.

Қан селі

2011 жылы «Зетас» картелі сатқындардан өш алу үшін Альенде және көршілес қалаларда жантүршіктірер жауыздық жасады: олардың қолынан кемінде 60 адам опат болды. Жаны жаралы тұрғындар үшін «өлі әруақтар» деп аталатын ата-бабаларды еске алу күні енді аза тұту күніне айналды.

Техас штатының шекарасына таяу Мексиканың бір қаласында қылмыстық топ жасаған қанқұйлы шабуыл мен оған себеп болған есірткі операциясы туралы куәгерлерден тікелей алынған деректер.

Автор: Джинджер Томпсон фото: Кирстен Люс

Альенде қаласында бір сұмдық жайт болғаны айдан-анық. Көшелері опырылған, ғимараттар қираған. Бір кездері көз жауын алған әсем үйлердің орнында енді шұрық-тесік қабырғалар, шытынаған шыны, сынған әйнек, құлаған баған қалдықтары шашылып жатыр. Қирандылар арасында жұлым­–жұлымы шыққан аяқкиімдер, тойға шақырту қағаздары, дәрі-дәрмек, теледидарлар мен ойыншықтар өткен өмірдің қалдықтары ретінде шаңға көміліп жатыр.

2011 жылдың наурызында Техас штатының шекарасына жақын маңда көлікпен жүргенде 23 мыңдай тұрғыны бар қалаға тұтқиылдан шабуыл жасалды. «Зетас» – әлемдегі ең қаніпезер, есірткі саудасымен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірі саналады. Ол ұйым мүшелері Альенде мен сол маңдағы басқа да қалаларда үйлер мен мекемелерді қиратып, талқандаған. Қаныпезер қарақшылар жүздеген еркек пен әйелді, балаларды ұрлап әкетіп өлтіргендіктен аққан қан аймақты «селдей шайып» өтті.

Бірақ Мексикадағы есірткі соғысы салдарынан күйреген басқа жерлерге қарағанда Альенде қаласындағы қанды оқиғаның ізі алыстан басталады. Есірткіге қарсы күрес басқармасы (ЕҚКБ) күтпеген жерден «соғыс» бастағанда жанжал алдымен АҚШ-та бұрқ ете қалды.

Адамдарды ажал құштырған сол шабуылда «Зетас» ұйымының қандықол қарақшылары мүлдем кінәсі жоқ ерлер мен әйелдерді, балаларды қоршауға алып, азаптап өлтірді. Опат болғандар арасында футбол матчын көру үшін досына қонаққа келген Эдгар Авила да бар-тұғын. Суретте: ол жұбайы Мариа Еугения Вела және қызымен.

Бұдан кейін басқарма тәуекелге бел буып, бұл ақпаратты құпия ұстауда беделі шамалы мексикалық полиция бөлімшесіне хабарлады. Көп уақыт өтпей-ақ, ағайынды қылмыскер — Тревинолар сатқындыққа ұшырағандарын біледі. Сөйтіп, күдік тудырған отбасы мүшелерімен байланыста болғандардан кек àлды.

Ағайындылар кей операцияларын осы араға таяу маңда жүргізумен қатар, есірткі мен қару сатудан түскен 10 миллион долларын осы аймақтан өткізетін, бұл қала олардың туған жері саналатын.

Осы қанды қырғыннан кейін көп жыл өтсе де, Мексика билігі қылмысты тергеуде жөн-жүйесіз шаралардың басын шалып қана қойды. Олар Альенде қаласында қаза болғандардың жеке басын толық анықтамастан монумент орнатты. АҚШ құзыретті органдары соңында Мексика полициясына ағайынды Тревиноларды ұстауға көмектесті, бірақ олар қанды оқиға жауапкершілігін мойындарына алған жоқ.

Бір жыл бұрын «ProPublica» мен «National Geographic» тілшілері осы сұмдықтың ауырт­пашылығын көтерген болатын. Ол кезде олардың бастары үлкен қатерге тігілсе де, оқиғаны өз сөздерімен айту үшін Коахуила штатындағы осы қалада ақпаратты жүйелеуге кірісті. Есірткі соғысы кезінде мұндай дауыстар көп естілмеген: жұмыс орындарын тастап қашқан жергілікті билік өкілдері, картель мен өз көршілерінің нысанасына іліккен отбасылар, көз алдарында достары мен отбасы мүшелері бауыздалғанына куә болған ЕҚКБ-мен байланыс­та болған ақпарат тасушылар, т.б. АҚШ прокурорлары тергеу шараларына жетекшілік етті.

Агент Ричард Мартинес қызметі туралы бас­тырмалай сұрағанымызда жанары жасқа толған бойы, креслосына күмп ете қалды. «Қатер туралы ақпаратты қалай қабылдадың дейсіз бе? Оны айтпай-ақ қояйын».

«Зетас» баскесерлері полиция учаскесіне, өрт сөндіру қызметі мен әскери бөлімше маңындағы ғимараттардың күл-талқанын шығарды. Қанды қырғын кезінде қала әкімі болған адам әлі күнге дейін осы маңда тұрады. Бастапқыда ол: «Ешқандай озбырлықты айғақтаушы нәрсе көрмедім», – деп хабарлаған.

