.

Біз өзі кімбіз?


АДАМЗАТ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНІҢ ЭВОЛЮЦИЯСЫ

Белгішелер (мақала ішінде кездеседі) адам эволюциясындағы мәдени және биологиялық белес­терді бейнелейді.


Киборг Нэйл Харбиссонды Барселонада көргенімде, қарақұсынан бастап, біркелкі жирен шашының үстінде шоша­йып тұрған «қара антеннасы» болмаса кез келген хипстерден айырмашылығын байқамағам.

Белфаста туып, Испанияда өсіп-жетілген 34 жастағы Харбиссон Сирек кездесетін ахроматопсия ауруына тап болған: түстерді көрмейді. Оның көздерінің үстінде ілініп тұрған оптикалық-талшықты сенсорға жалғанған антеннасы бар.

Харбиссон ешқашан ақ-қара түсті әлемде өмір сүруді мүгедектіктің белгісі деп санаған емес. «Мен алыстағыны жақсырақ көремін. Сондай-ақ пішіндерді оңай еске сақтап қаламын, себебі түс көңілімді бөлмейді», – дейді ол маған.

Әйтсе де, ол түрлі-түсті заттардың қалай көрінетінін білуге қатты құмартқан-ды. Музыкант ретінде тәлім алған оған бозбала шағында түсті дыбыс арқылы анықтауға тырысу туралы ой келеді. Әлсіз технологиямен жүргізілген бірнеше сәтсіз талпыныстан кейін, жиырмадан асқан кезде оның биологиялық денесіне кибернетикалық жағынан жетілдіретін құрылғыны салып беруге құлық танытқан оташыға (есімін жасыруды жөн көрді) жолықты.

Оптикалық-талшықты сенсор оның көз алдындағы түстерді жинап, басының желке тұсындағы сүйекке орналастырылған микрочип олардың жиілігін тербеліске айналдырады. Бұлар дыбыс жиілігін күшейтіп, чипті үшінші құлақ ретінде ауыстырады. Ол менің пиджагымның түсі көк екенін дәл тауып, антеннасын киборг артисі және биші досы Мун Рибасқа қарай нұсқап, оның бешпетінің түсі сары екенін де айтты. Негізінде, бешпеттің түсі қыша сары болған, алайда оның айтуынша, олар Каталонияда қыш көрмей өскен екен.

Харбиссоннан дәрігердің құрылғыны қалай орнатқанын сұрағанымда ол желке шашын ширақ түрде екіге бөліп, антеннаның ішке кірген тұсын көрсетті. Екі бекітпелі төртбұрышты тақташа қызғылт етке еніп тұр. Жалғамалы имплант тербелгіш микрочипті ұстап тұрса, екінші қондырғы – bluetooth байланыстырушы хаб (торап) арқылы достарынан келеген ақпаратты қабылдай алады.

Антенна Харбиссонның өміріне серпіліс бергендей. Нақтырақ айт­қанда, әлем ол үшін қызығырақ бола түсті. Оның айтуынша, уақыт өте келе әлгі қондырғы көру, не есту секілді ғана емес, алтыншы сезім тәрізді әсер ете бастаған.

Әйтсе де, антеннаның ең ерекше тұсы – оған басқамызда жоқ мүмкіншілік беретіндігінде. Ол шатырдың үстіндегі шамдарға қарап оларды қуаттандыратын инфрақызыл сәулелер өшіп тұрғанын сезді. Қауашақтарға көз тастап, гүлдің ортасындағы шырындардың қайда орналасқанын ультракүлгін белгілерден «көре» алады. Ол қарапайым адамның қабілетіне ие болып қана қойған жоқ, одан да асып түсті.

Оған қоса, бұл бағытта оған дейін Рэймонд Курцвейлдің The Singularity Is Near («Сингулярлық таяп қалды») аталатын танымал кітабында «адамзат қабілетінің кең тарауы» деп көрсетілген. Харбиссон Курцвейлдің арманына әдейі тез арада жетуді көздеген жоқ, оның болашаққа көзқарасы жасандылықтан гөрі табиғилыққа көбірек келеді. Алайда әлемнің тұңғыш ресми киборгы болғалы бері (ол өз антеннасы электрондық құрылғы емес, миының жалғасы екенін алға тартып, төлқұжаттағы суретіне оны киіп түсуге Ұлыбритания үкіметінің келісімін алды), осылайша, ол өз сеніміне көндіруші, яғни насихаттаушыға айналып отыр. Кейінірек Рибас байланған телефонындағы сейсмикалық бақылағышты иығына жапсырылған тербелмелі магнитке жалғау арқылы кейде «трансгуманизм» деп аталатын бағытқа ерді. Жер сілкінісінің сол сәттегі нәтижелерін ала алады, бұл оған жердің тербелісімен байланысын сезінуге және оны бимен көрсетуге мүмкіндік береді.

12 500 жыл бұрын таулы өлкелерде өмір сүруге бейімделді.

Біздің тегіміз эволюциялануды өткен шақта-ақ тоқтатқан деп түсініп келдік. Адам геномының ішіне үңілу қабілеті негізінде біздің биологиямыз нақты ортаға ыңғайланып өзгеруді әлі де жалғастырып жатқанын көрсетті. Біздің көбіміз биік тауда дем ала алмайтындай сезінеміз, себебі оттегі мөлшері жетіспеушілігінен өкпемізге көбірек жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ Анд тұрғындарында гемоглобинге көбірек оттегі жұтуға мүмкіндік беретін генетикалық нақты ерекшеліктер бар. Тибет және Эфиопия халқы биік шыңдарға жеке-жеке бейімделіп, табиғи сұрыпталудың бір мақсатқа, яғни тірі қалу үшін түрлі жолдармен жүретінін көрсетті.


