.

«Жаны сірі» қазақ алмасы

Ньютонның басына түскен осы бір жұмақ жемісінің түп отаны Қазақстан екенін білесіз бе?

Ньютонның басына түскен осы бір жұмақ жемісінің түп отаны Қазақстан екенін білесіз бе?

Мәтін, фото: Райан Белл

Өткен күзде Іле Алатауындағы жабайы алма ағашынан бір алма үзіп алдым, ол Malus sieversii (Сиверс алмасы), яғни жетілдірілген жабайы алма тұқымы болатын. Дәмін татып көріп едім, қышқылтым екен. Алмақұмарлар мұндайды ағылшын тілінде «spitter», яғни «қышқыл» дейді. Бұл алма Уашингтон штатындағы үйімнің бағындағы тәп-тәтті Фужи (Fuji) алмасынан мүлде өзгеше.

Дәмдегі мұндай айырмашылық алманың 2000 жылдық өңдеуден өткендігіне, оның Орталық Азиядан шығып, Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропаға, одан ары Атлант мұхитын асып, Америкаға жеткендігіне байланысты болса керек. Ол тасымалдауға қолайлы, оңайлықпен бұзылмайды әрі нәрлі (қабығымен жеген кезде дәрумен мен калийдің күнделікті мөлшерінен 8% жоғары). Осыған қарап-ақ жиһангездердің алманы неліктен соншалық алысқа арып-ашып арқалағанын түсіну қиын болмас.

Бірақ ол жол-жөнекей бір маңызды қасиетінен: генетикалық алуандығынан айырылып қалды.

Түп тамыры. «Дүниежүзіндегі алма ағаштарының көбі «M.9» теліндігіне (rootstock) отыр­ғызылады, – дейді АҚШ Ауылшаруа­шылығы департаменті ауылшаруашылығын зерттеу орталығының өсімдік генетигі Генаро Фазио. – Бұлар – ХІХ ғасырда өскен бір түп ағаштың клоны».

«M.9-да» жеміс ағашын аласартады немесе ықшамдайды. «Гала», «Фужи» немесе «Балқызыл» деген сұрыптар өте биік болып келетіндіктен күтіп-баптау қиын. Алайда олардың сабағын «M.9» теліндігіне телісе, ағаш бұрынғы бой-тұрқының үштен біріне аласарады. Осылай өсірілген ағаштың бұтақтары жинақы болады да, күн сәулесі тосылмай жақсы өтеді, нәтижесінде барлық ағаш сапалы және мол жеміс береді. Аласа алма ағашының жемісін жинау да оңай.

«M.9» деген атау – ағылшынша «Malling 9» деген сөздің қысқартылған түрі. Осы теліндік Англияның Кент графтығындағы Шығыс Малиң зерттеу стансасында тізімге алынған кезде «M.9» деген айдар тағылған.

Фазионың басын қатты қатырған нәрсе – қайта отырғызғаннан туындайтын дерт. Қай жерде болсын, әйтеуір, «M.9-дың» әбден өзгерген тұқымының дәнін ексе болды, сол топырақта әлде бірдеңе пайда болып теліндікке шабуыл жасайды. Мұның себебін ғалымдар әлі толық анықтай алған жоқ.

«Сиверс алмасы бұл пәледен аулақ, – дейді Фазио. – Олар мыңдаған жыл бойы өз бетімен қайта-қайта өсіп келеді, біз енді осы қасиетті қалпына келтірсек дейміз».

Қазақстаннан шыққан. Сиверс алмасы ұзақ уақыт бойы КСРО-ның темір пердесінің артына жасырылған құпия болды. Бірақ КСРО құлағаннан кейін АҚШ Қазақстан тауларынан жабайы алма іздеу экспедициясын қаржыландырды. Экспедицияшылардың бірі, Фазионың USDA ARS-тегі ізбасары Фил Форслин еді. Ол мыңдаған тұқым алып келген болатын. Сол тұқымдардың бір бөлігі Нью Йорк штатының Женева қаласындағы Корнелл университетінің тәжірибелік бағына егілді.

1999 жылы АҚШ-тың «The New York Times» газетінде жарық көрген мақалада және The «Botany of Desire» атты кітапта Михайл Полан Форслинның еңбегіне пікір жазған. Осы басылымдар жарық көргеннен кейін алманың геном тізбегін анықтау жұмысы Сиверс алмасының жетілдірілген алмалардың төркіні екендігін растады.