Оқиға жөнінде

Осы мақаланы жазу үшін тәуелсіз «ProPublica», басылымы мен «National Geographic» журналис­терінен топ құрды. «ProPublica» басылымының аға тілшісі Джинджер Томпсон барлық тараптардан сұхбат алуға бірнеше айын жұмсады. Ал Кирстен Люс «National Geographic» атынан суретке түсірді. Мақалаға Мехикодағы фриланс-тілші Алехандро Ксаник те өз үлесін қосты.


ҚАНДЫ ҚЫРҒЫН

2011 жылдың 18 наурызында, жұма күнінің кешінде «Зетас» картелінің баскесерлері Альенде қаласына ағыла бастады.

Гуадалупе Гарсиа, зейнеткер, бұрынғы шенеунік: «Біз Лос Компадрес мейрамханасында отырғанбыз. Ішке екі адам кіріп келді. Олардың бұл жерден емес екенін бірден білдік. Түрлері өзгеше болатын. Шамамен, 18-20 жас аралығындағы бозбалалар. Олар өздерімен бірге ала кетуге 50 гамбургерге тапсырыс берді. Бір нәрсе болып жатқанын сол кезде түсіндік. Содан соң үйімізге қайтқанды жөн деп таптық».

Мартин Маркез, хот-дог сатушысы: «Сол күні кеште әлдебір түсініксіз нәрселер бола бастады. Қалада қарулы адамдар пайда болды. Олар үй-үйді тінтіп, өздеріне қастық жасағандарды іздеп жүрді. Түнгі 11 шамасында көшелерде қозғалыс тоқтады. Жыбырлаған пенде жоқ еді».

Этельвина Родригес, мұғалім және құрбан болған Эверардо Элизондоның жұбайы: «Жолдасым Эверардо, әдетте, үйге сағат кешкі 7-7.30-да келетін. Сондықтан мен оны үйде күтіп отырдым. Уақыт сырғып жатты: 7, 7.30, 8, 9. Мен оған қоңырау шалуды жиілеттім. Телефоны өшірулі болды. Бәлкім, анасының үйінде болар, ал телефонының қуаты біткен шығар деп те ойладым. Сосын анасына телефон соқтым. Ол ұлын көрмегенін айтып: «Мүмкін достарымен жүрген болар», – деді. Бірақ мен сол сөзге нана қоймадым. Сондықтан оны іздеп сыртқа шықтым.

Арада жылдар өтіп, «Зетастың» басшылары түрмеге қамалғанда ғана полиция іске кіріскендей болды. Пьедрас Неграстағы ресми билік барлық шенеуніктерді жұмыстан қуды. Жағдайың оңалғанына сенбеген жұрт әскерден қала көшелерін аралап тұруын өтінді.

Кешкі сағат тоғыз еді, бұл тым кеш саналмайды әрі бұл жұма күні болатын. Қала сілтідей тынған».

Альенде тұрғындары үшін заңсыздық таныс емес жағдай саналмайды. Қала АҚШ шекарасына жақын орналасқандықтан, тұрғындар апта соңы Техас штатындағы Eagle Pass қаласындағы сауда үйінде сауда-саттық жасауға барып қайтатын, өз ауылдарында тыныш жүретін, контрабандамен айналысатын адамдар мұнда бұрыннан бар-тын. Алайда 2007 жылы «Зетас» ел ішіне еніп, аймақ түрлі қылмыс ордасына айналды. Бопсалау, қорқытумен айналысқан қылмыстық топ өкілдері – жергілікті полицияны, қала әкімдігі, тіпті шекарадағы кеден бекетінің де тізгінін қолға алды.

Олар жергілікті қыздарға үйленіп немесе тұрғылықты адамдармен кәсіп құрып, қоғамға сіңісіп кетті. Кейбір тұрғындар, соның ішінде фермерлер мен көмір шахталарының қожа­йындарынан құралған беделді қауым мүшелері картель құрамына енді.

Бұл байланыс кесірінен өлім-жітім көбейіп кетті. «Зетастықтар» «сатқын» деп күдіктенгендер арасында (артынан ол қате болып шықты) ақпарат тасушы кіші Хосе Луис Гарза бар еді. Қарулы қылмыскерлер тиелген жүк көліктері Альенде қаласына келгенде олардың алғашқы тоқтаған жерлерінің бірі – қаладан бес шақырым жердегі, жарығы көмескі екі жолақты жол бойында орналасқан Гарзаның әкесі Луистің ранчосы болатын. Түн жамыла ранчоның үлкен қоймаларының бірі отқа оранды, ішінде картель өлтірген адам мә­йіттері жатқан болатын.

Қираған үй. Бульдозерлер күреп тастаған мына зәулім үй бұрынғы әкім тұратын көшедегі орталық алаңда орналасқан.

Сара Ангелита Лира, фармацевт және құрбан болған кіші Родолфо Гарзаның жұбайы: «Жолдасым Родолфо үйге келді. Ол маған: «Басым сынып барады, душқа түсіп алайын», – деді.  Жаңа көмір шахтасын ашып жатқандықтан, үсті-басы қара күйе еді. Аздан соң телефоны шырылдай бастады. Ол ұйықтап қалған шығар деп ойлағам, бірақ ол жатын бөлмеден шыға келді. Киініп алған. Маған бұрын болмаған бір кейіппен көз тастады. «Үйден шықпа, – деді ол маған. – Бір нәрсе болып жатыр. Не екенін білмеймін. Бірақ үйден шықпа. Мен қазір келемін».