«Біз өз болмысымыздың барлық шектеулерінен асып түсеміз, – деп Курц­вейл уәде беріпті, – өзімізден асып түсу, міне, адам болудың мағынасы – осы».

Анығында, Харбиссонның антеннасы – жаңа арнаның бастамасы ғана. Бірақ біз эволюцияны қайта анықтауға бағыт алдық па? Эволюция – қалаулы тұқымдарды таратудың табиғи сұрыпталуының баяу процесі ғана емес, әлеуетіміз, мәдениетіміз бен өзіміз жасаған гендердің бірігуі үшін жасалған кез келген нәрсені білдіре ме? Егер солай болса, ол бізді қайда апарады?

Қалыпты эволюция биологиялық жаратылыстарда әлі бар және жалғасып та келеді. Анатомиялық тұрғыда қазіргі адамдар шамамен 50-80 мың жыл бұрынғы Африкадан тараған. Біздің негізгі генетикалық еншіміз – әуе­лі алғашқы гомининдерден адамдарға, төрттағандаушылардан аңшылар мен жинаушыларға бейімделген жылы климатқа тиесілі. Алайда содан бері талай жағдай өтті: адамзат әлемнің түкпір-түкпіріне таралып, жаңа жағдайлардан туындаған қажеттіліктер генетикалық құрылымымызды өзгертті.

Бұл үрдістің кейінгі шынайы өмірлік мысалдары жетіп-артылады. Шөлді климатта өмір сүретін аустралиялық аборигендердің бойындағы генетикалық нұсқа кейінгі 10 мың жылда пайда болған, ол аптап ыстық температураға оңайырақ бейімделуге мүмкіншілік береді. Алғашқы қауымдық кезеңде көп адам басқа сүтқоректілер секілді сүтті нәрестелік шағында ғана сіңіре алатын. Бойымызда емшек сүтін қорытатын фермент жасауды тоқтататын гендер бар. Алайда, шамамен, 9 мың жыл бұрын кей қауымдар аңдарды аулап қана қоймай, оларды қолға үйрете бастады. Үй жануарлары дәруменге толы ақуыздар бере бастағанда сол бақташылардың ағзасы генетикалық өзгерістерге ұшырады.

Scientist журналында жарияланған мақаласында Уинконсин-Мадисон университетінің палеоантологисі Джон Хокс осы геннің таралу жылдамдығына таңғалғанын жазады: «Әр буын алмасуда 10%-ға де­йін. Мұның артықшылығы орасан болды, бәлкім, бұл – кейінгі адамзат ерекшеліктерінің ең зоры».

Сол секілді, нәсілі африкалық еместердің бәрінің ата-бабасы Африка құрлығынан таралған кезде қара түсті болған. Ғылымға сүйенсек, тіпті 10 мың жыл бұрын ғана еуропалықтар мен африкалықтардың терісі бірдей болғаны рас. Алайда уақыт өте келе солтүстік адамдарының терісі күннің ультракүлгін сәулесін сіңіруге және Д дәруменін өте тиімді синтездеуге көмектесетін пигменті мол күйден ауысып, эволюцияға ұшырады.

Эволюция – қатыгез процесс, тірі қалу ықтималдығы көбейгенде ол кейде неше түрлі әдіспен өзгеріс жасаудың жолын табады. Кей Таяу Шығыс халықтарында солтүстік еуропалықтардан өзгешелейтін сүт қантына (лактоза) қарсылықтан қорғайтын генетикалық нұсқа бар. Сондай-ақ африкалықтарды безгектен қорғайтын бірнеше ерекше генетикалық бейімделу түрі бар (біреуінің ең басты кемшілігі – егер өзгерген ген түрі ата-анасының екеуінен де берілсе, орақ тәрізді жасушалы қаназдыққа душар етеді). Соңғы 50 жылда ғалымдар Анд, Эфиопия және Тибет халқының өте биіктікте еркін демалуға мүмкіндік беретін бірнеше бейімделу түрін анықтады. Анд халқы қан құрамында көп мөлшерде оттегі ұстап тұра алады. Тибеттіктер арасында 10 мыңдаған жыл бұрын жоғалып кеткен адамзат шежіресінің жұмбақ бұтағы денисовтіктермен будандасу нәтижесінде пайда болған геннің дәлелдері бар. Осы бейімделу өте биіктікте өмір сүретін жергілікті халыққа таудағы оттегі жетіспеушілігінен тұншыға есеңгіреген жолау­шыға қарағанда еркін тыныстауға мүмкіндік береді.

8000 жыл бұрын шөлді ауа райына бейімделу.

Шөл дала бір кездері Аустралия, Жаңа Гвинея мен Тасманияны біріктіріп тұрған континент Сахул тұрғындарына эволюциялық сынақ әкелді. Шамамен 50 000 жыл бұрын қазіргі аборигендердің ата-бабасы Сахулды кесіп өткеннен кейін, оларда түні суды мұз ғып қатыратындай суық және күндізі 37°С-ден жоғары температурада өмір сүруге мүмкіндік беретін бейімделгіштік дамыды. Зат алмасуды реттейтін гормондағы генетикалық мутация осындай өмір сүргіштік артықшылық береді, әсіресе, дене қызуы көтерілгенде пайда болатын артық энергияны модульдеу арқылы сәбилерге ерекшелік әкелді.


