.

Путин пиғылы және Ресей қоғамы

Мәскеу. Кирилл Вселенский корниз ұшында қалықтап тұр. Ал Дима Балашов оны суретке түсіруде. Дүйім жұртқа осындай тәуекелшіл қылығымен танылған жігіттердің жасы 24-те. Олар өзінің кезекті жетістігін Instagram-да бөлісіп, мәз болысады.

Кеңес Одағы келмеске кеткелі 25 жыл өтсе де, Ресейдің жаңа буыны ескі күнін көксеп, ұлтшыл президентін қаһарман көреді.

Оны алғаш теміржол стансасының қонақүйінде кездестірдім. Ол мені қайда апарарын білмеді. Біз Орал тауларының бөктеріндегі, өнеркәсіп орталығына айналған Төменгі Тагилдің ыбырсыған көшелерімен төмен қарай ылдилай жөнелдік. Оның аты Саша Макаревич. Жасы 25-те, өзі цемент зауытында істейді.

Серуендеп жүріп қызыл жұлдыздар мен империялық, кеңестік, сондай-ақ ресейлік әскери медальдары бар сарғылт-қара Георгий ленталарымен қапталған кішкентай бір қабатты ғимараттың жанынан өттік. «Мұнда кірейік пе – деді Саша, – бірақ бұл жер – 90-жылдарды еске түсіреді».

Мәскеудегі пәтерлердің бірінде Александр мен Виктория Хлининдер тұрмыс тауқыметін ұмыту үшін ерекше костюм киіп, ойын ойнайды. Сол үшін олар түрлі жануарлар костюмін сатып алған. 1990 жылдардағы хаос пен Владимир Путин дәуірінің жастары үшін тұрақты жұмыс тауып, отбасын сақтап қалу қиындап барады.

Саша да сол 90-жылдары туған. Ол дүниеге келер кезде – 1991 жылдың желтоқсан айында кеңестік жүйе ыдырап, бұл өзгеріс орыс­тарға бір зұлымдықтың нышаны секілді көрінді. Қызыл тудың орнына ресейлік үшжолақты ту көтерілді. «Енді Батыс сияқты молшылықта өмір сүреміз» деген арманды уақыт келіп жел ұшырғандай жоқ етті. Өйткені «бұйрықтық» экономиканы – нарықтық формаға, ал абсолютті монархия мен тоталитаризм жүйесінде ғасырлап өмір сүрген қоғамды демократияны дәріптейтін елге айналдыру өте қиын еді.

Өз басым 90-жылдарды көрмедім. Отбасым Мәскеуден 1990 жылы сәуір айында көшіп кеткен. Алғаш елге 2002 жылы оралғанымда Владимир Путин дәуірінің нағыз қызған шағы еді. Ол турбулентті 90-жылдарды артта қалдыр­ғандай болды. Сол уақыттан бері мен Ресейге жиі келіп жүрдім. Бірнеше жыл бойы сонда тұрып, меншікті тілші болып жұмыс істедім.

Мен білетін ресейліктердің көбі – 74 жылдық кеңестік «экспериментте» қалыптасқандар. Біз отбасыларымыздың шағын тарихы мен трагедиясына осы тарихтың одан да үлкенірек драмасы тұрғысынан қараймыз. Алайда қазіргі ұрпақ тек 90-жылдардағы мешеу Ресей мен Путин қол астындағы кейінгі қатал кезеңді ғана біледі. Кеңес Одағының құлағанына тура 25 жыл өткенде мен Саша сияқты жастармен кездесу үшін биыл Ресейге тағы бардым. Олар кімдер? Бұл өмірден не күтеді? Өз елдері үшін нені қалайды?

«Жабайы жалбыз» фестивалі Мәскеуден шамамен 150 шақырым жерде өтеді. Жыл сайын бұл жерге 36 мыңнан астам адам келіп, таңғы үшке дейін түрлі топтардың әндерін тыңдап жатады. Кейбіреулері тіпті шатыр құрып, бұрынғы құндылықтарды дәріптейтін Accident немесе Бейруттан келген Wanton Bishop секілді топтардың өнерін тыңдайды.

