолмен археологиялық нысандарға келген залалды өлшеу ісі жолға қойылды. Елдегі белгілі 1100 археологиялық нысанның төрттен бірінен астамына залал келген. «Тарихи ескерткіштерді қирату осылайша жалғаса берсе, 2040 жылға қарай Мысырдағы негізгі нысандар жойы­лып кетпек».

Соңғы 20 жылда орын алған бірқатар атышулы сот істері мен жәдігерлердің елге қайтарылуы мәдени мұраларды саудалау ісінің көлеңке тұстарын ашып берді. Сонымен қатар тонаушылық арқылы иеленген жәдігерлерді галереялар мен атақты музейлерге сататын қылмыстық топтар әшкереленді. 2002 жылы ежелгі өнер туындыларының дилері Манхеттендік атақты Фредерик Шульц ұрланған мысырлық заттарды заңсыз сатумен айналысқаны үшін 33 айға федералдық түрмеге қамалды. Италия үкіметінің қысымымен Метрополитен өнер музейі 2006 жылы Рим қаласының маңындағы Этрурия қорғанынан қолды болған шарап араластыруға арналған – Евфроний құмырасын қайтаруға келісім берді. ДАИШ ежелгі Месопотамияны талан-таражға салып, жәдігерлерді сату арқылы лаңкестік әрекеттерін қаржыландырған. Соңғы кездері жәдігерлерге, мәдени һәм материалдық мұраларға аса бай көптеген елдерде болып жатқан қақтығыстардың контрабандаға жол ашуы да алаңдаушылық туғызуда.

Өкініштісі, қарақшылықты тоқтату мәселесіне арналған келіссөздер тығырыққа тірелуде. Археологтар мәдени ескерткіштердің көбі ұрланған деп базардағы жәдігер саудагерлерін қарақшылық әрекеті үшін айыптайды. Ал керісінше коллекционерлер, саудагерлер және басқа да көптеген музей кураторлары жәдігерлер саудасын негізінен заңды деп есептейді. Олардың көбі қарақшылардан сатып алса да, қақтығыстар орын алып жатқан өңірден әкелінген мұраларды сатып алып, «иеленіп қалуды» жөн санайды.

ШЕСЕПАМУНТАЙЕШЕР ХИКАЯСЫ осынау екіұшты мәселеге қарсы бұлтартпас уәж келтіреді. Мысыр­танушылардың, музей кураторлары мен федералдық агенттердің пікірін ескере отырып, мен Мысырдың бір түкпіріндегі зираттан алынған жәдігердің контрабанданың шырмалған жүйесі арқылы Нью-Йорктегі қатаң күзетілетін уақытша қоймадан бір-ақ шыққан жолына ой жүгіртемін.

Ең алдымен, Шесепамунтайешердің жерленуі мүмкін жерді анықтау керек. Оның табытындағы иероглифтер мен суреттерге қарап, Пенсильвания университетінің мысыртанушылары оны б.д.д. 600 жылы өмір сүрген болуы керек деген қорытындыға келді. Мысырдағы табыт дұғалары мен жәдігерлер вебсайттарын ақтарып отырып Каирдің оңтүстігінен 100 шақырым қашықта орналасқан Абу-сир-ал-малах деп аталатын нысаннан осыған ұқсас әйел саркофагы табылғаны белгілі болды.

Ертеде Бусирус деп аталған Абу-сир-аль-малах Ніл өзені мен Эль-Файюм жазығының арасындағы өзен алқабының жоғары жағында орналасқан өркениетті қала болатын. Ол өзінің Осирис ғибадатханасы мен 4000 жылдық тарихы бар кереметтей зиратымен аты шыққан еді. Қазіргі Абу-сир жуықта бомбаланған соғыс алаңына ұқсайды. Жәдігер тонаушылар күрекпен, экскаватормен, динамитпен астаң-кестеңін шығарған. Бұл жерлерді қазу барысында олар қаншама қабірдің тас-талқанын шығарып, бас-сүйектерді шашып кеткен!.

Абу-сир мен жақын маңайдағы нысандарға жауапты Жәдігерлер бас министрлігінің қызметкері Амаль Фараг Калашников қаруын асынған бес күзетшімен бірге маған нысанды аралап көрсетуде. Арықша келген, тіп-тік 49 жасар Фараг жерде шашылған ежелгі саркофаг қалдықтары – ағаш шегемен бекітілген қарағайдың жіңішке сынығы мен қызыл бояу қалдығын көтерді. «Тонаушылар сатуға жарамдысын алады да, қалғандарын талқандайды немесе далаға лақтырып тастайды», – дейді ол. – «Бір ғана жақсы дүние табу үшін олар жүзін қиратады».