Бұрынырақта Origin of Species («Түрлердің шығу тегі туралы») еңбегінде Чарльз Дарвин жаңа пікірталас бастады: «Табиғи сұрыпталу – бұдан кейініректе көретініміздей, әрдайым әрекет етуге дайын және адамның әлсіз талпыныстарынан анағұрлым басым, өйткені табиғат жұмысы адам шығармашылығынан алда тұрады». Кітап 1859 жылы жарыққа шықты. Сол кездегі рас болған нәрсе қазір де солай ма? Тіпті Дарвиннің заманында ол болып па еді? Биологиялық эволюция өсімдіктер мен жануарлардың будандасуы адам қолымен жасалатын генетикалық эволюцияға қарағанда, ымырасыз және шебер болуы мүмкін.

Бүгінде біздің әлемімізде репродуктивтік табыстың және осылайша, эволюциялық өзгерістің негізгі қозғаушысы – мәдениет және оның «қандықол» туысы технология. Мұның себебі – эволюция заманауи өмірдің жылдамдығы мен әр алуандығына сай келмейді. Кейінгі кездегі эволюцияның жеткен жетістігіне қарамастан, компьютер экранына, 24 сағаттық кестеге, қуырылған тұзды қытырлақ жүгері мен патогендік ағзалары түгесілген қоршаған ортаға қаншалықты әлсіз бейімделгенімізді ойлаңызшы. Неліктен біздің биологиялық сағатымыз бұлжымайды? Біздің бір көзге пайдасыз көрінетін бір кездері, бәлкім, шөпті қорытуға көмектескен соқыршегіміз неліктен қантты ерітуге бейімделмейді? Егер адам генетикасын технология компаниясы деп алсақ, бу машинасы ойлап табылғанда-ақ ол тақырға отыратын еді.

Бұл үш аптада жаңа төл туа алатын тышқандарда әбжіл жұмыс істеуі мүмкін, алайда адамзатта мұндай жағдай баяу жүреді: буын алмасу әр ­25-35 жыл аралығында ғана не сол шамада өтеді. Мұндай жылдамдықпен айрықша белгілер бүкіл халыққа таралуы мыңдаған жылға созылуы мүмкін. Генетикалық эволюцияның қолапайсыз хаттамасына қарап, технологияның одан асып түсуіне таңғалудың қажеті жоқ. Технология физикалық мүмкіншілігімізді нығайтып, зияткерлік ауқымын тереңдетіп, жаңа әрі сынаққа толы қоршаған ортаға таралуға мүмкіншілік бере отырып, бұл жұмыстың көбін орындайды әрі оны өте жылдам атқарады.

«Адамдар Дарвин мен ДНҚ-ға байланып қалған, – дейді Гарвард және МИТ университетінің қызметкері, молекулалық инженер Джордж Черч. қазіргі таңда сұрыпталудың көбі мәдениет пен тілде, компьютерлер мен киімдерде кездеседі. Баяғыда, ДНҚ заманында, егер сіз айтарлықтай мутацияға ұшырайтын болсаңыз, оның адамзатқа тарауына жүз мыңдаған жыл керек еді. Ал бүгін жаңа ұялы телефон не түрленген өндіріс процесі бір аптаның ішінде таралып үлгереді».

Расын да, жағдай одан сайын күрделене түсті. Кейбіріміз Черчтің молекулалық медицина мен гендік терапия әлемінде өмір сүріп жатыр­мыз және генетикалық құрылымымыздың түпнұсқасы түзетуді қажет ететін қалыпқа айналатын уақытқа қарай бет алғандаймыз.

Дегенмен үрдістің бәрі қайтарымсыз емес. Кей жағдайларда табиғи сұрыпталу біз үшін де назарға қайта ілігуі ықтимал. Егер, мәселен, 1918 жылғы испан тұмауына ұқсас жаһандық ауру тараса, қоздырғышқа қарсы әсері барлар өте зор эволюциялық артықшылығы болуы ықтимал және басқамыз қырылып қалғанда, олардың гендері болашақ ұрпақтарына берілуі мүмкін.

Бүгінде көптеген жұқпалы ауруға қарсы дәрі-дәрмектерге иеміз, алайда вирусты бактериялар кейінгі кезде өзгеріп, антибиотиктерге бой бермейтін болды. Реактивті саяхат ауру жұқтырған агентті 1-2 күнде әлемнің түкпір-түкпіріне жеткізеді. Бір кезде оба тасыған бүргелер қыста қырылып қалып отыратын еді.

Нью Йорк университетінің микробиологі Элоди Гейдин әлем бойынша 35 миллион адамның өліміне әкелген, қайтыс болғандар саны долбарлап айтқанда, 1918 жылғы індетпен шамалас ЖҚТБ-ның мысалын қозғады. Сөйт­сек, өте сирек, яғни 1%-ға жетпейтін адамдарда АИТВ-ға душар ететін вирус ЖҚТБ жабысуы керек жасушалы ақуыздың әрекетін өзгертетін мутациялы гендері болады екен. Соның арқасында оларға ауру жұғуы мүмкін емес. Егер Нью Йорк қаласының ең сапалы антивирустық дәрілері қолжетімді Гринвич ауданында тұрсаңыз, ол ген тірі қалу-қалмауыңызды шешпеуі мүмкін. Бірақ Африканың ЖҚТБ басым ауылдық жерлерде оның әсері орасан.

