.

Қаралар да – адам

АРТЕФАКТАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ СМИТСОННЫҢ АФРОАМЕРИКАЛЫҚТАРДЫҢ ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ТОПТАМАСЫНАН АЛЫНДЫ

АРТЕФАКТАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ СМИТСОННЫҢ АФРОАМЕРИКАЛЫҚТАРДЫҢ ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ТОПТАМАСЫНАН АЛЫНДЫ

Ел астанасында таңғажайып музей афроамерикалықтардың азап пен итжандылыққа, һәм жеңіске толы өмірінен сыр шертеді. 

MM8447_160624_0293

ФРЕДЕРИК ДУГЛАСТЫҢ АМБРОТИПИЯСЫ. ХІХ ғасырдағы ең әйгілі аболиционшы, шешен әрі жазушының бұл портреті музейдің көрме залына қойылады (жоғарыда). Кезінде құлдықта болған ол өз заманында ең көп суретке түскен адам еді. Кескіннің құдіретін түсінген афроамерикалықтардың мәртебесін көрсету үшін суретке жиі түсіп отырған.

РОЗА ПАРКС ТІККЕН КӨЙЛЕК  Азаматтық құқық белсендісі және тігінші автобуста ақ нәсілді адамға орын беруден бас тартқан. 1955 жылы Монтгомери қаласында болған бұл оқиға автобус бойкотына ұласты. Оны тұтқындаған кезде ол мына көйлекті тігіп отырған.

РОЗА ПАРКС ТІККЕН КӨЙЛЕК. Азаматтық құқық белсендісі және тігінші автобуста ақ нәсілді адамға орын беруден бас тартқан. 1955 жылы Монтгомери қаласында болған бұл оқиға автобус бойкотына ұласты. Оны тұтқындаған кезде ол мына көйлекті тігіп отырған.

ҚАРА МОДА МУЗЕЙІНІҢ ТАРТУЫ

ПУЛМАН ЖҮКШІЛЕРІНІҢ БАСКИІМІ 1920 жылдары қара нәсілділерді жұмыспен қамтыған ең ірі кәсіпорын Пулман компаниясы еді. Салыстырмалы түрде жақсы табыс табатын бекеттегі жүк көтерушілер қара нәсілді қауымның арасында мәртебелі саналатын.

ПУЛМАН ЖҮКШІЛЕРІНІҢ БАСКИІМІ. 1920 жылдары қара нәсілділерді жұмыспен қамтыған ең ірі кәсіпорын Пулман компаниясы еді. Салыстырмалы түрде жақсы табыс табатын бекеттегі жүк көтерушілер қара нәсілді қауымның арасында мәртебелі саналатын.

ГАРФИЛД ЛОГАН ҰРПАҚТАРЫНЫҢ ТАРТУЫ

PUBLIC ENEMY ТОБЫНЫҢ МАГНИТОФОНЫ  Чак Ди бұл магнитофонды топтың әйгілі «It Takes a Nation of Millions to Hold Us Back» альбомы жарық көрердің алдында, 1987 жылы Нью Йорк қаласында сатып алған. Ол оны 1990 жылдардың ортасына дейін гастрольдік сапарда тасып жүрді.

PUBLIC ENEMY ТОБЫНЫҢ МАГНИТОФОНЫ  Чак Ди бұл магнитофонды топтың әйгілі «It Takes a Nation of Millions to Hold Us Back» альбомы жарық көрердің алдында, 1987 жылы Нью Йорк қаласында сатып алған. Ол оны 1990 жылдардың ортасына дейін гастрольдік сапарда тасып жүрді.

PUBLIC ENEMY ТОБЫНЫҢ ТАРТУЫ

Авторы: Мишель Норрис, фото: Рэдклифф Рой, артефакт суреттер: Грант Корнетт

Калифорнияның Сакраменто қаласының маңында орналасқан Мерседес-Бенц автосалонында әскери киімді сарбазбен кездесіп қалмағанда, Джина МакВей атасының Америка тарихында лайықты орны бар екенін білер ме еді, білмес пе еді?!

Күту залында сарбазбен аз-кем тілдесіп қалған МакВей сөз арасында атасының бірінші дүние­жүзілік соғысқа қатысқанын айта қалғаны сол-ақ екен, сұрақтың астында қалды: «Ол немен айналысты? Әскери борышын қай жерде өтеді?». Ал ол кезде МакВейдің тұшымды жауабы жоқ еді.

Себебі Джина да үлкен Лоуренс Лесли МакВей жайлы мәліметтерден бейхабар еді. Ол елдің екінші бір шетіндегі Нью Йорк қаласында өмір сүрді. Үлкен МакВей дүние салғанда Джина бар болғаны он жаста болатын. Джина атасын бар-жоғы екі рет қана көрген. Уеллз Фарго банкінде тәуекел операциялар бойынша кеңесші болып жұмыс істейтін МакВей өз әулетінде бір құпияның бар екенін білетін, ол атасының Француз үкіметі атынан алған әшекейлі медалы еді. Ол бірақ оның атын есіне түсіре алмады.

«Мен медаль туралы айтқанымда оның түрі өзгеріп кетті. Ол сосын атаң қара нәсілді ме деп сұрады», – дейді МакВей. Түр-түсі қараторы, көзі қара афроамерикалық болғандықтан да, сарбаздың олай деп сұрайтындай жөні бар еді.