Фараг төбе жақтағы қараңғы соқпаққа сұғына орналасқан жерасты мазарына қарай бастап жүрді. 2012 жылдың сәуірінде ол бұл жерден үш тонаушыны кездестірген екен. Әріптесімен бірге әдеттегісінше Абу-сирге келген ол мазардың жанындағы такси көлігін көреді. Жақындап, үш еркекпен бетпе-бет келеді.

Әріптесіме: «Қорықсаң да, сыр білдірме дедім», – дейді Фараг. Оларға үндемей біраз уақыт қарап тұрғаннан кейін әлгі адамдар көліктеріне мініп, тайып тұрған. Ол мені бастап мазарға келді де, тонаушылар көрпеше астына тығып кеткен екі керемет саркофагты көрсетті. Көзім қараңғыға үйренген кезде мен үстіңгі жақтағы бөлмелерге бастайтын дәліздер мен өтпелдердің қабырғаларына ойылған қуысты байқадым.

Шесепамунтайешер де осындай мазардан ұрлануы мүмкін. Ол да осындай бір қуыста әшекей бұйымдар, таяқ, сиқырлы дұғалар жазылған папирус, өлілер Құдайы бейнеленген сандық сияқты тірі кезінде өзі ұнатқан заттардың ортасында жатқан болу керек. Оның ата-бабасы мен үрім-бұтағы да өздеріне тиесілі қазынамен бірге осы маңайға жерленген болуы мүмкін. Бүлінбей сақталған мұндай отбасылық мазарлар тарихтан біраз сыр шертер еді. Айналасындағы заттар қолды болып, бастапқы орны ауысқанымен, онда жазылған иеорглифтер мен суреттердің арқасында Шесепамунтайешер құнды саналады. Дегенмен дұрыс қазып алынғанда бұл одан да бағалы болар ма еді?! Бұл парақтары жұлынған кітап пен еш зақым келмей үлкен кітапханада тұрған кітаптың айырмашылығын еске түсіреді.

Фараг пен оның әріптесі екі табытты қабірден шығарып, көліктеріне артып алады. Министрліктің штаб-пәтеріне бара жатқан жолда олардың соңына Peugeot автокөлігі түскен. Ақыры, жол айрығына жеткен кезде қарсы келген жүк көлігінің арқасында олар қуғыннан қашып құтылады.

Мазардан сыртқа шыққан кезде Фараг жергілікті тұрғындардың ежелгі мысырлық мәдениет­ке деген селқостығы жайлы айтып берді. Олар бүгінгі күні үшін өткеніне қол сұғады. Көптеген археологиялық нысандарға бай елдердің кедей тұрғындары осылай жасайды. Олар күнкөріс үшін аз ғана жалақыға бола мазарларды талан-таражға салуда.

Мемлекеттік қауіпсіздік күштері таратылған 2011 жылғы төңкерістен кейін тонаушылық әрекеттер үдей түскен. Алайда Паркак спутнигінің көмегімен жасаған зерттеуге сүйенсек, тонаушылық төңкеріс­тен екі жыл бұрын, яғни әлемдік қаржы дағдарысы Мысыр экономикасын тұралатып кеткен кезден бастау алады. Ол кезде күнкөріс үшін кейбір жұмыссыздар мазар тонаумен айналыса бастаған.

Күзетшілер бізді күре жолға шығарып салғаннан кейін, Фараг ұзақ уақыт бойы қолымды жібермей тұрды. «Қараңғы түспей тұрып жолдан шығып кетіңдер», – деп ескертті ол. Бұл төңкеріс жағдайын еске салады.

ПАЙДА ҮШІН өткенге қол сұғу – мыңдаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан кәсіп. Мысыр­дағы тонаушылар үстінен қозғалған алғашқы сот Фивыда б.д.д. 1113 жылы орын алды. Әккі тас ұсатқыш бастаған тонаушылар тобы тастан қашап жасалған мазарларды тонаған. Тас ұсатқыш пен оның сыбайластарына ағашқа керіп жазалау үкімі шығарылыпты.

Басқыншылар да Мысыр жәдігерлерін тасып алып кетті. Римдік жаулап алушылар бүлінбеген ескерткіш тақталарды арнайы кемелер арқылы үйлеріне жөнелтіп отырған. 16 ғасырдан 20 ғасырдың ортасына дейін осындай сансыз жәдігер шетелдегі мәдени орталықтарға сыйлық ретінде, сауда және басып алу белгісі ретінде жіберіліп тұрды. Шетелдік археологтар Мысыр билігімен ресми келісімдер жасау арқылы қазып алған жәдігерлерінің бір бөлігін өздеріне қалдырып отырды. Сая­хатшылар оларды Каир, Луксор және тағы басқа жерлердегі лицензиясы бар дилерлерден сатып алды. Жәдігерлер негізінен жеке адамға тиес­ілі деп есептелетіндіктен, мұндай сау­да-саттықта ешқандай құжат толтырылмайды. Жәдігерлерді сақтап қалу жөнінде заңдар қабылданғанымен, мәдени мұра мен тонаушылыққа қатысты заманауи концепция әлі де дамытылу үстінде.