Қазіргі күн технология және табиғи сұрыпталу текетіресі

«Миы іріленген адамдар, яғни біз табиғи сұрыпталудың күшін бейтарап ету үшін көп нәрсе жасадық. Кұрал-саймандарымызбен, дәрі-дәрмектермен және басқа мәдени инновациялармен эволюцияның шарықтау шегінен өткен «суперқоңызға» қарсы өзімшіл жарысты бастап кеттік. Аурудың әлемге таралу жылдамдығын ескерсек, біз жаңа індетті ғасырда өмір сүріп жатырмыз және оны тоқтату үшін әрекет етуіміз керек», – дейді EcoHealth («ЭкоДенсаулық») ұйымының аурулар экологі Кэвин Оливал. Өмір сүру ортасын қирату мен климаттың өзгеру әсерінен туындаған бетбұрыс бұрын адам иелігінен тыс болған қоздырғыштармен халықтың көбірек байланысуына әкелуде.


Адамзат драмасында гендердің қайта ортаға шығуы мүмкін болған сценарийлер өте көп. Аризона университетінің астрономия профессоры және ғарыш сапары маманы Крис Импий біздің немерелеріміздің заманында тіршілікке икемді генетикалық қоғам құруға қажетті 100-150 адамның Марс­қа тұрақты қоныс тебуі жөнінде жорамал құрады. «Алғашқы қоныстанудың кіші толқыны тіпті жақында болуы ықтимал, – дейді ол. Илон Маск желім иіскеп алса, 10-15 жылға дейін деп айтуы ықтимал. Алайда 30-40 соншалықты негізсіз көрінбейді. «Қоныс тебу жолға қойылғанда, – деп қосады ол, – табиғи эволюциялық процестер үдейді. Саяхатшылардың не коло­нистердің көзқарасын біршама озбыр жолға өзгертетін өте жасанды және физикалық қиын қоршаған орта болады. Қызыл планетадағы тартылыс күші жердегіге қарағанда шамамен үштен бірі болуы себебінен, жердегі адам Марсқа ауысқанда ұзын және арығырақ болуы ықтимал. Буын ауысқан сайын адамдар шаңмен ешқашан тікелей кездеспейтін ортада өмір сүретіндіктен, кірпіктер мен денедегі түктер түсіп қалуы бек мүмкін». Импий «Марстағы адамдардың басқа планеталықтармен аралас некеге түспейді» деген есеппен айтарлықтай биохимиялық өзгеру «ондаған буын физикалық ауытқудан» кейін іске асатыны туралы болжамын айтады.

Қазіргі таң және таяу келешек «өзің жасап ал» эволюциясы

Экстракорпоральді ұрықтандырумен біріккен келесі үрдіс бізге эмбриондардағы ауыр медициналық жағдайларға апаруы ықтимал мутацияларды тексеруге мүмкіндік береді. Басқа ағзаларға көптеген зерттеу жасалып үлгерді, мысалы, масаларға Зика не безгек тасымауы үшін жәндіктің геномын ауыстыруға талпыныс жасалды. Біз мұндай әдістерді сәбилеріміздің «дизайнын жасау» үшін қолдануымыз мүмкін: мәселен, қалаған шаш пен көз түсін таңдау. Бірақ солай жасауымыз керек пе? «Оның көлеңкелі тұсы бар екені анық, – дейді биоэтика маманы Линда Макдональд Гленн, – алайда біз адамзат туралы ойлаймыз, оған қоса, одан бас тарта алмаймыз. Себебі біз – болмысымызбен қолөнер шеберіміз».


Технология басымдығы артқанына қарамастан, адам баласының күшті генетикалық құрамы бар бір нышанының құны артады. Адамзаттың әлемдік талабы асқан ақылдылық болып қала береді. Басқа белгілер соншалықты қажет, сондай пайдалы емес, бұдан кейінгі біз елестете алатын әлемде оның қолданылуы түрленеді. Бұл Африкада өмір сүрген ата-бабаларымызға керек болды және егер Проксима Центавр жұлдызында айналып жүрген планетаға жетсек, біздің ұрпағымызға да қажетсіз болмайды. Жүз мыңдаған жылдан ке­йін біздің геніміз миға өте көп қорек бөлуге бейімделеді, алайда ешқашан жеткілікті деңгейде ақылды болмайтынымыз анық.

Ата-бабаларымызға қарағанда, бізге мәселені шешу үшін эволюцияны күтудің қажеттілігі туындамауы мүмкін. Оксфорд университеті, Адамзат болашағы институтының зерттеушілері Ник Бостром мен Карл Шульман 2013 жылы Global Policy журналында ақылды арттырудың әлеуметтік әсерін зерттеуді бастады. Олар экстракорпоральды ұрықтандыру кезіндегі эмбрион таңдауды назарға алған. Экстракорпоральды ұрықтандыру кезінде ата-аналар эмбрионды таңдай алады. Олардың есептеуі бойынша, берілген 10 эмбрионның ішінен «ең ақылдысын» таңдау сәбидің IQ деңгейін, долбарлап айтқанда, әдеттегіден 11,5 пайызға өсіреді. Ғылыми жұмыс «қымбат және қиын» деп төмендете көрсеткендей, егер жұмырт­қалар пайда болуын жылдамдатуға әзір әйел көбірек белсенді гормондық ем алғанда, оның (ақылдылықтың, IQ-дің) сапасы артады.

