.

От шашқан – Шақпақ ата!

Маңғыстау облысында жартасқа қашап салынған Шақпақ Ата мешіті – ХІІ-ХІІІ ғасырларға жатқызылатын сәулет өнері ескерткіштердің бірінен саналады.

Ол мешіт Түпқараған ауданы аумағындағы Таушық кентінен батысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан.

Шақпақ-Ата мешітінен көшпенділердің тас-қалаушылық өнерін көруге болады. Мешіттің орталық күмбезі бөлмені басып өтетін ұзын түзара, оның екі қапталында қоржын үй орналасқан. Орталық намаз оқитын 5,0х4,5 метр бөлме залының төрт бұрышынан жұмыр бағаналар қашалып, олардың арасы сәнді дарбазамен байланыстырылған. Залдың төбесінен күмбез ойылып, одан цилиндр тәрізді биіктігі 1,55 метр ойынды шығарылған.

Залдың босаға қабырғалары әр ғасырдағы суреттермен көркемделген, ол жерден жануарлардың, қару-жарақтың, салт-атты адамдардың, ағаш және гүлдердің бейнесін, жазуларды, тағы басқаларды көруге болады.

Ел ішінде айтылып жүрген аңыз бойынша, Шақпақ Ата жаумен шайқасқан кезінде батырлығымен көпшіліктің көзіне түскен кісіге берілген лақап есім. Батыр жолда келе жатып от қажет бола қалған жағдайда бір тырнағын екіншісіне тигізсе болды, ұшқындар жан-жаққа шашырайтын болған деседі.

Белгілі геоморфолог Серікбол Қондыбай мифологияда Шақпақ ата өлгендерді желеп-жебеуші, жыландардың әміршісі, ал тарихи тұлға ретінде – Шопан атаның немересі болғанын, ал Шақпақтың шын есімі Шахмардан болғанын айтады.

Осы қорымда Шақпақ Ата мешітінен басқа Х-ХІХ ғасырлар аралығында іргесі қаланған сағанатам, құлпытас, сағана-қойтас сияқты көптеген діни ескерткіштер сақталған.

Фото: Ерболат Шадрахов

       

Пікір жазу