.

Перудегі оқшау өңір

Өзен бойын мекендейтін адам саны мыңнан аспайды. Олар орманда егін егіп, аң аулайды. Жануарларды тек күнкөріс үшін өлтіреді. Көбіне өрмекші маймылдарды аулайды. Себебі, еті дәмді деседі. Сондай-ақ оларды үй жануарлары ретінде асырайды.

Өзен бойын мекендейтін адам саны мыңнан аспайды. Олар орманда егін егіп, аң аулайды. Жануарларды тек күнкөріс үшін өлтіреді. Көбіне өрмекші маймылдарды аулайды. Себебі, еті дәмді деседі. Сондай-ақ оларды үй жануарлары ретінде асырайды.

Ману Ұлттық саябағы — Перудегі көз тартар көрікті мекендердің бірі. Өзге жұрттан оқшау өмір сүретін жергілікті аңшылар бұл аймақты өз қорғауына алған.

Саябақ сыртындағы мына жартаста тұз шөгінділері бар. Алуан түрлі тіршілік иелері осында кеп тұз жалайды. Саябақта құстың мыңнан астам түрі тіршілік етеді. Бұл дегеніміз, бүкіл құстардың он пайызы осында мекендейді.

Саябақ сыртындағы мына жартаста тұз шөгінділері бар. Алуан түрлі тіршілік иелері осында кеп тұз жалайды. Саябақта құстың мыңнан астам түрі тіршілік етеді. Бұл дегеніміз, бүкіл құстардың он пайызы осында мекендейді.

Авторы: Эмма Майрис

Фото: Чарли Гамильтон Джеймс

Элиас Мачипенго Шуверирейни пальма ағашынан жасалған садағы мен бамбуктан ойылған үшкір жебелерін жинап, қамдануда. Бүгін біз онымен Перудегі Ману ұлттық сая бағына барып, маймыл аулаймыз. Үлкен аумақты алып жатқан бұл ну орман қорғауға алынған. Ол – дүние жүзін дегі алуан түрлі тіршілік иелеріне бай саябақтың бірі.

Негізінде, мұнда аң аулауға заң жүзінде рұқсат етілген. Элиас «Мачигенка» атты байырғы тайпадан шыққан. Олардың бір мыңға жуығы саябақ аймағында өмір сүреді. Барлығы дерлік Ману өзенінің жағалауын мекендейді. Барлық тайпалар өркениеттен хабардар. Олардың саябақтағы өсімдіктер мен жан-жануарларды өз игіліктеріне пайдалануға мүмкіндіктері бар. Бірақ рұқсатсыз сатуға құқылары жоқ. Әрі суық қарумен аң аулауға тыйым салынған. Олар бір-бірін есімдерімен атайды. Йомибато өзені маңындағы шағын аумақта юкка, мақта және басқа да дақылдар өсіреді. Бала-шағалары жеміс-жидек пен дәрілік өсімдіктер терумен айналысады. Элиас балық аулайды, ағаш кеседі. Оған қоса аңға шығады. Әсіресе коата және мамық жүнді маймылдарды көбірек аулайды. Себебі, олардың етін Мачигенкалар сүйсіне жейді. Бұл жануарларға жойылып кету қаупі төніп тұр.

Тайпаның өмір сүру салты ертеден осындай. Айта кеткен ләзім, олардың саны күн санап артып барады. Бұл саябақ жанашырларын алаңдатып отыр. Тұрғындар саны екі есе көбейсе, не болады? Қару пайдалана бастаса ше? Жойылу қаупі төнген маймылдарды сақтап қала аламыз ба? Маймыл демекші, оларсыз бұл орман қалай өсіп-өнеді? Біле білсеңіз, маймылдар ағаштан-ағашқа секіріп, жеміс-жидек терген кезде тұқымдар жерге түседі. Соның арқасында табиғаттағы тепе-теңдік сақталады.

Саябақ сыртындағы аймақ күн санап тарылып барады. Бір бөлігінде табиғи газ өндірілсе, екіншісінде пайдалы қазбалар игеріледі. Енді біреулер орман ағаштарын отайды. Сондықтан қазір саябақты қорғау – күн тәртібіндегі мәселе. Осы орайда мынадай сұрақтар туындайды: Саябақты мекендейтін адамдар тұрғылықты жерлерін қорғай ала? Әлде, бұған шамалары жетпей ме? Олардың саябаққа жандары аши ма?

Элиастың жасы 53-те. Шашы бұйра, қап-қара. Көзі өткір. Үстінде жасыл түсті футболка. Бұтында шолақ шалбар. Аяғында ескі резеңкеден жасалған сандал. Ол шатыры жапырақтарымен жабылған шағын күркеде тұрады. Қараша айының ортасында Элиастың күйеу баласы Мартин, қызы Талиа және ересек немересімен бірге жолға шықтық. Егістік жерлерді басып өтіп, ну орманға кірдік. Ауа қапырық. Мартин де садақ пен жебе асынған. Ал Талиа қолдан тоқылған матауыш байлаған. Қайтарда дәрілік өсімдіктерді соған салмақшы. Қасымда Глен Шеперд деген антрополог бар. Мачигенкалардың арасында 30 жыл өмір сүріп, олардың тыныс-тіршілігін зерттеген ғалым. Бұл тайпаның тілінде судай ағып тұр.