Әйтсе де, шынайы пайда емделушінің үрім-бұтағына берілетін құрамда болады: Шульманның айтуынша, 10 буын ауысқаннан кейін пациенттің ұрпағы сегіз буын бұрынғы әжесіне қарағанда 115 ұпайға артық IQ деңгейінің қызығын көруі мүмкін. Ол өте оптимистік болжамдарға сүйенеді, алайда бұл генетикалық массажды қабылдаушыларда кемінде, орташа есеппен, қазіргі таңдағы данышпанмен тең ақылы болады. Шәуетке, не жұмыртқаға алты айда айналуы ықтимал ұрықтың оқпанша жасушасын пайдалану өте жылдам нәтиже беруі мүмкін. Кім тегі данышпандар нәсілінен шығу үшін екі ғасыр күткенді қалайды дейсің? Шульман сондай-ақ ғылыми жұмыстың бір анық шындықты назардан тыс қалдырғанын айта кетті: «Оныншы буын кезінде аса күшейтілген адамның бәрінен асып түсетін компьютерлік бағдарламалар болуы мүмкін».

Дегенмен мұндай оқиғаға үзілді-кесілді қарсылық та жоқ емес: ақылды ұрықты таңдау үшін генетикалық негіз туралы білетініміз әлі де жеткіліксіз. Мәселені түсінгендіктен авторлар «заманауи когнитивті дамытуды» таңдау мүмкіншілігі 5-10 жылдан кейін ғана келуі ықтимал деп сендіреді.

Бір қарағанда, бұл мүмкін еместей көрінеді. Ақылдың генетикалық негізі – өте күрделі. Ақылдың бірнеше құрамы бар және оның кейбір жеке қырлары мультигенетикалық екені анық, сондай-ақ солардың бәріне қоршаған орта факторлары әсер етеді. Мичиган мемлекеттік университетіндегі зерттеу орталығының вице-президенті, BGI-дағы (бұрынғы Бейжің геномдық институты) Танымдық-геномдық зертхананың негізін қалаушылардың бірі – Стивен Чьу 2014 жылғы мақаласында шамамен 10 мыңнан астам ақылға әсер етуі ықтимал генетикалық нұсқа түрін санап шықты. Бұл адам шошытарлықтай болып көрінуі мүмкін, алайда оның пікірінше, сондай көп нұсқаны басқарудың мүмкіншіліктері таяу. «Алдағы 10 жылда, – деп жазады ол. – Ал басқа ғалымдар да «ақылдылау» эмбриондарды таңдауды бастау үшін оған қатысатын бүкіл генді білудің қажеті шамалы»,– деп есептейді. «Бұл жерде сұрақ қаншалықты білетініміз не білмейтініміз туралы емес, – дейді Черч. – Мәселе – әсер ету үшін қаншалықты білуіміз қажет екендігі жайлы. Вакцина жасау үшін шешек туралы қаншалықты білген едік?»

Егер Черч пен Чьу дұрыс айтса, таяуда бізге өзімізден басқа ештеңе кедергі бола алмайды. Бәлкім, біз Евгениканы өзіміздің табиғи геномдерімізге пайдалануды қаламайтын шығармыз. Ендеше, тоқтаймыз ба? Егер солай болса, қашанға дейін? Черч зертханасында жартылай жетілдірілген, адам әуестігінің кемшіліктерін тестілейтін CRISPR-Cas9 деп аталатын жаңа технология пайда болды. 2013 жылы тұңғыш рет сынақтан өткізілген CRISPR – геннің ДНҚ тізбегінің бөлігін тез әрі ұқыпты кесіп алып, басқасын қоятын тәсіл. Ғалымдардың бірнеше жылын алатын іс бүгінде қас пен көзің арасында атқарылады. («National Geographic» журналының 2016 жылы тамыз айындағы санында жарияланған «ДНҚ революциясы» мақаласын оқыңыз).

Таяу болашақ ғылыми фантастика шындыққа айналуда.

50 жылдан аса уақыт бұрын екі ғалым «киборг» сөзін қиялдағы ағза, жартылай адам, жартылай машина ретінде қолданған. Алайда бүгінде шамамен 20 мың адам тәніне есіктерді ашатын қондырғылар орнатқан. Түстерді қабылдауды дыбысқа айналдыру үшін басына орнатылған антенна көмегімен еститін Нэйл Харбиссон келешекті мұндай технологияны пайдалану арқылы сезімімізді кеңейтетін анағұрлым дамыған әлем ретінде көреді. «Қараңғыда көру құрылғылары қоршаған ортаға бейімделуге: планетаның орнына өзімізді жобалауға мүмкіндік береді. Планетаны жобалау оған зиян тигізеді», – дейді ол.


