Ата жұртқа оралған ана

Kuanyshbek_photo-22

1992 жылы Фазила Жаналтай Қазақстанға оралды. Бүгінде ол немересімен бірге Астанада тұрады. Шөберелері – қасында. Бәрі қазақша сөйлейді. Фазила ана шын бақытын енді ғана тапқандай.

Қазақтардың бостандық жолындағы күресінде тірі қалған аздың бірі, «National Geographic» журналының 1954 жылғы нөміріне жарияланған мақаланың кейіпкері.

Авторы: Райан Белл Фото: Қуанышбек Дүйсенбеков

Фазила Жаналтай 1935 жылы Алтай тауларының шығыс баурайында дүниеге келген. Бұл аймақ бір кездері Қа­зақстанмен тығыз байланыста болды. Жергілікті халық осы таулар арқылы көшіп-қонып, қыста қыстауға, жазда жай­лауға қоныс аударған. Олардың арасында Фазила апаның ата-бабалары да болды. 1930 жылдары Қытай аумағы батысқа қарай кеңейіп, таулардың ортасында жабық шека­ра белгіленді. Мыңдаған этникалық қазақтар қуғын-сүргінге ұшырап, Кеңес Одағының қа­рамағында болған қазақ елі – ата жұртынан қол үзіп қалды.

Қытай үкіметі қазақтардың құқын шек­тейтін қаталырақ ассимиляциялық заңдар қабылдады. Қару-жарақтары кәмпеске­леніп, балалары қытай мектептеріне жі­берілді. Кейінірек олардың ислам дінін ұстануына тыйым салынды. Кей қазақтар бұған қарсылық танытты. Солардың ішінде Фазиланың арғы атасы Зұқа батыр да бар еді. Ол қарулы көтерілісті басқарды. Бірақ ақыр соңында тұтқындалып, қытайлар та­рапынан жазаға тартылды. Олар өзге кө­терілісшілерге ескерту ретінде батырдың басын кесіп алып, биік жерге іліп қойыпты.

1949 жылы халық-азаттық армиясы (ХАА) Қытайдың батысында коммунистік төңкеріс жасаған сәттен бастап жағдай ушыға түсті. Босқындар дүниежүзіндегі ең биік және қауіпті Гималай тауларын кесіп өтіп, 5000 шақырым жолды артқа тастауы тиіс еді. Сапар кезінде 15 мың адамның бірталайы ажал құ­шатынын білген имам жолға шығардан бұрын мұсылмандардың дәстүрлі өлім жоралғысын жасап, жаназасын шығарып қойды. Екі жыл өткенде Кәшмірге бар-жоғы 350 қазақ жетіпті. Қалғаны суықтан, аштықтан көз жұмды не­месе соңына түскен жендеттермен болған шайқастарда мерт болды. Ал Фазила апайдың әулетінен ұзақ сапарға шыққан 63 адамның отызына ғана Кәшмірдің көк орай алқаптарын көру бақыты бұйырды.

«Гималай тауларында көз жұмған адамдар­ды жол жиегіне тастап кете бердік, – дейді Фазила апай. – Себебі, жер тым қатты, әрі тау­лы-тасты болғандықтан қабір қаза алмадық».

Ол өзі секілді қазақ босқынына тұрмысқа шығып, дүниеге төрт бала әкелді. Бірақ қуанышыкөпке созылмады. Фазиланың жұбайы жүрек талмасынан көз жұмып, бар жауапкершілік өз мойнына жүктелді. 1969 жылы Кәшмірде ұрпақтарының ұлттық бол­мысын сақтап қалуының екіталай екенін біліп, ол балаларын алып, түбі бір түрік елі­не – Ыстамбұлға көшті. Ол кезде түрік үкіметі өздеріне көшіп келу жайында өтініш білдірген қазақтарды жылы қабылдап, оларды бауыры­на басты. Фазила апай былғары қолғап және бас киім тігіп, нәпақасын тапты. Балалары Түркияда жақсы білім алып шықты. Тұңғыш ұлы тіпті Тайвань елінде білім алуға грант ұтып алыпты. Оқуын бітірген соң радиожур­налистика саласы бойынша Лондондағы BBC арнасына қызметке орналасты.

Қазақстан Кеңес Одағынан бөлініп, тәуел­сіздігін жариялағаннан кейін ұзақ жылдар бойы жабық болған шекара жан-жақта шашы­рап жүрген қазақтарға айқара ашылды.

    

Пікір жазу