Шамалыдан кейін Родолфо маған қоңырау шалды: «Үйден шық», – деді ол. Ол маған: «Немере ағамнан қызымыз София мен мені анам­ның үйіне апаруын сұра», – деп айтты.

Құс ұясы. «Зетас» ұйымының бір мүшесі мұнда экзотикалық жануарлар асыраған. Тұрғындар бұл жерді la casa de los pájaros, яғни «құс ұясы» деп атайды.

Көкесі Луистің ранчосы отқа оранып жатты. Қақпасының сыртында қарулы адам қарасы көп еді. Әпкесі телефонға жауап бермеді. Әкесі де. Ол қарамағында істейтін жұмысшысы Пилоны не болып жатқанын көріп қайту үшін қақпа жаққа жіберді. Пило – жауынгерлік парызын өтеген жігіт. Қарулы қарақшылар қақпаны ашып, Пило ішке кірді. Бірақ ол жерден қайтып шықпады.

Родолфоның жаны жай таппады. Ол ата-­анасын таба алмай жатқан. Енді жұмысшысы да жоқ болып кетті. Ол маған ранчоға арт жақтан кіретінін айтты.

Бірер минуттан кейін маған қайтып соқты да: «Альендеден кет. Немере ағаңа айт, сені Игл Пасс­қа апарсын. Заттарыңды алмай-ақ қой. Жылдам кет», – деді.

«Зетас» үйі. «Зетас» картелінің мүшесі тарапынан үйленуге үміт етіп, сүйіктісіне арнап салып жатқан мына үйдің құлатар алдында құрылысы аяқталып қалған болатын.

Эваристо Тревино («Зетас» көшбасшыларына еш қатысы жоқ), бұрынғы өрт сөндіру қызметінің басшысы: «Менің қарамағымдағы қызметкерлерге Гарза ранчоларының бірінде өрт шыққаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Ол Альендеге үш шақырымдай жетпейтін. Гарза отбасы жиналып жатқандай көрінді. Алғаш өрт сөндіруге барғандар резервтік индукторлық қозғалтқышы бар бригада еді. Олар қылмыс­тық топтарға қатысы бар адамдарды байқаған. Әлгілер қару кезеп, дөрекі тілмен ол жерден тайып тұруларын бұйырған. Олар оқиға саны көбейетіндігін айтты. Бізге оқ ату, өрт және сол сияқты оқиғалар хабарлайтын апат қоңыраулары артатындығы түсінікті болды. Олар бізге қоңырауға жауап бермеуді бұйырды.

Өрт сөндіру қызметінің басшысы ретінде өзімнің басшыма хабарластым, ол осындай жағдайда қала басшысының міндетін атқаратын. Оған басымыздағы жағдайда қолымыздан келетіні қауіпті жерлерден ұзақтау тұру керек екенін айттым. Қарулы адамдар саны тым көп болатын. Біз өмірімізге алаңдадық.  Себебі біздің сауыттарымыз қаңғыған оққа қарсы дәрменсіз еді».

Қарулы топ Пьедрас Неграс қаласына де­йінгі 55 шақырым жол бойында кезіккендерді қырып-жоя отырып, Альендеден тегіс жазықтықпен солтүстікке қарай жылжыды. Бұл Рио Гранде өзені бойында орналасқан құрас­тырушы фабрикалары бар лас қала болатын. Қылмыскерлер құрбандарының көбін Гарза ранчоларының біріне әкеп тоғытты. Олардың ішінде 15 жасар Джерардо Хит пен 36 жастағы Эдгар Авила да бар болатын. Екеуінің картельге де, ЕҚКБ-ға да жұмыс істейді деп күдіктенгендерімен еш байланысы жоқ-тұғын.

Құрбандардың көбі Альенде қаласы сыртындағы Гарза әулетіне қарасты ранчоға әкелінген. Картель осы құрал-саймандар мен мал жемі сақталатын қойманы мәйіт өртейтін пешке айналдырған деседі. Бетон еденде күл шашылып жатыр.

Клаудиа Санчес, мәдени байланыс жөніндегі директор және марқұм Джерардо Хиттің анасы: «Түнгі 10-дар шамасында жолдасым үйге нешеде келетінін білу үшін Джерардоның ұялы телефонына қоңырау шалды. Ол жауап бермеді. Жолдасым қайта соқты. Тағы да жауап жоқ. Біраздан кейін біреулер есік соқты. Келгендер Джерардоның мектептегі достары екен. Түрлері құбыжық көргендей. «Не болып қалды? Джерардо қайда?»

Балалар: «Олар оны алып кетті», – деді.

«Не айтып тұрсыңдар? Кім алып кетті?»

Балалар көршілеріміздің үйлері алдында Джерардо мен көршілерімізді көргенін айтты. Қарулы адамдар тиелген жүк көлігі келіп, көршілер мен Джерардоны күштеп көлікке мінгізіп алып кеткен. Балалар әлгі адамдарды тани алмағандарын айтты. Қолдарында қарулары болғандықтан ешнәрсе істей алмаған.

Бірер минутта біз Пьедрас Неграс әкіміне қоңырау шалдық. Тойда жүр екен. Ол басымыз­ға түскен жағдайдан төбе шашы тік тұрғанын, бірақ қолынан еш нәрсе келмейтінін айтты.

