Төрлет! Ұлыстың Ұлы күні…

01 (2)

Жер жүзінде қанша ұлт пен ұлыс болса, сонша ұлттық, һәм діни мереке бар. Соның бірі – Наурыз мейрамы. Бұл мерекені мұсылман дінін ұстанатын шығыс халқы ораза мен құрбан айт секілді діни мереке деңгейінде атап өтеді. Көктем келген бойда мемлекеттік деңгейде тойланатын бұл мереке парсы, кавказ, Орталық Азия елдері мен түркі халықтарына ортақ.

Оның ішінде қазақ халқы Наурызға ерекше мән берген. Себебі, «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!» деген баталы сөзден басталатын мейрамның игілі мен берекесі көгілдір көктеммен қатар келеді деп ұққан.

Наурыз – ықылым заманнан бері тойланып келе жатқан жыл бастауы мейрамы. Шығыс күнтізбесі бойынша 22 наурыз күн мен түннің теңелетін уақытына сәйкес келеді.

Парсы тілінде «жаңа күн» деген мағына беретін бұл мерекені 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы арнайы қарар қабылдап, 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп бекітті.

Шығыстың ойшыл-ғалымы Әбу Райхан Бируни өзінің бір еңбегінде шығыс халықтарының Наурыз мейрамын қалай қарсы алып, қалай тойлайтыны жөнінде мынадай мәлімет келтірген: «кейбір ауыл тұрғындары жерге от жағып, отқа май құяды, жеті дәнге қарап болашақты болжап, көже пісірсе, басқа аймақ халқы айнала қоршаған ортаны тазалап, гүл егіп, ұлттық ойындар ойнайды».

Ал дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні даланы Қыдыр ата аралайды деп ұққандықтан адамдар ескі киімдерін тастап, таза киімдерін киген, бір біріне ерекше ықылас танытып, төс қағыстырады, игі тілектерін жеткізеді. Бір бірін наурыз көжеден ауыз тиюге шақырысады. Мерекелік жеті түрлі тағамнан әзірленетін көжені пісірудегі мақсат – қыстан қалған тағаммен (сүр ет) қоштасуды, ал оның құрамына ағарғанның қосылуы – жаздың тағамымен (сүт, айран, қатық) қауышқандықты білдірсе керек.

Наурыз мерекесі кезінде ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлар мен руластар  арасындағы жан-жалды ұмыттырып, дастархан басында табыстырып отырған.

Одан кейін алтыбақан басында той-думан ұйымдастырылып, ұлттық ойындардан сайыс өткізіледі. Ал таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алатын болған.

Фото: Сәрсенбек Қызайбекұлы

    

Пікір жазу