Орғып секір, арқарым!

01

Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген аң-құстар ішінде үстірт арқары да бар. Арқардың бұл түрін жергілікті халық «арқал» (ғылыми тілде «муфлон») немесе «үстірттің жабайы қойы» деп те атайды.

Арқалдың басты ерекшелігі ол шөлейтті және құмдауыт жерлерде ғана таралса, ал басқа арқар тұқымдастары биік тауларда мекендейді. Үстіртте көк шөп аз өсетіндіктен арқалдардың дене тұрқы Тянь Шань тауларында кездесетін арқарларға қарағанда әлдеқайда шағындау келеді.

02

Олардың бойы орта есеппен 120-160 сантиметр аралығында болса, ал салмағы 40-70 келіні құрайды. Денесі жеңіл болғандықтан олар құздар бен жартастарға жылдам түсіп, жылдам шыға алады. Олардың кейбірі 1,5 метр биіктікке, 10 метрге дейінгі аралық қашықтыққа секіре алады.

Бұл жануарды Қазақстанның Маңғыстау облысымен шекараласатын Түркменстан мен Өзбекстан елдері аумағынан да кездестіруге болады.

2007-жылғы деректер бойынша, ел аумағында мекендейтін үстірт арқарының саны бір мыңнан асады.

03

Олар жыл он екі ай бір жерде қоныс аудармастан мекендейтін бірден бір жануар. Тек ауа райы қолайсыз болған жағдайда ғана басқа аймаққа қоныс аударады.

Қазақтар арқардың еркегін – «құлжа» десе, екі жасар төлін – «көкпек», ал жаңа туған төлін – «қозықа» деп атайды.

Фото: Анатолий Устиненко

    

Пікір жазу