Заңгер Мариа Евгения Вела Эдгар Авиланың жұбайы: «Эдгар қоңырау шалып, досы Тоно футбол матчын көруге шақырып жатқанын айт­қан кезде мен жұмыста жаза кесу туралы екі хаттамаға судьяның қол қоюын күтіп отырған едім. Аяғым ауыр болатын, сондықтан үйіме жеткенше сілікпем шықты.

Клаудиа Санчестің 15 жасар ұлы Джерардо Хитті қарақшылар өлтіріп тастаған. Оның есірткіге еш қатысы жоқ еді. Билік өкілдері оның қалдықтарын да таппады. Олар Санчес ханымға Луис Гарзаның ранчосында қалған күл толтырылған құтыны берген. Анасы болса ол құтыны мына мүрдеханаға қойған.

Түн ортасында оянып, Эдгардың әлі үйге келмегенін байқағанымда сағат екі болатын. Қоңырауларымның ешбірі қабылданбады. Оның қоңырау шалмауынан секемдендім. Эдгар үнемі хабар беретін.

«Сол күні мені де ұрлап кеткендей болды. Олар біздің келешегімізді, армандарымыз бен қиялдарымызды күйретті, бейбіт өмірімізді құрдымға жіберді.

Мариа Еугениа Вела, заңгер, құрбан болған Эдгар Авиланың жұбайы.

Түннің қалған бөлігін креслода өткіздім. Сонда отырған күйі оны таңғы 6.30-ға дейін күттім. Одан соң әпкеме телефон соғып, оның үйге келмегенін айттым. Содан қасыма әпкем мен қайнымды ертіп алып Тононың үйіне бардым. Ол жерде ешкім жоқ болып шықты, бірақ мұнда төбелес ізі қалған: үйдің астаң-кестеңі шыққаны көрініп-ақ тұр».

Келесі күні таңда, яғни 19 наурыз – сенбіде қарулы топ ауыр техникаларды шақыртып, оларға аймақтағы ондаған үй мен мекемелердің ғимараттарын сүруді бұйырды. Талтүсте әкімшілік кеңселер, полиция учаскелері және әскер бекеттеріне тиіп тұрған көбіне ауқаттылар ғана тұратын аудандарда мүліктер талан-таражға түсті. Қарулы топ мүшелері қалалықтарды қалаған заттарын алуға шақырып, тонау­ға итермеледі.

Родригес, құрбан болған тұрғынның жұбайы: «Барлығы сенбі күні басталды. Қатар-қатар болған жарылыстардан кейін үйлерге белгісіз біреулер баса-көктеп кіріп, тонай бастады. Басыма келген жалғыз ой Эверардоның қайда жүргендігі еді. Сол күнді оны іздеумен және адамдардан: «Не естідіңіздер?» – деп сұраумен өткіздім.

Бір адам: «Қарулы адамдарды көрдім», – деді. Тағы біреуі: «Қоймалар әлі де от құрсауында. Тегершік жанғандай қап-қара түтін будақтап жатыр. Ал оның қою түтіні зәреңді алардай», – деді.

Жолдасыммен бірге жұмыс істеген біреу маған қоңырау шалды. Күйеуім төбелескіш әтеш өсірумен айналысатын. Бұл аймақта әтеш төбелестіру – адамдардың сүйікті ермегі. Ол толық емес жұмыс күні кестесімен Хосе Луис Гарзаның қарамағында істейтін. Таңда және түс қайта үй жануарларына жем беру үшін ранчоға баратын.

Әлгі адам маған: «Ранчода сұмдық жағдай болып жатыр. Ол жердегілерге не болғанын білмеймін», – деді. Мен: «Сіз не айтып тұрсыз?»  – деп сұрадым.

Ол өткен түні жолдасыммен бірге істеген бірнеше адам үйлеріне оралмағанын айтты. Олардың бірі – трактор жүргізушісі, тағы бірі – алаң сулаушысы болған. Ешбірі үйлеріне қайтпаған.

Мен: «Жарайды, енді не істейміз? Қане, оларды іздейік», – дедім. Ол: «Жақындаушы болма, әйтпесе, сені де алып кетеді», – деді.

Болған оқиға әлі күнге көз алдымнан кетпейді: адамдар қоймаларды бұзып кіріп, жем салған дорбаларды, тотықұстар мен торларды, шамдарды, асүй үстелі мен төсеніштерін әкетіп жатты.

Бәрінен бұрын есімде қалғаны титімдей мотоцикл айдап бара жатқан әлдекімнің артына мінгескен бір әйел еді. Ол төсек жаймасын дорба қылып, түйіп алыпты. Санта Клаус секілді ішіне зат толтырып алған. Екінші қолында – шам. Мотоцикл аударылып кететіндей болса да, олар текке келген олжаларына мәз-мейрам.

«Зетас» ұйымы қырғын кезінде бақылауына алған Пьедрас Неграстағы мемлекеттік түрмеде барабан мен кернейлі әскери жаттығу жүріп жатыр. Сотталғандар билік өкілдеріне картельдің бұл түрмеге еркін кіріп-шығып жүрген, жылдар бойы оны тығылу мен адам өлтіру орны ретінде пайдаланғандарын айтады.

