.

Қиырдағы қылбұрау

Ненец бақташысы Ньядма Худи Сібірдегі Ямал түбегінде орналасқан Бованенково газ кен орнында бұғыларды құбыр астынан өткізбек. Бұл құбырлар алғаш салынғанда жануарлар олардан үркетін. Ал қазір бойлары үйреніп қалды.

Ресей Арктикасындағы байырғы бұғышы – ненец халқы жылдағы ұзақ көші-қон кезінде екі заманауи қиындықпен бетпе-бет келеді. Ол – климат өзгерісі және алып газ кен орны.

Авторы: Глеб Райгородетский, фото: Евгения Арбугаева

Юрий Худи күркесінің ішінде отқа жылынып отыр. Сыртта бұдан бөлек үндістердің типи үйшіктеріне ұқсас жеті бірдей күрке бір шеңберге орналасқан. Сібірдің адырлы белестері Арктика мұхитының солтүстігіне қарай созылып жатыр. Бір үйір бұғы қиырдағы дөңнің басында жайылып жүр. Шілденің ортасы. Юрий бастаған бір топ бұғышы жыл сайынғы көші-қонның, яғни Ямал түбегінің солтүстігінен Арктика жағалауына дейінгі 600 шақырым жердің жартысына жуығын жүріп өтті.

Катя есімді зайыбы буы бұрқыраған шайын құйып жатқанда Юрий: «Теңіз жағасындағы жаздық жайылымдарымызға келгелі бері үш жыл өтті. Алайда бұғыларымыз ұзақ жолға тым әлсіз», – деді. 2013-2014 жылдардың қысында ауа райы күрт жылынып кетіп, Ямалдың оңтүстігіне жаңбыр алып келді. Артынан келген сары аяздың салдарынан жердің беті көктайғаққа айналып, қыстық жайылымдардың басым бөлігін мұз бас­ты. Қар астындағы шөпті жерді тарпып барып жеуге дағдыланған солтүстік бұғылары мұзды арши алмады. Сол жылдары он мыңдаған солтүстіктің бұғысы аштыққа ұрынды. Ал бүгінде, яғни 2016 жылдың жазында аман қалғандары біртіндеп аяқтанып келеді.

Ньядманың бес жасар немересі Павлик Худи анасы Эдаиннен жылдамырақ жүруді өтінуде. Ол жыл бойы әке-шешесінің жанында, 1200 шақырым жерді жүріп өтеді. Жетіге толғанда өзге ненец балалары сияқты ол да мемлекеттік мектеп-интернатқа барып, өмірін жырақта өткізеді.

Күркенің шыға берісіндегі кенеп мата желп етіп ашылып, мүйізін төмен қаратқан бір бұғы кіріп келді. Оттың алдында сәл кідірді де, денесін сілкіп-сілкіп алды. Сосын түк болмағандай сылқ етіп жата кетті де, күйіс қайыруын жалғастыра берді.

Юрий шайын сораптап отырып: «Мына жас бұғы енесінен ерте айырылып, оны күркенің ішінде өсірдік. Ол масаны жақтырмайды. Келесі жылы өзі де төлдеп қалар деп үміттенемін. Қазір бізде үш мыңға жуық бұғы қалды. Бұл әдеттегі табынымыздың жартысы ғана», – деді.

Ненецтер ғасырлар бойы көшпелі өмір салтын ұстанып келеді. Олар жыл сайын орта есеппен 1200 шақырымға дейін сапар шегеді. Бұл – дүниежүзіндегі ең ұзақ көші-қон. Юрийдің «Төртінші бригада» атты тобы Кеңес өкіметі тұсында құрылған. Кеңестік биліктің қарамағында болған ненецтер ондаған жыл бойы күштеп ұжымдастыру мен діни қуғын-сүргінді де бастан өткерді. Олар бұған дейін Ресей билігінің қысымына төтеп берген. Соған қарамастан, өздерінің тілдерін, дүниетанымдық көзқарастарын және дәстүрлі көшпелі мәдениетін сақтап қалды.

