Өз дертін өзі емдеген қоғам

cdjuarez0089A

2010 Оқиға орнында бірін-бірі құшақтаған бойы тіл тартпай кеткен мына ерлі-зайыптыларды қарақшылар атып кеткен. Әйелдің аяғы ауыр болатын. Құрсағындағы сәби ата-анасымен бірге ажал құшты. 2010 жылы қалада күніне кем дегенде он адам опат болатын.

2015 Денис Фуентес және оның жұбайы Улисес Эскобедо Эрос деген нәрестелерімен бірге қала шетіндегі төбеге шығып, суретке түсіп жатыр. Екеуі де есірткі картельдерінің шайқасына куә. Қазір олар осы маңнан өздеріне үй іздеп жүр.

MM8388_150724_44206

АҚШ шекарасына жақын орналасқан Хуарес қаласы – дүниежүзіне ең қауіпті қала ретінде атағы шыққан. Шаһар тұрғындары жылдар бойы үрей мен қатер аясында тіршілік кешті…

 

Жексенбілік Пасха мерекесінде Рамос Гутиеррестің балалары Эль-Чамизал саябағына келіп ойнайды. Дүрбелең жылдары Хуарес тұрғындары үшін осы саябаққа барып, демалудың өзі мұң еді.

Жексенбілік Пасха мерекесінде Рамос Гутиеррестің балалары Эль-Чамизал саябағына келіп ойнайды. Дүрбелең жылдары Хуарес тұрғындары үшін осы саябаққа барып, демалудың өзі мұң еді.

Авторы: Сам Кинёнес

Фото: Доминик Бракко II

Кешқұрым Сан-Антонио ауданындағы балалар ұлардай шулап дөңгелек резеңкелерін сақтайтын қоймаға қарай жүгіреді. Бір кездері кілең кедей-кепшіктер тұрған бұл ауданда қазір бетон үйлер бой көтерген. Көшелері ойқыш-ойқыш. Ағашы сирек. Іргедегі Сьюдад-Хуарес қаласынан шығып жатқан даң-дұң айқай-шуды балалардың құлақ тұндырарлық дауыстары тұншықтырып жібереді. Олар бірбірімен күресіп, түрлі трюктер жасайды.

Қоқыстан алынған темір, кабельден жасалған алаң Инес Монтенегроға тиесілі. Екі жыл бұрын бір ұлы оған көрші балаларға арнап ойын алаңын жасауды ұсынған-ды. Сосын ол осындай ермек ойлап тапты. Мексикада «луча либре» аталатын спорт ұлттық сипатқа ие. Бұл шың күрестің бір түрі. Бетперде киген палуандар бір-бірімен күресіп, алдын ала дайындалған акробатикалық қимыл-қозғалыс жасайды. Монтенегроның ерекше шаршы алаңы аз ғана уақыт ішінде адам көп жиналатын орынға айналды.

Бүгін кешкісін 11-15 жас аралығындағы төрт бала – Омар, Альфонсо, Эрик пен Антонио шаршы алаңда кездеседі. Олар алаңқай шетіндегі резеңке арқанға соғылған сайын серіппе сияқты ортаға қарай атылады. Осында түрлі акробатикалық қимыл-қозғалыстарды жанын сала үйренеді. Мәселен, «жолбарыстың секіруі» және «қайшы» деп аталатын трюктер бар. «Жолбарыстың секіруі» – шеңбердің ішінен аттап өту. «Қайшы» – қарсыластың мойынын аяқпен қапсыра қысып, жерге құлату.

Осыдан алты жыл бұрын Чиуауа штатының ең үлкен қаласы Хуареске барғанда бұндай көріністі елестету мүмкін емес еді. Түнде балалар сыртқа аттап баспайтын. Себебі, есірткі сатушылар Эль-Пасомен шекаралас Хуаресті бақылауда ұстау үшін күні-түні қала көшелерін күзететін. Хуарес арқылы күн сайын АҚШ-қа есірткі жөнелтілетін. Осылайша қалада есірткі бизнесі қарқынды дамыды. Сосын балалардың қауіпсіздігі үшін қоғамдық орындарда ойнауға тыйым салынды. Бастарына темір-дулыға, қорғаныш көзілдірік киген мексикалық жауынгерлердің соғыс көліктерімен келіп, қаладағы зорлық-зомбылықты тоқтатпақ болғандарын өз көзіммен көрдім. Мылтық пен зеңбіректен оқты қарша боратқандарымен қылмыскерлер олардан имене қоймады. Осылайша Хуарес қаласы дүниежүзіне қанға бөккен қала ретінде танылды.

