.

Қазақстан – бағытын тапқан бақытты ел

Қазір елдегі 18 миллион халықтың 72 пайыздан астамы мемлекет құраушы – қазақ ұлтының өкілдері. 1989 жылы бұл көрсеткіш 43 пайыздай ғана еді.

Халқы 2 миллионнан асатын Алматыда кездесу уақытын кесіп айту мүмкін емес. Көшедегі ерекше кептеліс Айжан Жанатқызымен кездесетін уақытымнан жарты сағатқа кешігіп баруыма себеп болды. Бір кездері 800 мың тұрғынға арнап салынған қала көшелерінің тарлығы бүгіндері анық байқалады. 5 жыл бұрын ғана іске қосылған жерасты метросы қаладағы көлік қатынасын әлі де болса толық жеңілдете алған жоқ. Сондықтан көлік ішінде сағаттап тұрып қалуды алматылықтар қалыпты жағдай деп қабылдайтын болған. Күздің жайма шуақ күнінде Абай мен Сайын көшесі қиылысындағы көпқабатты үйдің ауласына кіргенімде Айжан апай ұзын орындықта терең тыныстап отыр екен. Кешіккенім үшін кешірім сұрап, кейіпкерімнің қасына жайғасып отырдым. Қызу әңгімеміз басталып кетті.

КСРО күйреген тұста кей сарапшылар қызыл империяның құрамында болған 15 мемлекеттің ішінде «соғыс өрті ең алдымен Қазақстанда тұтанады» деп болжаған болатын. Саясаткерлердің олай ойлауына себеп те жоқ емес еді. Жер көлемі әлемде тоғызыншы орын алатын көпұлтты ел болғандықтан әлеуметтік қақтығыстардың бұрқ ете қалу мүмкіндігі жоғары-тұғын. 1989 жылғы жалпыұлттық санақта республикадағы 16 миллион халықтың тек 43 пайызы ғана қазақтар екені белгілі болды. Сол 43 пайыз жергілікті ұлттың жартысына жуығы өз ана тілінде сөйлей алмайтын. Ал бүгінде жағдай түбірімен өзгерді. Дәл қазір Қазақстандағы 18 миллион халықтың 72 пайыздан астамы мемлекет құраушы – қазақ ұлтының өкілдері. Жергілікті ұлт санының өсіміне шетелден келген қазақтардың да үлесі зор. Олар ел халқының 10 пайызына жуықтап қалды. Солардың бірі – осы Айжан апамыз. «Біз ол кезде Моңғолия астанасы Ұланбатырда тұратынбыз. Қазақстан өз тәуелсіздігін жария­лаған күні әкем: «Жиналыңдар. Қазақстанға көшеміз!» – деп кесіп айтты, – деп еске алады Айжан Жанатқызы. – Қазір ойлап қарасам, «Тәуелсіздік» деген бір ауыз қасиетті сөз үшін әкем бар жиған мал-мүлкі мен атақ-абыройын бір-ақ күнде тастап кетіпті ғой».

Айжан апай бүкіл әулетімен Алматыға алғаш көшіп келген жылдары бір бөлке нан сатып алу үшін таңғы төрттен кезекте тұруға тура келгенін, бала-шағасымен бірге ішер ас таппай ашыққан күндері, тіпті жататын жер таппай да қалған кездері болғанын айтады. «Жатақханада тұрып жатқанымызда екінші ұлым белгісіз жағдайда қайтыс болып кетті. Білген адамға сол бір тоқырау жылдарынан аман-есен шығудың өзі үлкен жеңіс еді, – дейді сұхбаттасым. – 2005 жылы күйеуім жүрек талмасынан марқұм болып, тауқымет жүгі, тіпті ауырлай түсті. Бірақ біз қалған бала-шағамызбен ол қиыншылықтарға қасқайып қарсы тұрып, атамекенімізге босқа көшіп келмегенімізді дәлелдей алдық».

Бүгінгі таңда қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы 67-ден 72-ге дейін ұзарып, бала туу көрсеткіші – 60 пайызға, балаларға төленетін жәрдемақы 7 есеге өсті. Әлемдегі 130 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Сондай-ақ Қазақстан – ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан жер бетіндегі санаулы елдердің бірі. Жаңа Астана салынды, дарынды жастарды шетелдердегі озық оқу орындарында оқытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың ең үлкен жетістігі ретінде көршілес елдермен шекарасын нақтылап алғандығын айтсақ та жеткілікті. 25 жылдағы Қазақстанға келген инвестиция көлемі 250 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл Орталық Азияға тартылған барлық инвестиция­ның 80%-ына тең. 1995 жылдан бері қазақстандықтардың жылдық табысы 40 есе өссе, тұрғындардың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 7 мың долларға жуықтады.

Тоғызбұлақ ауылының тұрғындары күзгі жиын-терін науқанында. «Бақыт деген мен үшін – елдің тыныштығы мен бала-шағамның амандығы», – дейді ауыл тұрғыны Тілеухан Әліпбайұлы.

«Қазақта баланың санын айтпайды, бірақ құдай берген 4-5 немерем бар. Бәрі де спорт, өнер, ғылымға әуес, – деді апай қуанышты жүзі бал-бұл жанып. – Несіне жасырайын алды қырыққа келген балаларымның осы уақытқа дейін бірде-біреуі мемлекеттік қызметке кіре алмады. Танысың болмаса қалаған жұмысыңа орналасу қиын. Бірақ олар өздері талпынып жүріп бірнеше тілді меңгеріп алды да, қазір шетелдік компанияларда жұмыс істеп жүр», – дейді Айжан апай.

Қазақстан табиғи ресурстарға аса бай бола тұра, халқының жағдайы жоғары деңгейде деп айтуға келмейді. ҚР Статистика агенттігі биылғы жылғы орташа жалақы мөлшері 142 мың теңге деп бекіткенімен (шамамен 400 доллардай) соңғы жылдардағы ұлттық валютаның бірнеше рет құнсыздануы халық тұрмысына едәуір кері әсерін тигізді. Көптеген азаматтар ел ішін жайлаған қымбатшылыққа наразылығын әлеуметтік желілерде ашық айтады. Мәселен, бір ғана Астана-Ақтау бағыты бойынша ұшақ билетінің барып-қайту құны бір жалақының мөлшеріндей. Кейде ішкі бағыттар шетелдік рейс­терге қарағанда қымбатырақ болып шығады. Ауылды жерлер мен шағын қалалар бойынша да толық шешімін таппаған мәселелер жетерлік. 2010 жылы бейкүнә адамдардың өліміне себепкер болған Қызылағаш суқоймасының жарылуы, 2011 жылғы Жаңаөзен қаласындағы қайғылы оқиғалар мен шенеуніктер арасындағы жемқорлық фактілері де халықтың зердесінен шығар емес.

«Қалай болғанда да мен өзімді Қазақстанның нағыз жанашыры, патриоты санаймын. Отаным тұрғанда менің бақытты болмауым мүмкін емес», – деді Айжан апай менімен қоштасып жатып. Ол кісінің сөзінің жаны бар болатын. Себебі қазақтар өз тәуелсіздігін жоғалқан соң араға екі ғасыр салып барып қайтарып алды. Отан, Тәуелсіздік, азаттық, демократия ұғымын қазақ халқы терең түсінеді. Сондықтан ол қанша қиналса да, бүгінгі күніне шүкіршілік етіп, болашағына сеніммен қарауға өзін көндіріп үйренген.

Фото: Сәрсенбек Қызайбекұлы, Ерболат Шадрахов

       

Пікір жазу