Сәні мен салтанаты жарасқан – Әзірет Сұлтан

01

Соңғы 20 жылда Астана қаласында жүздеген ғимараттар пайдалануға беріліп, Шығыс пен Батыстың мәдениеті ұштасқан алуан түрлі нысандар бой көтерсе, Есілдің қос жағалауында бүтін бір қала салынды. Солардың бірі – Әзірет Сұлтан мешіті. Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болып есептеледі. Сәні мен сәулеті келіскен ғибадатхана Тәуелсіздік даңғылы бойындағы Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайы, ҚР Ұлттық музей, «Қазақ елі» монументіне іргелес орналасқан.

02

Мешіт жобасы қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері, ұлттық нақыштағы сәндік элементтер мен классикалық ислам үлгісінде орындалса, ал оны салумен айналысатын мамандар өз елімізбен қатар, Түркия және Италия елінен шақыртылған.

Үш қабаттан тұратын мешітте дәрісхана, құран оқитын орындар, неке қиятын алаңқайлар, ерлерге арналған 4 мың және әйелдерге арналған 1 мың орындық намаз оқитын зал, имам мен азаншылар отыратын бөлмелер де бар. Сондай-ақ, онда кітапхана, сауда орындары мен асхана да жұмыс істейді.

03

Жалпы бұл мешіттегі 4 мұнараның ең биік нүктесі 77 метрден асса, үлкен күмбезінің биіктігі – 51 метрден жоғары. Құрылысқа қажетті материалдар 11 елден жеткізіліп, технологиялық жабдықтары Франция мен Жапониядан алдырылған.

04

Құрылысы 2009 жылы басталған бұл мешіт пайдалануға 2012 жылы 6 шілде де, қала күні берілді. Мешіттің іргетасынан, күмбезіне дейін тұрғындардың жеке қаржысына тұрғызылғанын айта кеткен жөн.

Фото: Ерболат Шадрахов

    

Пікір жазу