Тұрғындар саны 1,3 миллионды құрайтын шаһар 2008 жылдан бастап 2012 жылға дейін жер шарындағы ең қауіпті өңір ретінде танылды. Әсіресе, 2010 жылы өлім-жітім көп болды. Ажал құшқан адамдардың саны 3700-ден асып жығылды. Қылмыскерлер адамдарды ұрлап әкетіп, ақша талап етті. Мексика бойынша ұрланған көліктердің төрттен бірі осы Хуарес қаласына тиесілі болды. Мыңдаған сауда орындары жабылды. Қалада анархия орнады.

Әсіресе, Сан-Антонио ауданында қылмыс өршіп кетті. Шаршы алаңда жұдырықтасып жүрген балалардың бәрінің дерлік бір туысы қылмыскер қолынан қаза тапқан не абақтыға жабылған. Мәселен, Антонионың екі ағасы қанішерлер қолынан қаза тапты. «Сыртта ойнап жүргенде атыс дауысын естісек, үйге тұра қашатынбыз», – дейді ол.

Кезінде картельдің қарақшылық тобында болған кейбір жастар бүгінде қоғамдық жұмыспен айналысады. Қабырғаларға сурет салып, өзге жастарды татулыққа шақырады.

Кезінде картельдің қарақшылық тобында болған кейбір жастар бүгінде қоғамдық жұмыспен айналысады. Қабырғаларға сурет салып, өзге жастарды татулыққа шақырады.

Кезінде қаңырап бос қалған Хуарес көшелерінде бүгінде адам ығы-жығы. «Сұңқар ацтек» және «түрмеден шыққан қылмыскер» деген лақап атпен танылған палуандардың есімдерін жамылып, бірбірімен күреседі. Шіркеу айналасында киім және попсикл дүкендері ашылған. Мұнда сауда қызу. Ал көше бойында әншілер «Johnny B. Goode» және «Jailhouse Rock» әндерінің испанша нұсқасын орындап халықтың көңілін көтереді. Адамдар осында тоқтап ән тыңдайды, би билейді. Жақында мұнда зорлық-зомбылық құрбаны болған балаларға арналған мұражай ашылды. Екеме директорының айтуынша, қалада жетім қалған балалардың саны 14 000. Кейінгі жылдары көрші аудандарда түрлі спорттық сайыстар өткізілді. Саябақтар қалпына келтірілді. Тіпті, жаңасы да ашылды. Осылайша адамдар біртіндеп қоғамға қайта бейімделіп келеді. «Адамдардың бойындағы қорқыныш сейіле бастады», – дейді Монтенегро.

Монтенегроның және басқа да адамдардың қорқыныштары сейіліп, жаңа өмір бастауларына түрткі болатындай Хуаресте нендей жағдай орын алды? Елдегі ахуал біршама жақсарғанмен әлі де қауіп-қатер бар-тұғын. Десе де, Мексика үкіметіне саяси еркіндік берілді. Хуарес қаласының басшылығы қылмыстық-құқықтық жүйені күшейтіп, жергілікті басқару орындарын жетілдіруге қаржылай көмектесті. Мұндай амалдар жаңа қаһармандардың пайда болуына түрткі болды. Құқық қорғау орындарының қызметкерлері жемқорлыққа жол беріп отырған полицейлерді жазаға тартып, қауіпсіздікті күшейтті. Кәсіпкерлер де ешқайда қашпай осында тұрақтап қалды. Ал үкімет басындағылар бюрократиялық құрылымға қарсы шығып, ауқымды реформалар жүргізді.

1996 ЖЫЛЫ ХУАРЕС ҚАЛАСЫНА АЛҒАШ КЕЛГЕНІМДЕ мұнда жаңадан қалыптасып келе жатқан ғаламдық экономиканың бір көрінісіне куә болдым. Сол сәтті айналмалы дөңгелекке теңер едім. Ранчо қожайындары мен қарапайым шаруалар осында ағылып келіп жатты. Олар Құрама Штаттардың нарығы үшін макиладора деп аталатын бажсыз кәсіпорындарда магнитофон, теледидар және көлік бөлшектерін құрастырды.

Мексиканың кедей аудандарынан жұмыс іздеп шыққан адамдар шекараны басып өтіп, Техас штатының Эль-Пасо қаласына өтпекші болды. Алайда Хуарес экономикасының қарқынды дамуы олардың үйге қайту туралы ойларына түрткі болды. Хуаресте отбасылық кәсіпке көп көңіл бөлінген. Жәрмеңкелер, сұлулық салондары мен жиһаз қаптайтын шеберханалар көптеп ашылды.

