.

Ағым салған әлек

2016 жылы Ирак әскері мен халықаралық коалиция жиһадшыларды елден қуып Мосулдың оңт. Қайяра қаласына жылжыды. ИШИМ қала айналасындағы мұнай ұңғымаларына от қойып қашып кетті. Тұрғындар экологиясы күйреген аймақта қалды.

2016 жылы Ирак әскері мен халықаралық коалиция жиһадшыларды елден қуып Мосулдың оңт. Қайяра қаласына жылжыды. ИШИМ қала айналасындағы мұнай ұңғымаларына от қойып қашып кетті. Тұрғындар экологиясы күйреген аймақта қалды.

Одақтастар Мосулды қайта жаулауға аттанғанда қашып–босқан ирактықтар содырлардың жауыздығы жайлы әңгімелер айтып, олардың елге әлі де зардап әкелетінін жеткізді.

Авторы: Джеймс Верини Фото: Мойсес Саман

Күрд сарбаздары мергеннің жеркепесі жанындағы төбеге шығып тұрды. Бұл тау етегін айнала орналасқан әрі батыс жақта Тигр өзені аңғарына қараған алдыңғы шептегі бекіністердің бірі болатын. Жаздың соңы, қас қарайған шақ еді. Ирактағы ең құрғақ маусым. Құдды, аспан мен жер біте қайнасып кеткендей. Әйтсе де, сарбаздар үйіріле бастаған қараңғыдан өзен маңындағы Мосул қаласының шамдарын айқын көре бастады. Олар «пешмерга» деп аталатын ирактық күрд жасақтарымен айлар бойы бұл өңірдің әрбір сантиметріне дейін барлап өтті. Олар зер салған әрбір нәрсе «Ислам мемлекетіне» тиесілі болды.

2016 жылғы шілде айының соңы болатын. Мосул қаласы үшін шайқас ақыры басталуға шақ қалды. Азат етуші қарулы күш жиналып жатты. Ирак жауынгерлері ИШИМ (Ирак және Шам ислам мемлекеті) деген атпен белгілі ұйымды Фаллуджадан қуып шығып, солтүстіктегі Мосул қаласына қарай бет алды. Пешмергалар тау жақтан шүйліге бастады. Түркия, Иран және басқа жақтан жауынгерлер мен жасақшылардың көптеп келуіне байланысты АҚШ және Еуропа күштері де көбейе түсті. ИШИМ Ирактың екінші үлкен қаласы Мосулды қоршап алғанына екі жыл болған еді.

Командирлер Мосулдың алынуы жиһадшылардың елден түбегейлі аластатылуына жол ашады деп үміттенді.

Мосул тұрғындарының елеусіз қалуы ИШИМ-нің бас көтеруіне себеп болғанын түсінген Үкімет енді соғыс кезінде қалада қалғандарға қол ұшын созуда. Ең бірінші болып азат етілген елді мекендердің бірі – Годжалидегі аналарға­ азық-­­түлік таратып берілді.

Мосул тұрғындарының елеусіз қалуы ИШИМ-нің бас көтеруіне себеп болғанын түсінген Үкімет енді соғыс кезінде қалада қалғандарға қол ұшын созуда. Ең бірінші болып азат етілген елді мекендердің бірі – Годжалидегі аналарға­ азық-­­түлік таратып берілді.

Мосул қаласында үрей ұлғая түсті. БҰҰ бұл шайқас миллионнан астам адамның қоныс аударуына себеп болады деп болжайды (ИШИМ-ге дейін бұл қаланың 1,4 миллион тұрғыны болатын). Қарапайым тұрғындар аса ауыр зардап шегуі мүмкін еді. Халық жапа-тармағай қашты. Ал мына күрд жасақтарының бекінісі олардың  қашу жолындағы соңғы аялдамасы болатын. Адамдар түн сайын бұл тауға тырмыса көтеріліп жатты.

Бүгін сарбаздар бір әулеттің жеті адамын күтіп алмақ.

Мейіргер отағасы тау маңында тұратын жиеніне қоңырау шалды. Ал жиені командирге құлаққағыс жасады.

Әлгі жиенінің есімі Тайиб екен. Ол мейір­герге қашар жолды тұспалдап қана айта алды: «Тауға көтеріліңдер», – деді. Бір кезде Тайиб пен командир екеуі шоқының үстінде бірге тұрды. Тайибтің телефоны шырылдады. Бұл әлгі Айхам Әли есімді мейіргер болатын. Тайиб телефонды күрд аудармашысына берді. Ол сарбаздардан жолды сұрап, Әлиге аударып беріп жатты. Аудармашы осынау қысылтаяң сәтке орай және Әлиді ынталандыру мақсатында оны асыра мақтап жіберді.

– Сіз қайдасыз, дәрігер?

Арғы жақтан мазасыз дауыс естілді.

– Оңға қарай 500 метр жүріңіз. Кішігірім шатқал көресіз.

Соның ішіне кіріңіз.

Баланың жылаған дауысы естілді.

– Алаңдамаңыз дәрігер. Сізге енді төнер ­қауіп жоқ.

Бір жауынгер қолшамды жақты да оны оңды-солды бұлғады.