Мысыр мен одан тыс жерлердегі өзгерістер отаршыл империя ыдырап, тәуелсіз мемлекеттер өз тізгінін ала бастаған 1950 жылдары жүргізіле бастады. «Ұлттық бірегейлік» идеясына шабыттанған көптеген елдер қолданыстағы заңдарды қатайтып, әлі де көмулі жатқан жәдігерлер сияқ­ты олардың тарихымен байланысты мұраны қорғайтын жаңа заңдар қабылдады. 1983 жылы Мысыр мәдени құндылыққа ие әрі бір ғасырдан асатын тарихы бар заттардың барлығы мемлекетке тиесілі екенін жариялады. 1970 жылы ЮНЕСКО қазіргі кезде 131 мемлекет қол қойған «Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы» Конвенцияны қабылдады.
Абу-сирдің солтүстігіне қарай отыз шақырым жерде мен әл-Лишт пен Дахшурдың Орталық патшалығына қарасты бай нысандардың директоры Мохаммед Юсуфпен кездестім. 2011 жылдың қаңтарындағы төңкерістен кейінгі аласапыранға толы кезеңде тонаушылар тобы кей түндері, тіпті прожектор жарығымен нысандарды экскаватормен қазып тонаған.

Юсуф маған тастан жасалған мазарды көрсетті. Бұл жерде төңкеріс басталғаннан кейін инспекторлармен бірге ол басқа мазардан ұрланған ақ тастан жасалған екі бірдей керемет барельефті құтқарып қалған болатын. «Қарулы екі топ барельефке байланысты дауласып тұр екен. Біз таяған кезде олар мылтықтарын аспанға ата бастады. Олар бізден тіпті именген де жоқ», – деп еске алады Юсуф. Оның тобы қайта келген кезде қарақшылар кетіп қалғанымен, олар барельефтерді сақтап қала алды.

Жағдайы тұрақсыз жерлерде, әсіресе, соғыс кезінде күш өз дегенін істетеді. Камбоджа азаматтық соғысы кезінде кхмер Руг пен сол тәріздес басқа да қарулы топтар олардың аумағындағы тонаушыларды бақылауда ұстады. Сол сияқты, бүгінгі күнгі Сирияда да ДАИШ тонаудан түскен пайдадан өз үлесін алып отырады, президент Башар-әл-Ассадпен сыбайлас әскерилер де, Күрд милициясы одағы да, оппозиция да солай еткен.

Юсуфтың айтуынша, қолында билігі бар жергілікті тұрғындар әл-Лишт пен Дахшурда басты рөл атқарады. Тонаушылықпен айналысатындардың арасында атақты адамдар да бар. Олар бай, атақты және дербес құқыққа ие.

Мысыр жәдігерлерді қорғау полициясының бастығы генерал-майор Ахмед Абдел Захердың айтуынша, мұндағы тонаушылар тобының құрылымы төрт сатылы пирамидаға ұқсайды. («Әрине, пирамидалар!», – деп мырс етті ол.) Бірінші саты тонауға болатын нысандар жайлы білімі бар, яғни бұл топ жергілікті жерлер мен ескерткіштерді жақсы білетін кедей ауыл адамдарынан құралады. Екінші сатысы бұйым­дарды жинап, жұмысшылардан топ құру ісімен айналысатын делдалдар. Үшінші сатысындағылар, Абдел Захердің айтуынша, жәдігерлерді елден жасырын шығарады, төртіншісі оларды тоналған пирамиданың төбесінде тұрып-ақ шетелдіктерге сатумен айналысады.

Мәдени ескерткіштер аталмыш желі шеңберінен шыққан сайын пайда көзі арта түседі. Мәліметтерге сүйенсек, кейбір екінші сатыға жататын тонаушылар заттарды оларды қазып берушілерге төлегеннен 10 есе қымбат бағаға қайта сатып отырған. «Бұлар әккі қылмыскерлер, жәдігерлер олардың қолына түскен көптеген дүниенің бірі ғана», – дейді Абдел Захер. Ол есірткіге қарсы жасалған рейд кезінде жәдігерлердің де табылғаны жайлы айтып берді.