1970 жылдары ата-анасымен бірге Хуареске көшіп келген жасөспірім Монтенегро қалада кең етек алған кәсіпкерлікті меңгерді. Кейін кедей-кепшіктер шоғырланған Сан-Антонио ауданынан жер сатып алып, көлік бөлшектерін сататын шағын дүкен ашты. Бүгінде бұл дүкеннің ішінде күресуге арналған шаршы алаң бар. Монтенегро мұндай дүкеннің бірнешеуін ашты. Оларды ұлы басқарды.

Қыстақ тұрғындары өнеркәсіптің негізгі жұмыс күшіне айналды. Бұл жағдай әр отбасына кері әсерін тигізбей қоймады. Мыңдаған балалар көшеде өсті. Жүздеген бұзақы топтар пайда болды. Хуарес картелі негізгі есірткі жолдарын өз бақылауына алды. Осылайша шаһарда жаппай заңсыздық белең алды.

Осыдан жиырма жыл бұрын қылмыскерлер қолынан қаза тапқан алғашқы әйел туралы мақала жазу үшін Хуареске барған едім. Кейіннен мұнда жүздеген қыз-келіншектер қаза тапты. Бүгінде бұл қанды оқиға «Хуарестегі ажал құшқан әйелдер» деген атпен белгілі. Сол бір қасаң жылдары бұл жерге он екі рет жолым түсіпті. Зауытта жұмыс істейтін әйелдердің басым көпшілігі шеттен келгендер болатын. Не отбасылары, не туыстары жоқ. Араша түсер жақындары болмады. Қанішерлер құрбандарының денелерін шөл далаға апарып тастайтын. Күн ыстықтан мәйіт адам танымастай кеуіп қалатын. Осылайша қылмыскерлер іздерін жасырып отырды. Ал өлім-жітім саны күн санап көбейе берді.

АҚШ экономикасы дағдарысқа ұшыраған сәттен бастап, 2008 жылы Хуарес қаласының 90 000 тұрғыны жұмысынан айырылды. Ақша табу үшін жанталаса жұмыс іздеушілер қатары артты. Дәл осы кезде Синалоа картелі жорыққа шыққан болатын. Картель мүшелері Хуарестен жіберілген есірткіні қолды қылмақшы болды. Сөйтіп, екі топ арасында шайқас басталды. Көше кезіп жүрген бұзақыларды өз мақсаттарына пайдаланып, жағдайды ушықтыра түсті. Қала тұрғындары бес жыл бойы зорлық-зомбылықтан көз ашпады.

Адамдар қанішерлер қолынан қаза тапқан үш бірдей бойжеткенді жерлеу рәсіміне келіп, көңіл айтып жатыр. Қылмыс өршіген жылдардың бірінде қару асынған қаскөйлер іздеп жүрген 2010 адамын таба алмай, туған күн кешіне жиналған, 14 жасөспірімнің түбіне жеткен.

Адамдар қанішерлер қолынан қаза тапқан үш бірдей бойжеткенді жерлеу рәсіміне келіп, көңіл айтып жатыр. Қылмыс өршіген жылдардың бірінде қару асынған қаскөйлер іздеп жүрген 2010 адамын таба алмай, туған күн кешіне жиналған, 14 жасөспірімнің түбіне жеткен.

Монтенегро жүзі жылы адам болғанмен, сөзге сараң. Заманның қиындығы оны сақ, қырағы болуға үйреткен. Ол маған: «Сан-Антонио шаршы алаңы» деп аталатын жаттығу залын басқарып жүргенінде қалада болған оқиғаны баяндап берді. Өзі тұратын көшедегі отбасылардан қанша адам жоғалғанын санай бастады. «Бізбен қосқанда бес отбасы осындай жағдайға тап болды», – деді ол.

Қарақшылар оның кенже баласын ұрлап әкетті. Олардың талап еткен ақшасын беру үшін қарыз алуына тура келді. Борышын төлеп бітуге жақын қалған кезде ұлын қайтадан ұрлап әкетті. Монтенегро шамамен 50 000 доллар қарызды төлеу үшін жеті жыл бойы бел жазбай еңбек етті. Бірнеше дүкенін сатып, қайыршылықтың кебін киді. Қатты күйзелістен көзіндегі қан тамырларының бірі жарылып, нашар көретін болды. «Мұндай ауыртпалықты жауыма да тілемеймін», – деп сөзін түйіндеді ол.

ХУАРЕС ҚАЛАСЫНА ҚАЙТА КЕЛГЕНІМДЕ Хесус Амабле атты такси жүргізушісін жалдап, шамамен алты ауданды араладым. Жақын маңдағы аудандарды аралауға мүмкіндік алуымыздың өзі Хуаресте тыныштық орнауының дәлелі еді. Бірақ әлі де дүкендердің көбі қаңырап бос тұр. Қожайындары бас сауғалап қашып кеткен.