Маркез, хот-дог сатушысы: «Менің түрлі ескі-құсқы заттарды жинап, сатумен айналысатын екі досым бар еді. Олар ранчоның өртеніп жатқанын және қожайындары кетіп қалғанын естіп, әкелі-балалы екеуі алуға тұрарлық зат іздеп ранчоға барған. Олар жол жиегінде үлкен мұздатқыш көргендерін айтады. Соны алып кетпек болады, бірақ мұздатқыш тым ауыр болған екен. Әкесі: «Ішіндегісін төгіп тастайық», – деген. Мұздатқышты ашып қалғанда ішінен екі бірдей мәйіт шыққан. Олар қаша жөнеліпті».

Эваристо Родригес, мал дәрігері және сол уақыттағы Альенде қаласы әкімінің орынбасары: «Қала кеңесінің барлық мүшелері кездесті. Бұл ресми жиналыс емес-тұғын, бірақ оған кеңес мүшелерімен, қоғамдық қауіпсіздік директоры да келді. Онда мәселе көп еді. Ең негізгі мәселе: «Не болып жатыр?» «Неге?» Біз оқ атылып, адамдар жоғалып, кісі өлімінің жиілегенінен хабардар едік.

Не істеуіміз керектігі жөнінде көп сұрақ туындағанына қарамастан, ешкім мойнына жауапкершілік алғысы келмеді. Кеңес мүшелерінің бірі: «Басымызға бәле тілеп алмай тұрып бұл жерден қаша­йық», – деді.

Менің қаһарман көрінгім келмеді, бірақ тым болмағанда адамдар тастап кетпегенімізді көрсін деп кеңседе қалу керектігін ойладым. Бірақ барлығы үйлеріне қайтпақ ойда. Ол түсінікті де. Себебі әрқайсысының ойлағаны тек өз отбасының қамы еді.

Басымыздан өткен жағдайлардан соң ешкімге сенбейтіндей күйге түстік. Біз үкіметтің екіжүзді екенін түсіндік: ресми және қылмыстық. Билік – соңғысының қолында. Біз полицияның қылмыс­тық топтардың уысында екенін ұқтық.

Қоғамдық қауіпсіздік директоры бізге: «Бұл – олардың шаруасы», – деді. Басқа еш нәрсе айтқан да жоқ. Түсінгенім сол – тергеме де араласпа, еш нәрсе жасама.

Лира, құрбан болған адамның жұбайы: Родолфомен соңғы рет телефон арқылы түсте он бес минут қана сөйлестім. Дауысынан қатты шаршағаны сезіліп тұрды. Ол ата-анасынан еш хабар алмаған екен. Мен оған оның қолынан келгеннің бәрін жасағанын, енді София екеумізді ойлауы керектігін айттым. Оған Игл Пассқа келуін өтініп, жалындым. Ол: «Жарайды, мен жолдамын», – деп жауап берді.

Одан кейін қайтып дауысын естімедім.

Санчес, құрбан болған адамның анасы: «Әлдекім балаңды ұрлап кеткенде не істеуің керектігі жөнінде ешбір кітапта жазылмаған. Алғашқы қадам деген түсінік жоқ. Есіңіз ауады. Қашқыңыз келеді, бірақ қайда барарыңыз­ды білмейсіз. Айғайлағыңыз келеді, бірақ тыңдайтын адамның бар-жоғын да білмейсіз. Бөлелерімнің бірі мұны Facebook желісіне қоюымды ұсынды. Осылайша, мен: «Ұлымды қайтарыңыз­даршы. Оның қайда екенін білетіндер болса, үйге жіберіңіздерші», – деп жаздым.

Бүгінде «Зетас» ұйымының Коахуила штатындағы ықпалы әлсіреп, Альенде қаласына тыныш өмір қайта оралды. Жүздеген адам өткен күзде кабалгата, яғни ковбойлар парадына жиналды. Ол 2-3 күн жалғасып, осы аймақтағы бірнеше ранчода қатар өтіп, кешкі родеомен аяқталады.

Желіде «ProPublica» және «National Geographic» басылымдары осы оқиғаны желіге шығарды. Оқу үшін мына сілтемені көріңіз: ngm.com/Jul2017.


ОПЕРАЦИЯ

Бірнеше ай бұрын, Даллас маңында Есірткіге қарсы күрес басқармасы Too Legit to Quit операциясын бастады. Операция барысында полиция пикап көлігінің бензин багіне жасырынған герметикалық орамада 802 000 АҚШ долларын тапқан. Жүргізуші El Diablo, яғни «әзәзіл» деп аталатын адамға жұмыс істегенін айтқан.

Қамауға алынғандар көбейгеннен кейін ЕҚКБ агенті Ричард Мартинес бен АҚШ адвокат көмекшісі Эрнст Гонзалес «әзәзіл» деген лақап атты Далласта туған 30 жастағы кіші Хосе Васкес екенін анықтаған. Ол есірткі сатуды орта мектепте жүргенде бастаған және шығыс Техаста «Зетас» ұйымының кокаин тарату ісін басқарып жүрген. Ай сайын есірткі, қару-жарақ және ақша тиелген көліктерді жөнелтіп отыр­ған. Оны ұстауға дайындалып жатқан кезде Вас­кес Альенде қаласынан қашып шығып, ол жерде картельдің ішкі тобы мүшелерінен өзін қорғауын сұраған.

Бірақ Мартинес бен Гонзалес оның қашып кетуіне «пайдалануға болатын мүмкіндік» деп қарады. Егер Васкесті көмектесуге көндіре алса, олар картельдің алынбас қамалындағы жоғарғы деңгейлеріне қол жеткізіп, Z-40 және Z-42 деген лақап атпен белгілі ұйым көшбасшылары, ЕҚК басқармасының қылмыскерлер тізімінде бастап тұрған ағайынды Тревиностарды ұстап алу мүмкіндігін тудырар еді.