«Оған «жарықтың бойымен жүр» деп айт», – деді әлгі жауынгер. «Дәрігер, жарықты көрдіңіз бе?» – деді аудармашы. «Қолшамды көп бұлғай берме. ИШИМ көріп қоюуы мүмкін», – деді командир.

Алдағы бірнеше сағатта жаяу келе жатқан Әли сан мәрте телефон соғып, жолдарды сұрастырды. Бірақ байланыс үзіліп кетті. Қайта қоңырау шалғанда түнгі сағат он бірге таяған болатын. Ол адасып уа­йымдап тұрды. Өзінің үлкен қызын алдыға жол табуға жіберді. Аудармашы Әлиден айналасынан не көргенін суреттеуін өтінді.

Тикрит маңындағы әл-Аламда халықтың көзінше 11 еркек өлтірілген жол қиылысында қазір ескерткіш тұр. ИШИМ құрбандарын еске алуға арналған ескерткіштер, билбордтар, плакаттар мен басқа да өнер туындылары Ирактың барлық жерінде жиі кездеседі.

Тикрит маңындағы әл-Аламда халықтың көзінше 11 еркек өлтірілген жол қиылысында қазір ескерткіш тұр. ИШИМ құрбандарын еске алуға арналған ескерткіштер, билбордтар, плакаттар мен басқа да өнер туындылары Ирактың барлық жерінде жиі кездеседі.

– Қайда тұрғаныңызды білем. Сол жаққа жүрмеңіз, оңға бет алыңыз. Сол жаққа барсаңыз жол таппайсыз. Ол жақ тым биік.

Тайиб оларды іздеуге баратынын айтып, кемерден секіріп түсті.

Түн ортасына қарай Тайиб бір кішкентай қызды алып келді. Ол қызды тұрғызып қо­йып бір айналды да, қайтадан ғайып болды. Сәлден соң бір ұл бала мен екі қыз келді. Біреуі – Әлидің үлкен қызы. Тайиб кенже баланы құшағына алып қайта оралды.

Балалардың анасы Науал келді. Ол қара түсті абая мен хиджаб жамылған. Тізерлеп отыра кетті. Арманшылдықтан ба, жоқ есі шыққаннан ба, әйтеуір, бастан кешкен машақатын жаза бастады.

«Мосулда әбден ашықтық. Ақша да, тамақ та жоқ. Осында аштан өлсек те, мейлі. Бастысы, өмірімізге қауіп төнбейді. Бұл – өмірімдегі ең қуанышты сәт», – деді ол.

Оның артынан бұл топтың ең соңы болып Әли де жетті. Киімі жұпыны еді. Тер басқан қауға сақалы жылтырап тұрды.

«Жылжиық. Мұнда мергендер бар», – деді командир.

Сарбаздар бұл отбасын алып лагерьге қарай аттанды.

«Жеттік қой ақыры. Енді өлсем, арманым жоқ», – деді Науал.

«Өзімді жұмақта жүргендей сезіндім, – деп сөз тізгінін алды Әли. –Ата-анаңды тас­тап кету оңай емес. Ол жақта өлуге шақ қалдым. Біз жиырма адам едік. Бауырым балмұздақ сататын. Бірақ ақша таппайтын. Күндердің күні екеуміз керісіп қалдық».

Мосул шайқасының қаупі төне бастағанда тұрғындар басы ауған жаққа қашты. Жолдың бірі – таулардан асып Күрдістанға апаратын. Айхам Әли әйелі Науал балаларын ертіп, түн жамыла қашып, әрең құтылды.

Мосул шайқасының қаупі төне бастағанда тұрғындар басы ауған жаққа қашты. Жолдың бірі – таулардан асып Күрдістанға апаратын. Айхам Әли әйелі Науал балаларын ертіп, түн жамыла қашып, әрең құтылды.

Әли оранбаған әйелдің қолын таңғаны үшін қамалып, оған дүре соғылды.

ИШИМ жеткен аумақтар

2014 жылдың жазында ИШИМ бүлікшілері Сириядан Иракқа кенеттен шабуыл жасап, Бағдад маңына жетті. Енді Ирак ұлттық қарулы күштері, күрд әскерлері және аймақтағы өзге жасақшылар АҚШ бастаған коалицияның көмегімен ел тізгінін өздеріне қайта алуда.

Artboard 2

МОСУЛДЫ ҚАЙТАРЫП АЛУ

Ирактың екінші ірі қаласы – Мосулды азат ету соғысы 2016 жылдың қазанында басталды.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ НЫСАНАҒА АЛУ

ИШИМ қалалардан бөлек бөгеттер, шекара өткелдері және мұнай өңдеу зауыттары секілді стратегиялық маңызды орындарды да жаулап алды.

ҚАУІПСІЗ ЖАННАТ

2014 жылы ИШИМ Иракқа қанатын жайғанда Бағдад және оңтүстік Ирак оның басып алуынан аман қалды.


ИШИМ осыдан екі жыл бұрын, яғни 2014 жылы Мосулды басып алды. Жасақшылар полиция бөлімдері мен әскери бақылау пункттерін өртеп жіберді. Олар ИШИМ-нің ақ-қара белгілері бар жалауларын көтеріп, мешіттерге жаңа имамдар тағайындады, ал мектептерге жаңа мұғалімдер бекітті. Ислам мемлекетінің көсемі, «әл-Қаидадан» жаңадан бөлініп шыққан Әбу Бакр әл-Бағдади «әл-Нури» мешітінде Ислам мемлекетінің құрылғандығын және өзі оның халифі екендігін жариялады. Ол барлық мұсылмандарға: «Маған бағының­­дар», – деп бұйырды.