Клайдио Саусидо осындағы гүл сататын дүкендердің бірінің қожайыны. Мұнда адам аяғы толастамайды. Қашанда абыр-сабыр. Клайдио кезінде бұл дүкенді жалғыз өзі басқарыпты. Ол уақытта жұбайы басқа жерде жұмыс істеген. Бопсалаушылар талап еткен 100 долларын табу үшін талмай еңбек етті. Хуарестіктер үшін 100 доллар – бір аптаның жалақысы. Ал қарама-қарсы бетте тұратын Альфредо Родригез баскесерлерге мұндай соманы төлей алмағанын айтады. Ақыры, әкесі ашқан сауда орынын жабуына тура келіпті. Бірақ ел іші тынышталған соң жақында дүкенді қайтадан ашыпты. Амабле де бопсалаушыларға апта сайын 20 доллардан төлеп тұрыпты. Такси тұрағында қызмет ететін тоғыз әріптесі де сырт қалмаған. «Он бес жастағы бозбалалар су жаңа көліктерімен келіп, ақшамызды жинап әкететін», – дейді ол.

Қаладағы сот-медициналық сараптама зертханасында Алехандро Карденас мәйітті тексеріп жатыр. Күнге күйіп, кеуіп қалған өлік арнайы химиялық сұйықтықтың көмегімен бұрынғы қалпына келтіріледі. Сонда мәйітті тану жеңілдей түседі.

Қаладағы сот-медициналық сараптама зертханасында Алехандро Карденас мәйітті тексеріп жатыр. Күнге күйіп, кеуіп қалған өлік арнайы химиялық сұйықтықтың көмегімен бұрынғы қалпына келтіріледі. Сонда мәйітті тану жеңілдей түседі.

2010 жылға қарай қала басшылығының санағы бойынша қылмыскерлер 8000-ға жуық кәсіпорынды бопсалаған. 2011 жылы штаттың генерал-прокуроры болып Карлос Салас тағайындалды. Ол Чиуауа штатының полициясына қылмысқа қарсы күрес жүргізетін жасақ құруға бұйрық берді.

Алайда көптеген қылмыстар сол күйі ашылмай қалды. Жасақтың ең алғашқы бақылаушысы болған Сесар Мунос – бәкене бойлы. Өзі сондай кербез. Бүгінде Хуарес қаласындағы полиция бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады. Сесар сол жылдарды былай есіне алады: «Полиция тарапынан ешқандай тексеру жүргізілмеді. Түрлі заңсыздықтарға жол берілді. Қылмыс бола қалса, тәртіп сақшылары біздің кеңсемізге келіп тығылатын».

Кейіннен қатаң іріктеуден өткен, өз ісіне адал полиция қызметкерлері алғашқы екі аптаны Хуарес орталығындағын кәсіпорындардың есіктерін қағумен өткізді. Олар кәсіпкерлерді бопсалаушылар туралы ақпарат беруге шақырды. Мексика аумағында бұрын-соңды мұндай тексеру жүргізілмеген болатын. «Бізбен ешкім сөйлескісі келмеді. Кәсіпкерлердің көбі бізді бопсалаушылар деп ойлады», – дейді бүгінде өзінің жеке жасағын басқарып жүрген Луис Хернандес.

Арада екі апта өткеннен кейін жасақ кеңсесіндегі телефон шырылдады. Наубайшы екен. Қарақшылар одан 5000 доллар талап етіпті. Егер сұрағандарын бермесе, кәсібінің түбіне жететіндерін айтып қорқытыпты. Олардың сөзін жасақ сарбаздары да естіген. Содан тәртіп сақшылары наубайшының ізімен, уәделескен жерге барады. Наубайшы ақшаны беріп жатқан кезде көліктен атып шыққан жасақ қылмыскерлерді құрықтаған. Операция осылайша алғаш рет сәтті аяқталды. Наубайшыны бопсалағандар – үй шаруасындағы әйел, зауыт қызметкері мен көлік бөлшектерін сататын дүкенде істейтін екі жұмысшы болып шықты. Бәрі жауапқа тартылды.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған демалыс жұмысқа деген ықыласты нығайып,ынталандыру мақсатында салынып отыр.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған демалыс жұмысқа деген ықыласты нығайып,ынталандыру мақсатында салынып отыр.

«Арада көп уақыт өтпей шағымданушылар саны арта түсті», – дейді Хернандез.