Мартинестің ойлағаны ағайынды Тревиностардың BlackBerry ұялы телефондарының жеке идентификациялық нөмірлері (PIN) болатын. Агенттің қолында Васкеске қарсы амалдары болатын: оның әйелі мен анасы әлі де Техаста тұратын.

Кіші Хосе Васкес, сотталған «Зетас» ақпарат тасушысы: «Таңғы сағат алтыларда әйелім қоңырау шалды. Маған айтқаны: «Үйіміз қоршауда».

– Қалай қоршауда?

– Айнала толған полиция.

– Ендеше, тыңда. Олар мүмкін сені қамауға алғалы жатқан болар. Мен адвокатыма бір қоңырау жасайын. Сенің аузың берік болсын. Сабыр сақтауға тырыс. Сені шығарып аламыз.

Осыдан кейін Ричард (Мартинес) сол жерден маған қоңырау шалды. Ол менің әйеліме дауысымды естірту үшін телефонның дыбыс ұлғайт­қышын қосты.

Ол маған оны қамауға алатынын айтты. Мен қоқан-лоқы көрсетіп тұр деп ойладым да: «Істеуің керек болғанды істей бер», – дедім».

Эрнест Гонзалес, АҚШ-тық адвокаттың көмекшісі: «Басында Хоседен беріліп, басқармамен бірге жұмыс істеуін сұрадық. Оған «Зетас» қылмыстық ұйымының құрылымын айтқызбақшы болғанбыз. Біз соған да шүкір дер едік, өйткені оның Мигель мен Омарға қаншалықты жақын екендігінен бейхабар болатынбыз. Біз тек оларды ұстауды ойластырдық.

Хосе берілуден бас тартқанда біз оның әйелін құрбан ететіндігін, сондықтан оны қысып немесе басқаша басқару тетігін қосу керек екенін түсіндік.

Ричард оған: «Анаңды соттаймыз», – деді.

Васкес, сотталған «Зетас» ақпарат тасушысы: «Мен оған: «Дәл қазір шекараға келемін, одан өтіп сендерге берілемін. Мен сендермен құр босқа шатыспаймын. Барлық қамауға алу туралы құжаттарыңа қол қоямын. Түрмеге ұзақ уақытқа қамаңдар. Бірақ әйелім мен анамды босатыңдар», – дедім.

Ол: «Бері қара, әйелің мен анаң түрмеге отыр­масын десең, бізге көмектесуің керек», – деді.

Мен: «Ричард, мен көмектескім келмейді. Мұның соңы біраз адамның өлімімен аяқталады», – дедім.

Оның айтқаны: «Саған бар айтарым сол, егер бізге көмектеспесең, олардың ісі сенімен болады».

Ричард Мартинес, Есірткіге қарсы күрес басқармасының агенті: «Менің қалағаным нөмір болатын. Біздің үмітіміз «Зетас» басшыларын ұстау еді. Оларды қолға түсірудің ең ықтимал жолы әлгі нөмірлерді білу болатын.

Іс насырға шапқанда бұл жігіттердің көбі Құрама Штаттардан қашатыны белгілі. Бірақ сіз ол жерде туып-өскен болсаңыз, бұл Америка ғой, әлемдегі ең керемет ел. Отбасыңыз осында тұрса, олармен бірге болғыңыз келеді. Мен Хосе ойын аяқталғанын түсінген кезде бізге көмектесу үшін істеуі керек болғанның бәрін істейді деп ойладым. Қолда мүмкіндік барда, оны қыспаққа алуды жөн көрдім.

Васкес, сотталған «Зетас» ақпарат тасушысы: «40 пен 42-нің және басқа барлығының нөмірлерін біліп алдым. Мен олардың ол сандарды не істейтінін білмедім. Сол сандардың көмегімен олардың телефон арқылы сөйлескендерін жазып алатын болар немесе тағы сондай бірнәрсе шығар деп ойладым. Олай етпеулерін сұрадым, өйткені бұл көп адам қанының ағуына себеп болатын еді. Оның үстіне, мен әлі де сол жерде болатынмын. Әлі де сол адамдардың ішінде жүрген едім. Олар жібермейтінін, Ричард өзіне сенуім керектігін айтты.

Васкес ЕҚК басқармасына PIN нөмірлерін алып бергеннен кейін үш апта өткенде картельдің көшбасшылары іштерінен әлдекімнің оларды сатып кеткені жөнінде хабар алады. Құқық қорғау органдарындағы осы іске жақын тұлғалар Мехико қаласындағы ЕҚК басқармасының басшысы PIN нөмірлері туралы ақпаратты Мексиканың федералдық полиция тобына берген. Бұл – Құпия тергеу бөлімшесі деген атпен белгілі, ЕҚК басқармасы оқытып, дайындаған топ. Бірақ бұл топ әлі де болса ақпаратты қылмыстық топтардан құпия сақтауға дәрменсіздеу еді.

«Зетастықтар» үшін күдіктілер тізімін қысқарту қиынға соқпады, өйткені олардың PIN нөмірлерін көре алатын адам қарасы аз болатын. Олардың арасында Тревинолардың Коахуиладағы оң қолы Марио Альфонсо «Пончо» Суеллар мен Суеллардың оң қолы Гектор Морено бар еді.

