.

Арамшөп пе, адал шөп пе?

Кептірілген алқызыл бұрыш гербарийі – Эмори университетіндегі өсімдік үлгілері коллекциясының құнды жәдігері.

А.Р. Уильямс

Алқызыл бұрыш – АҚШ-тың оңтүстігіндегі «басқыншы» өсімдік. Ол зерттеушілердің антибиотиктерге төзімді бактериялық инфекциялармен күресуіне орасан зор көмекші болып отыр. Ғалымдар оның Оңтүстік Американың дәстүрлі медицинасында қолданылғанын тарихи деректерден білді. Жараларды жазуға қолданылған өсімдікке тәжірибе жасай отырып ғалымдар стафилококк бактериясының улы түрін бейтараптандыратын сығынды жасап шығарды.

Заманауи антибиотиктер бактерияны өлтіріп тастайды. Алайда кей бактериялық жасушалар тірі қалып, тойтарыс көрсету қасиетін өздерінің «ұрпағына» беріп, науқастардың өміріне қауіп төндіретін жабысқақ індеттерге қарсы дәрігерлердің күресуін қиындатып жіберді. Алқызыл бұрыш инфекцияларға қарсы ерекше әдіс қолданады. Ол бактерия­лық жасушалардың байланысына тосқауыл қойып, тін бүлдіретін уыттың алдын алады. Бұл өз кезегінде ағзаның иммундық жүйесінің бактерияға қарсы қорғанысын күшейтеді. «Зиянкестердің соңына түсудің тәсілін өзгерттік, – дейді Эмори университетінің этноботанигі Кассандра Куавэ, – бұл – індетпен күрес жолындағы жаңаша ойлау әдісі».

Куавэнің мақсаты – мұндай жаңалықты жалпы медицинада қолдану. Қазір ол сығындыны созылмалы жаралармен, стафилококк бактериясы әсерінен туындайтын қышымаға және басқа да тері ауруларымен күресу үшін сықпа түрінде қолдануды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол өзінің көмекшілерімен бірге халық емшілері ревматизм зардабы, қалтырау, күю, тырнақ инфекциясы, іш өту секілді көптеген ауруға қолданған алқызыл бұрыштың басқа қасиеттерін де зерттеу үстінде.

       

Пікір жазу