Ніл қайықшылары о дүниелік болған мысырлықтардың соңғы сапарына бірге аттанатын. Жәдігерлерді 2009 жылдар шамасында қабірден қазып алғаннан кейін ол Мысырдан – Дубайға, одан Нью-Йорк пен Виргинияға заңсыз жолмен сапар шекті. Ол жерден федералдық агенттер оны қолға түсіріп, кейіннен Мысырға қайтарылды.

Ніл қайықшылары о дүниелік болған мысырлықтардың соңғы сапарына бірге аттанатын. Жәдігерлерді 2009 жылдар шамасында қабірден қазып алғаннан кейін ол Мысырдан – Дубайға, одан Нью-Йорк пен Виргинияға заңсыз жолмен сапар шекті. Ол жерден федералдық агенттер оны қолға түсіріп, кейіннен Мысырға қайтарылды.

Аласапыран аймақтарда жәдігерлер де қару-жарақ сатушылар қолданатын жолмен таратылады. «Жәдігерлерді танкіге қарсы граната атқыш пен басқа да қарулардың арасынан тауып алатынмын», – дейді 2000 жылдардың басында Иракта әскери қызмет өтеген Нью-Йорк прокуроры және теңіз әскері корпусының полковнигі Мэтью Богданос.

Мысырдағы жәдігерлерді контрабандалық жолмен алып шығатын елу шақты айлақ, әуежай мен әуежолдарының ішінен Думьятқа баруды жөн санадым. Шесепамунтайешердің табытын Дубайдан АҚШ-қа жиһаз артылған контейнерлерге тығып жеткізген екен. Думьят – Мысырдың контейнерлер үздіксіз жіберілетін айлақтарының бірі әрі Дубаймен және елдің жиһаз орталығымен ұдайы сауда жасап тұрады. Айлақ қызметкерлері жуықта ішіне заңсыз жәдігерлерді жасырып алған бірнеше тасымалдаушы контейнерлерді қолға түсірді.

Каирден Думьятқа дейін 240 шақырым ғана болғанымен, екі ортаға бес сағаттай уақытым кетті. Алдыңғы түнде болған бүлікте Каир маңындағы мен тоқтаған қонақүйдің сыртында екі полиция қызметкері қаза тауыпты. Күзет қатаң, кейде жолды жауып тас­тайды. Мен олардың жанынан тыныш қана өтіп жатқан, толтыра сарымсақ, қауын-қарбыз, тауық және жүн тиеген жүк көліктеріне көз саламын. Бұл көліктердің қай-қайсысында да Шесепамунтайешердің табыты жасырылуы әбден кәдік қой.

ШЕСЕПУМАНТАЙЕШЕР Дубайға жеткізілгеннен кейін оның бағыты анықталады. Электрондық пошта арқылы жазған хаттар, кеден декларациясы мен тасымалдау деректеріне сүйене отырып, прокурорлар мен федералдық тергеушілер оны Дубайдан Америкаға жіберуге үш адамның қатысы болғанын анықтады. Олар: Сирияда туылған, Нью-Йорк қаласында жәдігерлерді алып-сатумен айналысатын Муса Хули, Мичиганда тұратын Иордания азаматы Салем Альшдайфат және Дубайда тұратын иорданиялық Айман Рамадан. (Хули контрабандамен айналысып, федералдық агентке жалған ақпарат бергені үшін айыпты деп табылып, алты айға мырза қамауға алынды. Альшдайфат заңға қайшы әрекеті үшін айыпталып, мың доллар айыппұл салынды. Рамаданға іздеу жарияланды).

Сот отырысы кезінде көрсетілген құжаттарға сүйенсек, Альшдайфат Шесепамунтайешер табыттарының суретін Хулиге жібереді. Рамадан мен басқа адамдар бұйымдар мен олардың құндылығы жайлы жалған ақпарат жазылған заттарды Хули мен Коннектикуттегі монета дилеріне салып жібереді. Хули сол суретті пайдалана отырып, саркофагты Виргиниядағы коллекционерге сатады. Тергеушілер мен АҚШ Иммиграция және кедендік бақылау қызметі Айман Рамадан Сириядан, Иорданиядан және Ливиядан тоналған жәдігерлерді де осылайша сатып отырған деген пікірде. Альшдайф пен болашақ клиенттер жазысқан хаттары оның Мысырдағы тонаушылық әрекеттер жайлы білгендігін айғақтайды.