Бірнеше айдан кейін жасақ сарбаздары мен қарақшылар арасында қарулы қақтығыс болды. Нәтижесінде, үш бірдей қарақшы қолға түсті. Бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған еді. Әдетте, қылмыскерлер оқ атқан кезде Хуарес қаласының тәртіп сақшылары қаша жөнелетін.

2011 жылдың қазан айында үш бірдей полиция қызметкері аудандағы шағын бір дүкенді күзетумен болды. Бірақ қарулы қылмыскерлер оларды байқап қойып, атып кеткен болатын. Сол түні Хуарес ауданының бас прокуроры қаза тапқан полиция қызметкерлерінің үйіне барып жақындарына көңіл айтты. Қайтыс болған офицерлердің бірі небәрі 23 жаста еді. Марқұмның әкесі Мигель Анхель Сауседо прокурордан қылмыскерлермен күресті әрі қарай жалғастыруын өтінді. «Егер бұл істі орта жолдан тоқтатсаңдар, баламның бүкіл еңбегі зая кетеді», – деді ол.

Сауседоның шағын ғана қонақ бөлмесінде отырған едік. «Менің ұлым қоғамда бейбітшілік орнатқысы келді. Олар бұл жасақты құрған кезде қаладағы жағдай қорқынышты болатын. Бірақ балам соған қарамастан жасақ қатарына қосылды», – деді ол.

Бұл жағдай полиция қызметкерлеріне рух берді. Жасақ сарбаздарының қатары артып, қарақшылық топтың басшысы, «Эль Джуниор» деген лақап атпен танылған Хосе Гомез Кастанеданы аңдуға кірісті. Оның қылмыстық тобы адамдарды бопсалап, апта сайын 400 000 долларды қалталарына басып отырған. Он күдікті қолға түсті. Бірақ Эль Джуниордың өзі сытылып кетті. Соған мәз болып Муносқа қоңырау шалып, келемеждеген көрінеді. Ақыры, 2013 жылы жасақ сарбаздары Эль Джуниорды құрықтады. Үйіне тұтқиылдан баса-көктеп кіріп, қолына кісен салды. Зәулім сарайы кірсе шыққысыз. Хауыз, жаттығу залы, кинотеатр, дейсіз бе, бәрі бар. Қысқасы, бұл үйдің қожайыны шалқып өмір сүрген. Сот Эль Джуниорды өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Арада көп өтпей ол өзінің камерасында асылып қалды.

Картельдер мен қарақшылар арасында есірткі үшін шайқас кезінде жұмыссыз адамдар елді бопсалауға көшті. Сөйтіп, Хуарес дүние жүзіндегі ең қауіпті қала болып 2010 танылды. Адамдардың дені үйлерінде жасырынып отыратын.

Картельдер мен қарақшылар арасында есірткі үшін шайқас кезінде жұмыссыз адамдар елді бопсалауға көшті. Сөйтіп, Хуарес дүние жүзіндегі ең қауіпті қала болып 2010 танылды. Адамдардың дені үйлерінде жасырынып отыратын.

2011 жылы штат полициясы жіберген жасақтар қарақшылық топтардың көбін құрықтап, нәтижелі жұмыс атқарды. Көп ұзамай Хуарестегі полиция бөлімі зейнетке шыққан атақты подполковникті жұмысқа шақырды. Ол – кезінде Төменгі Калифорния штатының қорғаныс саласында еңбек еткен, Тихуана қаласындағы полиция бөлімін басқарған. Соның арқасында қалада қылмыс саны біршама азайып, қалада қылмыстық ахуал қалыпқа келе бастады.

2013 жылы Хулиан Лейсаола әскери қызметтен зейнетке шықты. Өзі арықша келген мәдениетті, сыпайы. Қашан көрсең күлімдеп жүреді. Мексика халқы Хулианды жақсы таниды. Оны білмейтін адам кемде-кем. Бәрі мақтан тұтады. Хулианның жұмыс істеу әдісі ерекше. Айта кеткен ләзім, ол ешкімді аяған емес. Қылмыскерлердің тиісті жазасын бермейінше тыным таппайтын. «Қарақшыларды қолға түсіру оңай емес. Олар ұсталған күннің өзінде барынша қарсыласып бағатын. Бірақ біз оларды тырп еткізбейтінбіз. Жақсылап сазайын беруші едік!», – дейді Хулиан сол жылдарды есіне ала отырып.