МакВей оның не айтқанын қайыра еске алды: «Сен өзіңнің кім екеніңді білесің бе? Сен аңыз адамның ұрпағысың!».

Әскери киімдегі адамның бұл айтқаны бұйрық сияқты естілді. Арада бір сағат өтер-өтпестен МакВей компьютерден бірінші дүниежүзілік соғыс­тағы қара нәсілді сарбаздар жайлы мәлімет іздеуге кірісті. Төрт аптадан кейін, ол Лос-Анжелес­тегі шешесінің үйінде атасының жатын бөлмесіндегі сандықтағы темір қорапты ақтарып жатты. Төрт ай өткенде Джина МакВей Уашингтонда орналасқан «Афроамерикалықтар тарихы мен мәдениеті» ұлттық музейінің қызметкерлеріне өзі тапқан заттарды табыстап тұрды.

«Тапқан заттарымды апарғанымда әбден естері шықты», – дейді МакВей. Музей қызметкерлерінің қолына түскен заттардың ішінде әскери медальдар, алғысхаттар, суреттер мен атасының қара нәсілділерден құралған 369 жаяу әскер полкындағы қызметі жазылған газет қиындылары бар болатын. Ол сарбаздар арасында «Гарлем жындылары» деп аталып кеткен қатыгез полк еді. Әуелде майданға ақ нәсілділер ғана жіберіліп, афроамерикалықтарға тек аспаздың немесе жүк түсірушінің жұмысы ғана тиетін. Кейіннен француз әскерінің қатары селдіреп кеткесін, қара нәсілді жауынгерлер де шайқастарға араласа бастады. Бір өкініштісі, кезінде әлем жұртшылығы куә болған олардың ерлігін қазір көпшілік біле бермейді.

«Мен бұл жайында мектепте ештеңе естіген емеспін. Мұны біреу айтпаса, жабулы қазан жабулы қалатын еді ғой. Бұл – көпшілік білуі тиіс маңызды мәселе», – дейді МакВей.

ТЕМІР КІСЕН. Балаларға арналған кісеннің бұл түрі, негізінен, Африкада жасалып, Америкаға барар жолда қолданылатын. Бұл кісен екі кішкентай құлдың жүрісін қиындату үшін екеуіне бірге тағылған.

ТЕМІР КІСЕН. Балаларға арналған кісеннің бұл түрі, негізінен, Африкада жасалып, Америкаға барар жолда қолданылатын. Бұл кісен екі кішкентай құлдың жүрісін қиындату үшін екеуіне бірге тағылған.

АМЕРИКАЛЫҚТЫҢ бет-бейнесін білгісі келетін көрермен ең бірінші СМИТСОН институтының музейлеріне соғады. Жаңа музейдің қызметі Америка тарихын афроамерикалықтардың көзімен қайта қарауды көздейді. Музейдің директоры әрі құрылтайшысы Лонни Банчтың айтуынша, бұл – афроамерикалықтардың тарихын жаңғыртуға жасалған үлкен қадам.

Музейде аболиционшы Гарриет Табмен ұстаған шіркеу әндерінің жинағы, рок-н-ролл аңызы Чак Берридің «Кадиллак» автокөлігі, жазушы Джеймс Болдуиннің сиясауыты, адам құқын қорғаушы Роза Паркс тіккен көйлек пен қара нәсілділерге арналған вагон, Луизианадағы «Ангола» аталып кеткен түрменің күзет мұнарасы болсын – барлығы құлдық пен қанаушылыққа, еркіндік пен табандылыққа толы тарих беттерінен терең сыр шертеді.

Жылына бес миллионнан астам адам келеді деп күтілген музейде көрермен Лоуренс Лесли МакВейдің «Әскери айқыш» медалін көріп, 369 полктің ерлігі һәм АҚШ әскерінің қысым көрсету әрекеттерімен таныса алады. Сұмдығы сол, 1918 жылғы құпия әскери жадынамада «қара нәсілділер Құрама Штаттардың азаматы болса да, ақ америкалықтардың алдында төмен дәрежелі тіршілік иесі саналады» деп жазылған. Аталмыш жадынамада француз офицерлерінің қара нәсілді сарбаздармен бірге тамақ ішіп, я қол алысудан бойын аулақ ұстауына кеңес беріліп, мақтап-марапаттау «олардың табиғатын бұзатындығы» ескертілген.

Жаңа музей мәдени тепе-теңдіктің бір көрінісі іспетті. Бір кезде афроамерикалықтарға қарапайым адами қарым-қатынас жасап, сыйлаудан бас тартқан ел енді қара нәсілділер тарихын тың жолмен әспеттемек. Қызметі , жәдігерлері, тіпті 540 миллион долларға тұрғызылған ғимараты болсын – жаңа музей, қай жағынан алсаңыз да, айырықша. Оның жобасын ежелгі Африка өнерін басшылыққа ала отырып, Танзанияда туған, ганалық дипломаттың баласы – британдық сәулетші Дэвид Аджайе жасаған.

Афроамерикалықтарға құрмет көрсетуге қарсылық білдірген ел қаралардың тарихын айырықша жолмен әспеттеуде.

2011_28_300b

MM8447_20160517_067

НЕТ ТЕРНЕРДІҢ ІНЖІЛІ  Жантүршігерлік құлдар көтерілісінің жетекшісіне тиесілі бұл қасиетті кітап 1831 жылы Тернер қолға түскенде тәркіленген. Қолынан Інжіл түспеген уағызшы Тернер мен оның құл сыбайластары оңтүстік Вирджинияда шамамен 55 ақ нәсілді адамды өлтірген. Ата-әжесінің суретін ұстап тұрған Морис Персонға Інжілді әкесі табыс еткен. Ол көтеріліс кезінде құлдар жасырып қалған Лавиния Фрэнсис­тен тарайды. Немересі Брюс көтеріліс жайлы айтып беруге қашанда әзір.

Жүз жылдық жалғыздық

Әйгілі афроамерикалықтар жеткен жетістікті ұлықтау мақсатында тарихи ескерткіш орнату мәселесі жиі көтерілді. Оған шығарылатын шығын мен оны қайда орнату керектігі жайлы дау-дамай ұзақ жылға созылды.

1863 жылы 55-ші Массачусетс жаяу әскер полкін құраған қара маржандар.

1863 жылы 55-ші Массачусетс жаяу әскер полкін құраған қара маржандар.

Музей жасыл желекке оранған Уашингтон ескерткіші тұрған көшенің бойында, Ақ үйден қарға адым жерде орналасқан, сәні мен салтанаты келіскен. Оның сырты Нью-Орлеандағы афроамерикалық ұсталар соққан сәнді қақпалар мен балкондарға ұқсас ерекше мәнердегі қарақоңыр металл кереге көзден тұрады. Банч мұны: «Маған төзімділікті, сілкіністі, рухты паш ететін, сонымен қатар, ішінде қаралардың тағдыры бар ғимарат керек болды», – деп түсіндірді.

Сүйір бұрыштары менмұндалап тұрған ол өзара сенім мен мәдени құндылықтарын паш етуден жалықпайтын афроамерикалықтардың жарқын бейнесіне көрсетілген құрмет іспетті. Әйелдердің биік қалпақтары, қызыл-жасылды кең пішілген киімдер, африкалық шаш қою үлгілері, түрлі сылдырмақтар – жанарыңды баурап алатын суреттер. Ұлттық гүлзардың қос бүйіріне орналасқан алып Смитсон ғимараттарының қарсы бетіндегі музей түрлі жақұт тастармен көмкерілген көйлегімен Уолл Стритте алшаң басқан Бейонс іспетті.

Мұнда келген сайын тұла бойымды бір сезім баурап алады. Алғаш ішін аралап шыққанымда ішкі тебіренісімді жеткізер сөз ойыма оралғандай болды. Маған ғимараттың ішіндегі әр зат «мен де америкалықпын» деп айғай салғандай.

Музейдің көрме залындағы қабырғаға үлкен қола түсті әріптермен жазылған сөз Ленгстон Хьюздің «Мен де» деп аталатын өлеңінің соңғы жолынан алынған. Хьюз бұл өлеңді Еуропада, АҚШ-қа қайтар кезде нәсіліне байланысты кемеге отыра алмағанда жазған. Өлеңде тамақты көпшіліктен бөлек, асүйде ішуге мәжбүр болған «қара жігіттің» түптің-түбінде әділеттік салтанат құратынына сенетіндігі жазылған. «Және олар менің қаншалықты сымбатты екенімді көріп ұялатын болады», – дейді Хьюз.

Өткен өмірдің көлеңкелі тұстарын қайта қарау – күрделі. Геноцид, аштық, қуғын, құлдық немесе соғыс өрті шарпыған кез келген қоғам нені және қалай есте сақтау керек деген мәселені міндетті түрде шешуге тиіс. Жеке адамның жады өз алдына, ал көптің жады ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ертеңгі күні ұлттың болмысын айқындамақ.

Көптің жадын қалыптастыруда музейлердің атқаратын рөлі зор. Ол мұны елдің назарын ұмытуға бейіл тарихи жайттарға қайта аудару арқылы жүзеге асырады. Америкада екі ғасырдан астам уақыт бойы заң жүзінде жұмыс істеген құлдықтың америкалықтардың өмірінде із қалдырмаған жері жоқ десек те, елдің тарихында әлі күнге дейін соншалықты мән берілген емес. Аталмыш музей құлдықтан бөлектеуге, бірте-бірте күш алған жеңістерге дейінгі афроамерикалықтар бастан өткерген азап пен даңқ шежіресін шегіне жеткізіп тұрып айтпақ.

Джина МакВей сынды жандардың ашқан жаңалықтары музей кураторларын ерекше тебірентеді. Он жыл бедерінде осы жұмыспен айналысып келе жатқан олар афроамерикалықтар турасында қандай да бір мағлұмат беретін артефактар, құжаттар мен бағалы заттардың әлі де болса жертөлелер мен шатырларда, қоймалар мен сандықтарда шаң басып жатқанына күмән келтірмейді. Аса құнды заттардың коллекционерлердің қолында болуы да кәдік. Олай болатыны, музейлердің дені қаралардың тарихына әлі де болса аса мән беріп отырған жоқ.

Қаралар тарихының ашылмай жатуының тағы бір себебі – қара нәсілді отбасыларының жан жарасын тырнайтын өткен тарихты қайта қазбалауға аса ниетті еместігі. Әлі күнге дейін афроамерикалықтар үстел басында кімнің қайда отырып, қайда жұмыс істейтінін, балаларын қайда оқытатынын үйреткен заманды көрген жандарды жиі кездестіреді. Әлбетте, олардың арасында сол бір айуандық пен кемсітушілік жүйесінен аман қалып, алға жылжу үшін өткен шаққа байланып қалмау керек дейтіндер де жетерлік. Олар неғұрлым алысқа һәм биікке, алға ұмтылуды көздейді.

Бала күнімде әкем мен оның бес бауыры сөз арасында үнемі «жүксіз жүру» (traveling light) керектігі жайында айтып отыратын. Тіпті біреу қалын сұраса да, «ойдағыдай» (traveling light) деп жауап беретін. Мен бұл сөздің жүкке еш қатысы жоқ екендігін есейіп, ес тоқтатқанша білген жоқпын. Олар Алабама штатындағы Бирмингемде тұратын, кейін өздері мен балаларына жайлы өмір іздеп солтүстікке көшіп кетті.

МакВей ақтарған темір қораптың ішінде «Әскери айқыш» медалінен басқа, атасына тие­сілі «Қызылкүрең жүрек» медалі, мергендерге берілетін медаль, Француз Үкіметінің алғысхаты мен атасының АҚШ Әскерінің киімін киіп түскен суреттері бар-тын. «Бір суреттің жоғарғы жағына менің апам «батыр» деп жазып қойыпты. Сол сөз қатты әсер етті. Мен оның медаль алғанын сонда ғана біліп, отыра қалып жыладым», – дейді ол.

Сонда мұның бәрі қалайша ұмыт болған?

«Гарлем жындыларын» Нью Йоркте қаһарман ретінде күтіп алған қала жұртшылығы оларды темекі, шоколадпен қарқ қылып, темір каскаларына сыңғыр-сыңғыр тиген тиындармен шашу шашты. Бірақ мұның бәрі тек шеру біткенше болды, шеру бітісімен сарбаздар баяғы таз қалпына қайта түсті. 1919 жылы «Қызыл жаз» аталып кеткен нәсілшілдік қақтығыстар кезінде ақ нәсілділердің қолынан жүздеген афроамерикалық мерт болды.

«Атамның жауынгерлік қызметінен бұрын, олардың әскерден қайтқандағы жағдайын тереңірек білген сайын, мен бұл жайттың неге ұмыт қалғанын түсіне бастадым. Бұл маған өте ауыр тиді», – дейді МакВей.

Музейдің кураторлармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Рекс Эллис оқиғаны айтқасын «оның бір бөлігі, я болмаса, біреулердің ыңғайына келетін бір пұшпағы емес», толық айтқан дұрыс деп есептейді. Алайда өзі туған жерде болған оқиғаның мән-жайын түсінген ол оның даулы мәселе екендігін де жоққа шығармайды.

1915, қара нәсілді азаматтар комитеті Уашингтонға азамат соғысының 50 жылдығын атап өтуге баратын қара ардагерлерді ұйымдастыруды қолға алды. Кейіннен оның қызметі ұлғайып, ел астанасында ескерткіш ашу мәселесін күн тәртібіне қойды.

1929, президент Герберт Гувер «Ұлттық мемориал ғимаратын» жоспарлау үшін қара нәсілді серкелерді тағайындады.

1967, Смитсон институты Уашингтондағы атағы кеңге жайылған афроамерикалық қауымға арналған музей ашты.

1968, Джеки Робинсон мен Джеймс Болдуин Конгрестен «Негрлердің тарихы мен мәдениетін қарайтын комиссия құруды» талап етті.

1981, Огайода афроамерикалық мұражай ашуға рұқсат берілгенімен қаржы табылмады.

1986, Уашингтонда саяхатшыларға қызмет көрсететін автобус жүргізуші Том Мак музей ашу жайлы үндеу көтерді.

1988, Джон Льюис музейге қатысты заң жобасын ұсынды. Ол өзінің бұл әрекетін мақұлдағанға дейін қайталай берді.

1990, Смитсон Институты Ұлттық афроамерикалық жобаны қолға алды.

1994, сенатор Джесси Хелмс: «Кез келген жеке музей ашуға ақша талап ететін болады», – деп  Льюистің заң жобасына қарсы шықты.

2001, Республикандық  саналатын Конгресс өкілі Дж. Ц. Уаттс пен Сенатор Сэм Браунбек демократ Льюистің заң жобасын өткізуге көмектесті. Уаттс Льюиспен бұрын бірге жұмыс істеген афроамерикалық болса, Браунбек музейді ашу идеясын қолдады. 

2003, президент Джордж У. Буш музейді құру жайлы заңға қол қойды.

2006, ескерткіш жанынан орын белгіленді.

2008, музей «афроамерикалық қазына» жинай бастады.

2012, президент Барак Обама: «Бұл музей өмірдегі аса маңызды дүниелер оңайлықпен жүзеге аса қоймайтынына тағы бір дәлел».

2016, тарих пен мәдениет ұлттық музейі көз жауын алатын жаңа ғимарат қатарына кірді.

Эллис Вирджиния штатының бұрынғы астанасы Уильямсбургте ер жетті. Колониалды Уильямсбург – тұрғындары XVIII ғасырдағы киіммен жүретін тұтас музей-қала. Мұнда заман ағымына сай өмір сүретін қала тұрғындары да бар Эллисті бала күнінде қаланың тарихи бөлігіне ешуақытта жібермейтін. Мұны әкесінен сұрағанда, әкесі: «Ол жер құлдықты еске түсіреді, оны білудің бізге еш қажеті жоқ», –  деп тыйып тастайтын.

Арада ондаған жылдар өтіп, Эллис Вирджиниядағы Хэмптон университетінде театр тарихынан дәріс беріп жүрген кезде кампусқа құлдардың рөлін ойнайтын актер іздеп Колониалды Уильямсбургтың өкілі келеді. Бізге әңгіме айтып отырған Эллис көзін алартып: «Әжем айтпақшы, егер сен «атып кеткен жынды» болмасаң, басым көпшілігі қаралардан тұратын колледжге барып мұндай ұсыныс жасамайсың ғой», – деп зекіп тастады.

Қаланың тең жартысы қара нәсілді тұрғындар болғандығын бірінші рет естіп отырған Эллис таң-тамаша қалды. Содан ол Уильямсбургқа құлдардың көзімен қарайтын екі сағаттық Шеру ұйымдастырды. Арнайы киім киіп, Уильямсбургтегі ұста, ыдыс-аяқ жуушы, кітап түптеуші немесе ағаш шеберінің бейнесін сомдайтын қаралар жағы жақ ашпады. Эллис ойлап тапқан жаңа әдіс бойынша, олардың қандай тұрмыс кешіп, қалай жұмыс істегенін, үйлену һәм шоқыну сияқты мейрамдарда қалай жадырағанын, құлдық пен қатыгездік жайлаған тағдырға қалай шыдап баққанын арнайы аудармашылар түсіндіріп отырды. Эллистің өзі де – керемет дауысы бар тәжірибелі актер. Ол қайсыбір сөздерге екпін түсіре сөйлегенде оркестрдің алдында тұрған дирижер сияқты бүкіл денесі қимылдап кетеді. Әліпбиді танығысы келген құлдың қалай жазаланғанын шегіне жеткізе ойнаған ол рөлден бір демде шығып, әсерлі әңгімесін әрі қарай жалғап әкете береді. Бұл көрініс саяхатшылар үшін хит болғанымен, Уильямсбургтің қара нәсілді халқы Эллистен сол үшін теріс айналды.

«Бұл өзі бір барып тұрған даулы мәселе, – дейді Эллис. – Алғашқы екі-үш жыл өте ауыр болды. Жұмыс істеуге келген қара нәсілді бауырларым не істеу керектігін көрген кезде, теріс бұрылатын да, қолын бір сілтеп кете баратын. Олардың ішінде құлдың киімін киіп, сөйлеп тұрғаныңды көргенде: «Дикси» (Құрама Штаттардың оңтүстігінде айтылатын, құлдық заманның бет-бейнесі болған ән), – деп ысқыратындары да бар. Осының бәрі жан ауыртады».

Эллистің әкесі ұлының жұмысын көруге еш уақытта келген емес. «Десе де, ақыр аяғында ол менің өткен тарихты ғана емес, ар-ұждан мәселесін де қозғағанымды түсінді деп ойлаймын. Ар-ұждан мәселесі!» – деп екпін қоя сөйледі ол. Әкесіне музейді көру жазбады. Алайда Эллис музейдің мүддесін ойлағанда әкесін жадынан шығарған емес. «Кейбір адамдарға бұл жұмыс­тың маңызды екенін айтып, түсіндіруге тиіссің. Бізге музейдің мақсат-мүддесін көпшілік ұғып, түсіну үшін жатпай-тұрмай жұмыс істеуі керек».

MM8447_160501_00579

16-КӨШЕДЕГІ БАПТИСТЕР ШІРКЕУІНІҢ СЫНЫҚТАРЫ. Азаматтық құқық белсендісі Джоан Малхолланд 1963 жылы ақ нәсілді шовинис­тер Бирмингемде (Алабама штаты) жарып жіберген храмның әйнек сынықтарын тауып алып, жылдар бойы тиын салғышта сақтап қояды. Онда қара нәсілді төрт қыз бала көз жұмған болатын.

ТРАМПАУЭР-МАЛХОЛЛАНД КОЛЛЕКЦИЯСЫНАН АЛЫНҒАН СЫЙЛЫҚ

Қаралардың өмірі  Американы түсінудің жалғыз жолы екеніне әбден көз жеткізді.

MM8447_160430_00314

КАРЛ ЛЬЮИСТІҢ ОЛИМПИАДА МЕДАЛДАРЫ. Жеңіл атлетиканың жұлдызы 10 медалінің тоғызын музейге табыс етті. Оның бір медалі әкесі Уильям Льюиспен бірге көмілген еді. Ол музейге спорттық және киімдері мен естелік заттарын да қоса тапсырды. «Бұл медальді кішкентайлар көрсе, сөзсіз қанаттанған болар еді деп ойлаймын»,– дейді Льюис.

КАРЛ ЛЬЮИСТІҢ ТАРТУЫ

MM8447_160502_03423

Экспонаттарды жинағанда оның жеке адам арқылы сол оқиғаны суреттей алу жағына да баса мән берді.

Ұлты мен нәсілі бөлек музей қызметкерлері соңғы он жыл бедерінде Американы түсінудің бірден-бір жолы қара нәсілділердің тарихын саралау екеніне көптің көзін жеткізіп бақты. Маңызы аса зор бұл шараны, әсіресе Смитсонның ымырашыл мәдениетінен бөлек қарау мүмкін емес.

1995 жылы Америка тарихы ұлттық музейі 1960 жылы төрт қара нәсілді студенттің Солтүстік Каролинаның Гринсборо қаласында ақ нәсілділерге ғана қызмет көрсететін орынға отырып алып, өз наразылықтарын білдірген Вулворт буфет үстелін көрермендер назарына ұсынған болатын. Сол тұста Солтүстік Каролинаның біраз тұрғыны: «Му­зейдің бұл тірлігі Гринсбороның жаман атағын қа­лыптастыратын болды» – деп шала бүлінді. Вулворт компаниясының ақ жағалылары да атақ-абыройымызға кесірі тиетін болды деп мазасызданды. Қайсыбір афроамерикалықтар болса:  «Бұлар нәсіл­шілдік мәселесін емес, өздерін жарнамалап кетті», – деп даурықты. Мұның бәрі – бір ғана экспонаттың айналасында болған дау-шар. Енді сіз шамамен 40 мың экспонаттан тұратын топтаманы көз алдыңызға елестетіп көріңізші.

Экспонаттар қанаушылықтың езгісін ашық көрсеткенімен бәрі де ащы шындыққа негізделген. Мұндағы әр зат қаралардың «тілінде» сөйлегенімен қай нәсілдің өкіліне де түсінікті болатындай ойластырылған. Музеймен танысу әдеттегіден тыс – Қара нәсілді әйелдердің ұлттық қауымдастығының ұранымен үндес би қимылдары арқылы басталады. Келушілер мұнда заңның салтанат құруы үшін һәм «бостандық парадоксымен» күресетін жаңа ұлт турасында танып-біледі. Мұнда құлдық дегеніміз жиіркенішті, не болмаса, кемсітушілік деген сыңайдағы сөздерді ешкім айғайлап айтпаса да, келушілер әрбір мұқият дайындалған экспонаттан оның саяси, экономикалық һәм моральдық салдарын өзінше талдап – таразылай алады. Құлдың шынжырын өз көзімен көрген адам біреудің қолына темір кісен немесе аяғына бұғау салудың шамамен қандай болатынын ой елегінен өткізбеуі мүмкін емес.

«Қандай нәсілдің өкілі болсаңыз да, бұл көрмеден сіз өзіңізді көресіз», – дейді «Құлдық пен бос­тандық» көрмесін ұйымдастыруға көмектескен Мэри Эллиот. Бұл көрме қарама-қайшылықты Тәуелсіздік декларациясының авторы, әрі құл иеленуші болған елдің үшінші президенті арқылы көрсетеді. «Біз бұл жайтқа кеңінен қарауға тырыс­тық. Мысалы, мұнда сіз ер, я әйел немесе бала болсаңыз да, Томас Джефферсонға қарап: «Ал мен не істер едім? Мен мұны қалай ақтап алар едім?» – деп айта аласыз».

Музейге экспонат сыйлағандардың айтуынша, бұл – жұрт назарын аударатын дүние. Саяси әндерімен танымал Паблик Энеми, рэп тобының жетекшісі Чак Ди: «Музей мен топтың «біздің қаһармандарымыз маркада бейнеленбейді» деп арыз айтатын «Билікпен күрес» атты 1989 жылғы бірінші сингалдык нөмірінің айтар ойы бір», – дейді.

Шын аты Карлтон Дуглас Риденауэр екенін бірі білсе, бірі біле бермейтін Чак Ди: «Біріншіден, олардың хип-хоп пен рэпті Америкадағы афроамерикалықтардың тарихына қосу ниетінің өзі көңіл қуантады, – дейді. – Бұған қосымша олар Американың келеңсіз жақтарын жасырмай-жаппай, оның халқы мен тарихына қайта үңілуге үндейді. Бұл – енді музейдің арқасы».

Чак Ди мен топ мүшелері музейге тапсыр­ған диск ойнатқыш 2010 жылғы концерттік сапар кезінде қолданылған. Оның үлкендігі сондай, оны кофе ішетін үстел есебінде де пайдалануға болады.

Олимпиада жүлдегері Карл Льиюс: «Музей оның жеткен жетістігі мен өмір жолын ұмыттыр­майтындығымен де құнды», – дейді. Ол 1936 жылғы Олимпиада ойындарында төрт бірдей алтын медаль жеңіп алған өзі пір тұтатын желаяқ Джесси Оуэнсті көпшіліктің білмейтіндігіне қайран. Льиюстің айтуынша, оған адамдардың медальді ғана емес, оның артында тұрған тағдырды да ұмытпағандығы абзал. Он медалінің тоғызын Смисониан­ға өткізген ол бір медалін әкесінің мүрдесімен бірге жер қойнына тапсырған. «Шынымды айтсам, – дейді Льиюс, – жүз жыл өтсе де менің медалім сонда тұрады деп ойлаған біртүрлі қызық. Алайда мен Америка тарихының бір бөлшегіне айналып барамын. Аз-маз мақтанып кеткен де болармын. Десе де, бір заманда ел-жұрт күлген Нью-Джерсидің Уиллингборосынан шыққан осы бір жынды балақай енді Смисонианда тұр».

Мұнда тіпті даңқты паш ететін дүниелердің өткен жолы да кедір-бұдырсыз емес. Оған мысал ретінде Чак Берридің 1973 жылғы Кадиллак Эльдорадосын алса да болады. Бұл өзі – көліктің төресі. Қып-қызыл түсі мен аппақ дөңгелегін айт­паған күннің өзінде, капотындағы өрнектің өзі қалай жалт-жұлт етеді десеңізші! Кісінеп тұрған азбандай болғанымен, бұл да кемсітушіліктен ада емес. Жасы алпысты алқымдаған Берри «Чак Берри: Жаса! Жаса! Рок-н-ролл» деректі фильмін түсіру барысында көлігімен сахнаға шығатын Сент-Луистің Фокс Театры оны бала күнінде есігінен де қаратпаған. Музейде Берри ақ пен қара нәсілді жастар музыкасына қатты елтіген һәм Кит Ричардс, Пит Таунсенд пен Дэйв Грол сынды болашақ өнер майталмандары үлгі тұтқан ғажайып гитарашы ретінде таныстырылады.

Музейді ашудағы бастағы мақсат – өзге музейлерде бар дүниені қайталамайтын, тың топтама қалыптастыру еді. Оның уақытша кеңселерінде ілінген ұзын-сонар адамдар тізімі, маңызды кезеңдер, оқиғалар және олардың күшін жою, Азаматтық соғыс, би, спорт, қара нәсілділердің газеті, көші-қон, бостандықтан айыру, қарсылық қозғалыстары, іскерлік аудандар, ауыл шаруа­шылығындағы, теңіздегі жұмыс, шаш, комедия мен отбасылық өмір сияқты түрлі тақырыпшаларға бөлініп кете беретін.

Кураторлар тарихи маңызы бар оқиғаларға қатысты экспонаттарды жинағанда оның жеке адам арқылы сол оқиғаны суреттей алу жағына да баса мән берді. Былайша айтқанда, айырықша оқиғаларға куәгер болған қарапайым заттар көптеп табылды. Мысалы, қара нәсілді болғаны үшін Америка революциясының қыздары ұйымы Консти­туция залында ән айтуға тыйым салған Мариан Андерсонның 1939 жылы Линкольн мемориалдық орталығына киіп шыққан қызғылт сары бешпеті. Құлдықтан 1850 жылы босатылған Джозеф Траммеллдің азат адам екендігін растайтын құжаттар сақталған қолдан жасалған кішкентай қорапша. Азаматтық құқық белсендісі Джоан Малхолландтың Алабама штатындағы Бирмингем қаласының 16-көшесінде орналасқан Баптистер шіркеуінің сыр­тындағы арықтан тауып алған терезе сынықтары. Аталмыш шіркеу 1963 жылы ақ нәсілді шовинистер қойған бомбадан жарылған болатын. 1950 жылдардың басында АҚШ Біріншілігі мен Уимблдонға қатысқан тұңғыш афроамерикалық теннис чемпионы Алтея Гибсонның ракеткасы. Құлдықтағы балалардың қолына салынатын кішкентай кісен.

Кураторлар мұның барлығын жинау ұшы-қиыры жоқ жұмыс дейді. Олар «тарихқа қатысы бар-ау» деген заттарды жинастыруды әлі тоқтатқан жоқ. Аталмыш шараға 2014 жылы Миссури штатындағы Фергюсон қалашығында қарусыз қара нәсілді жігітті ақ полиция офицері атып тастаған оқиға мен екі мерзімге Президент болып сайланған Барак Обаманың билік құрған уақыты қамтылатыны күмәнсіз.

Маңызды оқиғалар жайлы «сөйлейтін» қарапайым заттардың бір парасы қараларды зат есебінде алым-сатымға пайдаланған кезеңге тиесілі. Дәл осы заттар арқылы бұғаудағы қаралардың бостандыққа деген жанкешті ұмтылысының қандай дәрежеде болғанын аңғару аса қиын емес.

Рекс Эллис бірде залдан шығып келе жатып, «Нет Тернер ұстаған Інжілді айтып базбір әйел телефон шала береді» деген әріптесінің әңгімесін құлағы шалып қалады. Эллис кілт тоқтап, қолындағы сусынын төгіп алды. «Нөмірін берші», – дейді бірден. Эллис дереу хабарласады, бірақ кітаптың дәл сол кітап екеніне көз жеткізе алмайды. Кураторлардың ақша алу һәм жұрттың назарын аудару мақсатында түрлі әрекет жасайтын адамдарға еттері әбден өліп кеткен.

Смитсон институтының қабырғасынан табылған кез келген заттың маңыздылығын айтып жеткізу қиын. Бұл – мәдени қазына.

MM8447_160501_00581

2011_99_39_001

ДЖЕЙМС БОЛДУИННІҢ СИЯСАУЫТЫ
Жазушы мыс жалатылған бұл шыны сауытты қорабымен Сен-Поль-де-Ванстағы (Франция) үйінде сақтаған. Суретке қарындасымен ойын автоматтары залында түскен. Жазушының жиені, өзі де жазушы Айша Карефа-Смарт: «Болдуин менің бауырларымның әкесі іспеттес болды», – дейді. «Біз бұған әлдебір адамдар, я музей қызығушылық танытады деп еш ойлаған емеспіз», – дейді.

БОЛДУИН ӘУЛЕТІНІҢ СЫЙЫ

MM8447_160421_01798

MM8447_160430_00294

ӘСКЕРИ АЙҚЫШ. Бірінші дүниежүзілік соғысында Француз үкіметі «Гарлем жындылары» атанып кеткен 369-шы жаяу әскер полкін осы әскери белгімен марапаттады Лоуренс Лесли МакВейге тиесілі бұл медаль 2010 жылға дейін темір қораптың ішінде жатқан.