«Төменгі Тагил – зауыттар мен түрме толы жер», – дейді Саша. Кезінде пойыз бен танк өндірісі үшін атағы шыққан қала бүгінде тұралаған зауыттар, жұмыссыздық және Владимир Путин атымен танымал. 2011 жылы Путин үшінші президенттік мерзімге оралуға ниетті екенін жариялаған кезде Мәскеу мен өзге ірі қалаларда наразылық шаралары бұрқ етті. Көшеге шыққандардың көбі білімі бар орта тап өкілдері мен жастар еді. Сол қыста Төменгі Тагилде зауыт қыз­меткері болып істейтін әлдекім ұлттық арнадан Путинге наразы­лық шараны басу үшін жігіттердің Мәскеуге баруға дайын екенін жеткізген болатын. Сөйтіп, бұл қала нағыз «Путинлэндке» айналып шыға келді.

Бүгінде қаланы гүлдендіру үшін Төменгі Тагилге Путин тағайындаған жаңа мэр келді. Жергілікті бір магнат керемет клиника салып берді. Алайда өмір жеңілдеген жоқ. Құлдыраған мұнай бағасы мен Украинаға баса-көктеп кіргені үшін Батыс санкцияларына тап болған Ресейдің экономикасы құрдымға кетті.

Мен қолы сатпақ-сатпақ, әбден шаршаған Сашамен ұзақ жұмыс күнінен кейін кездескен болатынмын. 90-жылдардан аман қалғандарға толы бұл барда ол өзін толықтай еркін әрі қауіп­сіз сезіне алмайды. Оның сипаттауынша, қала қатыгез конформистерге толы. «Жергілікті халық өзіне ұқсамаған кез келген жанға агрессия көрсетеді», – деді ол. Спорттық костюм, қысқа шаш пен кекіл – олардың кеспір-болмысы осындай. «Қатарластарымның көбі – отырып шыққандардың балалары. Заңды еш құрметтемейді», – дейді Саша. Ал 6-сыныпта оқып жүргенінде мұғалім оған: «Нағыз еркек не әскерде, не түрмеде», – депті. Сондықтан да Саша жұдырықтасуды да, пышақтасуды да үйренді. Бірде ол кезекті төбелестен соң қолын қанға малып келеді. Осыны айтып жатқан кездегі оның күлімсіреген түріне қарап шошып кеттім…

Сашаның қалауы – космополитандық Санкт-Петерборға қашып кетіп, сол жерден бар ашу. Бұрын онда бір-екі рет болғаны бар. Саша сол жақта ғана өзін үйінде жүргендей сезінеді. Бірақ Петербордан пәтер алмайынша, оның қызы көшуге үзілді-кесілді қарсы. Екеуінің жалақысын қоса есептегенде бұл ойы арман болып қала бермек.

Бұл – Төменгі Тагил тұрғындары үшін ортақ дүние. Жастардың асқақ армандары путиндік Ресейде «қамаулы». Олар әлем аралағысы келеді, бірақ алатын жалақылары экономикалық дағдарыстан кейін екі есе құлдырап кеткен рубльмен беріледі. Кейбірі жеке кәсіп көзін ашқысы келеді, бірақ жергілікті парақор жү­йенің масштабын өлшей алмайды. Сондықтан да олар өздерін де, көздерін де азға үйрете бастады. Негізгі қалайтын­дары: үй не пәтер, көлік пен отбасын құру. Олар аңсаған дүниенің ешбірі 90-жылдарда аман қалып, күндерін әрең көрген отбасылардың үш ұйықтаса түсіне кірмейтін еді.

Кәсіпкер Радик Минахметов Путиннің суретін іліп жатыр. Ол жерде Татарстан Президентінің де суреті бар. Ресей құрамындағы бұл республика Мәскеуден 700 шақырым жерде орналасқан. Небәрі 24 жасында ол Татарстан астанасы Қазандағы футуристикалық стадиондардың біріне бастық болған еді.

«90-жылдар бізге өте ауыр тиді, – дейді 20 жастағы Төменгі Тагил тұрғыны Александр Кузнецов, – 1998 жылы әкем бізді тастап кеткенде мен бар-жоғы үш жаста едім. Анамның жалақысы мені тамақтандыруға ғана жететін. Ойыншығым көп болмады. Үйде жалғыз баламын. Осының барлығы қазіргі ұстанымыма себеп болды. Мен үшін ең маңыздысы – отбасы». Орталық алаңдағы кафелердің бірінде кофесін ұрттап қойып отырған Александр: «Үйім қаңырап бос тұрғанда жоғары лауазым үшін таласқым келмейді», – дейді.