Иммиграция және кедендік бақылау қыз­метінің арнайы агенті Шесепамунтайешер оқиғасын зерттеген Брентон Истер халықаралық тонаушылар желісі заң қорғау қызметкерлеріне қарағанда бір-бірімен жүйелі түрде бірлесе әрекет жасайтындығын айтады. Оның сөзіне қарағанда, Шесепамунтайешердің сыртқы саркофагын АҚШ-қа жеткізген контейнерді Дубайдағы Amal Star Antiques компаниясы жіберген. Истердің көрсетуінше, Amal Star-дың қожайыны Нор Шам Үндістанның Мумбай қаласында тұратын жәдігер дилері Шам отбасынан. Зерттеуші журналист Питер Уотсон Sotheby’s: The Inside Story деп аталатын кітабында Шамдар отбасы 1990 жылдары Үндістаннан Ұлыбританияға, кейде Дубай арқылы тонаушылық және контрабандалық жолмен ғибадатхана мүсіндерін әкелуге бағытталған үлкен операцияларды басқарғаны және бірнеше атақты жәдігерлерді Лондондағы Sotheby’s фирмасына сату үшін жеткізіп бергендігі жайлы жазады.

«Мен әлемдегі жақсы адамдарды немесе әр түрлі елдегі құқық қорғаушыларды біле бермеймін», – дейді Истер, Нью-Йорктегі Ішкі қауіпсіздік департаментінің штаб-пәтеріндегі бөлмесінде ілінген дүниежүзі картасына қарап тұрып. «Бірақ тонаушылардың барлығы бірін-бірі білетін сияқ­ты. Олар бір-бірінің телефон нөмірін жатқа біледі-ау деп ойлаймын». Таяу Шығыстағы бір қызметкер оған сол өңірдегі контрабандашылар мен алыпсатарлардың оның жұмысын жіті бақылап отырғандығын айтқан. «Бұл олардың назарын өзіме аудара алғанымды білдіреді. Керемет! Олай болса, мен жұмысымды дұрыс атқарып отыр екенмін».

Перғауындар мен қабір тонау – Мысырда көнеден келе жатқан кәсіп. Луксордың жанындағы Патшалар алқабындағы Рамзес V пен Рамзес VI мазары экономикалық тоқырау мен шетелдіктердің басқыншылығы кезінде, яғни 3000 жыл бұрын тоналған.

Перғауындар мен қабір тонау – Мысырда көнеден келе жатқан кәсіп. Луксордың жанындағы Патшалар алқабындағы Рамзес V пен Рамзес VI мазары экономикалық тоқырау мен шетелдіктердің басқыншылығы кезінде, яғни 3000 жыл бұрын тоналған.

 

06

Делдалдар дәретхана тазалайтын сұйықтық пен тіс зондысының көмегімен Сирияда қазып алған ежелгі монеталарды тазалауда. Екінші сатыға жататын мұндай тонаушылар жәдігерлерді қазушылардан сатып алып, оны жоғары бағаға қайта сататын контрабандашылар мен дилерлерге сатады. МАТТИАС БРЮГГЕМАНН, CONTACT PRESS IMAGES

Делдалдар дәретхана тазалайтын сұйықтық пен тіс зондысының көмегімен Сирияда қазып алған ежелгі монеталарды тазалауда. Екінші сатыға жататын мұндай тонаушылар жәдігерлерді қазушылардан сатып алып, оны жоғары бағаға қайта сататын контрабандашылар мен дилерлерге сатады.
МАТТИАС БРЮГГЕМАНН, CONTACT PRESS IMAGES

ЕСІРТКІ НЕМЕСЕ ҚАРУ-ЖАРАҚ сияқты заңсыз заттардан айырмашылығы, тоналған жәдігерлер басында заңсыз болғанымен, аяғында олар заңды болып шыға келеді, тасымалдау желілерінен өткен кезде заңсыздығы жасырылады. Нақты шығу көзі көрсетілмеген жағдайда, яғни құжаттандырылған меншік иесі жайлы мәліметсіз олардың заңды немесе заңсыз екендігін білу мүмкін емес. Ол – ол ма, заңды түрде жиналған көптеген бұйымдар жайлы нақты мәлімет жоқ болғандықтан, әрбір ықтимал саудада дилемаға тап болып жатады.

Муса Хули Шесепамунтайешерді Виргинияда тұратын Джозеф Льюис деген фармацепт кәсіпкер әрі коллекционерге сатады. 2011 жылдың мамырында Льюис те Хули мен басқалармен қатар контрабандамен айналысып, заңсыз ақша аударғаны үшін жазаға кесіледі. Үш жылдай жан-жақты жүргізілген сот ісінен кейін Льюис сот ісін кейінге қалдыру жөніндегі келісімге, сосын барлық айыптан босату жайлы келісімге қол жеткізеді. Ол заттарды импортпен айналысатын дилерден сатып алғанын айтып, өзіне тағылған барлық айыпты мойындаудан бас тартады.

