.

«National Geographic» ханымы

Элиза Сидмордың табысты фотограф болғанына қарамастан, бұл – оның сақталып қалған санаулы суреттерінің бірі.

ФОТО: УИНКОНСИН ТАРИХ ҚОҒАМЫ

Тыңнан түрен салушы Элиза Сидмор журналымыздың тұңғыш әйел тілшісі, фотографы және алқа мүшесі.

Нина Строчлик

Висконсин штатында өткен балалық шағында Элиза Сидмор карталарды зерттеп, алыс жерлерді армандайтын. Кейінірек ол бір сұхбат алушыға: «Саяхаттау туабітті қасиетім болуы керек», – депті. 150 жылдан астам уақыттан ­кейін­­ ол «National Geographicтің» тұңғыш әйел тілшісі, фотографы және алқа мүшесі, сондай-ақ күрделі академиялық журналдан қазіргі таныс көркем түріне айналуына атсалысқан маңызды тұлға ретінде есте қалды.

1876 жылы 19 жастағы Сидмор National Republican атынан Филадельфиядағы Ғасырлық халықаралық көрмені жазуға аттануы оны елдегі газеттің тұңғыш әйел тілшісі атандырды. Ол Уашингтон К.А. қаласындағы қоғам мен саяси өмір туралы жазып, тез арада табысты болды. Сидмор 1890 жылы екі жылдық «National Geographic» қоғамының мүшелігіне өткен кезде кеңінен мойындалып үлгерген зерттеуші еді. Ол беймәлім Аляскаға бумен жүретін кеме арқылы сапары туралы әңгімелерімен сол заманның жиһанкездерін таңдандырып, Батыс саяхатшыларына ашылғанына көп болмаған Жапония туралы жазбаларымен көпшілікті еліктірді. Қоғамға қабылданғаннан кейін екі жылдан соң, бірыңғай ерлерден құралған алқа оны хатшы етіп сайлады.

Қоғам президенті Гардинер Грин Хаббард журнал туралы оның ойын сұрастырғанда ол журналды «бір сілкіп алудың» артық етпейтінін айтқан. Бұл «сілкініс» сурет түрінде келді. Алғашқы сурет 1890 жылы жарық көрді.

Жапондық маржан сүзушілер қайық күтіп тұр. Түрлі-түсті сурет шығару өте қымбат еді. 1911 жылы әр тілімшенің құны $50 еді, бұл шамамен қазіргі 1200 долларға тең.

Жаңа құбылыс «тұрақтап қалатындықтан», 1909 жылы Сидмор редактор Гилберт Х. Гросвенордан өзі түсірген Қытай ғибадатханаларының суреттерін түрлі-түсті етіп шығаруды сұрады. Келер жылы ол Жапониядан бір топ фотосуретті «келесі санды түрлі-түсті етіп шығарып, даңққа бөлен және жазылушылардың қатары тағы бірнеше мыңға артсын» деген қысқа хатымен бірге жіберді. 11 суреттік топтама 1914 жылы түсірілді, ал Сидмор 450 АҚШ доллары (бүгінгі бағаммен 10 000 АҚШ доллары) мөлшерінде ақы алды. Бұл журнал тарихында төленген ең ірі қаламақы болатын.

Сидмор Азияны аралап жүріп, жазуды жалғастыра берді. 1916 жылы өз мүшелігі күшін жойды деп ойлап, Гросвенорға оны қайта қалпына келтіруді талап етіп хат жазды. Сол уақытта қоғамда 500 000 мүше бар еді, алайда Гросвенор оны: «Егер құрметтілер тізімінде есіміңіз жазылуы жалғаспаса, дұрыс болмас еді», – деп сендірді.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан ке­йін Сидмор жаңадан құрылған Ұлттар лигасы туралы жазу үшін Женеваға аттанды. Оның өмір бойы жинаған кәдесыйға толы үйі дипломаттар жиналатын орынға айналды. 71 жасында соқыр­ішекпен ауруханаға түсті. Ол хатында: «Бұл өте әлсіз, жай жұмыс болды және менің жоспарымның бәрін қаншалықты өзгертіп жібергенін елестетіп көр», – деп жазады. Сидмор бірнеше аптадан кейін, 03.11.1928 ж. қайтыс болып, Жапонияда жерленді. Газеттің қазанамасында былай делінді: «Расында Еуропа мен елімізде мойындалғанындай, ешбір америкалық әйел Сидмор ханымдай белсенді әрі іскер болмағаны анық».

Уашингтон К.А. қаласында көктем сайын оның мұрасы атап өтіледі. Сидмор отыз жылға жуық уақытын Сакура ағашын «әлемдегі ең көркем ағаш» деп дәріптеген. Бүгінде өткінші алқызыл гүлдер жылына 1,5 миллионнан астам туристің назарын аударады.

ФОТО: ЭЛИЗА Р. СИДМОР, NATIONAL GEOGRAPHIC CREATIVE

       

Пікір жазу