«Әскерге аяғыңды аттап басушы болма, ұлым!» Бұл – 90-жылдары әскер қатарына шақырылып, 1994 жылы Шешен соғысына қатысқан әкесінің Александрға айтқан өсиеті екен. Алайда Саша азаматтық борышын орындаудан еш қашқан емес. «Мен әрдайым қарулы күш сапында болғым келді. Отбасымдағы әрбір жанның осы саламен байланысы бар. Мәселен, менің үлкен атам – Ұлы Отан соғысының ардагері. Оның үстіне әскери сала жастарға полиция, не болмаса КГБ-ның орнын басқан Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) жол ашады. Әскери қызмет өз түлектеріне сақшы болу мүмкіндігін сыйлайды. Мен үшін тұрақты кіріс болса болғаны», – дейді Александр.

Екеуміз сөйлесіп отырғанымызда қасымыз­ға бойы ұзын, шашы қысқа Степан деген жігіт күлімсірей келді. Ол Сашаның досы еді.  Степан маған көзін қысып қойып: «Сонымен, Кеңес Одағында жағдай қандай болғанын білу үшін келдім де, ол кезде адамдар әлдеқайда жақсы тұрғанын біліп қой», – деп салды.


Путиндік буын түтіні түзу отбасы құрғанды қалайды. Ең болмағанда тұрақты жұмыс болса деп армандайды.


«Немене? Жақсы өмір сүрді дейсің бе? Қайда­ғыны айтпашы!» – деп Саша әңгімеге кірісті. Екеуі біраз дауласты. Ақыр аяғында Степан: «Сендер – америкалықтар, өз санкцияларыңмен бізді әбден қыспаққа алдыңдар. Бізге қарсы не дайындағандарың бар? Соғыс па?» – деп маған Ресейдің Қырымды аннексиялауының дұрыстығын дәлелдей бастады.

Мен америкалық журналист болғандықтан Степан өз тегін айтқысы келмеді. Бірақ үйге қайтатын кезде көлікпен жеткізіп тастауды ұсынды. «Шын мәнінде, мен бұл жерден кеткім келеді», – деді ол біраз көшені артқа тастаған кезде. «Қай жерден, Төменгі Тагилден бе?» – деп сұрадым. «Жоқ, Ресейден», – деді ол. Оның «ұлтшыл» ұрандарынан кейін бұл күтпеген жағдай еді. «Неге?» – дедім мен. «Бұл жерде істейтін түк жоқ, – деді ол күрсініп, – өсіп-дамып, өз-өзіңді табу үшін ешқандай мүмкіндік қарастырылмаған».

«КСРО кезінде және Одақ ыды­ра­ғаннан кейін туғандар­дың арасындағы айырмашы­лық жер мен көктей. Олар екі бөлек плане­тадан сияқты», – де­йді Светлана Алексеевна. Ол 2015 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған.

Кеңес Одағы құрдымға кеткенде барша жұрттың кеудесінде үміт оты жанды. Көпшілік Ресейді тез арада гүлдеп, батыстық үлгідегі демократиялы елге айналады деп сенді. Бірақ 1991 жылғы оптимизм күлге айналды. Жоспарлы экономика құлаған кезде халықтың бір бөлігі ақылға сыймас байлыққа кенелді. Ал енді біреулер кенеттен қайыршыға айналды. Бұрын қол жетпеген өнімдер дүкен сөрелеріне сыймай, оларды сатып алатын ақша ауық-ауық құнсыз­данумен болды. Қылмыс етек жайды. Әсіресе коммерция саласында қылмыс күрт өсті. Билік ашық саясатқа көшкенімен, аз уақытта халық мұның лас бизнес екеніне көз жеткізіп үлгерді.

Сырттан келген осындай шындыққа үйрену үшін халық бар күшін салды. Бұл теңдессіз бостандық кезі еді, бірақ ол көбін жолдан адастырды. «Осы құндылықтардың барлығы шындықпен бетпе-бет келгенде халық өзгерістің тым баяу жүріп жатқанына көзі жетті. Осылайша, бұл құндылықтар да біртіндеп маңызын жоғалтып, өзге мәселелердің көлеңкесінде қалды. «Ал жас ұрпақ кеңестік қоғам негіздерін дәріптей бастады», – дейді Мәскеудегі тәуелсіз дауыс беру ұйымындағы «Левада» орталығының әлеуметтанушысы Наталья Зорькая.

