.

Ерейментаудағы алыптар

Дүниежүзілік жел энергетикасы қауымдастығының болжамынша, 2020 жылға қарай әлемде жел электр станциялары (ЖЭС) өндіретін қуат көлемі 12 пайызға артпақ. Соның есебінен жыл сайын ауаға тарайтын көмірқышқыл газдың көлемі 1,5 миллиард тоннаға дейін кемитін болады.

Дәл қазіргі уақытта дамыған елдердегі ЖЭС-тер қуат көздеріне деген сұраныстың бестен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр.

Баламалы қуат көзін алуда жер көлемі үлкен Қазақстанның да әлеуеті аса зор. Олай дейтініміз, қазақ жерінде жыл он екі ай бойы желдің орташа жылдамдығы секундына 5,8-6,5 метрді құрайтын аймақтар баршылық. Сондай өлкелердің бірі – Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданы.

Осы ауданда Қазақстанның «Болашақтың энергиясы» бағы­тындағы қадамы нық екендігін айқындау мақсатында 2015 жылы еліміздегі ең бірінші жел электр станциясы (ЖЭС) іске қосылған болатын.

Жалпы аумағы 60 гектар жерді алып жатқан бұл станцияда әрқайсысының қуаты 2,5 МВт қуат өндіретін 22 трубина орнатылған. Ол турбиналар жылына 45 МВт электр қуатын өндіреді.

Мамандардың айтуынша, жел энергиясынан алынатын әрбір 1 МВт 20 жылда алынатын 20 мың тонна көмір немесе 92 мың тонна мұнайды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мұндай қондырғылардың басты ерекшелігі – ауаны ластамайды, пайдасыз газдарды шығармайды және дәстүрлі электр станцияларына қарағанда әлдеқайда тиімді болып табылады.

Фото: Ерболат Шадрахов, Дмитрий Ругис, Сергей Муравьев

       

Пікір жазу