Мына қыз Мачигенка тайпасынан шыққан – Йойна Мамейрия Нонтсотейганың басында тамарин маймылы отыр. Екеуі саябақ ортасында орналасқан Йомибато өзенінде шомылып жүр.

Мына қыз Мачигенка тайпасынан шыққан – Йойна Мамейрия Нонтсотейганың басында тамарин маймылы отыр. Екеуі саябақ ортасында орналасқан Йомибато өзенінде шомылып жүр.

Орманға кіргенде секіргіш маймылдардың даусы шықты. Бірақ аңшылар мұндай дыбысқа назар аудармайды. Өйткені бұл маймылдарды көбіне жаңадан жаттығып жүрген жасөспірімдер аулайды. Тағы бес минут өткенде капуциндердің шиқылдаған даусы естілді. Элиас тоқтай қап, садағын кезенді. Бірақ маймылдарды атпады. Ол еті одан да дәмді жануарды күтіп жүр. Тайпа тілінде «дәмді» деген сөз «пошини» деп айтылады. Жеміс ағаштарын бойлай, әрмен қарай жүрдік. Жеміс-жидектер шашылып жатыр. Демек, мұнда маймылдар болған. Бірақ көп дамылдамай кетіп қалған. Арада бір сағат өтті. Кенет Талианың көзі күлімдеп, жүзі жайнап кетті. «Ошето» деп сыбырлады. Бұл «өрмекші маймылдар» дегенді білдіреді.

Маймылдардың қимылына көз ілеспейді. 20-30 метр биіктікте ағаштан-ағашқа секіріп жүр. Жанымдағылар қаруларын сайлай бастады. Ал мен ағаш тамырына шалынумен болдым. Жидек сабақтары аяқ-қолымды жырып тастады. Ол аздай, жер балшық. Аяғым тайып кете береді. Жылан іздеймін деп, тікенектер мен өрмекшілердің торларына да тап болдым. Элиас пен оның жақындары менен әлдеқайда епті. Дей тұрғанмен мұндай орманда аң аулау оңай емес. Мәселен, күйіс қайырмайтын аша тұяқты жануарларды аулау – қиынның қиыны. Ал өрмекші маймылды қолға түсіру үшін алдымен оны іздеп тауып, қасына жақындау керек. Сосын алты қабат ғимараттай биіктікке, тіпті одан да жоғарыға, садақ кезеп, атып кеп қаласың.

Элиас өзіне күш беретін түрлі табиғи дәрілерді пайдаланады. Аңға барар кезде «айяуаска» деп аталатын сусын ішеді. Оның әсері зор. Құрамында белсенді заттар бар. Бірден құстырады. Элиас сол арқылы қара күштерден арылып, бойдағы қуатты еселеуге болады деп есептейді. Соның арқасында маймылды оңай қолға түсірем деп ойлайды. Қырағылық үшін өсімдік шырынын сығып, көзіне тамызады. Ал аңға шыққанда қияқ тамырын шайнайды. Оны өз тілдерінде «пири-пири» дейді. Бұл өсімдік бетіндегі саңырауқұлақшалар зейінді жақсартып, белсенділікті арттыратын көрінеді. Шеперд теоның дәмін татып көрген екен. Ол бұл өсімдікті «орман есірткісі» деп атайды.

Дегенмен бұл сусын аңшының жемтікті қолға түсіруіне кепілдік бермейді. Біраз жүрген соң Талиа тоқтай қап, белгі берді. Ағаш басында қою қоңыр түсті маймылдар секіріп жүр екен. Элиас алға қарай жүгіре жөнелді. Қызының қасына барып, көздеп тұрып, атып қалды. Маймылдар жан-жаққа қашты. Екінші рет атқаннан пайда жоқ. Бытыралы мылтықпен көздегенде маймылдардың біреуі жерге топ етер еді.

Альто Мадре-де-Дьос өзені саябақтың оңтүстік шекарасын бойлай ағып жатыр. Келушілер саябаққа кіру үшін моторлы қайыққа отырып, судың төменгі ағысымен жүзеді. Өзен суы жеткілікті болмаса, саяхат бес сағатқа созылады.

Альто Мадре-де-Дьос өзені саябақтың оңтүстік шекарасын бойлай ағып жатыр. Келушілер саябаққа кіру үшін моторлы қайыққа отырып, судың төменгі ағысымен жүзеді. Өзен суы жеткілікті болмаса, саяхат бес сағатқа созылады.