Ондаған жыл бойы ненец халқын зерттеген географ, Финляндиядағы Лапланд университетінің қызметкері Брюс Форбс: «Ненецтер – Арктикадағы ең төзімді байырғы топтардың бірі», – дейді.

Ал қазір олардың төзімділігі басқа жолдармен сыналуда. Климатологтардың айтуынша, Арктикада күн жылынуымен осыдан үш жыл бұрын табындарды қырғынға ұшыратқан «қыс­та жауған жауын» жиілей түседі. Юриймен сөйлескенімде, ол бұл аймақтың жаздыкүні бұрын-соңды болмаған аптап ыстықтан зардап шегіп отырғанын айтты. Термометр бағаны +34°C-ге дейін жетіпті. Жаңбыр жаумағалы бірнеше апта болды. Бұғыларға құрғақ тундрада жүк тиелген шаналарды сүйреу де қиындаған. Ямалдың оңтүстігінде жаз кезінде бір ұл және 2300-ден астам бұғы Сібір жарасынан опат болады. Ондаған адам түрлі ауруға шалдыққан. Бұл – тоң басқан мұздың еруінің салдары. Соның кесірінен 1940 жылдардағы індет кезінде көміліп қалған жануарлардың денелері сыртқа шығып, инфекция тарауда.

Дей тұрғанмен, климат өзгерісі ненецтер үшін басты қауіп емес. Басты қатер –өндіріс. Ресей үкіметінің көмірсутегінің жаңа көздерін табу туралы тапсырмасы Ямалды мекендейтін 255 мың бұғы мен 6000 көшпелі бұғышы үшін онсыз да тарлық ететін жайылымдарға қауіп төндіріп келеді. Кейбір табындардың табиғи миграциясы да қиындай түскен.

Ямалдағы ең ірі Бованенково газ кен орны «Төртінші бригада» жолының бойында орналасқан. Бұғы жайылымдарға жету үшін салынған жолдар мен тартылған құбырларды айналып өтуі тиіс.

Ненецтердің өмірі қатерге толы. Олардың тілінде «ямал» сөзі «дүниенің шеті» дегенді білдіреді. Бүгінде олардың кейбірі расында да осы дүниенің шетінде қалып қалуға шақ тұр десе де болады.

Ньядма жас бұғыны тырп еткізбей басып жатыр. Гоша есімді ұлы оның барқыт мүйізін кесіп алмақшы. Мүйіздің әр келісі бес долларға бағаланады. Оның ішіндегі тірі тіндер мен қан қытай медицинасында жоғары сұранысқа ие. Алайда мүйіз кесу науқаны жануарларға ауыр тиеді.

Шананың сол жақ бетіне жайғасқан Ньядма Худи тақтайды аяғымен нық басып, бұғыны «тиурмен» (бұғы мүйізінен жасалған тұтқасы бар жылтыратылған ұзын ағаш сырық) арқасынан салып кеп жіберді. Ақырын ғана: «Шүу», – деп төрт бірдей бұғыны ақтал бұталары мен құжынаған масаларды жарып өтуге мәжбүрледі. Ньядма – Юрийдің үлкен ағасы әрі бригаданың бұрынғы басшысы. Оның бірнеше шанадан құралған керуені көш бастап келеді. Өйткені «Төртінші бригада» Бованенково аймағының ой-шұқырын бес сау­сағындай біледі.

Шамамен бір сағаттан кейін Ньядма кенет тоқтай қалды. Қолбыраған бұғы терісінен тігілген қоңырау пішінді күртесінен шырылдаған ұялы телефонын шығарып: «Осында кідіре тұрайық. Бәрі бізді қуып жетсін», – деді. Өзге шаналар соңымыздан аяңдап келе жатты. Бұғылардың дүбірлеген тұяқтарының дыбысы телефон шырылы мен адамдардың саңқылдаған дауысына алмасты. Ұялы телефон – ненецтердің жеріне аяқ басқан мега-даму артықшылығының бірі: біз Бованенково ұялы телефон мұнарасының диапазон аймағындамыз.