Кей адамдар қашып кетті. Енді бірі – жасырынып жүрді. Көбі қуанып жатты. Әли қандай сезімде болғанын айтпады. Оның еске алуынша, басында тұрмысы жаман болмаған көрінеді. Емханадағы жұмысын жалғастырды. Алайда көп уақыт өтпей ауыр мехнат басталды. Азаптау және халықтың көзінше жазалау белең алды. Аса сақ адам мұндайдан айналып өте алатын. Десе де, адамды қажытатын күнделікті қорлаудан қашып құтылу оңай емес еді. Әлидің шалбарының балағын қырқып, ИШИМ басшылары қалайтын «ауған» стилін ұстануына тура келді. Оған сақалын өсіріп, ұзарта беру бұйырылды. Ал әйелі көшеге шығуы үшін жанында отбасындағы ер адам ілесіп жүруі керек және ол түгелдей қара киім жамылуға міндетті болды.

«Ол тіпті, өкшесі бар сандал кисе де соққыға жығылуы мүмкін еді. Олар бізді адам құрлы көрмеді», – деді Әли.

Базарлар босап қалды. Жарық сөнді. Кейін су да тоқтады. ИШИМ-нің жауыздығы күшейе түсті. Бірде Әли жартылай жамылған әйелдің қолын таңғанда оған «әлгі әйелмен жыныстық қатынасқа түсті» деген айып тағылды. Сөйтіп, абақтыға қамалып, дүре соғылды. Ол өзінің тірі қалғанын үлкен бағы деп есептеді. Басын қатерге тіксе де, қашу керектігін, ал егер осында қалса, азаппен өлетінін түсінді.

ИШИМ-ге қарсы соғыста Рамади Ирактың басқа қалаларына қарағанда қатты күйреді. Соның өзінде босып кеткен тұрғындар қала ішіндегі үйлерін қайта тұрғызып жатыр. Онда су да, тоқ та жоқ. Есесіне, қауіпсіз.

ИШИМ-ге қарсы соғыста Рамади Ирактың басқа қалаларына қарағанда қатты күйреді. Соның өзінде босып кеткен тұрғындар қала ішіндегі үйлерін қайта тұрғызып жатыр. Онда су да, тоқ та жоқ. Есесіне, қауіпсіз.

ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІ 2006 жылға қарай «Сунни исламистік топтардың» бірігуімен құрыла бастады. 2003 жылы бұрынғы Ирак президенті Саддам Хусейн таратқан жауынгерлерді бес жыл бойы өз қол астына алып, аумағы мен күшін еселей түсті. 2012 және 2013 жылдары Сирияға құлашын жайды. 2014 жылдың қаңтар айының алғашқы күндерінде Ирактың Анбар провинциясының орталығы – Рамадиде соғыс басталып кетті. Жүздеген жасақшы қаланың басым бөлігін Мосулдағыдай басып алды. Үкіметтің қарулы күштері Рамадидің көп бөлігінен айырылып қалғанымен, бір бөлігі өз иелігінде еді. Кейінгі екі жылдың жүзінде Рамади тұрғындары ара-тұра қақтығыстарда күн көріп жатты.

Ирак әскерлері қайта жиналып шейіт жасақшылары және АҚШ бастаған коалициямен бірікті. Ұлттық телеарна: «2015 жылдың соңында Рамади азат етілді», – деп хабарлады. Барлық аудан тұруға жарамсыз және адам танымастай өзгеріске ұшырады. Тұрғындардың қайта оралуын елестетудің өзі қиын еді. Бірақ олар соған қарамастан қайта оралып жатты.

Астаң-кестеңі шыққан жолға бір такси келіп тоқтады. Неге екені белгісіз. Жүргізуші сыртқа шықты да, қираған үйлердің арасында кіріп кетті. Осы арада оның үйі болған екен. Екінші қабат әуе шабуылы кезінде құдды орақпен орғандай қырқылып тасталған. Ал бірінші қабат уақытша болса да әлі тұр. Ол төрт күн бұрын мұнда «ештеңе таппайтын шығармын» деген оймен келіпті. Үйінің жартысы қалғанына да риза. Бірақ оған кіре алмайтынын түсінді. Сөйтіп, бульдозер жалдап сынған жиһаздар мен кірпіштер үйіндісін тазалап тастады.

«Мұнда мәйіттер бар сияқты. Иісі сезіледі», – деді ол. Тізерлей отыра қап, күл-қоқысты тіреп тұрған қабырғадағы тесікке мұрнын тақады да, иіскей жөнелді. Жанындағы адамдардан да солай істеуді өтініп: «Иісті сезесіңдер ме?» – деп сұрады.

Абдулла Зухайр есімді жиһазшының үйі қаланың Үкімет бақылауындағы жағында шекараға тым жақын жерде еді. Шекара сызығы көшеден төмен бірнеше жүз метр жерде орналасқан. ИШИМ қалаға енгеннен кейін мұндағы ер адамдар көшенің екі жағындағы үйлердің арасына арқан керіп, көрпелер іліп тастады.