Мұнда суық қару да, тас жол да жоқ. Тұрғындар сауданы білмейді. Ілуде біреуі болмаса, Ману тұрғындарының көпшілігі өркениеттен жырақ қалған. Басқа елді мекендерден оқшау тұрады. Саябаққа апаратын негізгі жол – Анд тауларының бойындағы адамның үрейін ұшырар қауіпті соқпақ. Осы жолмен он сағатта Альто Мадре-де-Дьос өзеніне жетесіз. Ол жерде моторлы қайыққа отырып, екі өзеннің түйісетін жеріне дейін барасыз. Бұл – Ману өзені. Оған жету үшін бес сағат уақыт кетеді. Саябаққа кірер жол осы маңда. Алайда Элиастың ауылын көру үшін Перу үкіметінен рұқсат алу керек. Бұл сапарда Шеперд екеуміздің тағы бірнеше күн саяхаттауымызға тура келді. Моторлы қайықпен Ману өзенінің жоғарғы ағысы мен сағасын түгел аралап шықтық. Шалғайда орналасқандықтан бұл саябаққа орман отаушылар, кен қазушылар мен туристер көп келе бермейді. Соған қарамастан, бұл жерді жыл сайын бірнеше мың саяхатшы тамашалап қайтады.

Аумағы 17 163 шаршы шақырымды құрайтын бұл саябақ Ману өзенінің бүкіл суайырығын қамтиды. Шамамен 4000 метр қашықтықта орналасқан көкорай шалғынды жерлерден бастап, Анд тауларының шығыс баурайына дейінгі аумақты алып жатыр. Шығыс баурайы дегеніміз мүк басқан ағаштары қаз-қатар тізілген тұманды орманнан басталады. Және төменгі белдеуде орналасқан Амазон өзенінің батысындағы тропикалық орманға дейін созылады. Бұл жердің табиғаты көздің жауын алады. Алуан түрлі тіршілік иелері мен өсімдіктерге бай. Мұнда тапирлер өріп жүреді. Көгінде ара атты қызыл тотықұстар топтаса ұшады. Ирелеңдеген жыландар да осында. Кешке жарқанаттардың 92 түрін көресіз. Қанаты екі метргарпия атты жыртқыш құстан қашып, ағаштан-ағашқа секіріп жүрген приматтардың 14 түрін кездестіресіз. Орманның барлық жерінен алқызыл ноян, көгілдір түсті алып морфо, әйнек қанат тәрізді көбелектердің түр-түрін тамашалайсыз. Құмырсқалар құжынап жүреді. Қараңғы түскенде айнала жарқырап кетеді. Құдды ертегілерде айтылатын сиқырлы таяқшаның тозаңындай. Шындығында, бұл – жүз мыңдаған жәндіктердің жылтыраған көздері.

Мұнда көлемі әркелкі ағаштардың мыңдаған түрі бар. Оларды лиананың жуан сабақтары шырмап тастаған. Әсіресе інжірдің экологиялық маңызы өте жоғары. Себебі, ол жыл бойы жеміс береді. Құрғақшылықта жан-жануарлар осы ағаштың жемісін жеп, шөл қандырады.

Дьюк университетінің экологы Джан Тербо былай дейді: «Бір ғана ағашта жүздеген маймылдың жүргенін көрдім. Қарындары ашса, таңғы төрт шамасында жеміс ағашының басына барады екен». Ману саябағы 1973 жылы ашылды. Осыдан кейін Тербо әріптестерімен тізе қосып, «Коуча кашу» атты зерттеу орталығын құрды. Оның аймағы саябақ аумағының бір пайызына да жетпейді. Мұнда сүтқоректілердің 70 түрі, ал құстардың 500-ден астам түрі мекендейді.

Мэн штатының Портленд қаласындағы «Archipelago Consulting» ұйымының экологы Кент Рэдферд: «Ману саябағы тұмса табиғатымен белгілі. Бүгінде бұрынғы қалпында сақталған жерлер некен-саяқ. Ғалымдар үшін зерттеу жүргізуге таптырмас орын. Себебі, мұнда өсімдіктер мен жан-жануарлардың түр-түрі бар. Ең бастысы, мұнда адам аяғы тимеген», – дейді.

Табиғаты көркем Ману саябағы бейне бір пейіш бағындай. Тарихы тереңде жатыр. Кезінде Ману өзенінің жағалауын алуан түрлі тайпалар мекен еткен. Олар әр түрлі тілде сөйлеген. Мұнда адамдардың көп болғаны сонша, белгісіз бір тайпа өкілдері бұл өзенді «адамзат мекені» деп атаған. Инктер және испан конкистадорлары бұл өңірді талай рет жаулап алмақшы болған. Олар ну орманға басып кіріп, жергілікті тайпа өкілдерімен соғысты. Бірақ оларды тізе бүктіруге шамалары жетпеген. Кейіннен Ману тайпалары инктермен сауда-саттық қарым-қатынас орнатып, шетелдіктермен байланыс жолға қойылды. Бірақ жергілікті халыққа испандардан жұққан ауру кесірінен мыңдаған адам көз жұмды. Осылайша көне тайпалар жер бетінен жойылып кете жаздады.

Пиро тайпасын өз мақсатына пайдаланған Фицкаральд Манудағы басқа да жергілікті тұрғындарды бағындыруға тырысты. Оларға шабуылдаған кезде жүздеген адам қаза тапты. Өзен суы қызыл қанға боялған деседі. Ал тойайри деген тайпа тайлы-тұяғы қалмай қырылып қалды. Машго-Пиро тайпасының да көбі ажал құшты. Аман қалғандары орманға қашып, жасырынды. Тек арада бірнеше жыл өткеннен кейін бой көрсете бастады. Орманның сыртына шығып, былайғы адамдармен тілдеспек болған көрінеді.

