.

Өзен өліп қалмасын!

Цинхай провинциясының басшылары Сары өзен бассейніндегі Нгоринг көлі деңгейінің көтерілуі «атқарылған экологиялық шаралардың жемісі» деп сендіреді. Бірақ ғалымдар мұның себебі климат өзгерісі – мәңгі мұздықтардың еруі, жаңбыр мен қар суының молдығынан деп есептейді.

Мәтін, фото: Ян Тен

Қытайдың қарыштап дамыған экономикасы Хуанхэ өзеніне кері әсер етуде. Қазақша «Сары өзен» дегенді білдіретін бұл су елдің ірі табиғи ресурстарының бірі саналады.

«Сары өзен» сағасына таяу Дуньиң қаласы маңындағы табиғи қорық тыныш қана маужырап жатыр. Шығыс Азия-Аустралия жыл құстары жолындағы маңызы зор тұрақ сол маңдағы мұнай кен орнының игеруі салдарынан залалға ұшырап отыр.

Келбетіне көз салсаңыз, шексіз кеңістік елестейді. Алайда ол үнемі өзгеріске ұшырауда. Әсіресе, Қытайдың солтүстік жазығы. Империалық дәуірден Маоцизм кезеңі және соңғы реформаларға дейін қытайлықтар табиғатты өз ырқына бағындыруға тырысып келеді. Адамзат пен табиғаттың арпалыс ізі өткен күндерден белгі беріп тұрғандай…

Мен Қытайдың көмір өнеркәсібі мен оның елге пайдасына арналған бұл жобаға 2011 жылдан бері қатысып келемін: жұмысымыз – Қытайдың солтүстік аумағын кесіп өтетін «Сары өзен» ахуалын бақылап, экономикалық, саяси және экологиялық жағдайы мен ролін ұдайы қағаз бетіне түсіру.

Қытайдағы ауыр өнеркәсіптің басым көпшілігі мен ауылшаруашылығы саласы (шамамен 40%) елдің солтүстік жазығында шоғырланғандықтан, ондағы табиғи ресурстардың аймақты бақылау мен басқаруда ықпалы зор. Ол аумақтарда орын алатын қандай да бір жағдайлар әлемге тікелей әсер етеді.

«Сары өзеннің» бір сағасында кеншілерге арнап салынған Линфен қаласы жанынан тұрғын үйлер бой көтеруде. 1970 жылдары қала суының тазалығымен әйгілі болса, ал 2006 жылы ол қала әлемнің ең лас он қаласы тізіміне кірген. Баийин өзені ағысымен жоғарыдағы әктас карьері үстінде әлдебір ғибадатхана көрінеді. Бұрын елді мекен болған ол жерде қазір көмірмен істейтін электр стансалары мен түсті металл ерітіп, химиялық заттар өңдейтін зауыттар орналасқан.

Қытай елі экологиялық заңнамалардан кенде емес, бірақ ондай заңнамалардың орындалуы сирек. Ал билік өкілдері өздері басқаратын аймақтың экономикасын дамытқанда ғана марапатталатындықтан олар үшін ұзақ мерзімді экологиялық ахуалдан гөрі, қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіштер маңыздырақ.

Қытайдың классикалық пейзажды панорамасын суретке түсіру үшін  кең форматты объектив пен орта форматты пленканы пайдаланамын. Мен осы өзеннің ел мәдениеті мен тарихындағы ойып алар орнын, оның неліктен экономиканың іргетасы саналатынын көрсеткім келеді. Себебі ол сан ғасырлар бойғы табиғи қалпын әрең сақтап тұрғанына қарамастан, Қытайдың солтүстік жазығындағы 200 миллионға жуық адамның күнкөрісін қамтамасыз етуде.

Осы нәзік ландшафттағы үйлесімсіздікке назар аудара отырып, біздің материалдық қалауымыз табиғат есебінен өтелетінін көрсеткім келді.

«Сары өзеннің» төменгі ағысындағы Шаньдон провинциясында тербелме сорғы жабдықтары балық фермасына тым жақын орналасқандықтан өнеркәсіп айналаны улауда. Жергілікті тұрғындар жел турбиналары көлеңкесімен өтіп бара жатыр. Қытай – жел, фотоэлектр қуаты мен интеллектуалдық желі технологиясында көшбасшы саналады. Олар Франция мен Германияны қоса алғандағы көрсеткіштен баламалы энергия қуатын көп өндіреді.

       

Пікір жазу