Хуарес қаласының полиция бөліміне алғаш келгенде Хулиан мұндағы қызметкерлердің өз міндеттеріне атүсті қарайтындарын байқады. Жүздеген тәртіп сақшылары саусақтарының ұшын қимылдатпаса да, ай сайын жалақы алып отыратын. «2500 полиция қызметкерінің 300-і ғана адал жұмыс істейтін еді», – дейді Лейсаола. Сөйтіп, ол міндетіне салғырт қарайтын қызметкерлерді жұмыстан босатып, жанына сенімді қызметкерлерді жинады. Оларға көшелерді қарауылдауға бұйрық берді.

Виктория Акоста – тігінші. Қазір ол үйін тазалап жүр. Сыртта орамалдар жайылып тұр. Сол бір қиын-қыстау жылдары тұрғындар дәулетін көрсетуден қорқатын. Қарақшылардың назарын өздеріне аудармас үшін үй қабырғаларын мұндай ашық түспен боямайтын.

Виктория Акоста – тігінші. Қазір ол үйін тазалап жүр. Сыртта орамалдар жайылып тұр. Сол бір қиын-қыстау жылдары тұрғындар дәулетін көрсетуден қорқатын. Қарақшылардың назарын өздеріне аудармас үшін үй қабырғаларын мұндай ашық түспен боямайтын.

Іске кіріспес бұрын әуелі су жаңа патруль көліктерін сатып алды. Осы көліктермен көшелерді аралап, жол қозғалысын реттеді. Қаладағы жағдайды бақылады. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің формаларын өзгертті. Бұрын бәрі сұр түсті киім киетін. Ал Хулиан келгелі бері көк түсті формаға көшті. Қолдарына «Беретта» және «Глок» тапаншалары берілді. «Бірыңғай көк түсті форма кию арқылы адамдардың отаншылдық сезімін оятқымыз келді», – дейді ол.

Полиция қызметкерлері қаладағы жағдайды реттеуге құлшына кіріскен. Есірткі тасымалдаушылар, қарақшылар мен басқа да қылмыскерлерді біртіндеп қолға түсіре бастады. «Біз оларды біртіндеп қаланың сыртына тықсыра бастадық. Осылайша тығырыққа тіреп, тұтқындауға кірістік», – деп сөзін аяқтады.

ДАВИД АЛЯМИЛЬО – ресторатор және бар қожайыны. Хуарес қаласында шағын дәмханасы бар. 2008 жылы Еуропада тұратын. Бірде менеджерлері оған қоңырау шалып, Хуаресте ұрлық-қарлықтың және өлім-жітімнің көбейгенін, қарақшылардың кәсіпкерлерді бопсалап жүргенін айтты. Сөйтіп, Давидтің туған жеріне қайтып келуіне тура келді. Әйеліне алты айдан кейін оралатынын айтып, Хуареске тартып тұрды.

Алямильо – жауырыны қақпақтай, еңселі және сөзшең жігіт. Қаланың шым-шытырық түнгі тіршілігіне төтеп беруге қажетті қасиеттердің бәрі бойында бар. Еуропадан қайтып келген кезде үйіне қасында қаруларын асынған алты бірдей жандайшабы бар бір адам келіп, одан 35 000 доллар талап еткен екен. Бірақ Алямильо бұл соманы төлемеді. Арада бір апта өткеннен кейін оның жекеменшік клубтарының бірі өртеніп кетті.

Уақыт өткен сайын бопсалаушылар қулықтың небір түрін шығарды. «Олар қоқан-лоқы көрсетуді доғарды. Тілі майда сатушы сияқты жылыжылы сөйлеп, алдап-арбайтын болды. Тіпті, қарапайым адамдардың өздері оларға сене бастады. Тұрғындардың көбі салық төлеген жоқ. Есесіне, бопсаланған соманы өтеді. Осылайша қалада ұйымдасқан қылмыс тамыр жайды. Адамдар, тіпті, судың және жарықтың ақшасын төлемейтін болды. Бүкіл ақшаларын қарақшылардың қалтасына салды», – дейді Давид.

Алямильо да төлеуге мәжбүр болды. Апта сайын 2000 доллар беріп отырды. Бейсбол кепкасын киген ер адам апта сайын дәмханасына келіп, ішімдікпен бірге ақша салынған конвертті алып кететін.

Хуан Мануель Альварадо Гомез iPod музыкасын даңғырлатып қойып, СантаМария ауданында велосипед теуіп жүр. Арнайы тапсырыспен жасатқан көлігі көзге бірден түседі. Бұрын мұндай велосипедпен жүру қауіпті саналатын.

Хуан Мануель Альварадо Гомез iPod музыкасын даңғырлатып қойып, СантаМария ауданында велосипед теуіп жүр. Арнайы тапсырыспен жасатқан көлігі көзге бірден түседі. Бұрын мұндай велосипедпен жүру қауіпті саналатын.

