.

Тас бол!

Ғажап жаңалық
110 миллион жыл бұрын мына жануар тасыған өзеннің екпінімен теңізге ағып кеткен. Динозавр теңіз түбінде тасқа айнал­ғандықтан оның сауыты жақсы сақталды. Бас сүйегіндегі жалпақша өсінділері мен таспен қапталған терісінің сұр патинасы баз-баяғы қалпында.

Канада кен орнындарының бірінде ең жақсы сақталған динозавр қаңқалары бар.


Жұмбақты шешу

Нотозаврдың ұзындығы – 5,5 метр, ал салмағы 1300 келі тартқан. Зерттеушілер оны әу бастан бүтіндей тасқа айналған деп болжады. Алайда 2011 жылы бүлінбей табылған тұмсығы мен құйрығы бұрынғы болжамдарды өзгертті. Бұл қаңқа – бұрын-соңды табылған нотозаврлардың айқын үлгісі.

ҰСЫНЫЛҒАН СЕГІЗ СУРЕТ ПАЛЕОНТОЛОГИЯЛЫҚ КОРОЛЬДІК ТИРРЕЛ МУЗЕЙІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН, ДРАМЕЛЛЕР, АЛЬБЕРТА (БАРЛЫҒЫ)


Авторы: Майкл Грешко фото: Роберт Кларк

Ол кезде «айдаһарға» жолығатыны үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. 2011 жылы 21 наурызда түс уақытында ауыр техника операторы Шоун Фанк жол аршып жатты.

Suncor энергия компаниясы игеретін Альбертаның Форт Мак-Мюррей ауданының солтүстікке қарай 27 шақырым қашықтықта орналасқан алып кеніште дүйсенбі әдеттегідей басталды. Сағат сайын Фанктың алып экскаваторы битум басқан құмды опыра, тереңге бойлай берді. Ежелгі өмірден оның күнделікті көретіні тек осы болатын. Он екі жылда ол тасқа айналған ағаштар мен  томарларды талай көрген. Алайда, динозавр қаңқасын айтпағанда, жай ғана жануардың сүйектерін еш кезіктірген емес.

Сағат бір жарымдар шамасында экскаватор күрегі тастан да қатты белгісіз бір затқа тиеді. Сол кезде шұңқыр жиегінен ерекше түстерге боялған кесектер опырылып түсіп, төменге қарай домалап жатты. Ал арада бірер минут өткенде Фанк пен оның супервайзері Майк Грэттон жаңғақ түс­тес қоңыр тастарға қарап, оның не екенін түсіне алмай тесіле ұзақ қарап тұрып қалды. Бұл тасқа айналған ағаш бұтақтары ма, жоқ әлде қабырға сүйектері ме? Сөйтіп, кесектердің бірін төңкергенде ерекше өрнектер бірден көзге түсті: қаз-қатар орналасқан қоңыр-сары қабыршақтардың әрқайсысы сұр түсті, қола реңді таспен қапталған.

Шамамен алты жылдан кейін Альбертаның құнарсыз аймағында орналасқан Корольдік Тиррел музейі жанындағы қаңқаларды қалпына келтіретін зертханаға бардым. Орасан зор қойманың ішінде желдету қондырғылары мен ұшында инесі бар шағын ғана шойбалғаларға ұқсас құралдарымен сүйекті тастан аршып жатқан қондырғылардың шуынан құлақ тұнады. Менің назарым бұрышта тұрған 1100 келілік үлкен тасқа ауды.

Ретімен қойылған сұр тастар бір қарағанда дене тұрқы 2,75 метрлік динозаврдың мүсініне де ұқсайды. Мойыны мен арқа сүйектері бедерлермен қапталған. Ал сұр шеңберлер жеке өлшемдерін айқындап тұр. Мойыны құдды бір дәмді өсімдікке қарай созылып барып, солға қарай иілгендей. Алайда бұл ешқандай да мүсін емес еді. Бұл – тұмсығынан бастап құйрығына дейін тасқа айналған кәдімгі динозавр болатын.

Жануардың бас сүйегінен табылған кедір-бұдыр бүртіктер сол күйі тасқа айналған терісімен қапталып тұр. Алдыңғы аяғы бүгулі, бес саусағы да жоғарыға бағытталған. Соған қарап табанының көлемін өлшей аламын. Музейдегі Кейлиб Браун есімді докторант зерттеу­ші менің таңданысыма мысқылдай қарайды. Кейінірек ол маған: «Бұл жай ғана қаңқа емес. Бұл – динозаврдың бүтін денесі», – деді.

Палеонтологтар үшін динозаврдың теңіз астында лезде тасқа айналып, бүлінбей сақталуы – лотерея ұтысындай өте сирек кездесетін олжа. Әдетте, тек сүйектері мен тістері ғана сақталады немесе сирек жағдайда минералдар жұмсақ тіндер шіріп кетпестен бұрын олардың орнын басады. Сонымен қатар тас боп қатқан дененің қаз-қалпында сақталатынына ешқандай кепілдік жоқ.