Егер «коллекционерлік ген» деген болса, Джо Льюис соның нақ көрінісі болатын еді. Оның анасы жүзім шарабына арналған графиндерді, піл мүсіндерін, ағаш үйректерді жинаса, әкесі тапаншаларға әуес болыпты. Қазір Льюистің 600 шаршы метр үйінде оның анасының жинаған барлық бұйымдары, яғни графиндері, үйректері және пілдерімен қоса оның өзіне тиесілі 30 000 түрлі жәндік пен мысырлық жәдігерлердің ауыз толтырып айтарлықтай жиынтығы бар.

«Егер маған бірдей екі нәрсе берсеңіз, мен оларды жинай бастаймын», – дейді 60 жас шамасындағы арықша келген Льюис. Ол маған сапасы музей талабынан кем болмайтын жәшіктерге салынған бірнеше ғажайып саркофаг орналасқан өзінің керемет Мысыр коллекциясын көрсетті.

Ағаштан бояп жасалған керемет Птах-Сокар-Осирис мүсініне сүйсіне қарап тұрып, көзім басқа да бірнеше мысырлық жәдігерлерге түсті. Солардан көз алмаған күйі іштей біртүрлі сезімге бөленемін. Мен мұндай бұйымды иемденгісі келетіндерді түсінемін.

Кейбірі жалған бірқатар жәдігерді Сирияның антиквариат дүкенінде сатуға шығарылған. Жасанды жәдігерлер – көп елдердегі негізгі кіріс көзі, оларды аңқаулар сатып алады, тасымалдау кезінде нағыз жәдігерлерді жасыру үшін қолданады, тіпті музейдегі түпнұсқа бұйымдармен алмастырады. МАТТИАС БРЮГГЕМАНН, CONTACT PRESS IMAGES

Кейбірі жалған бірқатар жәдігерді Сирияның антиквариат дүкенінде сатуға шығарылған. Жасанды жәдігерлер – көп елдердегі негізгі кіріс көзі, оларды аңқаулар сатып алады, тасымалдау кезінде нағыз жәдігерлерді жасыру үшін қолданады, тіпті музейдегі түпнұсқа бұйымдармен алмастырады.
МАТТИАС БРЮГГЕМАНН,
CONTACT PRESS IMAGES

«АҚШ және басқа да шет елдердің заңдарының араласуы себебінен жәдігер жинау ісінің болашағы қыл үстінде тұр», – дейді Льюис. Осыған байланысты жуықта ол коллекционерлерге білім беріп, оларды қорғайтын ұйым құруға атсалысыпты. Ол өзі ұстанатын кейбір қағидаларын айтып берді: коллекционерлер де жәдігер табылған елдер қорғай алмай жатқан адамзаттың мәдени мұрасын музейлер сияқты көздің қарашығындай сақтайды. Мәдени ескерткіштерді археологтар қазып алмаса да, айтарлықтай ғылыми құндылыққа ие. Көптеген коллекционерлер жинақтарын ғалымдар мен музейлерге таныстыру арқылы өз білімімен бөліседі.

«Жеке коллекционерлер мен ғылыми орталықтардың ынтымақтастығына сүйене отырып, заңды түрде қол жеткізілген заттардың жаһандық тіркеуін жасау тонаушылыққа қарсы күресте күшті қару болар еді», – дейді Льюис. «Тізімде жоқ болса, оны сатып алуға немесе сатуға болмайды», – дейді ол өзінің болашақ дерекқоры жайлы. «Тіркеуде жоқ дүние тонаушылық жолмен келген. Мәселе шешілді!».

Льюисті коллекционерлердің ең батыл жақтау­шысы деуге келмейді. Дж. Пол Гетти Траст компаниясының бас атқарушы директоры Джеймс Куноның айтуынша, жәдігерлерді отанына қайтару – қателік, себебі, музейлердің міндеті – әлемдік мәдени мұраны жинау, қорғау және басқалармен бөлісу, ал қақтығыс болып жатқан елдерге қайтарылған бұйымдардың тағдыры қыл үстінде. Олай болса, тоналған заттарды сатып алу оларды жоғалып кетуден немесе бүлінуден сақтап қалар болса, мұндай тәсілді жоққа шығаруға болмайды.

«Келіссөздер арқылы адамдарды құтқарып қалуға болатынын білсеңіз, сіз лаңкестермен келіссөз жасаудан бас тарта алар ма едіңіз?», – деп сұрайды ол. – «Нарық ісіне араласпай, оның жұмысын тоқтату мүмкін емес. Сұрақ оңай емес, оны жақсы мен жаманның аражігін айырып көрсететін нақты сұрақ деуге болмайды».