«Тұрғындар сырттан біреу келіп, мәселемізді шешіп береді деп ойлайды. Өздеріне емес, өзгеге сенеді. Бұл дұрыс емес. Қаламыздағы жағдайды өз күшімізбен түзеп, жағдайымызды нығайтуымыз керек».

Мұндай әділетсіздікке ашынған Алямильо 2010 жылы қоғамда беделі бар қауымдастық мүшелерімен бірігіп, «Mesa de Seguridad» атты қауіпсіздік комитетін құрды. Полиция қызметкерлерімен тізе қосып, жұмыс істеді. Бұл өте қатерлі іс еді. Жасырын кездесіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Көбіне Эль-Пасо әуежайында бас қосты.

Ауызы дуалы комитет мүшелері саясаткерлерді де әрекет етуге шақырды. Соның нәтижесінде Чиуауа штатының үкіметі заңға түзету енгізді. Бұрындары жазаны өтеудің ең ұзақ мерзімі елу жыл болатын. Ал жаңа заңға сәйкес, адам ұрлау, бопсалау және полиция қызметкерлері мен тілшілерді өлтіру ісіне қатыстылар өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, үш немесе одан да көп адам өлтірген қылмыскерлер де өмір бойы түрмеде отыратын болды.

Мексика тұрғындары үшін бұндай комитеттің құрылуы үлкен жаңалық еді. Неге десеңіз, халық ондаған жылдар бойы бір жүйемен ғана өмір сүрді. Билік басындағылардың өздері жемқорлыққа жол берді. Ал қарапайым тұрғындардың құқығы шектелді. Мексиканың бай-бағландары полиция қызметкерлерін менсінбейтін. Себебі, тәртіп сақшыларының көбі кедей отбасынан шыққан-ды. «Есірткі сатушылар сол топтан шықты және олар полиция қызметкерлерінің басына түскен жағдайды жақсы түсінді. Бұзақылар оларды кештерге шақырып, қоғам алдындағы мәртебелерін арттыруға тырысты», – дейді Алямильо.

Қауіпсіздік комитеті полиция қызметкерлерінің жалақысын өсіріп, біліктілігін арттырды және жаңа құрал-жабдықтар сатып алды. Полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге тырысты. Мемлекеттік және федералдық қордан қаражат бөлініп, Хуарес қаласында полиция қызметкерлері мен олардың отбасыларына арналған демалыс орыны ашылды. Мұнда хауызға шомылуға және велосипед тебуге болады. Демалатын орындары да жеткілікті. Сондай-ақ бұл жерде ұрыс кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориал тақтасы бар.

Бірде мен қауіпсіздік комитетінің мүшелері бас қосқан кезекті жиынға қатыстым. Полиция қызметкерлері атқарылған жұмыс бойынша есеп берді. Ал кәсіпкерлер қылмыскерлермен қалай күресу керектігін сұрады. Аудитория ішіндегі атмосфера жағымды еді. Кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Хорхе Контрерас мінберге шығып, тәртіп сақшыларын мақтаған кезде бәріміз таңырқасып қалдық. Себебі, бұрындары полиция қызметкерлерінің жұмысына мұндай баға берілген емес. Хорхе жиналғандарға қарап тұрып: «Біз сендерді мақтан тұтамыз. Осы қалыптарыңнан таймаңдар», – деді.

Эмилио Фернандес атты жол полициясы қызметкерінің жанында жұбайы, екі ұлы және қызы бар. Ай сайын комитет басшысы полиция қызметкеріне құрмет-қошемет көрсетеді. Комитет координаторы Алехандра де ла Вега Фернандестен орнынан тұруын өтініп, көліктің жүруіне ыңғайсыз соқпақ жолмен жоғарыға жаяу шығып, жүрегі ауыратын егде жастағы ер адамды төмендегі фельдшерлерге арқалап әкелгені үшін мақтау айтты.

«Бұл шын мәнінде көзсіз ерлік. Сізге және жақындарыңызға шын жүректен алғысымызды білдіреміз», – деді координатор. Бәрі орнынан тұрып шапалақ ұрды. Фернандестің еріні дірілдеп кетті. Ал жұбайы мен қызы көздеріне жас алды.