Ұлыбритания Бристол университетінің жануарлар түстері жөніндегі сарапшысы, ­палео­биолог Якоб Винтер меланин пигментінің белгілері бар-жоғын анықтау мақсатында әлем бойынша ең жақсы сақталған біраз қаңқаларды зерттеген. Алайда алғашқы күннен-ақ оның да таңданысында шек болмады. «Динозавр қаңқасының жақсы сақталғаны сонша, бірер апта бұрын шауып жүргендей әсер қалдырды. Мұндайды өмірімде көрген емеспін», –  дейді ол.

Бұл ғажап қаңқа Ankylosauridae қосалқы тобындағы ең танымал түр – анкилозаврлардың жаңадан табылған нотозавр деген тұқымдасы. Шамамен Бор кезеңінің ортасына қарай, ­110-112 миллион жыл бұрынғы кезең аралығында сайын даланы кезген алып жануардың дене тұрқы – 5,5 метрді, ал салмағы шамамен 1300 келіні немесе 1,3 метрикалық тоннаны құраған. Өз дәуірінің мүйізтұмсығы болған. Әлденедей жағдайда, мәселен сұсты акрокантозаврға қарсы нотозаврдың өз амалы болатын: ол мұндайда иық тұсынан тікірейіп өскен бұқаның мүйізіндей елу сантиметр­лік қос найзасын пайдаланған.

3-D ТӘЖІРИБЕ

ngm.com/June2017 сайтындағы 3-D үлгіні қолдану арқылы осынау ғажап қаңқаны айналдырып, көлемін өзгертіп және әрбір бөлшегін зерттеп көре аласыз.


Аталған динозавр Канаданың батысын мекен еткен. Бұл жер былтыр күзде өзім куә болған аязы бет қаритын, желден көз ашпайтын жазық алқаптан анағұрлым өзгеше болған. Нотозаврлар дәуірінде бұл аймақ қазіргі Оңтүстік Флориданы еске салатын. Қылқан жапырақты ормандар мен қырыққұлақ алқаптарынан жылы әрі ылғалды жел соғып тұратын. Бор кезеңінің басында тасыған су қазіргі Альбертаның көп бөлігін басып, ішкі су жолын кесіп тастаған.

Күндердің күнінде құрлықты мекендейтін осы бір жануар өзенде опат болған. Ғалымдардың болжамы бойынша, бактериялардың дене қуысында газ түзуі нәтижесінде денесі су бетіне қалқып шығып, өзен бойымен төменге сырғи берген. Ақыр соңында оны теңіз шайып әкеткен. Жел өлі денені шығысқа қарай айдаған. Шамамен бір аптадан кейін ісінген дене жарылып кетті. Сөйтіп, ол қайтадан мұхит түбіне батқан. Минералдар терісі мен сауытына еніп, арқасына жабысып қалды. Осылайша, эон дәуірі кезеңіндегі (бірнеше эраны қамтитын геологиялық уақыт – ред.) үстіне үйілген тастардың арқасында динозаврдың денесі қаз-қалпында сақталып қалды.

Тіршілік иесінің қаз-қалпында сақталуы әрбір оқиға тізбегіне тәуелді болды. Егер ол ежелгі теңіз төскейінде тағы жүз метр арырақ барса, Suncor компаниясы игеретін кеніш шекарасының сыртында тасқа айналып, сол жерде көміліп қалушы еді. Алайда Фанк бұрын-соңды табылмаған, тас­тай қатып қалған ең ежелгі альберталық динозаврдың үстінен түсті. Ол құдды медузаға қарап тұрғандай еді.

Шірімей сақталу

Әдетте, сауытты динозаврлардың қабыршақтары тез шіриді. Ал бұл нотозаврда жағдай керісінше. Қаз-қалпында, жақсы сақталған және табиғи өлшемінде көрініп тұрған мына ғажап сауыт ғалымдарға нотозаврлардың сыртқы түрі қандай болғаны және қалай қозғалғаны жайлы түсінік беріп тұрғандай.


Канаданың Корольдік Онтарио музейінің сауытты динозавр палеонтологі Виктория Арбер: «Бұл – шын мәнінде, ғажап жаңалық», – дейді. Ол қаңқаны дайындықтың түрлі кезеңдерінде көрді. Бірақ зерттеуге қатысқан емес.  «Ол бүгінгіден өзгеше ортаны және уақытты бейнелейді әрі керемет сақталған» (Арбер 2014 жылы Монтанадан жақсы күйінде сақталған осыған ұқсас анкилозавр атты динозаврды зерттей бастады. Оның қалдықтарының басым бөлігі 16 мың келілік таспен қапталған).

Канадалық үлгіге ғылыми атау беру біршама қиындық тудырды. Осы мақала баспаға жіберілгенде музей қызметкерлері тіршілік иесінің ғылыми сипаттамасын аяқтап қалған, бірақ ортақ атауға қатысты олар нақты шешімге әлі келе қойған жоқ болатын. Алайда бұл қаңқа нотозавр сауытының құрылысы туралы тың ақпарат беретіндей. Әдетте, сауытты реконс­трукциялау терең білімді талап етеді. Ал мына нотозавр­дың остеодермаларымен бірге араларындағы қабыршақ іздері де жақсы сақталған.