«Аяғымды созып алайын», – деп шанадан түстім. Түн жарымындағы күн сәулесі алдымыздағы көлдер мен су жолдарын қызғылт сары түске көмкеріп тұр. Алыстан ұшқалы жатқан ұшақтай гүрілдеген дыбысқа назарым ауды. Дауыс біршама алыстағы газ кен орнынан шығып жатты.

Бақташылар әулеті – Пуикостар күркелерінің ішінде ақсаха сорпасын рақаттанып ішіп отыр. Жазда Ямал түбегіндегі көшпелі ненецтердің күні өзен-көлдерден ауланатын балыққа қарайды. Ал қыста көбіне бұғы етін жейді.

Ямалдың оңтүстігінен шығысына қарай қоры сарқылып бара жатқан кенорындарының орнын басатын жаңа ресурс, яғни табиғи газ – Ресейдің энергетикалық стратегиясының негізі. Ал Бованенково – Ямал түбегінің негізі. Оны Ресейдің табиғи газының ең көп бөлігін өндіретін және Еуропа Одағы импортының үштен бір бөлігінен астамын құрайтын «Газпром» үкіметтік компаниясы игеруде. Компанияның бас директоры Алексей Миллердің айтуынша, 2030 жылға дейін Ямалда жыл сайын 360 млрд текше метр газ өндіруге болады. Бұл дегеніміз – Ресей бойынша жоспарланған көлемнің үштен бір бөлігін құрайды. Бованенковоның өзінде 5 трлн текше метр газ қоры бар. Ресейдің газ торабына 1200 шақырымдық құбырмен жалғанған, өзінің дербес әуежайы және 572 шақырымдық теміржолымен жалғасқан Бованенково – «Газпром» компаниясының Арктикаға қанат жаюындағы негізгі алаңы.

Ғаламдық жылыну – күн тәртібіндегі осы амбициялы мәселені шешудегі басты кедергі. Алексей Осокин «Газпром» инженерлік орталығы директорының орынбасары болып істейді. Орталық Ямал түбегіндегі метереологиялық стансалар мен газ ұңғымаларынан алынған мәңгі тоң мен жиырма бес жыл бойғы ауа райына қатысты мәліметтерді жинап, талдаудан өткізді. «Бұл мәліметті ешкім жоққа шығара алмайды. Себебі климаттың өзгеріске ұшырағанын барлығы мойындайды», – дейді ол.

«Кейде мәңгі тоңның еруі қандай қиындыққа әкеп соқтыратынын білу мүмкін емес», – дейді Осокин. 2014 жылдың жазында Бованенковоның оңтүстік-шығысына қарай 30 шақырым қашықта орналасқан тундрада ені – 40 метр, тереңдігі 35 метрден асатын үлкен шұңқыр пайда болды. Сарапшылар бұған мұз боп қатқан жердің астындағы метанның қысымға шыдамай жарылуы себеп болғанын айтады. Олар газ кен орнында осы тектес жарылыс болған жағдайда айтарлықтай зардап әкелуі мүмкін деп алаңдайды. 2017 жылдың жазында түбекті тағы екі жарылыс дүр сілкіндірді. Оның бірі бұғышы күркесінің маңында болды.

Масалардан жақсы қорғанған бөлелер – Кристина мен Вера Худи Бованенководағы табиғи газ жұтатын «күміс айдаһардың» үстінде асыр салып жүр. Бақташылар жыл сайынғы көші-қон кезінде қаптаған құбыр желісінің тармақтарына тап болады.

«Төртінші бригаданың» уақыты шектеулі. «Газпром» компаниясымен арадағы келісім бойынша олар Бованенково арқылы ең қауырт жолды бір тәулікке жетпей жатып, кесіп өтуі тиіс. Арада екі күн өткенде ақыры, межелі жерге де келіп жеттік. Тасжолмен минут сайын алып жүк көліктері ағылып өтіп жатты. Бұл жерден өту – бұғылар үшін де, бұғышылар үшін де өте қауіпті.

«Жолдан өтудің ыңғайлы әрі қауіпсіз екеніне көз жеткізу үшін бірталай уақыт пен орасан күш жұмсалды», – дейді Ненец бұғышыларының құқығын қорғайтын үкіметтік емес ұйымның директоры Галина Матарас. Белгіленген уақытта көлік қозғалысы тоқтайды да жолдың бетіне аппақ геотекстиль төселеді. Ол шаналардың тасжолдың үстімен жүруін жеңілдетеді.

Көштің «ақ кілемнің» үстімен өтуін ұйымдастыру «Газпром» үшін оңтайлы.


Шыдамның да шегі бар

Ненец бұғышылары ғасырлар бойы Ямал түбегіндегі жайылымдарда көшіп-қонып жүреді. Қыста оңтүстікке қайта қоныс аударады. Климат өзгерісімен қатар Ресейдің Ямалда табиғи газ өндіру бағдарламасы ненецтерді шын сансыратып тұр.

Мұнда Салехардтан тікұшақ келді. Бұғылар керуені жолдан өте бастағанда «Газпром» мен баспасөз өкілдері оларды сартылдатып суретке түсіре бастады. Жұмысшылар ақ кілемнің екі жағына тізіліп тұра қалып, көшті де, көшпен бірге өздерін де селфилетті.

Жолдан өте салысымен, Ньядма: «Әп, бәрекелді! Тасжолдар мен құбырлардан құтылдық. Енді асығып-үсігіп, түн сайын күрке тігіп әуре болмаймыз. Қалған уақытымызды балық аулауға жұмсаймыз», – деді.

Сексендегі Нина Худи әжей күркеден шығып барады. Қыста бұғы терісімен қапталатын үндістердің типиіне ұқсас күрке бұрқасын мен аяздан қорғайды. Педава Пуико бұғының ысталған терісінен өрілген қайыс арқанды құлаштап ұруда.

Көктем. Өзен беті шаналардың жүруіне әлі де ыңғайлы. Табындар солтүстікке қарай ағылып барады. 2014 жылы мезгілсіз жауын кесірінен топырақ тарпу қиынға соғып, 61 мыңға жуық бұғы қырылды. Юрий Худидің бұл көрініске қарауға дәті шыдамай, теріс айналып кетті.

«Газпром» мұнда келген кезде бізге оңайға соқпады», – деп ол сөзін жалғастырды. Бұдан ертерек, 1980 жылдары құрылыс басталғаннан кейін Бованенковода теміржол, құбыр желілері, автожолдар, құм кеніштері және ғимараттар әр жерде пайда бола бастады. «Сонда біз өзімізді тұзаққа түскендей сезінетінбіз. Сөйтіп, өз атақонысымызда жерге жарымай қалғандай болдық. Елге табиғи газ қажет екенін түсінеміз. Негізгі құрылыс тоқтаған соң бұл тығырықтан шығудың амалын қарастыр­дық. Бұл мәселені реттей аламыз, – деп сәл кідірді де, – әрине, егер бұдан бөлек тағы жолдар салып, құбырлар тартып тастамаса…».

Арада бір сағат өткенде биік дөңнің үстіне келіп тоқтадық. Ньядма дүрбісімен айналаны шолып шығып, жол іздеді. Көш мүшелерінен сарыуайым сезілді. Аузы жабылмай келген Гоша және Илья есімді ұлдары үндемей қалды. Бәрі дүрбілерін қолына ұстап, бір бағытқа қарай бастады. Алыстан тундраның «тыртығы» іспетті жол көрінді.

Әпкелі-сіңлілі Вера мен София Худи бұғылар көшіп өтетін жолдарға алпауыттар алдын ала арнайы жайып қойған «ақ кілемінің» үстімен өтіп барады. Геотекстиль тасжолды бүлінуден қорғайды.