Басында қиындау болды. Қаланың бүлік шыққан жағында Зухайрдың клиент­тері бар еді. Сондықтан оған әрлі-берлі өтуге рұқсат етілді. Кейбір өзгерістер оған анық байқалды. Мәселен, үйлер мен сауда орындарына бүрікпе бояумен «Ислам мемлекеті қорының мүлкі» деп жазылды. Дүкендер азан айтылардың алдында жабылуы керек болды. ИШИМ-нің ақ-қара түсті белгілері барлық жерге ілулі тұрды. Басқа өзгерістер көмескілеу болды. ИШИМ адам бейнесін салу күпірлік деп санады. Сол себепті дүкен аспалары мен билбордтардағы модельдер бейнесі ойы­лып тасталды немесе боялды.

MM8513_160720_07288

2015 жылы Зухайрдың жасөспірім ұлы жоғалып кетті. Зухайр бұған ИШИМ-нің қатысы бар деп күдіктенді. Себебі олар өтемақы алу үшін адам ұрлаумен танылған болатын. Сөйтіп, ол көрпелерден құралған шекараны кесіп өтіп, бақылау бекетіне келді. Ол 16 жасар ұлының ақыл-есі кем екенін түсіндірді. Мұндағылар мешіттерге бала жайлы хабарландыру беріп, арада көп өтпей Зухайрдың жиһаз дүкеніне бір жасақшы келіп, ұлын ИШИМ ұстап отырғанын айтты. Зухайрдың алдында үш таңдау тұрды: елу мың доллар төлеп баласын босатып алу, ұлының ИШИМ-ге қосылуына келісу және оның басының алынуына куә болу. Зухайрда сонша ақша жоқ еді. Ол өзінің жүк көлігі мен бар ақшасын ұсынды.

Оған қайта хабар жеткенше Ирак әскері соңғы шабуылын бастап кетті. Зухайр отбасымен үкімет бақылауындағы босқындар жиналған қалаға қашып кетті. Ұрлаушылар жаны ашығандықтан болса керек, баланы жасырын түрде әкесіне әкеліп көрсетті.

«Сен амалдап қаш», – деді Зухайр баласын құшақтап тұрып. «Қаша алмаймын. Олар мені барлық жерде бақылап жүреді. Сізді немесе анамды өлтіруі мүмкін», – деді ұлы.

Содан бері ұлын көрмеді.

Өткен жазда Рамади азат етілгеннен кейін, түс ауа Зухайр қала орталығындағы жиһаз дүкеніне барды. Көрме алаңы тоналыпты. ИШИМ-нің бомба жасайтын цех ретінде пайдаланған бөлмесіне өтті. Еденде дорба-дорба ірі сұр ұнтақтар, бос темекі қораптары және адам нәжісінің екі үйіндісі жатты.

«Әкем бұл дүкенді 1960 жылдары ашқан. Рамадидегі ең мықты жиһаз дүкені еді», – деді ол.

ИШИМ Фаллуджадан шегінгеннен кейін бүкіл әлем топтың қатыгездігіне куә болды. Келісіммен жұмыс істейтін бір байдың сарайы (қарсы бетте) түрмеге айналып, колледж (жоғарыда) сот залы мен жазалау үйі ретінде пайдаланылған. Қала мәйітханаға айналды.

ИШИМ Фаллуджадан шегінгеннен кейін бүкіл әлем топтың қатыгездігіне куә болды. Келісіммен жұмыс істейтін бір байдың сарайы (қарсы бетте) түрмеге айналып, колледж (жоғарыда) сот залы мен жазалау үйі ретінде пайдаланылған. Қала мәйітханаға айналды.

Ирактың басқа қалаларына қарағанда Рамадиге көбірек зақым келді. Бірақ бұл тек бастамасы еді. ИШИМ мен оған қарсы соғыс Ирактың солтүстік және батыс өңірін күл-талқан етті. Соғыс Бағдадтың оңтүстігінен Түркия, Сирия және Сауд Арабиясы шекараларына дейінгі аумаққа таралып, ондаған қала, жүздеген қалашық пен қыстақты қамтыды. ИШИМ Ниневиядағы археологиялық жауһарларды және ежелгі христиан қыстақтарын ойрандады. Олар езид халқын түгел қырып тастамақ болды. Мұнай ұңғымаларындағы от айлар бойы жанып тұрды. 2017 жылдың басына дейін БҰҰ-ның серіктестері және өзге де ұйымдар қоныс аударушылар мен босқындар үшін Ирак бойынша 86 лагерь тұрғызды. Үш миллионнан астам Ирак халқы баспаналарын тастап қашты.