Адам геномін өзгерту үшін қашықтықтан басқарылатын қуатты технология бұрын-соңды жасалған жоқ. CRISPR мен ЭКҰ-ны салыстырыңыз. Экстракорпоральды ұрықтандыруда сіз табиғат ұсынысы арасынан бір эмбрионды таңдап аласыз, алайда берілген ұрықтар, мәселен, кездейсоқ «ақылды емес» болып шықса ше? Көбею кездейсоқ. Рас-өтірігі белгісіз мына оқиға мәселені ашып көрсетеді: биші Айседора Дункан драматург Джордж Бернард Шоуға екеуінің баласы болса, түрі өзіне, миы оған ұқсауын ұсынған. Шоу қарсылық танытып былай депті: «Бірақ оның миы – сізге, түрі маған тарт­са ше?» CRISPR мұндай қауіпті болдырмайды. ЭКҰ мәзірге тапсырыс беріп жатса, CRISPR тамақ әзірлеп үлгереді. Расында, CRISPR арқылы ғалымдар жұмыртқаға не шәуетке тікелей жаңа генетикалық ерекшелік орната алады, сондықтан Шоудың ақылы мен Дунканның түрі бар сәбидің біреуін ғана емес, таусылмас нәсілін тудыруға болады.

CRISPR-ді қолданып, жануарларға талай эксперимент жасалды. Черчтің зертханасында бұл әдісті шошқа ағзасының мүшелерін адам ағзасына қауіпсіз трансплатациялау үшін олардың эмбриондарын қайта өзгерту процедурасын пайдалана алды. МИТ Медиазерханасындағы Черчтің әріптесі Кэвин Эзвелт тышқанды Лайм ауруын тудыратын бактериялардан ада болуы үшін жәндіктің геномын өзгертумен айналысуда. Үшінші зерттеуші, Ирвайндағы Калифорния университетінің қызметкері Энтони Джеймс безгек масасына ауру паразитін таратуды тоқтататын гендер енгізді.

Алайда сол аралықта Қытай зерттеушілері өлім ықтималдығы бар қатерлі қан бұзылуы бета-талассемианы тудыратын генетикалық кемістікті түзетіп көру үшін CRISPR-ді адамның өмірге қабілетсіз эмбрионына қолданғандарын жариялап, елдің бәрін таңғалдырды. Олардың талпыныстары сәтсіз болды, десе де, олар кемістікті жоюдың жолын табуға бір табан жақындады. Осы орайда, қауіпсіз және тиімді болғаны дәлелденгенше, адам гендеріне мұрагерлікке берілетін өзгерістер жасайтын бүкіл ем-дом шараларына халықаралық мораторий жарияланды. CRISPR одан тыс қалған жоқ.

Бұл мораторий созыла ма? Менімен сөйлескендердің ешқайсысы олай ойламайды. Кейбірі ЭКҰ-ның тарихын мысал ретінде келтірді. Бастапқыда оны ұрпақ сүйе алмайтын жұптарға медициналық емдеу процедурасы ретінде жарнамалаған. Кейінірек оның зиянды генетикалық ауруды түбірімен жою қабілеті бары анықталады. Гентингтон не Тей-Сакс дертін тудыратын мутациясы бар отбасылар құрсақ көтеруге аурудан таза эмбриондарды таңдау үшін жоғарыда аталған тәсілді пайдаланды. «Мұндай технология түріне тыйым салынып, қолданылмауы, – дейді Монтерей Бэйдегі Калифорния мемлекеттік университеті био­этика маманы Линда Макдональд Гленн, – эволюцияны «игілікті болды» деген пайымдауда жатыр, яғни ол – «оңды болды» деген ой. О, Құда­йым-ау, бірақ бұл олай емес қой! Көп қателіктен туындаған ауыртпалық пен қиыншылық туралы ойласаң, алжаса бастайсың».

ЭКҰ танымал болған сайын оның жыныс таңдаумен қоса, аурудың алдын алу мақсатында таралуы құпталған, атап айтқанда, бұл үрдіс ұлды болуға «құштар» Азияда, ата-аналар «отбасы тепе-теңдігі» құндылығы туралы талқылайтын Еуропа мен Америкада да кездеседі. Ресми түрде медициналық емес қолдануға бағытталған үрдіске қатысты. Бірақ біз – қашан тоқтау керек екенін білмейтін жаратылыспыз. «Мен танитын ЭКҰ мамандарының біразы армандағы көз бен шаш түсі секілді басқа да қалаған ерекшеліктерді бақылай алатынын айтты, – дейді Гленн. – Басқаша айтқанда, таңдауыңыз жасыл көзді, жирен шашты балаға түссе, қалауыңыз орындалады».

ЭКҰ-ға қарағанда, CRISPR – атап айтарлықтай, өте күшті технология, генетикалық керемет нәсілдің кей түрін шығаруға талпыну әрекетін қосқанда, оны теріс пайдалану қатері зор. Жобаны ашқандардың бірі – Берклейдегі Калифорния университетінің молекулалық биология және химия профессоры Дженнифер Дудна «Адольф Гитлердің шошқа бейнесін бүркеніп, ЭКҰ әдісін өзінен үйренуге келсе ғой» деп армандайтынын баяндаған. Таяуда маған жазған хатында мораторийдің әлі де жалғаса беретінінен үмітті екенін айтыпты. «Бұл, – деп жазады ол, – біздің қоғамға мақсатты және абайсыз геномдерімізге жасалатын өзгерістердің салдарын зерттеуге, түсінуге және талқылауға уақыт береді».

