.

Аспанды билеген алыптар

Бойының ұзындығы керіктей Quetzalcoatlus northropi – бұрын-соңды болған ұшатын тіршілік иелерінің ішіндегі ең ірісі. Кувейт мәдениет орталығына арналған табиғи көлемдегі бұл үлгі Миннесотада құрастырылып жатыр.

Птерозаврлар – ұшатын жануарлардың ішіндегі ең ірісі, ең қаһарлысы, ең ғажабы. Бұл пікірмен келіспейтіндер де бар.

Ричард Рэй Коннифф, Фото: Роберт Кларк

Жұрттың көбі «птерозавр» десеңіз түсінбей қарайды, сосын «птеродактиль сияқты» деуге тура келеді.

Бұл – XVІІІ ғасырда табылған бірінші птерозаврлардың жалпы атауы. Ғалымдар қазірдің өзінде птерозаврлардың 200-ден астам түрінің болғандығын анықтап отыр. Бірақ халықта птерозаврлар туралы «Мезозой аспанын 162 млн жыл билеп-төстеген қанатты аждаһа» деген түсінік бар. Біз әрдайым оларды үшкір басты, жарғақ қанатты, қанқұйлы әрекеттерімен әйгілі әуе рептилоиды ретінде танимыз.

Бірақ қаңқа сүйектерінің көптеп табылуы птерозаврлардың таңғаларлық бейнесін, дене тұрқы мен мінез-құлқын анықтауға мүмкіндік береді. Кей палеонтологтар «птерозаврлар қазіргі құстардай мекенін меншіктеп тіршілік еткен» деген ойға келді. Ұшатын жануардың ішіндегі бұрын-соңды табылған ең ірісі – бойының ұзындығы керіктей, қанат құлашы – 10,5 метр және динозаврлардың баласын іліп алып кететін Кетцалькоатль нортропи тәрізді құбыжықтар еді. Олардың арасында дене тұрқы торғайдай ғана кішкенелері де болған екен. Кейбірі қалың ормандарда ұшып жүріп, жәндіктермен қоректенсе керек. Альбатростай бірнеше күн бойы қанаты талмай мұхиттардан ұшып өтетін ірілері де, тұзды қайраңдарда тұрып, қорегін сүзіп жейтін қызғылт қоқиқаздайы да бар еді.

Қытайдан табылған мына Jeholopterus-тың тасқа айналған қаңқасынан оның тері талшығы аса байқалмайды. Тек бірлі-екілі мамық – олардың жылықанды болуы мүмкін екеніне меңзейді.
Омыртқалылар палеонтологиясы және палеоантропологиясы институты, Бейжің.

Ең қызықты жәдігер – птерозаврлардың тасқа айналған жұмыртқасы. Әлгі жұмырт­қаларды сканерлеу арқылы ғалымдар құнды дүниеге тап болады. Жұмыртқа ішіндегі эмбрион бұл түрдің қалай дамитынын түсінуге көмектесті. Тіпті бір жұмыртқа қытайлық птерозавр Darwinopterus-тың денесінен табылды. Осылайша, «Т ханым» (ұрғашы Птерозавр) – жынысы дәл анықталған алғашқы птерозавр болды. Оның басындағы айдары «тартымдылық үшін қызмет етуі мүмкін» деген жорамал алғаш дәлелденді. Бұл жаңалықтар птерозаврларға жаңа ғылыми өмір берді. Птерозавр зерттеушілерінің көбірек білуге деген құлшынысы арта түсті.

Биг-Бенд Ұлттық паркінен Техасқа аттанған британдық птерозавр зерттеуші Дэйв Мартилл қысқа барлау жасау тізімін ұсынды: біріншіден, сылдырмақты жылан тауып, оны тамашалау. Екіншіден, отыр­ған Кетцалькоатль басының қаңқа сүйегін табу. Әрине, бірінші жұмысты орындау оңайырақ. Бірақ ол Низар Ибрахим деген палеонтолог әріптесі екеуі бірден екінші кезектегі жұмысқа кірісті.