ДЖИНА Р.МАКВЕЙДІҢ ТАРТУЫ

Эллис Вирджиниядағы Тернер 1831 жылы қанды көтеріліс жасаған Саутгемптонның батпақты алқабына жақын жерде өсті. Ол ақ нәсілді отбасылар арасында атадан Тернердің заттары жайлы алып-қашпа әңгімелерді көп естіген. Олардың арасында баскиім де, қылыш та, тіпті «Тернердің терісінен жасалды» делінген әмиян да бар.

Әгәраки, Інжілдің бар екені рас болса, ол Тернердің тарихына қатысты аса маңызды дүние болар еді. Құдаймен байланысы барлығына шүбәсіз сенетін тақуа Тернерді іздейтіндер көп. Өз бетінше оқып-жазуды ерте меңгерген ол уағыз айтып, құлдықтағыларды шоқындырғанда Інжіл ұстап жүретін болған. Ол Інжілді қасындағы серіктерімен плантация аралап, құлдықтағы адамдарды босатқан кезде өзімен бірге ұстап жүруі де кәдік. Көтеріліс кезінде кемі 55 ақ нәсілдіні өлтіреді.

Үнемі телефон шалатын Уэнди Крикмор Портер Вирджинияның Норфолк қаласындағы Олд Доминион университетінде штаттан тыс феминология профессоры болып жұмыс істейді. Біз әңгіме етіп отырған Інжіл осы Уэндидің өгей әкесі Морис Персонға тиесілі. Ал ол Тернердің серіктері шабуыл жасағанда қожайынның құлдары аман алып қалған – Лавиния Фрэнсистің шөбересі.

Эллис Портер жайлы алғаш естіп қалғанында «оны айта беріп шаршадым» дегені бар-тын. «Олар үшін бұл маңызды емес деп ойлай бастадым», – дейді Портер.

Эллис Портердің Вирджиния Жағажайындағы үйіне бас сұққанда Інжіл тамақ ішетін үстелдің үстінде, ескі майлыққа оралған күйде тұр екен. Мұқабасы жоқ, беттері қайырылған, әбден тозығы жеткен, көлемі әдетте арзан романдар басылатын шап-шағын кітапшалардай-ақ еді. «Өзі өте кішкентай, – дейді Эллис. – Нет Тернердің кітапты жанынан тастамай алып жүргенін ескерсек, оның түпнұсқа болуы әбден мүмкін».

Інжілдің сапары, шынымен де, ұзақ болды. Ол 1912 жылға дейін, 80 жылдан астам уақыт соттың айғақ заттар сақталатын тартпасында жатты. Кейін Лавиния Фрэнсистің немересі, Персонның әкесіне өткеннен кейін ондаған жыл бойы пианиноның үстінде тұрды. Портер Інжілді әуелде «көрсет те, әңгімеле» ойынына қатыстырса, 2009 жылы PBS арнасының Солтүстік Каролинаның Роли қаласында түсірілген «Антиквариаттардың көшпелі көрсетіліміне» алып барды. Алайда сарапшылар жағынан ол еш таңданыс тудырмады.

«Оның үйде тұрғаны еш ақылға сыймайды. Ол өткеннен сыр шерту үшін әлдеқайда мәртебелі жерде тұруға тиіс, – дейді Портер. – Ол адамдар көре алатын, өткеннен сабақ ала алатын орын алуы керек еді».

Нет Тернердің бүгінгі ұрпағы Брюс Тернер Інжіл ақыр-соңында дұрыс жерге қойылды деп сенеді. Ол: «Оны неғұрлым көп адам көрсе, Нет Тернер жайлы әңгіме де көпке жетер еді», – дейді.

Джина МакВей атасының соғыстағы қызметін араға елу жыл салып барып бір-ақ білді. Аяусыз соққыға жығылған оны 1968 жылы Нью Йорктегі саябақтардың бірінде сәкіде өлі күйінде тауып алды. Оның Америка тарихындағы ерен ерлігін енді миллиондар білетін болады.

Ой елегінен өткізу һәм түсіндірме іздеу есебінде қаралатын афроамерикалықтар тақырыбына америкалықтар жылына бір айды арнайы бөліп қойған. Алайда оның өзі ең қысқа ай – ақпан айы. Дейтұрғанмен, басты құндылықтарын өзара әлі де талқылап келе жатқан ұлтқа қаралардың тарихы көп дүние үйрететіні күмәнсіз.

Афроамерикалықтар тарихына байланысты барын салып жұмыс істеп жатқан музей директоры Банч мырза Смисониандағы қызметін 1978 жылы бастаған. «Америкалық төзімділік, оптимизм, я рухтың мәнін іздеген адамға қаралардың тәжірибесінен артық не керек? Үлкен қалалардағы демографиялық өзгерістерге барынша ықпал етіп, оны ширықтыра түскен не десеңіз, оған афроамерикалықтардың әдебиеті мен музыкасынан артық не айта аласыз?» – дейді ол. Бізді ой талқысына шақырған жаңа музей жайлы басқа айтар ештеңе жоқ. Сілтеме леп белгісіне айналып шыға келді.

Voss-MichelleNorris

Мишель Норрис Ұлттық қоғамдық радиодағы«All Things Considered» хабарын он жылдан астам уақыт бойы жүргізіп келе жатыр. Ол – «The Grace of Silence» мемуарының авторы.

       

Пікір жазу