Суеллардан жасырын Морено PIN нөмірлерін Васкеске берген еді. Бұл оның «қарызының» қайтарымы.  Бензин багінде 802 мың АҚШ дол­лары жасырылған жүк көлігімен ұсталған адам Васкестің інісі Гильберто болатын. Түрмеге

20 жыл жататындығы айтылғанда, Гильберто өзінің «Зетас» ұйымына қызмет ететіндігін, ал ақшаның Тревинолардікі екенін мойындаған еді. Васкес Гильбертоға өкілдік етуі үшін заңгер тауып, картельде ешбір адамның оның мойындағанын білмеуіне уәде берді.

Марио Альфонсо «Пончо» Суеллар, «Зетас» ақпарат тасушысы: «Мәселенің ушығатынын қайдан білейін? Өйткені мен картель үшін

596 келі кокаинды сақтайтынмын және «қырық» оны алып кету үшін маған бір адамын жіберді. Бұрын да талай мәрте осылай істегенін көргенмін. Ол ұйымдағы біреуді өлтіре­йін дегенде алдымен өздерінің тауарларын қайтарып алуларына көз жеткізетін.

Ол маған үстіне толтырып бақа суреті салынған фотосын жіберіпті. Астына: «Мына сұмырай бақалар мені сатып кетті», – деп жазыпты. Олар сатқындарды «бақа» деп атайды.

Мен оған қоңырау шалып: «Не болып жатыр?» – деп сұрадым. Нақты жауап бермеді. Оның бар айтқаны: «Кездесуіміз керек. Кейі­нірек қайда боласың?»

Мен ат жолағында болатынымды айттым. Бірақ ол жерге бармадым Бір-екі адамыма қоңырау шалып, ол жерге барып не болып жатқанын көріп қайтуларын сұрадым.  Олар әлгі жерге барған соң маған: «Шаруаң бітті», – деді. Ол жерге «қырықтың» бір адамы барып мен келмегендіктен, атымды айтып, қарғап жүр екен. Сол сәтте кету керектігін ұқтым.

Достарыма қоңырау шала бастадым. Оларға кетулері керектігін ескерттім. Өкінішке қарай, ешқайсысы сөзіме құлақ аспады. Мені таба алмаған соң, «қырық» олардың ізіне түскен.

Васкес, сотталған «Зетас» ақпарат тасушысы: Гектор (Морено) маған қоңырау шалып, тозақтың жарылғанын айтты. Ол менен әлгі нөмірлердің қайда екенін сұрады. Мен оған нөмірлерді ЕҚК басқармасына бергенімді айттым.

Ричардқа (Мартинес) қоңырау шалып: «Нөмірлерді не істедің?» – деп сұрадым. Ол: «Бауырым, ол Мексикаға кетті», – деді.

– Бұған қалай жол беріп қойдың? Олар Мексикаға кетер болса, не болатынын айтып едім ғой, – дедім.

Ричард: «Бауырым, мен емес. Мен жіберген жоқпын. Жоғарыдан. Бастығым жіберді. Олар Мексикадағы достарына сеніп, нөмірлерді сонда жіберген», – деді.

Васкес, Морено және Суеллар қырғын басталған кезде АҚШ-қа қашып, қайтарымына жаза жеңілдігін алу шартымен АҚШ құқық қорғау органдарына көмектесуге келіскен. Олардың Альенде қаласында болып жатқан сұмдық жайттар туралы айтқандарынан АҚШ құзыретті құпия ақпараттың жа­йылуынан туындаған қырғын туралы хабардар болды.

Гонзалес, АҚШ-тық адвокаттың көмекшісі: «Мен оған мұның далбаса екендігін айттым. Істі бұлайша жүргізуге болмайды. Біздің қолымызда ана адамдарды ұстап алатын ақпарат болды. Бірақ оны басқара алмағандықтан, еңбек зая кетті. Ал олжамыз – бәрінің быт-шыт болып талқандалуы».


«Әлдекімнің қазаға ұшырау ықтималдығы әрқашан да жоғары. Бірақ мұндай нәрсеге іс жүзінде қатысты болу күйзелтеді».

Эрнест Гонзалес, АҚШ-тық адвокат көмекшісі.

ОҚИҒА САЛДАРЫ

Жылдар бойына Мексикадағы штаттық және федералдық билік өкілдері осы оқиғаны тергеуге шынайы талпыныс көрсетпеді. Қаза болғандар мен жоғалғандар саны ресми 28-ден құрбан болғандардың туыстарына қолдау көрсететін ұйым келтірген деректер бо­йынша 300-ге дейін өзгерген еді. Ал «ProPublica» мен «National Geographic» журналистерінің анықтауынша, бұл көрсеткіш — 60 адам.

Отбасылар ішінде ең көп «құрбандыққа шалынған» Гарза әулеті еді. Бұл отбасының 20 мүшесі өлтірілді деп есептеледі, соның ішінде 81 жастағы Оливиа Мартинес де ла Торре мен оның жеті айлық шөбересі Маурисио Эспиноза да бар-тұғын. Сәбидің сол кезде үш және бес жаста болған бауырлары Эндриа мен Артуро Эспиноза ата-аналары өлтірілгеннен кейін, Пьедрес Неграстың балалар үйіне жіберілген.