Саша, Александр, Степандардың заманы олардың әке-шешесі мен ата-әжесі тұрған уақтан мүлде бөлек. Бұл салыстыруға келмейді де. Соған қарамастан олар кеңестік дәуірді пір тұтады. Ең сорақысы да – осы. Бұл жас жігіттер мен бойжеткендердің кеңестік жүйе кезіндегі тоқырау мен шектеу, қатыгездік туралы білмегендері мен естігендері көп. Олар тұрақты әрі қалыпты өмірді қалайды. 90-жылдардағы қиын-қыстау кезең салдарынан кейін олар Путин дәуірінен тек отбасы құрып, екі қолға бір күрек табылуын аңсайды.

Қолдарына шүберек таңып, гранатаның суреті бар ту ұстаған «Өзге Ресей» оппозициялық партиясының қолдаушылары Мәскеу көшелеріне шыққан кез. Бұл партияның негізін 2010 жылы елде тыйым салынған ультра-ұлтшылдар қалады. Путин үкіметі бұл партияны мойындаған жоқ.

Олар өз болашағына сенімсіз. «Левада» орталығының дерегі бойынша Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін дүниеге келген алғашқы ұрпақ, яғни 18-24 жастағылардың 65 пайызы болашақты бір, ары кетсе екі-ақ жыл алға жоспарлайды екен. «Бұл – өте өзімшіл бірақ өте нәзік ұрпақ», – дейді Н.Зорькая. Сондай-ақ олар саяси инертті болып келеді. Билік жар салмаған жаңалық халыққа жетпейді. Жастардың 83 пайызы бірде-бір саяси немесе қоғамдық шараларға қатыспағанын айтады.

Лиза мені әйнек ғимараттардың біріндегі жарқыраған лоббиде күтіп алды. Бұл ғимарат Лондон мен Шанхай арасындағы көпір іспеттес. Зәулім ғимараттарды бір-бірімен жалғастыратын кафе мен дүкендері бар.  Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың суреттері бар туннельмен оның артынан ердім. Түскі асқа тапсырыс бердік. Ұзын сары шашты, өңі ажарлы, қымбат сағат таққан сәнқой Лиза борщ ішіп отырып әңгімесін айтты. Әке-шешесін ренжітпес үшін ол менен өзінің тегін көрсетпеуді өтінді.

Спорттық және әскери лагерьлерде десантшылар 10 жасқа жеткен балаларға қару ұстауды үйретуде. Путин Шешенстандағы соғысты жеңіп, Украинаға баса-көктеп кіріп, Қырымды басып алуы арқасында ел беделін қалпына келтірді. Әсіресе, жастар өз елін әлемдік держава қатарынан көргісі келетінін жасырмайды.

Ол 1992 жылы Ресейдің Қиыр шығысындағы Благовещенск қаласында дүниеге келген. Оның алдында бір жыл бұрын тарих мұғалімі болып істеген әкесі Мәскеу көшелеріне шығып, демократияны қуана қарсы алған еді. Алайда Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ол өз отбасын қамтамасыз етудің өзге жолдарын іздеуге мәжбүр болды. Осылайша, Қытай асты. Ресейге киімнен бастап, техникаға дейін тасыды. «Ол тоналмас үшін үйге ақшаны көйлегінің ішіне тігіп келетін», – деді әңгіме барысында Лиза.

Қазір Лиза – ірі батыс компаниясының бірінде заңгер. Бұл керемет, бірақ оның қалағаны ол емес-тұғын. «Мен көп жазатынмын, әрда­йым журналист болғым келетін», – деп ол әжесі сақтап келген өзінің қысқа әңгімелері барын айтты. Алайда ата-анам журналистиканың қадірсіз, ақша көрсе жолдан таятын кәсіп екенін алға тартты. 1990 жылдары солай болды да… Қалталылар журналистикаға бағыт-бағдар беріп отыратын. «Сен бұл салада көп ақша таппайсың, үйдің ең ақылдысы да, үлкені де – сен, сіңлің екеуіңді қамтамасыз ете алатын тұрақты жұмыс керек», – дейтін олар. Кейін әке-шешесі ажырасып кетті. Әкесінің кәсібі өрге домалады. Осының арқасында Лиза бір жыл бойы – Орегонда, кейін Лондонда оқуға мүмкіндік алды.