ИШИМ пәк әрі абыройлы ел құруға деген уәдесімен көптеген ирақтыққа үндеу тастады. Біразы ғана жақтасты. Ал басым көпшілігі қатып қалған биліктен мезі болды. ИШИМ «Нури әл-Мәлики» үкіметінен қысым және немқұрайдылық көрген сүнниттерге үндеу салды. Ал бұл үндеу сүнниттерге майдай жақты. Себебі олар шығанақтағы өзімшіл монархтарға, Мысыр­дағы жауыз әрі зайырлы әскери билікке және батыстанып бара жатқан Түркияға көз салып, лайықты басшылықтың жоқ екенін байқады. Сондай-ақ ИШИМ шеттетілген тұлғалар мен панасыздарға да үндеу жолдады. Анбар Ирактың ең кедей әрі білімі төмен тұрғындарының мекені болуы және ИШИМ-нің исламдық ел билеу ісіндегі насихатында социалистік ағымдарды баса дәріптеуі кездейсоқ жағдай емес. ИШИМ Ирактан қуылып жатқанда бұл қуғынға тікелей араласқан ирактық одақ – арабтар мен күрдтер, сүнниттер мен шейіттер, әскерлер және жасақшылар болды. Ортақ мүдде болмағанда бұл тараптар бір-бірінің жағасына жармасар еді.

Синджар тауы – езид халқының мекені. Аралас діндері үшін ИШИМ оларға асқан жауыздық көрсетті. Бұл тау ИШИМ мен болған соғыста қаза тапқан күрд жауынгерлері ескерткішінде ерекше тылсымдық басым.

Синджар тауы – езид халқының мекені. Аралас діндері үшін ИШИМ оларға асқан жауыздық көрсетті. Бұл тау ИШИМ мен болған соғыста қаза тапқан күрд жауынгерлері ескерткішінде ерекше тылсымдық басым.

2016 жылдың жазында Ирак күштері Тигр өзенін бойлай солтүстікке қарай жылжыды. Тамызға қарай өзен жағасындағы Кайяра атты шағын қалашыққа жетті. Бұл Мосул қаласын алудағы соңғы стратегиялық нүкте еді. Бірде Кайяра үшін болған соғыста әскери тасымал алдыңғы шепке шықты. Ақшыл сары түсті пикап пен соңынан ерген хамви және күріш, шай, қант және пісте майы толы екі жүз көк түсті пластик дорба тиелген жүк көлігі соғыс салдарынан қоныс аударғандарға көмекке келді.

Пикаптың алдыңғы орнында Бағдадтан келген беделді генерал отырды. Пикап өрт жалмаған қыстаққа жеткенде жол параллель екі құмды соқпаққа айналды. Кез келген жерде тосын жарылғыш құрылғы болуы мүмкін еді.

Аласа бойлы, қасқабас генерал: «Көлік ізімен жүре бер, оңға да, солға да бұрылма», – деді де артқы орында қысылып отырған шабармандармен әңгімесін жалғастырды. Ол ИШИМ-нің Ирак елді мекендеріндегі танымалдығын меңзей отырып: «Біз Бағдадта мұндай идеяларға шыдай алмаймыз. Мұндағы адамдар әлемнен ажырап қалған. Олар ой-пікірін ашық айта алмайды», – деді. Сосын YouTube-тен көріп отырған видеосындағы әнді шырқай бастады.

MM8513_151119_03517

Жүргізуші сәл солға бұрылды.

– Жоқ, бұл жолмен емес. Ол жақта бомба бар. Тіке жүр. Олар бізді ракетамен атады.

– ИШИМ-нің бәрі сұмырайлар, сайтан алғыр! – деді генерал. «Олардың ешқайсысы адам емес», – деді арттағы бір офицер қосыла кетіп. Оның топтың ынтасын арттыратын өзінше бір теориясы бар екен. «Олардың бәрі – қызтекелер».

«Оның рас, – деді тағы біреуі бұған қосылып. – Мен ИШИМ-ге қосылған бір адамды танимын. Ол әлдеқашан қызтеке болған».

Жүргізуші тағы бұрылды.

«Қайда тартып барасың? Көлік ізін көрдің бе? Күрдтер сияқты ойлама. Саған не болған?» – деді генерал.

Әскери тасымал Джаһала ауылына кірді. Мұнда азықты үлестіру керек болды. Орталық алаңға жүздеген адам жиналды. Кезекке тұрғандардың саны уақыт санап көбейе берді. Әскерилер мылтықтарымен дайын тұрды. Бір кезде өзеннің арғы жағындағы қыстақта жарылыс болды. Бірақ ешкім елең етпеді.

Жүк көлігі алаңға артымен келіп тоқтады да, жүргізуші келіп артқы есігін ашты. Бір егде жастағы рубасы жақындады.

«Бұл ауыл босқындар лагері сияқты болып кетті, – деді ол генералға. – Халық саны 700-ден 25 000-ға жетті. Олар мұнда құрқол келді. Бізге көбірек көмек қажет».

Генералға бір бума үлес тізімі берілді. Ол тұрғындардың аты-жөндерін оқып, дорбаларды таратты.

Күн ыси бастап кезектің соңы ұзара түсті. Әйелдердің мазасы қашты.

Бір әйел кезекке қарай ұмтылып: «Маған осы жерден орын беріңдерші», – деді.

– Жоқ, бұл – біздің орынымыз.

– Генерал қайда? Онымен тілдескім келеді.

Тұрғындар генералға мұң шағу үшін кезектен шығып кетті. Бір ер адам қасына жақындаған кезде генерал: «Сөйлеме! Орныңа бар», – деді.

Азықтың бәріне бірдей жетпейтіні белгілі болды. Соңғы дорба берілді. Жүргізуші артқы есікті жапты да, көлігін оталдырды. Басында күбірлеген халық енді айғайлап, кезекте тұрғандар топтала бастады. Олар генералды айнала қоршап алды. Бір сарбаз мылтығын аспанға қаратып атып қалып еді, бірнешеуі бұға қалды. Көбі міз бақпады.