Птерозавр зерттеушілердің бірінші қағидасы – оптимист болу. Олардың қаңқа сүйегі өте сирек сақталған. Қағаздай жұқарып әлдеқашан тозаңға айналып кеткен. Кетцалькоатльге тән мәлімет тапшы. Зерттеушілер Мартилл мен Ибрахим жарықшақты тау беткейі арасынан сүйек іздеп үш күн жүрді. Аты қызықтыратын Птеродактиль жотасынан ары-бері өтіп, Кетцалькоатльді тапқан ғалымның «тура осы жерде» деп қалдырған карталарын қайта-қайта қарады. Геологиялық қабаттардың құпиясын ашып, ұмыт болған әлемді көз алдарына елестетті.

Бірақ олар ештеңе кездестірмеді, птерозаврдың титтей де белгісін көрген жоқ. Абырой болғанда Alamosaurus динозаврының жамбасы табылып, сол көңіл жұбатты. Бірақ динозавр – птерозавр емес. Птерозаврлардың пішіні, көлемі, мінезі алуан түрлі. Өте сирек кездесетін сүйек қаңқаларын табуға әбден құмартқан екі палеонтолог парктен шығып бара жатып Кетцалькоатльді іздеген жолдарын картаға түсірді.

Бразилиядағы Caiuajara dobruskii-дің сүйегі өз зерттеуін күтуде. Фрагменттердің көп табылуы ғалымдардың птерозаврлар туралы көзқарасын өзгертті.

Птерозаврлар туралы, тіпті олардың түрі мен мінез-құлқы тәрізді негізгі мәселелерге қатысты үнемі кереғар ғылыми тұжырымдар айтылады. Мұның бір себебі – маңызды деректердің болмауы және зерттеушілердің болжамды бірнеше ғана үлгіге қарап айтуында. Кей ғалымдар птерозавр­ларды «жер бауырлап ұшқан» деп суреттейді. Ал біреулері оларды қанаттарын екі жағына мұқият жинап, зомби тәрізді төртаяқтап жүрген деп елестетеді. Тағы біреулері – птерозаврлардың аэронавтикалық тұрғыдан икемсіздігі сонша, олар жартас­тардан шалқалай салбырап, төмен қарай құлдырай жөнелетін қасиетімен ғана көп уақытты әуеде өткізген деседі.

«Басы мен мойнының денесінен үш-төрт есе ұзын болуы сирек емес», – дейді птерозавр анатомиясы мен қозғалысын зерттеп жүрген Майкл Хабиб. Ғылыми иллюстраторлардың өздері жиі қателеседі. «Олар, негізінен, құстың моделін алады да, оған жарғақ қанат пен айдар орналастырады, бірақ птерозаврдың дене тұрқы құстікіндей болмаған ғой».

Лос-Анжелес аймағының Жаратылыстану тарихы музейінде жұмыс істейтін Хабиб тереңдетілген математикалық тәсіл мен анатомиялық білімді ұштастырып, птерозавр биомеханикасын қайта қарауға бел буды.

Хабиб те басқа зерттеу­шілер секілді «алғашқы птерозаврлар шамамен 230 млн жыл бұрын жемтігінің артынан секіріп жүріп, тап беруге бейімделген жеңіл де күшті бауырымен жорғалаушылардан пайда болған» деген пікірде. Жәндіктерді ұстап алу немесе дұшпанынан құтылып кету үшін қатты жүгіруі оның «секіріп, біраз уақыт төмен түспеуіне ұласты» деген тұжырым жасайды Хабиб. Птерозаврлар алғашқыда қалықтауы мүмкін, сосын құстар мен жарқанаттардан ондаған миллион жыл бұрын қанатын сермеп ұшатын алғашқы омыртқалыларға айналды.

Тісін ақситқан бұл Anhanguera piscator – палеонтологтар үшін табылған олжа. Қаңқасы жиі табылған аймақ – Бразилия.
NSM-PV 19892, ҰЛТТЫҚ ТАБИҒАТ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МУЗЕЙІ, ТОКИО.