Екінші жағынан, CRISPR-ді адамдарға қолданудың ықтимал пайдасы дау­сыз. Гленн кемінде әдісті әуелі қалай қолдану туралы «ақылға қонымды талқылау» болатынынан үмітті. «Өзімізді дамытуға әрекеттенгенде, жаңа ұстанымға не айналады? – деп сұрайды ол. – Тыйымды кім анықтайды және оны жетілдіру нені білдіреді? Адамдарды ақылды ету үшін жетілдіруге болар, алайда бұл адам бұрынғыдан да жетілген немесе бақыттырақ болады деген сөз бе? Ізгілікті де жетілдіру қажет пе әрі ол нені білдіреді?»

Алыс келешек адамзат қызыл планетаға бейімделе ала ма?

Адамзат нормаларынан көлемді эволюциялық айырмашылықта болу халықтың мыңдаған жыл бойы жерге ұқсамайтындай ортаға шеттетілуін қажет етеді. Әйтсе де, жарты ғасыр өтпей-ақ, Марсқа кішігірім қоныс тебуіміз ықтимал. Кейіннен үлкен қауым болып, санын сақтап қалу және көбейту үшін жыныстық жағынан жетілген жастағы 100-150 адам барады. Мінсіз Марста тұру деңгейіне дейін дами аламыз ба? Ғарыш саяхаты маманы, Аризона университетінің астрономия профессоры Крис Импий арасында табиғи эволюциялық үрдісті жеделдете алатын ғалымдары бар Марс тұрғындары колониясы болады деп болжайды. Жердің тартылыс күшінен 40 пайыз аз атмосферада дене ұзын және жіңішке болып келеді, сондай-ақ шаңсыз әрі бақыланатын ортада түк өспейді.


Көптеген басқа ғалымдар адам мәселені анықтау үшін күтіп отырмайды деп есептейді, CRISPR қауіпсіз екені байқалған бойда, этикалық сұрақтар ЭКҰ-да болғандай, бір шетке ығысады. Черчтің пікірінше, бұл тұста әлі де болса бір нәрсе ескерілмей отыр: генетикалық реинжиниринг шлюзі ашылып қойған, ал CRISPR өзеннің бір тамшысы секілді. Ол қазірде 2300 гендік терапия сынақтары жасалып жатқанын ескертті. Өткен жылы BioViva компаниясының басшысы гендік терапия екпелері арқылы өз денесіндегі қартаюдың кей белгілері сәтті қалпына келгеніне сендіріп бақты. «Әлбетте, – дейді Черч, – кәріліктің алдын алу да – басқа талқылағандарымыз секілді әурешілдік ғана». Альцгеймерге қарсы бірнеше гендік терапия сынақтары да басталып кеткен. Бұған ешқандай қарсылық бола қоймауы тиіс, себебі оны қауіпті медициналық жағдайды емдеу мақсатында жасап жатыр. Алайда Черч айтып өткендей, Альцгеймерді тоқтататын кез келген дәрі танымдық қабілетті арттыру үшін де іске жарайды және айтарлықтай әсер етеді. 2016 жылғы ақпанда Ұлыбританияның бала туу жөніндегі тәуелсіз басқармасы зерттеу тобына сәби шетінеу себебін анықтау үшін CRISPR-ді пайдалануға рұқсат бергенде арадағы шекара шытынай бастады (тәжірибе кезінде пайдаланылған бүкіл эмбриондар артынша жойылып тасталады, ешқандай жүктілікке апарар жағдай болмайды).

Черч келесі тарауды тағатсыздана күтуде. «ДНҚ мәдени эволюцияның шаңында қалып кетті, – дейді ол, – алайда қазір қуып жетуде».

Біздің денеміз, миымыз бен айналамыздағы машиналар, Курцвейл болжағандай, бір күні бәрі алып ортақ интеллект болып бірігуі мүмкін. Алайда табиғи эволюция көрсетіп кеткендей, бір мақсатқа апарар жол көп. Біз – өз шектеулерімізді үздіксіз жамап қоюға тырысатын мақұлықпыз. Эволюция бірнеше параллель жолдармен жүреді. CRISPR соншалықты теңдессіз қабілет беретініне қарамастан, 10 жылдан кейін көп адам қазіргі кезді аңсайтын не керексінетін болады. Олар Нэйл Харбиссоннан үлгі алады. Сыртқа шығып, технологияны бағындырудың орнына, олар оны өзімен бірге тасып жүреді.

Медицина әрдайым мұндай қолданыстардың алғы шебінде жүреді, себебі біреуді жақсарту үшін технологияны пайдалану күрделі моральдіқ сұрақтарды жеңілдетеді. Әлемде Паркинсон ауруынан жүз мыңдаған адам зардап шегуде. Соқырлықтың кей түрлері үшін жасанды көз торы мен есту қабілеті нашар адамдарға арналған шиырша қондырғылар кең қолданыста. АҚШ қорғаныс басқармасының әскери зерттеу бөлімі Жетілдірілген қорғаныс зерттеу жобасы агенттігі DARPA арқылы жобаны қаржыландырып отыр. Оңтүстік Калифорния университеті нейро-инженерлік орталығының зертханасында мұндай қаржыландыруды пайдаланып, жоғалған ақыл-есті қалпына келтіретін чип қондырғыларды тәжірибеден өткізіп жатыр. Оның хаттамасы бір күні Альцгеймерге шалдыққандар мен инсульт алған, не зақымданған ми жарақатынан зардап шеккендерге қолданылуы мүмкін. Өткен жылы Питсбург университетінде бір кісі компьютер арқылы миындағы электр импульстарын робот қолға жіберіп, саусақтардың не нәрсеге тигенін сезе алды. Адам миын машинаға жалғау DARPA болжамаған теңдессіз жауынгер шығаруы ықтимал. «Ол жердегілердің бәрінде екі мақсат бар, – дейді аталған талпыныстарды The Pentagon’s Brain («Пентагон миы») кітабында жазған Эни Джейкобсен. – DARPA-ның жұмысы халыққа көмектесу емес екенін есте ұстау керек. Олардың мақсаты – болашақтың теңдессіз қару жүйесін жасау».