ИШИМ-ге қарсы соғыста бүкіл Ирак жұмылды. Кайяраның оңтүстігінде жергілікті шейх құрған бір топ сүннит жасақшысы (қарсы бетте) жолды барлауда. «Әл-Каида» мен ИШИМ-ге бомба жасаушы боп жұмыс істеген лаңкес полиция қолына түсті.

ИШИМ-ге қарсы соғыста бүкіл Ирак жұмылды. Кайяраның оңтүстігінде жергілікті шейх құрған бір топ сүннит жасақшысы (қарсы бетте) жолды барлауда. «Әл-Каида» мен ИШИМ-ге бомба жасаушы боп жұмыс істеген лаңкес полиция қолына түсті.

Генерал жүк көлігінің есігін ашпақ болғанда егде жастағы бір топ әйел одан қолдарын созып тамақ сұрады.

«Бұйырса, ертең тағы азық әкелеміз, – деді ол. – Ал бүгінге – осы. Ертең мың дорба азық әкелеміз. Қане, сіздерге ән айтып берейін, – деп әуендете жөнелді. – Бүгінге – осы. Ертең мыңын әкелеміз».

ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІНІҢ «әл-Қаидадан» бөлініп кеткен себебі – оның басшысы Әбу Бакир әл-Бағдадидың, тіпті «әл-Қаиданың» бағасы бойынша өте қанқұйлы адам екендігі. Бағдади мен оны тәрбиелеген жиһад мектебінің ортақ бір сенімі бар, яғни жиһад тарихшысы Дэйвид Кук айтпақшы, бүкіл әлем жабылып исламды құртпақшы. Бағдади «исламның ең үлкен жауы – құдайсыз үкіметтер» мен империа­листік Батыс деген сенім негізінде өз ұйы­мын құрды.

Шейіттер Құдайдан безген мұсылмандардан да сорақы. Бұл тұрғыда Бағдади ондаған жыл бойы Ирактың секталық саясатын жалғастырып келеді. 1970 жылдары «Баас» партиясы Иран тумасы деп танылғандарды депортациялады. 1980 жылы Саддам Хусейн Иранмен соғысқанда өзін сүннит арабтарды VII ғасырдан бері қауіпті болып келе жатқан шейіттік Парсы ордасынан арашалайтын «исламның нағыз қорғаушысы» деп атады (соған қарамастан, көптеген Ирак шейіттері оған адал болды). Бағдади да – осы жау­гершілік сананың төл баласы. Бұл сана 2000 жылдардың ортасында секталық соғыс кезінде қайта оянған еді. Бағдади АҚШ басқыншылығына атсалысты. Бұл оған шейітерді тек қырғыншылар етіп көрсететін әсер қалдырды.

Ал Иракта оның қолдаушыларының қолынан қаза тауып, шаңырағы ортасына түскен сүнниттердің саны шейіттерден асып түсті. Мұның себебі не? Бәлкім, мынада шығар: ИШИМ жиһад жасау бойынша «әл-Қаидадан» әлдеқайда маманданып, тіпті оны теориялық тұрғыдан дамытып, дінсіздер мен шейіттерді ғана емес, мұсылмандарды да өлтіру «нағыз мұсылман» атағына лайық деген теріс түсінікті тыраштана насихаттады. Абдулла Аззам есімді палестиндік жиһад теоретигі бұл түсінікке қатысты қорқынышты түсініктеме берді. «Даңқ пен құрмет шалажансар жатқан адамдардан және мәйіттерден басқа ешқайда орнамайды, – деп жазды ол. – Жер бетіндегі әр мұсылман жиһадтан қашқаны үшін жауап береді және қаруды тастағаны үшін күнәһар атанады».

Аззамның сөзіндегі өшпенділіктен оның өз-өзіне деген жеккөрінішін байқауға болады. Бұл – түбегейлі арсыздық саясаты. Ол басқаларды өлтіруден де жаман. Өз-өзіне қол салумен пара-пар. Сол себепті, 2016 жылдың соңғы айларында көптеп табылған ИШИМ жасақшыларының мүрделері соғыстың емес, өз жолдастарының құрбаны болуы мүмкін еді.

Иракта ИШИМ-ге қарсы соғыста қоныс аударған үш миллионнан астам адамға көмек көрсетуге ресурс жеткіліксіз. Лагерьлерде тамақ пен қажетті заттар тапшы. Өз лагері маңынан жұмыс тапқан мына жігіт сияқты бәрінің жолы бола бермейді.

Иракта ИШИМ-ге қарсы соғыста қоныс аударған үш миллионнан астам адамға көмек көрсетуге ресурс жеткіліксіз. Лагерьлерде тамақ пен қажетті заттар тапшы. Өз лагері маңынан жұмыс тапқан мына жігіт сияқты бәрінің жолы бола бермейді.

«Джаһала босқындар лагеріне ұқсап кетті», – деді бір егде тартқан рубасы.