Биологияда алғашқы рет қолданылған аэронавигациялық теңдеудің көмегімен Хабиб және оның биомеханик жолдастары «жартастан салбырау» деген гипотезаны жоққа шығарды. Олар өзге зерттеушілер ұсынған жерден қос аяқтап тік ұшу ірілерінің жамбасын сындырып жіберетінін дәлелдеді. «Төрт аяқпен көтерілген деу шындыққа жақынырақ», – дейді Хабиб.

Птерозаврлардың қанаттары әр қанатына иықтан жіліншігіне дейін жалғасқан жарғақтан тұрады және қанатының алдыңғы шетін бойлай созылған ұзын жарғақ төртінші саусаққа ұласқан. Бразилия мен Германиядағы өте жақсы сақталған үлгілер қанат жарғақ бұлшық еттер мен қан тамырларынан тұрғанын және фиброздық түтіктермен күшейтілгенін көрсетті.

Зерттеушілер енді «птерозаврлар әртүрлі ұшу жағдайларында бұлшық еттерін қысып немесе жіліншіктерін созып-тарту арқылы қанаттарының пішініне аздаған өзгеріс енгізулері мүмкін» деп ойлайды. «Пте­роид» деп аталатын білек сүйектер бұрышының өзгеруі жолаушы ұшағының алдыңғы ламелдеріндей төмен жылдамдықта көтерілуді ұлғайтуға мүмкіндік берсе керек.

Птерозаврлар ұшу үшін бұлшық еті мен дене салмағының басым бөлігін құстардан гөрі көбірек жұмсады. Олардың тіпті миы да ұлғайып, қанат жарғағынан келген күрделі сенсорлық ақпаратты өңдеу үшін ұшуға бейімделіп дамыған тәрізді.

Нәтижесінде, птерозаврлар шебер авиаторларға ұқсап қалады. Алыс қашықтыққа баяу, бірақ үлкен тиімділікпен ұшуды және мұхиттардың үстіндегі ауаның әлсіз жылы ағындарында қалықтап тұруды үйренген көптеген түрі пайда болды.

Хабибтың айтуынша, бірнешеуі тіпті «гиперұшқыш» болып та алуы мүмкін. «Мысалы, қанат құлашы үш метрдей альбатросқа ұқсас «никтозавр» деген теңіз птерозаврының әр метр қашықтықты өтке­ретін ұшу коэффициенті «заманауи жарыс планерінің диапазонымен шамалас», – дейді Хабиб.


Денесінің ірілігіне қарамай птерозаврлар көк жүзінде кәсіби авиаторларша самғайтын еді.


«Жарайды, қанаты солай дейік, – деді әріптесі Хабибке. – Басына не болған? Мәселен, Кетцалькоатльдың бас сүйегінің көлемі үш метрге жуық, ал дене тұрқы сол ұзындықтың ширегіндей ғана болған деседі. Никтозаврдың басы үлкен, оған қоса дәл төбесіндегі айдарлы үлкен діңгек оған не үшін керек болған?»

Хабибтің ойына бірден үлкен басқа сәл ғана салмақ беріп тұрған птерозаврдың миы түсті. Птерозавр сүйегі құстың сү­йегіндей қуыстанып келеді. Сүйек қатпарларының қалыңдығы бір миллиметрге де жетпейді. Ол майысу мен сынудан сақтайтын, тарам-тарам қабаттардан тұрады. Зақымданудан сақтайтын тіреушелер сү­йек қуысын бойлай біткен. Бұл ерекшелік птерозаврларға елеулі көп салмақ қоспай-ақ, сүйектерін өсіріп, өздеріне тән анатомиялық ерекшеліктерін ұлғайтуға мүмкіндік берген.

Олардың айдарлы бас қаңқасы мен арандай ашылған ауыздарының пропорциясын Хабиб «күлкілі» дейді. «Үлкен баста үлкен ауыз болады, ал ол тамақ жегенге жақсы», – дейді ол.