Ертеңінде Алямильо маған қаланы аралап шығуға ұсыныс білдірді. Бірнеше шақырымды артқа тастап, қала шетіне шықтық. «Макиладора» деп аталатын ақшаңқай өнеркәсіп орындары шоғырланған жерден өттік. Бір байқағаным, қаланың әр бұрышында шағын дүкендер мен жанармай бекеттері орын тепкен. Алямильо көлікті Фрационамиенто Прадерас дель Сол ауданына қарай бұрды. Мұндағы үйлердің бәрі біркелкі. Ешқайсысының шатыры жоқ және бәрі қаңырап бос тұр. Қарулы қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтың жиі орын алуына байланысты мұндағы тұрғындар үдере көшіп кеткен деседі.

Алямильоның айтуынша, бүгінде қаладағы көліктердің бәрінде дерлік нөмір бар. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын жағдай басқаша болатын. «Он көліктің үшеуінің куәлігі болмайтын. Ал ешқандай құжаты жоқ көлік қылмыстың кең етек жаюына жол ашты. Заңның көмегінсіз бұл мәселені реттеу мүмкін емес еді», – дейді ол.

Түске таман қала орталығына қайтып келіп, Алямильоның жаңа кәсіпорнына бас сұқтық. Қызғылт-сары, қызыл, сары және қоңыр түсті үйлердің арасында орын тепкен «Restaurante Viva México» мейрамханасы көше шамдарымен, сүрлеу жолымен, әншілерімен және ортасындағы атпен шауып, лассо трюктерін көрсетуге арналған алаңымен мақтана алады. Бүгінде Алямильо жеті бірдей кәсіптің иесі. 300 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Бәрі алда. Қандай жағдай болмасын, алға қарай ұмтылуымыз керек», – дейді ол.

ХУАРЕСКЕ ЕҢ АЛҒАШ КЕЛГЕНІМДЕ құқық қорғау органдарының өз міндеттеріне атүсті қарайтындарын байқадым. Түрмеде де, сот жүйесінде де ешқандай тәртіп болмады. Қаладағы мәйітхана шағын әрі лас болатын. Ал сот-медициналық сараптама жүргізетін зертхана атымен жоқ еді. Алехандро Карденас бұл зертханаға ең алғаш рет 2002 жылы келді. Ол кезде бұл жергілікті медициналық колледждің жанындағы шағын ғана бөлме болатын. Өлген адамдардың мәйіттері жиі бұзылатын, тоңазытқышқа салынатын. Тоңазытқыш та жиі бұзылатын. Соның кесірінен қолқаны қабатын жағымсыз иіс бүкіл бөлменің ішін алып кетуші еді. Алехандроға терісі сүйегіне жабысып, шөл далада кеуіп қалған мәйіттерді тану міндеті жүктелді. Карденас – толық, етжеңді келген адам. Самайына ақ түсе бастаған. Қияқ мұртты. Өзі көп сөйлемейді. Мамандығы – сот-медициналық тіс дәрігері. Бүгінде ол осындағы заманауи ғимараттардың бірінде қызмет атқарады. Қанды қырғын орын алған жылдары бұл ғимарат екі рет кеңейтілді. Мұнда ДНҚ орталығы және генетикалық зертхана орналасқан. Сот-медициналық антропологтардан құралған топ осында жұмыс істейді.

Сол күні таңертең мәйітханаға келсем Карденастың көмекшілері егде жастағы ер адамның кеуіп қалған мәйітін төртбұрышты ваннаға салып жатыр екен. Карденас ваннаның ішіне химиялық сұйықтық құйды. Үш күннің ішінде мәйіттің мұрыны, ауызы, құлағы және беті айқындала бастады. Ал әуелде ол адам танымас жағдайда болатын.

Карденастың бұл әдісі көптеген қылмыстың бетін ашуға септігін тигізді. Сондай-ақ қала тұрғындарының үрейі сәл де болса сейіле бастады. Кәсіпкерлер мен полиция қызметкерлері бірігіп Хуарестегі бассыздықты тоқтатуға тырысса, Карденас мәйіттерді тануға көмектесті.

Карденас шын мәнінде үлкен жаңалық ашты. Ол бұны іске асырмас бұрын жануарлардың тіндеріне тәжірибе жасап көрді. Кейіннен мәйіттердің саусақтарын әр түрлі химиялық сұйықтық құйылған әйнек құтыларға салды.

Бұл тәжірибе екі жылға созылды. Карденастың әріптестері басында бұған күмәнмен қарады. Тіпті, нәтижесіне сенбеді. Тек бас бармақтың қайта қалпына келгенін көргенде күдік біржола сейілді.

MM8388_150117_1095

Хуарестегі кедей отбасынан шыққан балалардың өмірі туралы білгіңіз келсе ngm.com/Jun2016 сілтемесіне өтіңіз. Қарақшылықпен айналасқан Диего Монтеханоның әңгімесі өте қызық.

    

Пікір жазу