Абу-сир-аль-малах күзетшісі адам сүйегі мен тонау үшін қазылған шұқырларға толы ежелгі бейітке қарап тұр. Ұрлық – ежелден келе жатқан проблема, ал тонаушылық жаһандық қаржы дағдарысы мен 2011 жылғы Мысыр төңкерісінен кейін күрт өсті.

Абу-сир-аль-малах күзетшісі адам сүйегі мен тонау үшін қазылған шұқырларға толы ежелгі бейітке қарап тұр. Ұрлық – ежелден келе жатқан проблема, ал тонаушылық жаһандық қаржы дағдарысы мен 2011 жылғы Мысыр төңкерісінен кейін күрт өсті.

Жәдігерлер саудасы көптеген өнер жауһарларын құрып кетуден сақтап қалғанымен, мұндай сауда-саттық тонаушылыққа жол ашады деген мәселеге кейбір жерлерде еш көңіл аударылмайды. Бұл базбір саудагерлердің көздің қарашығындай сақтап жүрген жәдігерлерінің шығу тегі жайлы өзін-өзі алдауына мүмкіндік бермек.

Льюистің «Шесепамунтайешер ісі» жайлы әңгіме қозғағысы келмейді, бірақ ол табыттарды Муса Хули оның шығу тегі жайлы шындыққа жанасарлық ақпарат бергеннен кейін ғана сатып алдым дейді. (Хулидің айтуынша, Шесепамунтайешердің табыттарын ол әкесінің жинағынан алған).

ЮНЕСКО-ның 1970 жылғы Конвенциясы, ұлттық музейлер жайлы заңдар, сот істері және 2000 жылдардың басында отанына қайтарылған жәдігерлердің бәріне де хаттамаға сәйкес жан-жақты анықтама беруі керек еді. Қалай болғанда да, көптеген коллекционерлер, дилерлер, аукционерлер мен музей кураторлары әлі де болса құпиялылықты сақтауды қалайды, бұл жәдігерлер саудасының жасырын түрде өтуіне жол ашады. Үлкен аукцион залдарында өтетін жеке сауда ісі қарқындап келеді, ал «Швейцариялық жеке коллекциядан», «мирасқа қалған» деген сияқты көмескі анықтамалар қалыпты жағдай болып қалуда.

«2007 жылдан бері мен тонаушыларға тиесілі бұл мұрағаттағы көптеген заттардың үлкен аукциондарда сатылымға шыққанын анықтадым», – дейді Цирогианнис. «Аукцион залдарының оларды сатуын әлі де жалғастырып келе жатуы олардың оң өзгеріске талпынбайтындығын көрсетеді. Олар тек сатуды жалғастыруды ғана қалайды».

Мазар тонаушы Перудің Хуармей зиратында боялған матаны сатуда. Алайда бұл осы маңдағы Инка дәуіріне тиесілі мазардан ұрланған түпнұсқа ма, әлде қазіргі кезде жасалған жасанды мата ма? Оны тек сарапшы ғана айта алады.

Мазар тонаушы Перудің Хуармей зиратында боялған матаны сатуда. Алайда бұл осы маңдағы Инка дәуіріне тиесілі мазардан ұрланған түпнұсқа ма, әлде қазіргі кезде жасалған жасанды мата ма? Оны тек сарапшы ғана айта алады.

Тонаушылық жайлаған өңірлер мен соғыс болып жатқан аймақтан әкелінген өнер туындысы жайлы жалпылама немесе мүлдем болмаған анықтамаларды белгілі аукцион залдары қабылдай береді. 1970-2011 жылдар аралығында Christie’s және Sotheby’s сияқты аукцион залдары Кхмердің мүсіні тәрізді өнер жауһарларын, олар Камбоджадағы сұрапыл азамат соғысы кезінде және соғыстан кейін джунгли ғибадатханаларынан ұрланған болуы мүмкін екендігін біле тұра, сатылымға шығарды. Метрополитен, Кливленд өнер музейлері сияқты үлкен музейлердің өзі Кхмер мүсіндерін сатып алып жатты, сосын қайта сатты.

«Бұл заттар әлем назарын өздеріне аударған жағдайда, ешкім де оларды этикалық норма тұрғысынан сатып та алмас еді, сатпас та еді», – дейді Вашингтон қорғаушылар тобы, Антиквариаттар коалициясының атқарушы директоры әрі заңгер Тесс Дэвис. «Бірнеше жыл ғана бұрын коллекционерлер АҚШ-та Камбоджа өнер туындыларының жоқ екендігіне өкініш білдіретін. Алайда геноцидтік мақсаттағы Азамат соғысы бұрқ ете қалған кезде анықтамасыз үздік өнер туындылары нарықты жаулап алды! Олардың ұрланғаны айтпай-ақ түсінікті».

