.

Дода

Фото: Максим Рожин

Жаужүрек бабаларымыздан қалған асыл мұраның бірі, ұлттық ойын – көкпар. Ер жігіттің ат құлағында ойнайтын шеберлігі, ептілігі мен күш-қайраты сыналатын осынау ұлттық ойын түрі, әсіресе, еліміздің оңтүстік өңірінде кеңінен етек жайып, ерекше қарқынды дамып келеді. Оңтүстік Қазақстан облысының әрбір елдімекенінде көкпарды жаппай тарту

жұртшылықтың ерекше ықыласына ие. Ал жас-кәрісіне қарамай делебесі қоза араласа кететін шабандоздар аламанын сыртынан тамашалаудың өзі бір ғанибет. Тіпті, мұны кәдімгі иен даладағы шоу деуге болады.

Белгілі журналист әрі фотограф Максим Рожин осындай бір кезекті шоудың куәсі болды.

– Менің ойымша соңғы кездері асқа, той-томалаққа қарамай-ақ ауылдастар өзара алқа болып ұйымдастыра кететін бұл ойынға «даладағы казино» деген атау лайық секілді. Өйткені, кейінгі жылдары көкпарға қыруар қаржы тігу дәстүрге айналуда. Қалаберді салымға тасталар сыйлықтар арасында көліктер мен ірі қара да бар. Ал Наурыз мерекесі секілді үлкен халықтық мейрамдарда тігілетін бәйгенің бәсіресі өз алдына. Мысалы, былтыр Түркістан қаласында Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған көкпарға 40 түйе тігілген деседі, дейді Максим.

Көкпардың жаппай тарту түрі бар. Оған бір мезетте 200-ден 2000-ға дейін шабандоз қатысып, бір серкеге таласады. Арыс қаласының маңында өткен бұл көкпарға облыстың түпкір-түпкірінен 700-ге жуық қатысушы келіпті. Бір салымға 3 млн теңге тігілген екен. Айтпақшы, қатысудың үш амалы бар: салымға көкпаршы ретінде қатысу (мықты шабандозға сұраныс әрқашан болады, оның өнерін тамашалаудың өзі бір ғанибет), жылқы иесі де көкпарға қатыса алады (өз жылқысын мықты шабандозға ұсынып, қатыстырады), көкпардың салымына сыйлық тағайындаушы ретінде қатысу (салымға сыйақы тағайындау).

Фото: Максим Рожин

       

Пікір жазу