Ағаш кесушілер саябақтың оңтүстігінде өсетін қылқан жапырақтыларды ғана отайды. Ал саябақ маңындағы жол және өзен бойында өсетін бағалы желектерді заңсыз ағаш кесушілер баяғыда талан-тараж еткен. Солардың бірі – қызыл ағаш. Десе де саябақтың өзі қатаң бақылауда. Әрі оның ішіне кіру оңай емес.

Ағаш кесушілер саябақтың оңтүстігінде өсетін қылқан жапырақтыларды ғана отайды. Ал саябақ маңындағы жол және өзен бойында өсетін бағалы желектерді заңсыз ағаш кесушілер баяғыда талан-тараж еткен. Солардың бірі – қызыл ағаш. Десе де саябақтың өзі қатаң бақылауда. Әрі оның ішіне кіру оңай емес.

Ұзын сөздің қысқасы, Ману саябағының саяси-географиялық жағдайы үнемі өзгеріске ұшырап отырған. Дегенмен ондағы тайпалар адамдардан оқшау өмір сүреді деген пікір жаңсақ. Мұнда бір ғасырдан астам уақыт бойы ғаламдық-экономикалық өзгерістер орын алды. Технологиялық инновация нәтижесінде бұл жердің өнімдеріне АҚШ және Еуропа елдерінің сұранысы арта бастады. Есесіне бұдан жергілікті тұрғындар зардап шекті.

Резеңке өндірісі тоқтағаннан кейін Пиро тайпасының басым көпшілігі Альто Мадре-де-Дьос өзенінің жағалауына барды. Сол жақта Боука Ману деп аталатын қыстақ құрды. Бүгінде бұл тайпа Ийни деген атпен белгілі. Ийни тілінде сөйлейтіндіктен осылай аталып кетсе керек. Ал Пиро тайпасының қаңырап қалған жеріне Мачигенкалар қоныстанды. 1960 жылдары бұл жерде бірнеше миссионерлік мектеп ашылды.

Тайакоумей және Йомибато сияқты шағын елді мекендерде ауруханалар мен мектептер бар. Ал тұрғындары спутниктік телефондарды пайдаланады. «Rainforest Flow» деп аталатын қайырымдылық қоры жуырда санитария мәселесін шешті. Су тазалайтын қондырғылар орнатып, барлық үйлер таза сумен қамтамасыз етілді. Бұл елдімекендегі үйлер бір-бірінен қашық орналасқан. Мәселен, бір үйге кірсеңіз, терезесінен келесі үй көрінбейді. Қолдары босағанда магнитофондарын қосып, перулік поп музыканы тыңдайды. Аяқтарында шәркей. Үстерінде футболка. Дей тұрғанмен салт-дәстүрді берік ұстанатын адамдар да жоқ емес. Мысалы, өзеннің жоғарғы жағында тұратын Мачигенкалар қолдан тігілген киім киеді және ақшасыз өмір сүреді. Сондай-ақ темірден жасалған құралдарды пайдаланбайды. Алайда олар да біртіндеп өркениетке жақындап келеді.

Ал Машго-Пиро тайпасы әлі күнге дейін оқшау өмір сүреді. Каучук өндіруге сұраныс артқалы адамдардың көзіне түспеуге тырысады. Өздігімен тіршілік етіп жатыр. Аң аулап, жеміс-жидек теріп күнелтеді. Дегенмен олар да сырттағы әлемге қызыға қарайды. Және ондағы тіршіліктің қандай екенін жақсы біледі. Соңғы бес жылда осы тайпаның өкілдерін бірнеше рет көрген адамдар бар. Олар саябаққа кіре берісте, Альто Мадре-де-Дьос өзенінің жағалауында жүр екен. Қайықтағы адамдарға қол бұлғап, ымдап тамақ сұраған көрінеді. Бәлкім, кен қазу, табиғи газ өндіру және ағаш отау сияқты әрекеттер оларды сырттағы адамдармен байланыс орнатуға мәжбүрлеген болар. Бұған доңыз тұқымдас жануарлардың күрт азайып кетуі де себеп болуы мүмкін. Неге десеңіз, бұл жануарлар – Машго-Пиро тайпасының негізгі қорегі.

Бастапқы қалпын сақтап қалған орманда өмір сүретін тайпалар дәстүрді бұзғылары жоқ. Өз басым оларды геноцидтен қашып, бас сауғалаған босқындар деп есептеймін.

Туристер және жергілікті тұрғындар олардан көмек аямады. Киім және азық-түлік жіберіп отырды. Алайда кейбір жағдайлардың қайғылы аяқталатыны бар. 2011 жылы Мачигенка тайпасынан шыққан Николас Флорес (Шако) Машго-Пироларға бірнеше жылға жететін азық-түлік және құрал-сайман апарғанда сондағы адамдардың бірінің қолынан қаза тапты. Ал 2015 жылы олар Шипитиари қыстағында тұратын бір жас жігітті ажал құштырды.

