Өзгеріске түскен су

10-11

Даниель Стоун


Жоғарыдағы карта мұхиттың нағыз рентгендік түсірілімі десе болады, ал ондағы түстер адам әрекеті әсерінен ең көп ықпалға ұшыраған тұстарын көрсетеді. Түстің неғұрлым қоюлығы сол аймақта балық аулау, кеме жүзу, климат өзгерісінің тұрақтылықты бұзу әсері немесе бірден үшеуінің ықпалы соғұрлым жоғары екенін көрсетеді.

Мұндай карта көп қолға түсе бермейді. Мұхиттың алыптығы мен тереңдігі оны зерттеу­ді айтарлықтай қиындатады. Алайда 2008 жылы зерттеушілер тобы мұхитқа адам ықпалының толықтай көрінісін айқындау үшін жерсерік түсірілімдері мен модельдеу­ші бағдарламаны пайдаланды. Бес жылдан соң мұхиттың ауыспалы көрінісін толық қамти отырып, олар мұны қайта қайталады. Белгілі болғанындай, мұхиттың үштен екісінде балық аулау және климаттық өзгеріс тәріздес адами факторлардан туындайтын ықпал артқан. Жағалаулардың төрттен үш бөлігінен астамы климат өзгерісінен және құрлықтағы зиянды әрекеттердің, соның ішінде халық санының артуынан зардап шегуде. Жалпы, зерттеушілер мұхиттың 40%-дан астамы адам әрекетінің ауыр ықпалына ұшырап отыр деп қорытындылаған.

«Негізгі кінә – халық санының артуы», – дейді дерек жинаған топ басшысы, биолог Бен Хальперн. Қою аймақтардың көбі – солтүстік жартышарда, мұнда адамзаттың 90%-ға жуығы өмір сүреді.

Одан бөлек: «Мұхиттың көп бөлігінің күйі нашарлауда, әсіресе, климат өзгерісі бұған көп әсер етіп отыр», – дейді ол.

Алайда барлығы соншалық мүшкіл дей алмаймыз. Кей теңіздерде, мәселен, Атлант мұхитының сапалы жанармаймен жүретін кемелері көбірек және жаңа заңдарға бағынатын кей бөліктерінде адам әсері азайған. 2016 жылы бірқатар мемлекет жалпы аумағы 3,6 млн. м² астам қорғалатын қосымша теңіз аймағын қалыптастыру үшін жаңа 40 территорияны белгіледі. Олардың көбінде коммерциялық балық аулау, энергетикалық шикізат өндіру үшін бұрғылау және басқа да зиянды жұмыстарға тыйым салынған.

    

Пікір жазу