Сиверс алмасы жайлы ақпаратты кезінде КСРО билігі қымтап ұстады. Бүгінде Алматы облысы әкімдігі интенсивті бақ көлемін 2070 га. жеткізіп, 98,3 мың тонна жеміс-жидек өнімін алуды көздеп отыр.

Сиверс алмасы жайлы ақпаратты кезінде КСРО билігі қымтап ұстады. Бүгінде Алматы облысы әкімдігі интенсивті бақ көлемін 2070 га. жеткізіп, 98,3 мың тонна жеміс-жидек өнімін алуды көздеп отыр.

«Табиғи жауынан қорғануда адам баласына кіріптар боп қалған заманауи алма ағаштары өсімдіктерді будандастыру барысында адамның артық кетуі мүмкін екенін көрсетеді», – деп тұжырымдайды Полан.

Биыл Фазио Корнел университетінің  зерттеу тобына мүше болды. Бұл топ Сиверс алмасын зерттеуге алып, алма теліндіктерінің микробтық деңгейде қалай әрекет ететінін түсінуді алдына мақсат етіп қойып отыр. Олар бұл жұмыстар үлкен нәтиже береді деген үмітте.

Фазио өз зерттеуінде бұл мәселені шешумен ғана тоқтап қалмай, Сиверс алмасы теліндігін жетілдіру арқылы дертті емдеудің оңтайлы жолын табуды ойлайды. Қазір жұмысы нәтиже бере бастады. «Біз шығымы жақсы 50 түп көшет отырғыздық және оларды сынақтан өткізіп жатырмыз», – дейді ол.

Қазақстанға бару – алма әуесқойлары үшін қажылық сапарға барумен пара-пар.

Қазақстанға бару – алма әуесқойлары үшін қажылық сапарға барумен пара-пар.

Бұл ағаштарды ол ауыр сынақтардан өткізді. Ағаштарды алма шаруашылығы саласында кездесетін ең зиянды жәндіктерге талатып, ең қатерлі дерт түрлерімен азаптады. Сиверс будандары бактерия күйігі, түкті алма бітесі, балқарағай-алма шіріткіш зеңі мен көк зең сияқ­ты індеттерге төтеп бере алды.

Бірақ бұл ағаштар қайта егу дертіне қандай қауқар таныта алады? Осыны анықтау үшін Фазио бұл теліндіктерді коммерциялық өнеркәсіп саласында зерттеумен айналысатын әріптестеріне таратып берді. Ол жерде бұл теліндіктер қайта егу дертіне оңай шалдығатын көне бақтарға отырғызылады. Коммерция­лық бақтарға отырғызу үшін Сиверс кіргізілген теліндіктерді АҚШ-тың түкпір-түкпіріне, тіпті қияндағы Жаңа Зеландияға да жіберді.

Бір-екі буыннан кейін Фазио өз сұрағына жауап табады.

Бұдан 2 мың жыл бұрын Іле Алатауының Сиверс алмасы Ұлы жібек жолымен – Еуропаға, одан ары Атлант мұхиты арқылы Америкаға жеткенін АҚШ ғалымдары дәлелдеп шықты.

Бұдан 2 мың жыл бұрын Іле Алатауының Сиверс алмасы Ұлы жібек жолымен – Еуропаға, одан ары Атлант мұхиты арқылы Америкаға жеткенін АҚШ ғалымдары дәлелдеп шықты.

Қазақ жеріндегі қажылық. Көктемде әсем Алматының желке тұсындағы биік тау­ларға шықтым. Жабайы алма ағашын шешек атқан кезінде көргім келді. Қазақстанға бару – алма әуесқойлары үшін қажылық сапарға барумен пара-пар.

Осы өңірде бірнеше атасынан бері алма өсірумен айналысатын Әрсен Рысдәулетов мені көлігімен Іле Алатауы ұлттық саябағына апарды. Тау бөктерін ашық-күлгін гүлдер көмкеріпті. Форслин 1990 жылдары дәл осы жерден тұқым жинаған. Ол кезде бұл тау қорғауға алынбаған болатын. Алма ағаштар оталып, қаланы кеңейту үшін барлық жағдай жасалып жатты.