ИШИМ Сирияға шегінгеннен кейін бұл топтың садизмге деген құмарлығы Анбар бүлігінің орталығы саналған Фаллуджадағыдай басқа еш жерде анық байқалмады. 2014 жылдың қаңтарында ИШИМ Фаллуджаны басып алды. 2016 жылдың маусым айының соңында, бір ай соғыс­тан кейін Ирак әскері қаланы қайта азат етті. Бірнеше күннен кейін бір топ жауынгер мен полиция сынықтар шашылған көшемен жаяулатып Фаллуджа Қыздар педагогикалық институтына барды. Бұл ИШИМ-нің соты мен жазалау үйі болған екен. Ауада бұзылған мәйіттердің иісі мүңкіп тұрды. Осында оқыған қыздардың құжаттары еденде шашылып жатты.

Ер адамдар шағын сот залына келгенде қолдарымен мұрындарын басты. Полицей қоқыста жатқан тақтаны шетке жылжытқанда бір жілік көзге көрінді. Сүйек төсенді тастың астындағы қуыстан созылып шығып жатыр екен. Қуыстың іші мәйітке толы. Олардың шірігені соншалық, онда қанша мәйіт жатқанын дөп басып айту қиын еді. Іргелес дәліздегі еден асты да қорымға айналған. Үстіне кілем жабылып, диван қойылған. Полиция командирі бұлар ИШИМ мүшелері болуы мүмкін екенін және олардың қорқақтығы немесе сатқындығы, болмаса басқадай қылмысы үшін өлтірілгенін айтты.

ИШИМ қаланы алғаннан кейін жасақшылары орталық емхананы басып алып, бас штабына айналдырды. Бір топ адам емхананы тексеріп шықты. Ауладан жүріп өткен олар мүрде таситын арбаның жаңа бір зираттың жанында тұрғанын көрді. Шайқас кезінде жергілікті халыққа қаза тапқан балаларын емханадан зиратқа апару тым қауіпті болды. Сөйтіп, олар мәйіттерді емхана ауласына көміп кеткен.

Төтенше жағдай бөлмесі төбесінің қаңқа таяқтары мен плиткалары құдды ну ормандағы аласа бұталар сияқты. Әбу Неба есімді полицей қолға ілігер бірдеңе іздеп бара жатты. ИШИМ-нің сұрғылт логотиптері мен ресми бланкілерінің меморандумдары қабырғаға скотчпен жапсырылыпты. Жазбалар олардың үмітсіз билігінің зауалын меңзеп тұр. «Барлық бауырлар мен топ басшыларына! Сіздерді Құдай қолдасын! Бұл хабарландырудан кейін жиырма күннің ішінде барлық бауыр­лар өз отбасын дереу Фаллуджа бөліміне алып келуі тиіс. Кім бұған қарсы келсе, соған мүлде демалыс берілмейді» делінген екен бір меморандумда.

Әбу Неба бұл емхананы қызметіне келмей тұрып-ақ жақсы білгенін айтты. Оның төрт ұлы да осында дүниеге келген. Ол 2004 жылы Фаллуджадағы екі бірдей соғыс кезінде қашып кеткен екен. Кейін бүлік әбден өршіген сәтте полицей атанды.

«Олардың ешқайсысы дәл ИШИМ сияқ­ты қорқынышты болмады», – дейді ол.

Жиһадшылар келгенде ақшасы бар полицейлер түгел қашып кетті. Қаша алмағандар жасырынып қалды. Жасырынып үлгермегендер қолға түсті. ИШИМ-нің «Хисба» атты діни полициясы оларды күштеп мешіттер мен алаңдарға тұрғызып, өздерінің дінсіз үкіметтің заңын орындағаны үшін өкінетіндерін айтуға мәжбүрледі. Кейін кейбірі тіпті өлтірілді. Әбу Небаның отбасы өзге жүз отбасымен бірге қашты. Олардың көбі көршілері болды.

Одан неге қайтып келгені сұралды.

«Бұл – біздің үйіміз. Әйтеуір, Рамади сияқ­ты қирамаған екен», – деді Әбу Неба.

Мейіргер Айхам Әли мен оның отбасы Мосулдан әскерилер бекінісіне сәтті жеткеннен кейін көлікпен жақын маңдағы біріккен лагерьге жеткізілді.

Келесі күні Әлиді бір кеңсеге алып келіп, отыруын өтінді. Әли жақсылап қырынып, жаңа шалбар мен жағалы жейде киіп барды. Оның алдындағы партаға бір генерал отырды. Ал екі жақтағы дивандарда «Асаиш» атты күрд барлау және қауіпсіздік агенттігінің шенеуніктері отырды.

«Біз сізге тек бірнеше сауал қоямыз», – деді генерал.

Ирак үкіметі Мосул үшін соғыста тұрғындардан ешқайда кетпеуді өтінгенімен, 100 мыңнан астамы лагерьді паналады. 2017 жылдың басында Ирак бойынша 86 лагерь орнатылды. Мосулдың өзге де сансыз тұрғыны отбасылары туыстарымен бірге қайта қоныстанды.

Ирак үкіметі Мосул үшін соғыста тұрғындардан ешқайда кетпеуді өтінгенімен, 100 мыңнан астамы лагерьді паналады. 2017 жылдың басында Ирак бойынша 86 лагерь орнатылды. Мосулдың өзге де сансыз тұрғыны отбасылары туыстарымен бірге қайта қоныстанды.