Бразилияда табылған сүйектер үйіндісі Caiuajara dobruskii деген түрге жататын 47 птерозаврдікі боп шықты. Сүйектердің бұл шоғыры кейбір птерозаврлар топталып тіршілік еткендіктен бір жерде өлгенін дәлелдесе керек.
СЕНПАЛЕО, UNIVERSIDADE DO CONTESTADO, Бразилия

Қытайдың солтүстік-шығысындағы сауда орталығы. Цзиньчжоу қаласының шулы көшесінде елдің жетекші палеонтологтарының бірі – Люй Жунчаң келушілерді кәдуілгі кеңсе ғимаратының күңгірт дәлізімен ертіп келе жатыр. Цзиньчжоу Палеонтологиялық музейінің директоры кез келген музейдің мақтанышы бола алатын жәдігерлерді көрсету үшін терезесіз кішігірім шоланның есігін айқара ашты. Онда қанатты динозаврлардың, ежелгі құстардың және птерозаврлардың толық дене бітімін көрсете алатын тасқа айналған тақтайшалар үйіліп жатыр.

Люйдің иығына жедеғабыл тас тақтайшада қанат құлашы төрт метрге жететін, тауықтікіндей титімдей артқы аяғы бар, алып птерозавр – Zhenyuanopterus-тің қаңқасы бар екен. Бір жағына қисайған ұзын да жіңішке басының басым бөлігін инедей үшкір тістері бар ауыз араны алып жатыр. «Ол су бетінде жүзіп жүріп балық та аулаған», – дейді Люй. Бұл – ол 2001 жылдан бері суреттеген 30-ға жуық птерозаврдың бір түрі, қалғандары сөрелерде әлі ғылыми түрде сипатталуын күтіп жатыр.

Цзиньчжоу музейі – птерозаврларды зерттеудің заманауи мәлімет көзі және тас­қа айналған қазбаларды табуда Қытайды алдыңғы шепке жеткізген Ляонин провинциясындағы осындай он қаңқа музейінің бірі екен.

Сонымен қатар, Ляонин провинциясы – ХІХ ғасырда атышулы «сүйек соғысы» кезінде бәсекелес болған алғашқы америкалық палеонтологтар Гофониил Чарльз Марш пен Эдвард Дринкер Коуптың ең көп қаңқа сүйектерін жинаған жері.

Бұл бәсекелестік Қытай Геология ғылымдары академиясының қызметкері Люйді Бейжің қаласындағы Омыртқалылар палеонтологиясы мен палеоантропологиясы институтының (ОППИ) өкілі Ван Сяолиньге қарсы қойды. «Марш пен Коуп тәрізді олар басында бірге жұмыс істеп, ке­йін бөлек кетті. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймады», – дейді ол туралы ­ОППИ-де жұмыс істейтін палеонтолог Шуньсин Цзян.

Rhamphorhynchus деген птерозавр мен жыртқыш балық бір жемтікті көздеп, птерозавр – әуеден, балық су астынан тап берді. Екеуі де теңіз табанына батып, тас қаңқаға айналды.
УФ ФОТОНЫ ТҮСІРГЕН ГЕЛЬМУТ ТИШЛИНГЕР

Осының арқасында олар 16 жылдан бері тыным таппай, птерозаврдың 50-ден аса жаңа түрін тапты, ал ол дегеніміз – ғылымда белгілі птерозаврлардың ширегіне тең. Палеонтологиялық жаңалықтың көбісі мо­йындалмай жатады. Бұл түрлердің кейбірі жарамсыз болуы әбден мүмкін. Бірақ екеуінің де алатын асулары көп екені айдан анық.


Соншалықты ірі жыртқыш бола тұра жойылып кетуі қатты ойландырады.


«Олар қолдарында бар қазбаларды суреттеу үшін сағат тоғыздан беске дейін әлі он жыл жұмыс істеулері керек», – дейді қыз­ғанышын жасыра алмағандар. «Меніңше, он жыл да жеткіліксіз», – деді Цзян қасын кере сәл қобалжи сөйлеп.