Сонымен қатар кезінде кератиннен түзілген қабықтар әлі де көптеген остеодермамен қапталған. Соның арқасында палеонтологтар осынау қабықтардың сауыт көлемі мен пішінін қаншалықты ұлғайтқанын дәлме-дәл анықтай алады. Корольдік Тиррел музейі динозаврлар бөлімінің кураторы Дональд Хендерсен: «Мен бұл сауытты «Розетта тасы» деп атап келдім», – дейді.

Алайда «Розетта тасын» тас табыттан аршып алу оңай болған жоқ.

Үлкен жаңалық Suncor бойынша тез тарағаннан кейін компания лезде Корольдік Патша музейін құлақтандырды. Музейдің майталман техниктерінің бірі – Хендерсен және Даррен Тенки компания ұшағына мініп, Форт Мак-Мюррейге ұшып кетті. Suncor экскаваторлары және музей қызметкерлері шаң мен дизель түтіні басқан тастың айналасында кезек-кезек 12 сағаттық кесте бойынша жұмыс істеді.

Ақыр соңында олар оның салмағын 6800 келіге дейін азайтып, шұңқыр ішіндегі динозаврды сыртқа шығаруға болатындай етіп дайындады. Бірақ бейнекамераларды іске қосқанда келеңсіз жағдай орын алып тасты көтерген сәтте, динозавр қаңқасы бірнеше бөлікке бөлініп қалды.

Тенки түні бойы қаңқаны сақтап қалудың жоспарын құрды. Ертеңінде Suncor жұмысшылары бөліктерді гипстеп тастады. Ал Тенки мен Хендерсен музейге дейінгі ұзақ жолда қаңқаның бүлініп қалмауының қамына кірісті.

МАНУЭЛЬ КАНАЛЕС, МЭТЬЮ У.ЧВЕСТИК ЖӘНЕ ДЕЙЗИ ЧУНГ, NGM ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ; ПАТРИСИЯ ХИЛИ. СУРЕТШІ: ДАВИД БОНАДОННА ДЕРЕККӨЗ: КЕЙЛИБ МАРШАЛЛ БРАУН ЖӘНЕ ДОНАЛЬД ХЕНДЕРСЕН, ПАЛЕОНТОЛОГИЯЛЫҚ КОРОЛЬДІК ТИРРЕЛ МУЗЕЙІ; ЯКОБ ВИНТЕР; К.Р. СКОУТИЗ, PALEOMAP ЖОБАСЫ


Атаукере

Корольдік Тиррел музе­йінің Марк Митчел есімді технигі нотозаврдың аяғы мен қабыршақты табанын біртіндеп тастан аршуда. Митчелдің қажырлы жұмысы жануардың құпияға толы сипаттарын жылдар бойы сақтайтыны анық. Соның ішінде мына малтатас тәрізді нәрселер (сол жақта) оның соңғы рет жеген тамағының қалдықтары болуы мүмкін.

Қоғамдық грант. Бұл фотожоба сіздің NG қоғамына мүшелігіңіз арқылы қаржыландырылды.


Палео Джекпот

Бірнеше апта бойғы үздіксіз қазба жұмысының және жылдар бойғы дайындықтың нәтижесінде динозавр қаңқасы табылды. Енді олар бұл үлгіні ұзақ жылдар бойы зерттейді.

Жоспар MacGyver бағдарламасындағыдай орындалды. Шамамен 675 шақырымнан кейін жұмысшылар Корольдік Тиррел музейінің зертханасына жетіп, қаңқаны қалпына келтіруші маман Марк Митчелдің қолына табыстады.

Ал Митчелдің күресі аяқталуға жақын. Дегенмен қаңқаны толық танып-білу үшін әлі де біршама жыл қажет. Себебі «National Geographic» қауымдастығы қаржыландырған компьютерлік томографияның көрсеткен нәтижесі мардымсыз. Өйткені тас қабаты сәуле өткізбейді.

«Бұл сауыт қорғаныш қызметін атқарғаны анық. Алайда денесінің алдыңғы бөлігіндегі айшықты мүйіздері «жарнама тақтасындай» болды», – дейді ол. Бұл «жарнама» аналықтардың назарын аударуға, қарсыластарын үркітуге және қызғылт фонға қарсы тұруға көмектессе керек.

Бүгінде халық соңғы алты жыл бойы ғалымдарды таңдандырған жаңалыққа, яғни әлдебір адамның экскаватормен айлы ландшафт бетінде Канаданың бағзы заманының уәкілін тапқанына таңдай қағады.


Ғалым-жазушы Майкл Грешко NG вебсайтында ғарыш, жаратылыстану тарихы және т.б. тақырыптар туралы сыр шертеді. Фотограф Роберт Кларк журналға арнап 40-тан астам сурет түсірді. Оның жақында жарық көрген кітабы – Эволюция: Визуалды жазба.

       

Пікір жазу