Адамды жетілдіру оның қабілетінен тыс күш иеленуді қажет етпейді. Жүздеген адамның денесінде ештеңені түртпей-ақ есіктерді ашатын не өз компьютерлеріне кіретін радио толқынды анықтайтын құрылғылар орнатылған (RFID). Dangerous Things («Қауіпті заттар») компаниясы тері астына орнатылатын 10 500 RFID чиптерін нұсқау­лықтарымен бірге сатқанын мәлімдеді. Соларды сатып алатын адамдар өздерін «дене хакерлері» не «гриндерлер» деп атайды.

Рединг және Ковентри университеттерінің инженерия саласының құрметті профессоры Кевин Уорик 1998 жылы тұңғыш рет денесіне RFID құрылғысы орнатылған адам атанды. Айтуынша, ол температура мен жарығы компьютерлі өшіргіштер мен автоматты сенсорлармен жабдықталған ғимаратта жұмыс істеу барысында бұл шешімге табиғи қажеттіліктен келген. Ол өзіне баспана болған ғимарат секілді ақылды болуды қалапты. «Адам болған әрине жақсы, – дейді Уорик 2002 жылы британдық газетке берген сұхбатында. – Тіпті, кей сәттерде рақаттандым да. Алайда киборг болудың артықшылығы мол». Келесі бір гриндердің құлағының ішіне құлаққап орнатылған. Ол жамбас сүйегінің астына вибратор орнатып, интернет арқылы өзі секілді қондырғысы барлармен байланысуды қалайды.

Мұндай нәрсені мысқылдау оңай. Тәжірибешілер қолға жабысқан қауырсын қалақша арқылы ең алғаш ұшуға тырысып көрген адамды еске салды. Дегенмен Харбиссоннан антеннасы бас сүйегінің қай жерінен енгенін сұрағанда келесі нәрсені аңғардым. Мен сұрақтың қаншалықты келісті шыққанына сенімді болмаған екенмін. Филип Кэй Диктің Do Androids Dream of Electric Sheep? («Андроидтар электрондық қойларды түстерінде көре ме?») кітабындағы Blade Runner («Ұстараның үстімен жүгіруші») киносына арқау болды) атты новелласында андроидтан қуаттандырғыш механизм туралы сұрау дөрекі саналады. «Ештеңе мұншалықты әдепсіз болуы мүмкін емес», – деп ой түйеді әңгіме авторы. Бірақ Харбиссон антеннасы қалай жұмыс істейтінін көрсетуге құмарлық танытты. Ол маған адамдардың жаңа смартфондары мен фитнес-трекерлерін қуанышпен көрсететінін еске салды. Харбиссонның менен, не кез келгенімізден айырмашылығы қандай екендігіне таңғала бастадым.

2015 жылы Нилсен жасы 18-ден асқан ересек адам шамамен 10 сағат экранға қарайтынын мәлімдеді (салыстырып қарасақ, біз жаттығуға 17 минут жұмсаймыз). Мен бала кездегі ең жақын досымның үй телефонын әлі күнге дейін жатқа білемін, бірақ қазіргі жақсы жолдастарымның ешқайсының нөмірі есімде жоқ (Британияда жарияланған зерттеуге сәйкес, бұл 10 адамның жетеуінде кездеседі). 10 америкалықтың жетеуі рецепт бойынша дәрі қабылдайды, соның ішінде 40-тан және 50-ден асқан төрт әйелдің біреуі депрессияға қарсы дәрі ішеді. Алайда зерттеу солардың кейбіріне емделуден гөрі жасыл желекті жерде серуендеу пайдалырақ екенін көрсетті. Басқа тағатын виртуалды шындық құралдары – өте көп сатылатын ойыншық. Біздің көлігіміз – аяғымыз, калькуляторымыз – миымыз, Googlе – жадымыз. Қазір өміріміз – органикалық немесе технологиялық, көміртегі мен кремний арасында анық бөлігі жоқ жартылай биологиялық тірлік. Біз әлі қайда бара жатқанымызды білмеуіміз мүмкін, бірақ әлімсақтан әлдеқайда алшақтап кеттік.


Д.Т. МаксNew Yorker қызметкері және The Family That Couldn’t Sleep: A Medical Mystery («Ұйықтай алмаған отбасы: медицина жұмбағы») кітабының авторы. Оуэн Фриман – иллюстратор. Оның өнер туындылары ғылым, тарих қамтиды. «National Geographicтің» түрлі жарияланымдарында еңбегі жарық көрген артист Альваро Валино осы оқиғада қолданылған белгілерді жасады.

       

Пікір жазу