Қылмыстық топтар арқылы жеткізілген Шесепамунтайешер табыттарын жіті бақылай отырып, коллекционерлер мәдени ескерткіштер жайлы еш анықтама жоқ екендігін біле тұра сатып алатындығына таңғалмасқа амал жоқ. Археолог Рикардо Элия да менімен келіседі. «Мұның еш қиындығы жоқ», – дейді ол экономиканың негізгі заңын меңзеп. «Сіз тоналған заттар үшін ақша төлейсіз, осылайша тонаушылыққа жол ашасыз».

10 ғасырдың Дурьодхана есімді сарбазы бір кездері Камбоджаның солтүстігіндегі Прасат Чен ғибадатханасының көркі еді. Азамат соғысы кезінде ұрылар оны Тайланд арқылы шет елге заңсыз шығарды. 2011 жылы Sotheby’s аукционға шығаруға тыйым салынып, құмтастан жасалған мүсін Камбоджаға қайтарылды. СУРЕТ КАМБОДЖА ҰЛТТЫҚ МҰРАЖАЙЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

10 ғасырдың Дурьодхана есімді сарбазы бір кездері Камбоджаның солтүстігіндегі Прасат Чен ғибадатханасының көркі еді. Азамат соғысы кезінде ұрылар оны Тайланд арқылы шет елге заңсыз шығарды. 2011 жылы Sotheby’s аукционға шығаруға тыйым салынып, құмтастан жасалған мүсін Камбоджаға қайтарылды.
СУРЕТ КАМБОДЖА ҰЛТТЫҚ МҰРАЖАЙЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Мәдени мұраға қатысты соғыс жалғасуда, қалай болғанда да, үміт те жоқ емес. 2010 жылы Бостон бейнелеу өнер музейі алғашқы және АҚШ-тағы жалғыз лауазым – «жәдігердің шынайылылығын анықтайтын куратор» деп аталатын лауазымды ашты. 2013 жылы Метрополитен музейінің қызметкерлері өз еріктерімен ежелгі екі Кхмер мүсінін отанына қайтарды. Бұл қозғалысты кейіннен Кливленд Өнер музейі мен басқа да АҚШ музейлері жалғастырды. Кейіннен Метрополитен музейі Камбоджа үкіметімен бірлесе отырып, Оңтүстік-Шығыс Азия өнері жайлы үлкен көрме өткізді.

«Тура сатып алудан гөрі ұзақ мерзімдік жалға алуды мақсат тұтатын мұндай бірлескен жұмыстар музей кураторлары үшін оң шара болмақ», – дейді мәдени мұра мәселесімен айналысатын заң профессоры Пэтти Герштенблит.

2015 жылдың 23 сәуірінде Шесепамунтайешер табыты Мысырға қайтарылды. Қазір ол Каирдегі Мысыр музейінде тұр. Кейбір музей қызметкерлері мен Льюис сияқты коллекционерлер тонаушылықтың алдын алу мақсатында жәдігерлер дерекқорын құруға үндеп, ортақ шешімге келу үшін археологтармен кездесуді ұсынуда.

«Мұндай ортақ шешімге келу жәдігер табылған ел үшін де, сатылатын ел үшін де аса маңызды», – дейді Сара Паркак. Мысырдағы қабір қазушылар мен шет елдегі сатып алушылар жәдігерлерді тек әсем бұйымдар ретінде ғана емес, біздің өткеніміз жайлы маңызды тарихтың бір бөлігі ретінде қабылдағанға дейін тонаушылық жалғаса бермек.

«Адамзат тарихы – бұрын-соңды болған тарихтың ішіндегі ең кереметі», – дейді Паркак.


12

National Geographic қоғамының стипендиаты, мысыртанушы Сара Паркак тонаушылықты зерттеуге арналған жобасы үшін 2016 жылы ТЕД сыйлығын жеңіп алды. Ол миллион долларлық грантын нысандарды қорғауға арналған онлайн платформасын жасауға жұмсамақ.

Біздің оқырмандар тонаушылықпен күресуге қалай көмектесе алады? Біз жасап жатқан онлайн платформа компьютері бар кез келген адамның спутник арқылы археологиялық нысандарды бақылап, тонаушыларды тап басуына көмектеседі. Сайтты жыл соңына қарай ашу жоспарланған. (natgeo.org/space-archaeology)

       

Пікір жазу