Кейінірек жолға қарама-қарсы беттен ұңғыманы компрессормен жалғайтын газ құбырын байқадық. Ол біздің жолымызды тағы да кесіп өтеді. Осыдан үш жыл бұрын, бригада соңғы рет жүріп өткенде мұнда жол да, құбыр да болмаған. «Ненецтерге құрылыс туралы хабарланған жоқ. Олар мұнда болмауы тиіс еді», – дейді Ньядма.

Жол мен құбыр арасында тоқтадық. Дәл осы жерде жүріп, бірер күн бұрын алыстан естілген гуілдің нақты қай жерден шықаннын түсіндім. Бірнеше жүз метр қашықтықта ыс басқан құбырдан газ алауының қызыл күрең жалыны лапылдап жатты. Бұл – құбыр желісіндегі артық қысымды реттеу қызметін атқаратын мұржа. Көк түтіннің арасында тундра, су және аспан қоңыр, жасыл және көкпеңбек сағымға айналғандай. Гуіл гүрілге айналып, өзге дыбыстарды тұншықтырып жіберді.

«Төртінші бригада» күркелерін жығып, жаңа жайылымға көшкелі жатыр. 18-дегі Наталия Пуико бұғыларды қамау үшін басқа әйелдермен бірге арқанды ұстап тұр. Ерлер шанаға жарамды бұғыларды таңдап жүр.

Осы жағынан алып қарасақ, «Газпромның» аймақтық билік өкілдерінің, ҮЕҰ қызметкерлерінің: «Ненец бұғышылары мұнай және газ өнеркәсібімен іргелес өмір сүре алады», – деп жиі айтатын сөздері жалған екеніне көзім жетті. Алдағы екі жылда Бованенковода жолдар мен құбыр желісін қамтитын газ өңдеу зауытын салу жоспарлануда. Ямалдың батысындағы Бованенково мен Пайютадағы желілерді шығыс жағалаудағы мұнай және газ құбырларымен байланыстыратын екі теміржол торабы салынып жатыр. Аталған теміржол желілері ненец табындары аумақтарының басым бөлігін кесіп өтеді. «Төртінші бригаданы» одан бетер алаңдататын тағы бір мәселе – 2020 жылдардың басына қарай Кара теңізі жағалауында «Крузенштернское» атты жаңа кен орнын ашу жоспарлануда. Ал ол шүйгінді жайылымдарға қауіп төндіреді.

Бұғының еті микроэлементтер, минералдар мен дәрумендерге бай. Сондай-ақ ол ненецтердің негізгі азығы саналады. Олар жануарды бауыздаған соң етін шикідей, жылы күйінде жегенді ұнатады. Алайда 2016 жылы оңтүстік Ямалға күйдіргі тарағанда бұл дереу тоқтатылды.

Осы жайтты ойлап тұрғанда, гүрілдеген газ жалыны кенет сөніп қалды. Құбыр айналасындағы түтін сейіле бастады. Табиғатта қызылды-жасылды күйге еніп, бұрынғы қалпына келді. Айналамда ненец бұғышыларының бүгінгі буыны шаналарға, иттерге және бір-біріне арқан лақтырып, қабілеттерін жетілдіріп жатыр. Ал қыз балалар қолдан жасалған қуыршақтарын «тамақтандырып» отыр. Тыныш кезде таныс дыбыстар қайта естіледі: бұғышылардың қоңыр дауыстары, балалар мен иттердің шуылы, бұғы тұяқтарының сыртылы. Дәл осы сәтте дүниенің қиыр шетіндегі тіршілік бұрынғы кейпіне оралғандай болады.

Басына қағаздан жасалған тәж киген, үстіне перде жамылған Кристин Худи Кара теңізі маңындағы ненец күркелерінің жанында «тундра ханшайымының» кейпіне еніп тұр. Сегіз жасар қыз жазды жақсы көретінін айтады. Өйткені тікұшақ оны және өзге де балаларды мектептен көшіп-қонып жүрген отбасыларына әкеп тастайды. Күзде тікұшақ қайта келгенде кейбір балалар тундрада жасырынып қалады.

       

Пікір жазу