Ромел Понсиано – Ийини тайпасының мүшесі. Ол Диамантей қыстағында тұрады. Бүгінде Перу Мәдениет министрлігінде қызмет атқарады. Ол өркениетті қоғам мен өзімен туыстас тайпалар арасында достық қатынас орнатуды көздейді. Машго-Пиро тайпасының адамдары көбіне Альто Мадре-де-Дьос жағалауында жүреді. Сондықтан да Ромел әріптестерімен бірге сол жақта орталық құрып, мақсатын жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп жатыр.

Орталыққа «Номолей» деген атау берілді. Бұл «бауырлар» дегенді білдіреді. Алғашында Ромелге тайпалармен қарым-қатынас орнату оңайға соқпады. Тайпа мүшелері одан садақ атып, киімін шешуді талап етті. Көзіне және аузна үңіле қарап, қолтығын иіскеді. Жыныс мүшесін ұстап көрді. Осылайша Ромелдің өздеріне туыс не бөтен екенін ажыратуға тырысты. Ақыры, Ромел олармен тіл табысып кетті. Машго-Пиролар Ромелге «Йотлу» деген лақап ат қойды. Бұл «кішкентай өзен кәмшаты» дегенді білдіреді. Ал Ромел болса, оларға қол ұшын созуға қашанда дайын. «Бәлкім, бес немесе он жылдан кейін олар да біз сияқты еркін жүріп-тұратын болар. Ол кезде де садақпен аң аулайды. Бірақ адамдарға тиіспейді. Олар тек қатты қорыққан кезде ғана кісі өлтіреді», – дейді.

Алып кәмшат 1.8 метрге дейін өседі. Күніне 3.5 келі балық жейді. Өзі сондай ойнақы. Оңтүстік Американың өзен-көлдерінде кеңінен таралған. Көп аулаудың салдарынан жойылып кету қаупі төніп тұр. 1973 жылы кәмшаттарды коммерциялық мақсатта аулауға тыйым салынды. Содан бері олардың саны біршама өсті.

Алып кәмшат 1.8 метрге дейін өседі. Күніне 3.5 келі балық жейді. Өзі сондай ойнақы. Оңтүстік Американың өзен-көлдерінде кеңінен таралған. Көп аулаудың салдарынан жойылып кету қаупі төніп тұр. 1973 жылы кәмшаттарды коммерциялық мақсатта аулауға тыйым салынды. Содан бері олардың саны біршама өсті.

Машго-Пиро тайпасындағы адамдардың денсаулығын зерттеген дәрігерлер мынадай тоқтамға келді. Сырттағы адамдармен көбірек қарым-қатынас жасайтын жергілікті тайпаларға қарағанда Машго-Пиролардың денсаулығы әлдеқайда мықты. Бұған өркениетті қоғамнан оқшау өмір сүретіндері себеп дейді. Ал басқа тайпалардың адамдары тыныс алу жолдары және тіс ауруымен жиі сырқаттанатын көрінеді. Машго-Пиро тайпасының қоғамнан оқшау өмір сүруіне тағы бір себеп – иммунитеттерінің әлсіздігі немесе жоқтығы.

«Номолей» орталығына қайтып бара жатқанда жағалау жақтан бірнеше сұлбаның қараңдағанын байқадым. Ол кезде алысқа ұзап кеткенбіз. Түрлерін анықтап көре алмадық. Есесіне, олардың жалаңаш екенін байқадық. Терілерінің түсі қызғылт-қоңыр екен. Өзен жағасындағы сұр жартастарға қарама-қарсы жерде жүр. Бәрі жиналып от жағуда. Оларға инфекция жұқтырмас үшін және өзіміздің де қауіпсіздігімізді ойлап кері қайырылмадық.

Орман бастапқы қалпын сақтап қалған. Мұндағы кейбір тайпалар өркениеттен оқшау өмір сүреді. Ежелгі дәстүрді бұзғылары жоқ. Өз басым оларды геноцидтен бас сауғалаған босқындар деп есептеймін. XIX ғасырда басталған резеңке өндірісі олардың санасында өшпес із қалдырды. Аңшылықты кәсіп қылған тайпа мүшелері әлі күнге дейін адамдарды жау көреді. Себебі, 1890 жылдан бастап олар үреймен өмір сүріп келеді.

Резеңке өндірісі тоқтағаннан кейін адамдар басқа да табиғат байлықтарына қол сұға бастады. Жергілікті тұрғындарға аз-маз ақша беріп, ағаш отады. Енді бірі алтын және табиғи газ өндірумен айналысты. Сосын оларды қымбат бағаға сатты. Ормандағы ағаштар заңсыз кесіліп, қазба байлықтар қолды болды. Соған қарамастан, саябақ сәні бұзылмады.

Саябақ шекарасының солтүстік-батысында ұзын газ құбырлары тартылған. Күніне 34 миллион текше метр табиғи газ өндіріледі.

Ману саябағы толығымен қорғауға алынды деп айту қиын. Ара-тұра ағаш отаушылар келіп, отындарды тонналап тиеп әкетеді. Кен қазушылар мен аңшылар да жиі кеп тұрады. Алайда саябақты бақылаушылардың сөзіне сенсек, Манудың алыста орналасуы оның қауіпсіздігін арттыра түседі. «Коуча кашу» орталығы ғылым бөлімінің басшысы Ран Свайзгуд былай дейді: «Адам өтпес ну орман әлі бәз-баяғы қалпында. Дегенмен алтын өндіру және мұнай тасымалдау ісі тұмса табиғатқа зиянын тигізуде. Бұлай жалғаса берсе, саябақ аумағының тарылуы әбден мүмкін».

