.

Шаянтәрізділердің шағылысуы

Патрисиа Эдмондс

Омар жұбы үшін қалыпты жыныстық қатынас мынадай: Бірнеше күн бойына аналық омар көңілі қалаған аталығының ұясына сұйықтық шашады. Иіске еліткен аталық болса оны ішке кіргізеді.

Аталықтың қорғайтынына көзі жеткенде аналық қатты қабығын және бұрынғы жұптасының  ұрығы толы қалташаны баппен «шешеді». Түлеу оны жалаңаш қалдырады, сондықтан аталық оны жарты сағаттай күзете тұрады. Сосын өзінің тырнақты аяқтарының көмегімен аталық оның үстіне шығады…

Бір жұбы кеткен соң аталық келесісін қарсы алуға әзір. Өз кезегінде аналық ұрық қапшығын мыңдаған жұмыртқа салуға пайдаланып, жарып шыққанға дейін шамамен бір жылдай жамбасында тасып жүреді.

«Алайда климат өзгерісі бұл «бала жасау» үрдісіне зиянын тигізіп жатыр», – дейді Омар қорғау ұйымының негізін салушы Диана Коуэн.

«Су 4 не 5° С-ден жоғарылағанда омарлар өздерінің күшін өсуге жұмсайды, суықта, яғни қыстағы су температурасы -1 мен 4°С аралығында болғанда, олар қуатын жұмыртқа мен ұрық шығаруға жібереді, – дейді Коуэн, – егер климат өзгерісі аталған суық мерзімді қысқартатын болса, олар азырақ жыныс жасушаларын өндіреді. Ал егер су ұдайы тым жылы болса, олар жыныс жасушаларын мүлде шығармайды. Жұмыртқа жоқ. Ұрық жоқ. Омарлар да жоқ».


АМЕРИКА ОМАРЫ

Мекендеу аймағы: Солтүстік Канададан АҚШ-тың оңтүстік-шығыс жағалауындағы Атлант мұхиты.

Қорғалу мәртебесі: Бүгінде ТҚХҰ (Табиғатты қорғау халықаралық ұйымы) тарапынан жойылу қаупі аз деп саналады.

Басқа деректер: Тамақ ретінде сатылатын Америка омарларының салмағы орташа есеппен жарты келідей, ұсталғандардың ішіндегі ең ірісі 20 келіден ауыр тартқан.

ФОТО:ДЖЕРРИ МОНКМАН, MYN/ТАБИҒАТ СУРЕТТЕРІ КІТАПХАНАСЫ

       

Пікір жазу