Эльвира Эспиноза, қонақүй қызметкері және Эспиноза балаларының әжесі: «Эндрианың айтуынша, оларды бір жердегі шатыры жоқ үйлерге көлікпен апарған. Адамдар оның анасын, әжесін және үлкен әжесін көліктен шығарып, алып кеткен. Олар балаларға: «Осында қалыңдар. Біз тек сөйлесіп келеміз», – деп кеткен».

Адамдар оларды сол жерде ұстап, тыныштық сақтау керектігін айтқан. Жылауға болмайды. Эндри сәбидің жаялығын ауыстырып, емізігін берген.

Әлгі адамдар Артуро, Маурисио үшеуін Пьедрас Неграсқа әкелгенге дейін ол жерде қанша күн ұстағандары есінде жоқ. Эндрияның айтуынша, адамдар Артуро екеуін саябақта қалдырып, Маурисионы өздерімен алып кеткен.

Эндриа болған жайтқа өзін кінәлайды. Ол: «Мен күштірек болғанымда, Маурисио бізбен қалар еді», – дейді.

Санчес, құрбан болған баланың анасы: «Олар (Коахуила штатының әкімшілігі) маған хабар берген кезде, буындарым босап кетті. Олар маған Джерардоның ранчода өлтірілгенін айтты. Мен: «Сіздер оның Джерардо екеніне сенімдісіздер ме?» – деп сұрадым.

Олар куәгерлердің ол жерде үш баламен бірге бір отбасы болғанын, ал балалардың бірі менің ұлым екенін жеткізді. Олар ұлымның жылағаны әлгілердің жүйкесіне тие бергендіктен, атып тастағанын айтты. Осы сәтте аспан айналып жерге түскендей күй кештім. Зәресі ұшып, жылап тұрған 15 жасар баланы қалай ғана өлімге қиды екен?

Ресми өкілдер не қалайтынымды сұрағанда, мен баламның мәйітін әкелуін өтіндім. Олар болса мұның қиын болатынын айтты, өйткені ұлымның денесін басқаларымен қосып өртеп жіберіпті. Олар маған көрсеткен бар көмегі оқиға орнында қалған күл-қоқысты алып келді. Мен әлгі жерге барғым келетінімді меңзегенімде, ол жердің қауіпті екенін айтты. Ал мен болсам ол жерге міндетті түрде бару керектігін айтып тұрып алдым. Осылайша, олар бізді фургонмен сол жерге апарды.

Ол жердің соншалық жақын болғаны өзегімді өртегендей болды. «Джерардо мықты бала еді ғой, мына жерден сытылып шыққанда үйге оңай жетер еді ғой», – деп ойладым.

Ағайынды Тревиноларды ақыры 2013 және 2015 жылдары Мексика теңіз күштері қолға түсіреді. Сол уақыттан бері картельдің Коахуиладағы ықпалы бәсеңсіп, Альенде қаласының түнгі өмірі қайта оралды.

Есірткіге қарсы күрес басқармасы ағайындылардың қолға түсулері өздерінің ықпалымен жүзеге асқанын айтады, бірақ олар PIN нөмірлері туралы ақпарат «Зетасқа» қалай жеткені жөнінде тіс жармайды. Мартинестің Далластағы бастығы Терранс Коул мен кейін ЕҚК басқармасы оқытып дайындаған Мексика федералдық полиция бөлімшесінде байланыс қызметшісі болып қызмет еткен Пол Нирим сұхбат беруден бас тартты.

Алайда Мартинес келісті. 2011 жылы беделді агент болған Мартинес қазір тоқ ішектегі қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Оның осы індеттен құтылу үшін түрлі ем-дом қабылдаса да, пайдасы болмаған. Мартинес сөйлеп жатқан кезде, Баер «Зетас» ұйымының басындағылар түрмеде екенін және басқарманың операциясы аяқталғанын ескертіп, әңгімеге араласып отырды.

Гонзалес, адвокат көмекшісі: «Әрине, болған жайтқа көңілім құлазиды. Мұндай жұмыстың өз салдары болады.

Мақсатымыз мақтануға тұрарлықтай еді: қылмыскерлерді құрықтап, оларды адам өмірін қиюларын тоқтату үшін түрмеге қамау.

Мартинес, ЕҚК басқармасының агенті: «Мен тәуекел еттім. Солай ету керек деп ойладым. Қолымнан келгенінің бәрін істедім. Құпия ақпаратқа қол жеткізіп, оны тапсыру мүмкіндігіне ие болдым. Қол жеткіздім де. Мексикаға барып, істі басқара алмайтын едім».

Расс Баер, ЕҚК басқармасының өкілі: «Мексикадағы оқиғаға және компромистің салдарына қатысты ЕҚК басқармасының ұстанымы мынадай: Барлығы – Омар мен Мигель Тревиноның мойнында. Олар бұл оқиғадан бұрын да адам өлтіріп келген. Олар нөмір берілгеннен кейін де кісі өлтірді».

Қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтамыз. Бірақ бұл жерде ЕҚК басқармасы «қылмысты ауыздықтады» деу еш ақылға сыймайтын секілді.


Джинджер Томпсон, Пулитцер сыйлығының иегері, тілші, Мексика туралы жазған. Бұрын New York Times және Baltimore Sun корреспонденттік пунктінің басшысы болған. Кирстен Люс АҚШ-Мексика шекарасы бо­йындағы өмірді 10 жыл бойына суретке түсіріп келеді.

       

Пікір жазу