Жол салынса, орманға айтарлықтай зиян келуі мүмкін. Мадре-де-Дьос ауданының басшысы Луис Отсука Альто-Мадре-де-Дьос өзенінен бастап Бока Ману қыстағына дейін жол салғызбақшы. Туристер, ағаш отаушылар және кен қазушылар әдетте, бұл жерге моторлы қайықпен жетеді. Қаншама жанармай шығындалады. Ал тас жол салынса, көлікпен-ақ келе берер еді. Дайаманте қалашығының тұрғындары да бұл жобаны құптап отыр. Тіпті оны іске асыру үшін аянбай еңбек етіп жатыр.

Саябақтан шыға салысымен Даймантей қалашығына келдік. Айнала жым-жырт. Қаз-қатар тізілген үйлер ғана мен мұндалайды. Аулаларда жолбарыстар мен тауыс құстар бейнеленген жүн көрпелер жайылып тұр. Тыныштықты тек бір-екі бала және жайылып жүрген тауық пен доңыздардың шуылы бұзды.

Түнгі жортуылға шыққан мына оцелот камераға түсіп қалды. Оцелоттардың салмағы 15 келіге дейін жетеді. Аңшылықты және шаруашылықты кәсіп еткен Элиас Мачипенго Шуверирейни: «Олар көбіне кеміргіштермен, кесірткелермен, жалқаулармен және олардың төлдерімен қоректенеді», – дейді.

Түнгі жортуылға шыққан мына оцелот камераға түсіп қалды. Оцелоттардың салмағы 15 келіге дейін жетеді. Аңшылықты және шаруашылықты кәсіп еткен Элиас Мачипенго Шуверирейни: «Олар көбіне кеміргіштермен, кесірткелермен, жалқаулармен және олардың төлдерімен қоректенеді», – дейді.

Біз дүкен іздеп тауып, сыра іштік. Салқын сусын ішпегенімізге бірнеше апта болыпты. Түс ауа еркек кіндіктілер қыстақтарына қайтып келді. Әрқайсысының қолында мачете. Арқаларынан тер сорғалап тұр. Арасында қыстақ басшысы Эдгар Моралес те бар. Ол маған жер өлшеушілерді күтіп алуға дайындалып жатқандарын айтты. Жол салуға рұқсат алу үшін алдымен осында келіп жерді өлшеулері тиіс.

Моралестің айтуынша, Диамантей тұрғындары бананды көп өсіреді екен. Қайықтарына тиеп, жәрмеңкеге апарып сатады. Алайда бұл жерде олар бананды арзанға өткізеді. Ал Куско қаласына апарса, екі есе пайда көрер еді. «Біздің балаларымыз ағаш материалдарын тасып сатады. Одан тиын-тебен ғана табады. Есесіне, бұл жердің топырағы өте құнарлы. Табиғаты да тамаша. Банан, папайя, ананас және юкка өсіруімізге болады. Енді оларды Куско қаласына апарып сататын боламыз. Көп ұзамай, мұндағы адамдардың бәрінде өз көліктері болады. Бірақ соңғы кездері қатты уайымдап жүрмін. Естуімізше, қара ниетті адамдар осында келіп, жерімізді тартып алмақшы екен. Бірақ мұнда бақандай сегіз жүз адам бар. Өзімізді қорғауға толықтай шамамыз жетеді», – дейді Моралес.

Саябақ Қоршаған орта министрлігінің қарамағында. Директор Джон Флорестің айтуынша, министрліктегілер тас жолдың салынуына қарсы. Жергілікті тұрғындар да наразылық білдірген көрінеді. Джон «Олар біздің жерімізді түгелдей иемденіп алғылары келеді. Жол салуға Диамантей қыстағынан басқа ешбір аудан келісімін берген жоқ», – дейді.

Мауро Метаки миссионерлік мектепте білім алған. Өзі сондай ақкөңіл. Бүгінде ол Тайакоумейдегі мектепте ұстаздық қызметте. Ол да тас жолдың салынуына қарсы. Кейбіреулердің бұл ұсынысты қолдағандары жанына батады. «Аймақ басшысы тұрғындарды алдап жүр. Ал адамдар оның «Бұл жолдың бәрімізге де пайдасы тиеді», – деген сөзіне мәз. Шындығында, ол тек өзінің және ақ нәсілді достарының қамын ойлайды. Тас жол салынса, олар күнде келіп ағаштарымызды, жануарларымызды және алтынымызды тиеп әкететін болады», – деп ашынады.

Бүгін мектеп жасындағы балалар табиғатты тамашалауға шықты. Олар дәстүрлі әдіспен ауланған балық етін жеп отыр. Мачигенкалар барбаско өсімдігінің тамырын быламыққа салып, судың астына жібереді. Балықтарды сеспей қатыратын ротенон деп аталатын улы заттың адамдарға еш зияны жоқ.

Бүгін мектеп жасындағы балалар табиғатты тамашалауға шықты. Олар дәстүрлі әдіспен ауланған балық етін жеп отыр. Мачигенкалар барбаско өсімдігінің тамырын быламыққа салып, судың астына жібереді. Балықтарды сеспей қатыратын ротенон деп аталатын улы заттың адамдарға еш зияны жоқ.

Метаки өзі өсіріп-баптаған банан, пальма, манго ағаштарына және қант құрақтарына қадала қарайды. Ал Метаки Ману саябағы жөнінде: «Бұл жердің табиғаты бүлінбеген. Адамдар да бар. Әсіресе ортаңғы бөлігінде көбірек шоғырланған. Аңға шығамыз, балық аулаймыз. Бірақ бұл – тек отбасымызды асыраудың қамы. Орман байлықтарын ысырап етпейміз. Барынша сақтауға тырысамыз», – дейді.

Дьюк университетінің экологы Джон Тербо арада қанша жыл өтсе де, үмітін үзер емес. Ол күндердің күні Мачигенка тайпасы өз еріктерімен саябақты тастап, басқа жаққа қоныс аударады деп ойлайды. Неге дейсіз бе? Тұмса табиғатты сақтап қалу үшін және өздерінің материалдық жағдайларын түзеу үшін. «Ұлттық саябақтарда адамдардың өмір сүруіне бола ма, жоқ па? Әрине, жоқ. Құрама Штаттардың заңы бойынша, Ұлттық саябақта адамдардың тұруына тыйым салынған. Өз басым бұл заңды құптаймын. Мәселен, Йеллоустон немесе Грейт-Смоки-Маунтинс саябақтарынан фермалар мен қыстақтарды көргіңіз келер ме еді?», – дейді Джон.

Жастар шынымен де біртіндеп қалаларға кетіп жатыр. Сол жақта тұрақтап қалмаса да, екі ортада әрлі-берлі жүреді. Бұл аймақта орта мектептер саусақпен санарлық қана. Йомибато қыстағының іргесін қалаған Самуэль Шумарапаг Мамейрия басқа қалаларға барып келген ер адамдардың бойынан үлкен өзгеріс байқағанын айтады:

– Бұрындары олар күн сайын көздеріне шөп шырынын тамызып, қияқ тамырын жейтін. Ал қаладан келгелі бері күріш пен пиязды көбірек жейтін болды. Аң аулауға да қызыға бермейді. Әйелдер де қалаға барса, өзгеріп кетеді. Мақта иіруге құлықсыз. Кітап оқу мен хат жазуға көп көңіл бөледі. Қара жұмыс істегеннен гөрі білім алуды көбірек ойлайды.

Илейна Чоготаро Ойейойейо (баласын ұстап отырған әйел) – шеткі аймақтан Йомибато қыстағына келіп отырған Мачигенкалардың бірі. Олар мұнда керек жарақ алуға келді. Ал балық аулауға келген – Сильвейро Мамбиро (тұрған), кейін осы жерде үй салып, тұрақтап қалды.

Илейна Чоготаро Ойейойейо (баласын ұстап отырған әйел) – шеткі аймақтан Йомибато қыстағына келіп отырған Мачигенкалардың бірі. Олар мұнда керек жарақ алуға келді. Ал балық аулауға келген – Сильвейро Мамбиро (тұрған), кейін осы жерде үй салып, тұрақтап қалды.

Қалаға кеткендердің кейбірі қайтып оралмайды. Сол жақта қара жұмыс істейді. «Бала-шағаларын тастап, қалаға кетіп жатқан еркектер де бар. Кейбірі, сол жақта жаңа отбасын құрып жатады», – дейді биолог Раб Уильямз. Мачигенка тайпасының мүшелері саябақта сапалы білім беретін мектептер ашылғанын қалайды.

Мачигенка тайпасы үшін саябақтың орны бөлек. Олардың пайымдауынша, адам – табиғаттың ажырамас бөлігі. Ал Тербо мен басқа да Батыс ғалымдары табиғатты адамнан бөлек қарастырады. Олардың пікірінше, тұмса табиғатты сақтаудың жолы – адамдарды барынша аулақ ұстау. Мачигенкалар және басқа да байырғы тұрғындар садақ асынып, күні-түні саябақты да күзетеді. Шеперд саябақ тағдыры жергілікті тұрғындардың қолында деп есептейді. Жастар білім қуып, ересектер жалдамалы жұмыс іздеп қалаға кетсе, бұл жерді басқа тайпалар иемденіп алуы мүмкін.

Мачигенкалар жақындап келе жатқан қауіп-қатерді сезеді. Үйлерінде отырып-ақ бәрін бақылай алады. Бөтен адам көрсе, садақ кезеніп, қуып жібереді. Бразилияны мекендейтін каяпо тайпасы да заңсыз жолмен ағаштарды отауға немесе кен қазуға келген адамдарды тықсыра қуып шығады.