Іле Алатауы ұлттық саябағы 1996 жылы құрылды. Ондағы мақсат – алма бақтарын қорғау арқылы санын көбейтіп, оны Халықаралық табиғатты қорғау одағының жоғалу қаупі төнген түрлер қатарынан, яғни қызыл тізімнен шығару.

Алматы облысындағы 9 ірі көшеттіктен жылына 888,6 мың дана жеміс-жидек көшеті өндіріледі. Оның ішінде 23,2 мың дана «сиверс ұрпағы» апорт көшеті бар.

Алматы облысындағы 9 ірі көшеттіктен жылына 888,6 мың дана жеміс-жидек көшеті өндіріледі. Оның ішінде 23,2 мың дана «сиверс ұрпағы» апорт көшеті бар.

Таудан түскеннен кейін Рысдәулетов (суретте) мені өзінің туған ауылы Түргенге апарды. Ол – бұл жердегі үшінші буын алма өсіруші. Біз оның атасына амандаса бардық. Ол кісі өздерінің Кеңес дәуіріндегі колхозда Сиверспен будандастырылған апорт деген алма өсіргенін әңгімеледі. Ол алма КСРО-да кеңінен өсірілген және сол кездегі дастарқанның басты дәмі болған. Ғарышкерлер ғарыш сапарынан оралып, қазақ жеріне түскенде оларға сый-құрмет ретінде апорт беретін болған. Мен біреуін жеп көрдім. Дәмі тәттілеу екен, бірақ сілекейіңді шұбыртатын, шекері мол «Балкүтірлек» (Honey Crisp) сияқты ерекше жетілдірілген сұрыптарға ұқсамайды. Алайда Лондондағы «Лаңхам» қонақүйінің кондитері Чериш Финден бұл алманы не себепті ерекше бағалайтынын енді түсінгендей болдым.

Бүгінгі күні апорт тұқымына жоғалу ­қаупі төніп тұр. Кеңестік кезеңдегі алма бақтар экономикалық тоқыраудың құрбаны болды. Бұл дағдарыс Қазақ ауылшаруашылығының барлық саласын тұралатты. Апорт бақтары жойылды. Сонымен бірге Сиверстің генетикалық алуандығы да жоғалды. Алма бақтары жекешелендірілгеннен кейін жаңа қожайындар нарықта өтімді, тауар болатын сұрыптарды, мәселен, «Тәтті алтын» (Golden Delicious) және «Қызыл тәтті» (Red Delicious) сияқты сұрыптарды апорттың орнына қайта отырғызды.

Рысдәулетов – апортты қалпына келтіруге күш салып жүргендердің бірі. Алманы әлеуметтік желі арқылы қалалардағы тұтынушыларға тікелей сатады.

Біз Рысдәулетовтың әкесі және бір туысының дәстүрлі бағына жақын жерге жаңадан отыр­ғызылған ағаштарды көрдік. Қатарласа қонған қаламшалардың арасынан өтіп бара жатып, бұл жер әлемдік алма шаруашылығының торабы екенін аңғардым. Алдымызда Рысдәулетовтың апорты, ар жақта оның отбасы сатумен айналысатын алмасы, одан кейін, тау етегінде жабайы Сиверс өсіп тұр. Дәл осындай ретпен тізілген алмалар. «Ньютон маятнигі немесе бесігі» ойыншығындағы бір-біріне соғылысып жатқан шарларға ұқсайды.

Ғажап! Осы ойыншықпен аттас кісі гравитацияны басына алма түскеннен кейін байқаған ғой. Кейде ғылым сұрағына жауап көз алдымызда тұрады. Бізге тек оны көру немесе дәмін тату ғана қалады.

Айтпақшы, Ньютонның басына қай алма құлап түскенін білесіз бе? Ол «Кент гүлі» (Flower of Kent), Англиядағы Малиң бақшасында, «М.9» теліндігіне жақын маңайда клондалған. Одан бері, 450 жыл ішінде біздің гравитация туралы біліміміз көп толықты. Ал бізді оны түсінуге жетелеген жеміс әлі сол күйінде тұр.


DKP_4932-copy

Райан БеллNational Geographic журналының тілшісі, Фулбрайт гранты иегері. Оның Қазақстанға сапары жайындағы басқа да суреттерін өзінің жеке сайтынан және Instagramнан көре аласыз.

Фото: Дәулет Сейдағали

       

Пікір жазу