«Қамалдар мекені» атанған шатқал

01

Шарын шатқалы – ең ірі экзотикалық орындардың бірі. Шарын ұлттық парк аумағында орналасқан ол шатқал көне заман көріністерін қаз-қалпында сақтап қалғандай әсерде қалдырады. Ғалымдардың айтуынша, шатқал тарихы осыдан 300 млн. жыл бұрын жер бетінде орын алған геологиялық құбылыстардан басталады. Ел ішінде «Қамалдар мекені» аталып кеткен Шарынды АҚШ-тың Колорадо штатындағы «Үлкен шатқалға» да, Невададағы «Гранд шатқалына» да ұқсататындар көп. Алайда біздегі шатқалдың басты ерекшелігі оның ландшафтында болып отыр.

Шарын шатқалындағы ең терең құз 200 метрге дейін жетеді. Шатқалдың жоғары бөлігі шөгінді тау жыныстарынан құралғандықтан ол аймақта сан түрлі табиғи «қамалдар» көптеп кездестіруге болады. Және олардың әрқайсысының өз атауы бар: «Қамалдар аңғары», «Жалмауыз кемпір шатқалы», «Зендан». Шатқалдың ерекшелігі – ол аймақ түрлі түсті бояумен әдейілеп боялып қойылғандай әсер қалдырады.

Шарын шатқалы Алматы қа­ласынан 193 шақырым қашық­тықтағы Алматы облысының Еңбек­шіқазақ, Райымбек және Ұйғыр аудандарының аумағындағы Шарын өзенінің аңғарын бойлай оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 154 шақырымдық алқапқа созылады.

Шарын өзені Теріскей және Күнгей Алатауларынан басталып, Іле өзеніне құяды, оның ұзындығы 427 шақырым.

Фото: Дмитрий Ругис

    

Пікір жазу