Қайткен күнде олардың табысы жарыстағыдай, дер кезінде қажетті жерде табылуға да көп байланысты болар. Германия, Бразилия, АҚШ және Англиямен қатар, Қытай – жер бетіндегі птерозаврлардың тас қаңқасының тоқсан пайызы табылатын әлемдегі бес елдің бірі. Бұл «птерозаврлардың түр-түрі тек осы бес елде ғана көптеп тіршілік еткен» дегенді білдірмейді. Олардың тасқа айналған бөлшектері барлық жерден, тіпті Антаркти­дадан да табылды. Палеонтологтардың ойынша, барлық жерде тіршілік еткен алуан түрлі птерозаврлардың тек сол бес елде жақсы сақталғаны – геологиядағы белгісіз бір ғажап дүние.

Бірақ Ляонин провинциясының орны бөлек. «Бор кезеңінде, – дейді Люй өзіне тән салқынқандылықпен, – Ляониннің қоңыржай ормандары мен таяз тұщы көлдері динозаврларға, ежелгі құстар мен птерозаврларға қажетті бай биоценоз алқабын қалыптастырды. Ке­йде­ қатты дауыл тұрып, жанартау­лардан күл атқылап, кенет кей жануарларды топ-тобымен көкке көтеріп, сосын ла­йлы балшыққа лақтырып тас­тауы да мүмкін. Ондай апаттар құрбандарын лезде, кейде анаэробты жағдайда көміп тастаған, содан жүз миллионнан астам жыл бойы олардың шөгіндісі бүлінбей, қаз-қалпында жақсы сақталған».

Птерозаврлардың қуыс та жеңіл сүйектері ұшуға жақсы еді. «Сақталып қалған птерозавр қаңқаларының көпшілігі жалпайып қалған, оларды құдды бір автомобиль басып кеткендей», – дейді бір бақылаушы.

Соның нәтижесін бүкіл Ляонинен көруге болады. Бір қарағанда, тастарда птерозавр жатыр деп ешкім ойламайды. Бірақ микроскоптағы препаратормен қатып қалған шөгінділерді мұқият алып тастап, зер сала қарасаңыз, белгілі бір пішін ­айқындала түседі.

Бейпяодағы Птерозавр музейінде және Бейжің Жаратылыс тарихы  музе­йінде жақында птерозаврлар шоуы болды. Жәдігерлерді бірінен кейін бірін тамашалап келе жатып, тасқа айналған қаңқалардың тірі кезін көз алдыңа елестетесің. Ол жерде ежелгі орман инеліктерімен қоректенген жайын ауыз да, түрі бақаға ұқсайтын Jeholopterusthought деген птерозавр да бар.

Бұл шоудан төменгі жақ сүйегіндегі кильге ұқсас мүшесімен айдын бетіндегі балықтарды сүзіп, су айдынына қалықтап ұшып өткен Икрандрако деген жануарды көресің. Солтүстік-батыс Қытайда ұзын да жіңішке тұмсығымен моллюскілер мен өзге де омыртқасыздарды аулап, тү­йін-түйін тістерімен уатып жеген Дзунгариптерус те бар.

Рэй Стэнфорд Колумбия аймағы, Уашингтондағы өз үйінің маңынан птерозаврлар мен басқа да жойылып кеткен жануарлардың іздері қалған жүздеген тас тақтаны тапты.

Қорек табу үшін осынша тайталасқа түскен белсенді тіршіліктің тасқа айналған қазіргі тұрпатын көру, әрине, ерекше әсерлі. Бәлкім, олар 66 млн жыл бұрын Бор кезеңінде қорек көзінің азаюы­нан жаппай қырылған болар? Ал кейбір ұсақ түрлері нәубеттен құтылар жол іздеп жанталасқан да болуы керек.

Қалай болғанда да, птерозаврлардың дәуірі сол кезеңдерден бері мәңгілікке аяқталған. Бірақ сіз мылқау музейден Жер шарының бір кездегі осы бір тылсым жануарының қу қаңқасын тамашалап жүргеніңізде олар ғажайып қанатын кең сермеп, бейне бір жартастан ұша жөнелердей әсер аласыз.


Ричард Кониффтің «Жоғалған әлемдер: Динозаврлар, әулеттер және Жердегі тіршілік тарихы» және фотограф Роберт Кларктың «Эволюция: Көрнекі жазбалар» атты кітаптары жақында шықты.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу