Зерттеушілердің жаңа буынын қарсы алыңыздар!

«National Geographic» қоғамының құрамындағы ғалымдар, табиғат қорғаушылары, журналистер мен жаңа істерге бастамашы болғандар әлемді өзгертетін түрлі жаңалықтар ойлап тапты. Олардың зерттеулерін келер жылға дейін бақылайтын боламыз.

Артур Хуанг қайта өңделген қоқыстан электроникадан бастап құрылыс материалдарына дейін жасап шығарады. Мәселен, пластик бөтелкелерден жасалған оның мына суреттегі өнімдерінің қай-қайсысы да жеңіл, мықты және берік.

Артур Хуанг қайта өңделген қоқыстан электроникадан бастап құрылыс материалдарына дейін жасап шығарады. Мәселен, пластик бөтелкелерден жасалған оның мына суреттегі өнімдерінің қай-қайсысы да жеңіл, мықты және берік.

АРТУР ХУАНГ Сәулетші және инженер

АРТУР ХУАНГ жатса да, тұрса да қоқысты ойлайды. «Оның арманы не?» дейсіз ғой? Өзі айтпақшы, «күл-қоқыстан ұшақ құрастырып, көкке ұшыру!».

Хуангтың мақсаты біртіндеп жүзеге асып келе жатқандай. Оның Тайваньдағы жекеменшік компаниясы кеңсесінің ең жоғарғы қабатынан мына бір ерекше ұшақты көруге болады. Ол «EcoFighter» деп аталады, екі адамдық орындығы бар, қанаты қайта өңделген пластик бөтелкелерден жасалған.

Хуанг 2005 жылы «Miniwiz» атты жеке фирмасын ашты. Бүгінде бұл компания жарамсыз пластиктерді, ескі киімдерді және күріш талшықтарын пайдалы әрі әдемі заттарға айналдырады. Хуангті қуантатыны – «Nike» компаниясымен бірлесіп, қайта өңделген қоқыстан жасалған киім дүкендері желісін ашқаны. Тайбэй қаласынан тоғыз қабатты павильон тұрғызды. Итальяндық жиһаз дизайнерлерімен де етене жұмыс істеді. Атап айтсақ, темекі тұқылдарынан кәдуілгі тақтай жасап шығарды. Ол: «Қоқысты қайта сату – үлкен өнер», – дейді.

Хуангтың жолын қуғандар көп емес. «Біздің ең басты ерекшелігіміз – бәсекелестердің аздығы», – дейді ол. Алайда «Miniwiz» компаниясы жақында жаңа жобаларын жарияламақшы. Осылайша басқа да кәсіпкерлерді ерекше өнімдер ойлап табуға және сатуға ынталандырмақ. «Қоқыстан, тіпті, ұшақ жасауға болады. Неге жиһаз немесе киім өндірмеске?!» – дейді ол.

Зандиве Мвитва дәрі әсерінен ұйықтап қалған арыстан денесін өлшеп жатыр. Ол арыстандарды атуды ермекке айналдырған адамдарға тосқауыл қоймақшы. Биыл бұл іске шыңдап кіріспекші.

Зандиве Мвитва дәрі әсерінен ұйықтап қалған арыстан денесін өлшеп жатыр. Ол арыстандарды атуды ермекке айналдырған адамдарға тосқауыл қоймақшы. Биыл бұл іске шыңдап кіріспекші.

ЗАНДИВЕ МВИТВА

Биолог, жануарларды қорғаушы

Бірде табиғат қорғаушысы Зандиве Мвитва Замбияның шүйгінді алқабын қарауылдауға шыққанда құлағы жырық қаншырды көріп қалды. Қаншыр Зандивені браконьер деп ойлап қалса керек, бірден зыта жөнелді. Зандиве жан-жануарлар десе ішкен асын жерге қояды. Осыдан бес жыл бұрын 28 жастағы биолог бастаған топ бір қаншырды браконьерден аман алып қалған еді. Бұған Замбиядағы жыртқыш аңдарды қорғау туралы бағдарлама да сеп болды. Мвитва мақұлықтың оңалып кетуіне аянбай атсалысты. Кейіннен үш бірдей төлін қалай өсіргенін де бақылап жүрді.

Бүгінде Мвитва арыстан, қабылан, қасқыр және жабайы иттерді қорғаумен айналысады. Бұл – өте қатерлі жұмыс. Бірақ Зандиве үшін басты қауіп – аңдар емес. «Олардан қорғану үшін әр түрлі сақтық шараларын қолдануға болады. Мені бәрінен бұрын алаңдататыны – екі аяқты жыртқыштар», – дейді Зандиве. Замбияның кейбір аудандарында қарулы браконьерлер жабайы жануарлармен бірге қарауылдарды да атып кететін көрінеді.

Васфи Назрин Солтүстік Америкадағы Денали деп аталатын ең биік таудың басында Бангладеш туын ұстап тұр. Ол әр континенттің биік шыңдарына өрмелеп шықты.

Васфи Назрин Солтүстік Америкадағы Денали деп аталатын ең биік таудың басында Бангладеш туын ұстап тұр. Ол әр континенттің биік шыңдарына өрмелеп шықты.

ВАСФИ НАЗРИН

Альпинист, белсенді, оқытушы

2012 жылы Васфи Назрин Эверест шыңын бағындырды. Ол таудың ұшар басына шыға салысымен спутниктік телефонын алып, Бангладештегі анасына қоңырау шалды. Бұл Назриннің өміріндегі ең айтулы сәт еді. Назрин Бангладеште дүниеге келді. Отбасында өзгеше бала боп өсті. Он жеті жасында АҚШ-қа барып, колледжге оқуға түсті. Ай сайын шәкіртақы алып тұрды. Оқуын бітіре салысымен Үндістанға жол тартты. Ол жақта Тибет босқындарымен бірге жұмыс істеді. Тауға өрмелеуге деген қызығушылығы осы жерде оянды. Бангладешке қайтып келгеннен кейін арада екі жыл өткен соң, дәлірек айтсақ, 2011 жылы Назрин жеті континенттің ең биік шыңдарын бағындыратынын жариялады. Ол өз жеңісін Бангладеш республикасы тәуелсіздігінің қырық жылдығына арнағысы келді. Осылайша әйелдер де ерлік жасай алатынын дәлелдеуді көздеді. Назриннің тауға шығуына қарсы сыншылар да болыпты. «Олар әйел адамның биік шыңды бағындырғанын көргілері келмеді», – дейді Назрин.

2015 жылдың қараша айында Назрин Океанияның ең биік нүктесі – Пунчак-Джаяға Бангладеш Республикасының туын тікті. Осылайша жеті континенттің биік шыңдарын бағындырған елуге жуық әйелдің қатарына енді. Алайда Назрин үшін ең маңыздысы бұл емес. Ол «Ösel Bangladesh» деген ұйым ашып, бұрынғы ісіне қайта оралды. Қазір өз еліндегі қыз-келіншектерге қолдау көрсетумен айналысады. Оңтүстік Азия елдеріне сапар шегіп, ашық аспан астында әйел адамдарға дәріс оқыды. Осыған дейін Назринге үш ер адам хабарласып, қыздарын Васфи деп атағандарын хабарлапты. «Мені мақтанып отыр деп ойлап қалмаңыз. Үшеуі де қыздарына үлкен үміт артып отыр. Болашақта мен сияқты толайым жетістіктерге жеткендерін қалайды», – дейді Назрин. — Нина Строчлик


2016 жылдың басқа да маңдайалды зерттеушілері: Аша Де Вос – теңіз биологы және мұхит тіршілігін зерттеуші ғалым; Марина Эллиот – биолог және антрополог; Панут Хадисисвойо – табиғат қорғаушысы; Нафтали Хониг – жабайы жануарларға қатысты қылмыстарды тексеретін маман; Джедила Ислер – бақылаушы астрофизик; Юкинори Кавайе – археолог және мысыртанушы; Дэвид Ланг – композитор және жазушы; Джефри Марлоу –геолог, жазушы және оқытушы; Женевьев фон Петцингер – палеоантрополог; Гао Юфань – табиғат қорғаушысы.

ФОТО: МЭТТ БЕККЕР (СОЛ ЖАҚТАҒЫ); СЕБАСТИАН ГРАУ, ЖЕТІ ШЫҢДЫ БАҒЫНДЫРҒАН БЕНГАЛ ҚЫЗЫ


«National Geographic» қоғамының қаржыландыруымен жүрген басқа да зерттеулер мына мекенжайда: nationalgeographic.com/explorers

    

Пікір жазу