Торнадоны тізгіндеу

2013 жылғы Эль-Рено – тарихта тіркелген ең сұрапыл торнадо. Антон Сеймон дауылдың қалай залал келтіретінін анықтау үшін баяулатылған бейнежазба мен картаға түсіру әдістерін қолданбақ.

2013 жылғы Эль-Рено – тарихта тіркелген ең сұрапыл торнадо. Антон Сеймон дауылдың қалай залал келтіретінін анықтау үшін баяулатылған бейнежазба мен картаға түсіру әдістерін қолданбақ.

АҚШ


АНТОН СЕЙМОН Атмосфера ғалымы


2013 жылдың 31 мамырында орталық Оклахоманы бұрын-соңды болмаған сұрапыл торнадо жайпап өтті. Антон Сеймон бұл кезде 22 адамның өмірін жұтқан дауылдан бес шақырымдай жерде еді. Қаза болғандардың біразы – Сеймонның әріптестері-тін. Олардың арасында «National Geographic» зерттеушісі Тим Самарас та бар. Сағатына 280 шақырым жылдамдықпен соққан жел Самарас көлігін шамамен 1,5 шақырым жерге ұшырып жіберді.

Дауыл тоқтағаннан кейін қайғыға батқан Сеймонның санасында жауаптан гөрі сұрақ көп еді. Бұл дауыл қалайша мұншалықты залал келтірді? Дауыл жайпап өткен жолды ол Тим жүк көлігінің көмегімен анықтауға тырысты. Барлық ақпарды жинап, дауылдың егжей-тегжейлі бейнесін берер деген үмітпен сол күні-ақ бейнежазба кескіндерін біріктіре бастады.

Осылайша ол 125 үзінді бейнежазбаны бір ізге келтіріп, дауылды әр бұрыштан көруге мүмкіндік алды. Біз торнадо туралы аз білеміз. Адамзаттың ғылымдағы жетістіктеріне қарамастан, әлі де жұмбақ көп. Мәселен «Адамдар дауыл күші мен бағытын қалай болжай алады?» деген сауалға әлі күнге дейін жауап жоқ.

Сеймонның «Торнадо көрінісі» деген атпен белгілі онлайн ақпарат қоры бар. Ол көтеріп жатқан мәселе «ауа қалай ажалға айналады?» деген сауалға мойын бұрғызады.

Сеймон аталмыш бейнежазбадағы әр түрлі кадрлар инженерлік инновацияларға жаңа серпін береді деп үміттенеді. Бұл, әсіресе, дауылға жақын аймақ құрылыстары үшін өте маңызды. Жүк көлігінің төбесін жұлып әкеткен дауылды баяу бейнежазба арқылы зерттеу құрылысшылардың шатырды берік соғуларына сеп болмақ. Үнемі зардап шегетін ғимараттар жерге жақсырақ бекітілуі мүмкін. «Дамыған мына ғасырда торнадодан ешкім қаза болмауы керек», – дейді ол.


Венесуэла


Бала кезінде ғана сүйкімді


НИКОЛЯ МАТХЕВОН Биолог


Николя Матхевон қолтырауынды не мазалайтынын жақсы біледі. Ол 2007 жылы Гайанада бала қолтырауынның мазасыздана шақырған үнжазбасын қосқанда, өкірген ана қолтырауын ол отырған қайыққа тұра ұмтылған. Матхевон жазбадағы дауысты өшіргенде, шабуыл сап тиылған. Венесуэла мен өзге жерлерде қолтырауынды 10 жыл бойы зерттеген Матхевонның айтуынша, «балаларының берген төтенше белгісіне аналары жылдам жауап береді».

Қолтырауындарды зерттей келе, Францияның Сент-Этьен қаласындағы Лион университетінің жануартану профессоры – Матхевон салқынқанды жаратылыс иелерінің көбіне мейірімді ана болатындарын анықтады. Бала қолтырауындар жұмыртқаны жарып шығуға дайын болғанда бір-біріне «умф, умф, умф» деген белгі беріп анасын шақырады. Осы дыбысты жазып алған Матхевон жазбаны рептилияларға тыңдатқан. Оны ести сала ана қолтырауындар жұмыртқаларын қазып алу үшін ұясына қарай тұра ұмтылған.

Ал ұя жанында ойнаған дыбысты бала қолтырауындар бауырларының белгісі деп қабылдап, жұмыртқа қабығын жарып шыға бастаған. Сондай-ақ Матхевон жаңа туылған қолтырауындар аналарын шақыру үшін, ал анасы кішкентайларды жанына жинау үшін белгілі бір дауыс шығаратынын анықтады. «Олардың әлеуметтік өмірі өте жақсы дамыған, – дейді Матхевон, – олар ана мен бала қарым-қатынасының керемет үлгісі».

Матхевонның айтуынша, есейе келе балалардың акустикалары өзгеріп, аналарымен қатынастары ауырлай түседі. Кезінде тұра жүгіретін ана енді баласының дауысына аса мән бере бермейді екен. «Ана қолтырауын баласының үнінен тіпті аздап шошынуы да мүмкін», – деп топшылайды Матхевон. – Нина Строчлик

Николас Матхевон жас кайман қолтырауынның дауысын жазып алып жатып оны суретке түсірген. Есейіп, өзін-өзі қорғай алатын жағдайға жеткенше бала қолтырауынның дауысы анасын елеңдетіп тұрады.

Николас Матхевон жас кайман қолтырауынның дауысын жазып алып жатып оны суретке түсірген. Есейіп, өзін-өзі қорғай алатын жағдайға жеткенше бала қолтырауынның дауысы анасын елеңдетіп тұрады.


Маврикий


Жағажайдағы «ашық сабақ»


ВАНИНА ХАРЕЛ Young Explorer грант иегері


Харел былай дейді: «Менің бірде оңтүстік Маврикийдегі балықшылар мен мемлекеттік емес ұйымның қызметкерлері арасындағы кездесуді фильмге түсіргенім бар. Бұл әлемнің шалғай жері. Мен осы жерде бой жеткем. Жағажайда бір топ бала ойнап жүрді. Менің құрылғымды көрген олар камера мен микрофонның қалай жұмыс істейтінін көру үшін жаныма келді. Кеш түсе бастаған кезде олар өскенде кім болғылары келетіні жайлы бір-бірінен сұхбат алғансып ойнап жатты.

Бір бала өзінің балықшы болғысы келетінін айтты. Оған басқа бала: «Жоқ, қазір балық мүлдем қалмады, егін алқабында тер төккен дұрысырақ», – деді. Шын мәнінде бұл екі кәсіптен де үміт жоқ еді. Артынан олар мені өз камерамның алдына тұрғызып қойып, кім болғым келетінін сұрады. Мен оларға мұхитты қорғау туралы Vey Nou Lagon атты фильм түсіріп жатқанымды айттым. Оларға кәсіптің түрі балықпен ғана шектеліп қалмайтынын түсіндірдім. Туған жерімнің гүлденгенін қалайтынымды, сондықтан осы фильмді түсіріп жатқанымды айттым. Олар маған таңғала қарап тұрды да бір-біріне құм лақтырысып, жағажайға қарай жүгіріп кетті».

«NG-дің» ғылыми зерттеуді қаржыландыру жолдарын мына сілтеме арқылы біле аласыз: nationalgeographic.com/explorers.

    

Пікір жазу