.

Айғайқұмнан басталған сапар

01

«National Geographic Қазақстан» журналының Алматы облысына жасаған экспедициясы «Алтынемел» ұлттық табиғи паркін аралаудан басталды. Оған Қапшағай су қоймасының солтүстік бөлігі, Іле өзенінің оң жағалауы, Жоңғар Алатауы сілемдері: Кіші және Үлкен Қалқан, Ақтау, Қатутау, Дегерес, Матай, Шолақ және Қоянды таулары кіреді. Сондай-ақ, Үңгірқора, Шыңғысхан әскері тұрғызған Ошақтас пен 700 жылдан бері өсіп тұрған Ақ талды да тамашалауға мүмкіндік бар. Одан бөлек ұлттық парк аумағынан Айғайқұм табиғи ескерткішін, сақ заманына тиесілі «Бесшатыр» қорымы мен сай-салалардағы тастарға қашалып салынған суреттерді де көруге болады. Аумағы 520 мың гектар жерді алып жатқан парктің климаты қатаң континенттік, қысы суық, жазы ыстық болып келеді.

Бақ флора мен жануарлар әлеміне де бай. Онда өсімдіктердің 1500, жәндіктің 5000, балықтың 20, бауырымен жорғалаушылардың 25, құстардың 200 және сүтқоректілердің 70-тен астам түрі мекендейді. Одан бөлек саябақта Тянь-Шань арқары, тау ешкі, қоян, қарақұйрық, ақ бөкен және құланды кездестіруге болады. Ал Прежевальский жылқысы Германиядан арнайы алдыртылған.

«Парк аумағында аң-құс атылмайды, балық ауланбайды және ағаш-шөптерді шауып-оруға рұқсат жоқ, – деді «Алтынемел» ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Данияр Тұрғымбаев. Оның айтуынша, саябақта туристерге арнап салынған 17 қорықша бекеті және жеті туристік маршрут жұмыс істейді. Оның ішінде туристер тарапынан зор қызығушылық тудырып отырған нысан – Айғайқұм.

02

Алматы қаласынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан құмды төбенің биіктігі 150 метр, ұзындығы 3 шақырымнан асады.

Айғайқұм Қалқан тауларынан соғатын желдің бағыты үнемі өзгеріп отыруы нәтижесінде құм түйіршіктері електеніп, бірегей құм қоспасынан түзілген.

Айғайқұм Қалқан тауларынан соғатын желдің бағыты үнемі өзгеріп отыруы нәтижесінде құм түйіршіктері електеніп, бірегей құм қоспасынан түзілген.

Айғайқұмның төмен сағасындағы «Мыңбұлақ» бекетінен бізбен бірге ере шыққан «Алтынемелдің» мемлекеттік инспекторы Еділ Қуаныш құмды төбенің сол жағынан Үлкен Қалқантау, оң жағынан Кіші Қалқантау, ал төбесіне шыққанда Іле өзенінің оң жақ жағалауы көрінетінін айтқан.

03

03

Арада жарты сағат өтер өтпей біз Айғайқұмның бекетіне келіп тоқтадық. Көліктен түскенімізде екпіні кісі ұшырардай құм суырған қатты жел соғып тұр екен. Шығармашылық топтың іздегені де осы еді. Құмды төбенің етегіне іліне бергеніміз сол еді, Еділ жерге отыра кетті: «Дыбысты отырып тыңдаған ыңғайлы, жүріп келе жатқанда ештеме естілмейді».

04

Расында да тізе бүгіп тыңдасаң, бiресе адамдардың айқайы, біресе әдемi әуен, енді бірде үрейлі гүріл естіледі. Бірер уақыттан кейін өн бойыңды үрейiмен тiтiркендiрердей күңіренген, күрсінген, сыңсыған нақ бір тірі мақұлықтың әлдекiмге айбат шеккенде шығатындай дауысы естілді. Біршама уақыт өткенде біз құмды төбенің биік шыңына шығуға әрекеттеніп көріп едік, онымыздан түк шықпады. Қатты соққан желден аузы-мұрнымыз қайта-қайта құмға толып, жол ортада болдырып қалдық. Сөйттік те келген ізімізбен кері қайттық. Етекке түсіп артыма қарағанымда құмтөбенің қырлы жотасы доғалдана қалғанын байқадым.

– Мынадай қатты соққан желден құм мүлдем көшіп кетпей қалай тұр? – деп сұрадым Еділден.

– Менің бір байқағаным, жел тиылғанда құм бір тәулікке жетпей, қайта өз орнына келіп тұра қалады, – деді ол.

06

Төменгі бекетке келгенімізде Айғайқұмды тамашалауға сонау Франция, Италия және Чехия елінен келген бір топ туристерден амандық-саулық сұрастық та атқа қайта қондық. Мақсат – күн батқанша парктің солтүстік-шығысында орналасқан Ақтау мен Қатутауды суретке түсіріп үлгеру.

Айғайқұмның қояны сырттан келген «қонақтармен» жиі ұшырасатындықтан болар оның бойынан қорқу-үрку белгілері байқалмады.

Айғайқұмның қояны сырттан келген «қонақтармен» жиі ұшырасатындықтан болар оның бойынан қорқу-үрку белгілері байқалмады.

Инспектор Еділдің айтуынша, Айғайқұмға шетелдік туристер, әсіресе, сәуір-қазан айларында жиі келеді екен. «Кейде тіпті араға күн салмай топ тобымен келіп жатады», – деді ол, – сонда деймін-ау бұл құмды төбенің туристерді өзіне магнитша тартатын не сыйқыры бар».

Айғайқұмды зерттеген шетелдік ғалымдар да жоқ емес. Олардың шығарған ортақ шешімі мынаған саяды: әлгіндей дыбыстар құмды төбенің жоғарғы жағындағы түйiршiктер төмен қарай сусып, сырғығанда құмның көлеміне, сырғу жылдамдығына қарай әр түрлі болып шығады. Күз-қыс айларында, яки құм өзіне ылғалды көбірек сіңіріп алған кезде және жауын-шашынды күндері дыбыс мүлде естілмейді. Ал миллиондаған жыл бұрын түзілген құм төбе сан мәрте желмен сапырылса да, не себепті басқа жаққа көшіп кетпей, өз орнында қалып қоятынына анықтама берген ешкім жоқ. Сондықтан Айғайқұмның құпиясы әлі де ашыла қойған жоқ деп топшылауға болатындай.

Табиғаттағы кез келген сәтті қалт жібермей, дәл жеткізуге қабілеті Canon кәсіби фотоаппараты – алыстағы нысанды жоғары тұнықтықпен бейнелей алатындығымен ерекшеленеді.

Табиғаттағы кез келген сәтті қалт жібермей, дәл жеткізуге қабілеті Canon кәсіби фотоаппараты – алыстағы нысанды жоғары тұнықтықпен бейнелей алатындығымен ерекшеленеді.

Айтпақшы, Айғайқұмға қатысты жергілікті халық арасында аңыз-әңгімелер де баршылық. Аңыздың бір нұсқасы бойынша қара ниетті бір адам құм астында қалып қойып, жаны қиналғанда әлгіндей дыбыс шығарады десе, екінші нұсқа оны дуаланған сұлудың дауысы деседі.

(Жалғасы бар)

Авторы Дәурен Құдайберген, Фото: Ерболат Шадрахов, Екпін Хасенжан

       

1 пікір жазылған

Пікір жазу