Шепердтің айтуынша, Мачигенка тайпасы суық қаруды пайдаланбайды. Сол себепті мұндағы аңшылық табиғатқа ешқандай зиян тигізбейді. Ол өзінің әріптестерімен бірге жергілікті аңшылардың аң аулау сәтін бейнетаспаға түсірді. Яғни қандай жануарларды атқандарын, қайсысының сытылып кеткенін және оларды іздеп табу үшін аңшылардың қанша уақыт жүргендерін бейнеледі. Нәтижесінде Мачигенкалар негізінен аңның бес түрін аулайтыны анықталды. Олар – коаталар, мамық жүнді маймылдар, ақ сақалды қабандар және құстың екі түрі: үшкір тұмсықты кракс және спикс.

Өзен – азықтың қайнар көзі. Көлікпен қатынауға да ыңғайлы. Сонымен қатар мектепте оқитын балалар күн сайын осында келіп суға шомылады.

Өзен – азықтың қайнар көзі. Көлікпен қатынауға да ыңғайлы. Сонымен қатар мектепте оқитын балалар күн сайын осында келіп суға шомылады.

Ғалымдар алдағы елу жылда Мачигенкалардың саны күрт өскен күннің өзінде орманға айтарлықтай зиян келмейтінін айтады. Әрине, бытыралы мылтық пайдаланбаса. Мачигенкалар саябақты қорғауға қатысты заңдарды мүлтіксіз орындайды. Себебі, олар суық қаруды қолданудың соңы жақсылықпен аяқталмайтынын біледі.

Аң аулауға шыққанымызға бес сағат болды. Серіктерім әлі де ағаш басына мойын созып, маймылдарды іздеп жүр. Тау жотасының бойымен келе жатқанымызда қоймалжың бірдеңені байқап қалдық. Мұндайды бұрын-соңды ешқашан көрмеген екем. Құпияға толы ерекше нәрсе болып көрінді. Дәлірек айтсам, жасыл жапырақ аралас қошқыл түсті, қоймалжың сұйықтық. Бетінде шыбындар құжынайды. Мартин маған оның не екенін түсіндірді. Теңбілшерлер жапырақтарды жеп, қайтадан құсып тастайды екен. «Біз жақсы аңшы болу үшін және қара күштерден тазару үшін арнайы сусын ішеміз. Олар да осылайша жемтігін аулауға дайындалады», – дейді ол. Элиас саусағымен жерді нұсқады. Қарасақ, теңбілшер зәрінің ізі қалыпты. – «Демек, теңбілшер жаңа ғана осында болған».

Бір кезде маймылдардың бақырған дауыстары шықты. Олар жауларынан қашып жүр. Қарсымызда әлгі теңбілшер келе жатыр. Бар дауысымен ақырып қояды. Жақындап қалды. Мен тапжылмай тұрмын. Жүрегім ауызыма тығылып, не істерімді білмедім. Элиас міз бақпайды. Бөрененің үстіне жайғасып, дорбасын ақтарды. Қияқтың бірнеше жапырағын шығарды да, аузына салды. Асықпай шайнап, ағаш арасына кіріп кетті. Маймылмен бірге теңбілшерді де өлтірмекші. Теңбілшерлер Мачигенкалардан тек маймылдарды ғана қызғанбайды. Олар кішкентай балаларға да шабуылдайды. Қалғанымыз біраз күтіп тұрдық. Сосын із бойымен ақырын жүріп отырдық. Кенет жаңбыр төпелеп жауа бастады. Құдды, үстімнен шелектеп су төгіп жатқандай. Жаңбыр тамшылары тиіп, жылт-жылт етіп тұрған жапырақ сыбдыры аяқ дыбысын тұншықтырып жіберді. Жазыққа жүгіріп шығып, ағаштардың астына тұра қалдық. Арада бірнеше минут өтті. Бір кезде Элиас шықты. Жүзі бал-бұл жайнайды. Бірақ қолында ештеңесі жоқ.Үсті-басы малмаңдай.

Элейн Нончопопо Чоготаро Асусо садақ пен жебелерді өз қолымен жасайды. Мачигенка тайпасы қаруды қолдануға қарсы саябақ басшылығының заңын мүлтіксіз орындайды.

Элейн Нончопопо Чоготаро Асусо садақ пен жебелерді өз қолымен жасайды. Мачигенка тайпасы қаруды қолдануға қарсы саябақ басшылығының заңын мүлтіксіз орындайды.

Элиас әйеліне маймыл етін апарып бере алмады. Аңшылықтан құр қол қайтты. Үйге келсек, өрмекші маймыл отқа жылынып отыр екен. Мачигенкалар орман жануарларын қолға үйретіп, үйде асырайды. Аңға шыққанда төлдерін арқалап алған ұрғашы маймылдарды көп кездестіреді. Олар тез жүгіре алмайды. Сол себепті оңай ұсталады. Аңшылар оларды атып, төлдерін үйге алып келеді. Өскен соң қайтадан орманға жібереді. Мына бала маймылдың да үсті-басы малмаңдай су. Бәріміз отты айнала отырып, жылындық.

ГЕКТОР СКЕВИНГТОН-ПОСЛС

ГЕКТОР СКЕВИНГТОН-ПОСЛС

Фотограф Чарли Гамильтон Джеймс іссапармен Ману саябағына барған кезде алған әсерін баяндайды. «Экспозиция» топтамасының басқа да суреттерін және бейне сұхбатты ngm.com/Jun2016 таба аласыз.

       

Пікір жазу