Шенеуніктердің ішіндегі толықтау қасқабас біреуі тергеуді бастады. «Асаиштың» Мосулда ақпаршылары бар екен. Ол Әлиге айпадты көрсетті. Онда оның Мосулда тұрған көшесі «Google Earth» картасына түсірілген екен. Ол Әлиден үйін көрсетуді сұрады.

«Дәл жанында ИШИМ-нің үйі орналасқан», – деді тергеуші.

Әли сасып қалды. Ол өзінің екі жыл күтіп жүріп Мосулдан қашқаны еш жақсылық әкелмейтінін білді. ИШИМ қаланы басып алғаннан кейін отбасымен бірге қала сыртындағы қыстақтан Мосулға көшуі де көмегін тигізбейтіні белгілі еді. Ол мұны жасырудың қажеті жоқ деп білді.

ИШИМ емхана, мектеп секілді стратегиялық маңызды нысандарға көз тікті. Солардың бірі – Мосулдың оңтүстігіндегі мына ғимарат. ИШИМ зұлымдығын ұмыту үшін біраз уақыт қажет болар...

ИШИМ емхана, мектеп секілді стратегиялық маңызды нысандарға көз тікті. Солардың бірі – Мосулдың оңтүстігіндегі мына ғимарат. ИШИМ зұлымдығын ұмыту үшін біраз уақыт қажет болар…

«Қыстақтан кеткен себебіміз – оны соғыс­та күйретіп тастауы мүмкін еді», – деді ол.

Тергеуші бей-жай отыра берді. Оны көбірек қызықтырғаны Әлидің неге сонша ұзақ күтіп барып қашқаны еді.

– ИШИМ Мосулға келгенде Күрдстанға барар жол әлі ашық болды. Солай ма?

– Біз Күрдстанға жете алмаймыз деп ойладық, – деді Әли. – Жолдарға мина көмілгенін естідік. Қашпақ болған адамдар өліпті-мыс.

– Көршілеріңізден ИШИМ-ге қосылғандарды білесіз бе? – деп сұрады тергеуші.

– Мен екеуін танимын. Әкелерінің есімін білемін. Өздерінің есімдерін білмеймін.

– Ал сіздің қыстақтан ше?

– Бәрін танимын.

– Атап шығыңыз.

Әли біраз кідіріп қалды.

– Жиенім ИШИМ құрамында болды, – деді ол.

Тергеуші бұған таңғалмады.

– Иә, біз ол жайлы білеміз.

MM8513_161205_00409

Әли жиенінің оқ жарықшағынан алған жарақатын емдегенін айтты. Оны емдегісі келмепті. Бірақ жиені талап еткен. Ол ИШИМ-дік болғандықтан Әли оған қарсы келе алмады.

Әлиден телефон нөмірін сұрап еді, ол өзінде ешқандай нөмір жоқ екенін айтты.

– Мен бұл адамдарды сырттай танимын. Олармен бірге жұмыс істеген емеспін.

– Білем, – деді тергеуші. – Ал Facebook ше?

– Мен Facebookте жоқпын. Оған қосылатын телефоным да жоқ.

Тергеуші Әли қамалған ИШИМ түрмесінің бастығы, бақылау бекеттері, тунельдер және артиллериялық бекіністер жайлы сұрады. Тергеу болып жатқанда бөлме іші адамды жайбарақаттандыратын жағдайда емес еді. Тергеушілер Әлидің сөзіне толық сеніп кетпегені белгілі болатын. «Асаиш» Мосулдан қашып келгендердің көпшілігі ИШИМ-мен араласқаны жайлы өтірік айтатынын білетін. Тергеушілердің бірі құпия түрде: «Арабтардың бәрі өтірік айтады. Олардың бәрінің ИШИМ-мен байланысы бар», – деді.

Тергеу аяқталған сәтте Әли: «Менің босқындар лагеріне барғым келмейді. Әйелім тым жас. Онда жас жігіттер болуы мүмкін. Олар оны көреді ғой», – деді.

«Бәріміздің әйеліміз бар. Өз басым әйе­лімді көрмегелі алты ай болды», – деді генерал.

Әли мен оның отбасын көлікпен бір лагерьге алып кетті. Бұл лагерь Мосул соғысының алдында жаңадан салынған екен. Шатырлардың ақ кенебі әлі сол күйінде. Дәретханалары тап-таза. Әли мұның ұзаққа созылмайтынын біледі. Жиені Тайиб оларға ресми түрде кепіл болу жұмыстарын бастайды. Олар көп өтпей Тайибтің үйіне немесе басқа бір туысының үйіне көшіп барудан үмітті. Одан кейін Әли оның не істейтінін білмейді. ИШИМ Ирактағы өмірдің мән-мағынасын қайта анықтады. Өткенге қайтып оралар жол жоқ.

«Мосулды азат етсін-етпесін, маған бәрібір. Енді кері қайтпаймын», – деді ол.


Джеймс Верини 2012 жылдан бері «National Geographic-ке» мақала жазып келеді. Оның Конго шығысындағы соғыс жайында жазған алғашқы кең көлемдегі онлайн шығармасы 2014 жылғы «Репортинг» журналының Джордж Полк марапатын жеңіп алды. Мойсес Саман «Әлемдік баспа фотосы», «Жыл суреттері» және «Шетел баспа клубы» сыйлықтарын алды.

       

Пікір жазу