Instagram-да 7 миллион оқырманы бар 29 жастағы актриса Н.Самбурская – Ресейдің әлеуметтік желісіндегі ең танымал жұлдыздардың бірі. Бұған қарамастан, ол өзге мәскеуліктер секілді кішігірім пәтерде тұрады. Өзге елдердегі жастар сияқты орыс жастары да смартфондарынан бір елі айырылмайды.

Батыстық үлгідегі заманауи әйелге айналған ол шешесіне жігіттері мен есірткіге толы кештер туралы айтады. Бұған қарамастан Лиза – нағыз орыс. Оппозициядағы білімі бар мәскеу­ліктер сияқты: «Путинді суқаным сүймейді. Бірақ шетелдіктер оны сынап, қаралай бастаса, мен әрдайым Ресейді қорғап шығамын», – дейді. Ол Лондонда жүрген кезінде жергілікті халық Ресей мен орыс әйелдерін мазақ қылатын. «Тіпті, «Пошта арқылы тапсырыс бере салуға болатын дайын бізбикелер» деп кекететін. Шетелде жүріп мұндай қорлық сөз есту сондай ауыр еді, көзім жасқа толатын», – дейді Лиза.

2011 жылы Лиза Мәскеуде етек жая бастаған либералды саясатқа қызыға бастады. Ол желтоқсанда өткен парламенттік сайлауда бақылаушы болуы үшін «Халықаралық амнистия» ұйымы мен «Яблоко» либералды партиясы қатарына қосылды. Оны сіңлісі оқыған мектептегі дауыс беру учаскесіне жібереді. Мұғалімдердің дауыс беру кезінде өзге адам орнына сайлау парақшаларын толтырғанын көрген ол өз көзіне өзі сенбеді. Араласпақ болып еді, айғай естіді. Осылайша, оны түк көрінбейтін бұрышқа отырғызып қойды. Мұндай бассыздық бүкіл ел бойынша болып жатты. Көп бақылаушы Мәскеу мен өзге ірі қалаларды соңғы 20 жылдағы ең ірі жаппай наразылық шарасына әкеп соққан видеоларды телефондарына түсіріп, ғаламторда онлайн жариялады.

Қазан қаласы. «Мұхаммадия» медресесінің студенттері үзілісте жүрген кез. Қала халқының жартысы орыс болса, қалғаны – татар. Татарлардың көбі – мұсылман. Жалпы, ислам – Ресейде екінші үлкен дін. Бұл мектепте дінтану, лингвистика және татар тарихы мен мәдениеті сабақтары беріледі.

Ақыр аяғы Лизаның жүйкесі тозды. «Қояншығым ұстады. Екі сағат бойы жыладым, – деді ол. – Бұдан былай саясатқа араласпаймын. Ешқашан. Мұның маған еш қатысы жоқ. Жүйе­ге қарсы күресуге менің дәрменім жетпейді». Бұл уәдесінде рубль құнсызданып кеткеннен кейін де тұрды. Валютаның құлдырауы Лизаны ең қатты жақсы көретін ісінен, саяхаттау мүмкіндігінен айырды. «Иә, қиын жағдайға тап болдық. Енді өз-өзімізді шектеуге тура келеді», – деп томсыраяды ол.

Лизаның университет деңгейіндегі заң мектебінде бірге оқыған құрбысы Ксения Обидинаның да пікірі осындай. Оның да әке-шешесі ерте ажырасып кеткен. Сол себепті ол үшін ең маңыз­дысы – отбасы мен тұрақтылық, яғни жалақасы жоғары тұрақты жұмыс. Сонда ғана ол шешесі мен сіңлісіне көмектесіп әрі ел аралай алады. Алайда саяси және экономикалық дағдарысқа байланысты арманынан ұзап барады. Өйткені Ксения жұмыс істегісі келетін шетелдік заңгерлік фирмалар жаппай елді тастап кетіп жатыр.

Санкт-Петербордың Emerald гранд-қонақүйіндегі мектеп түлектерінің кеші. Түлектер көңіл көтеруде. Коммунизмнің құлдырауы кедейлер мен байлар арасында алшақтықты қалыптастырды. 1990 жылдарды білетін жастар үшін экономикалық қауіпсіздік басты мақсат болып қала бермек.

ОЛАР бұл ЖОЛҒА ҚАЛАЙ ТҮСТІ? Бұған Владимир Путин тұлғасы жауап бере алады. Ол 2000 жылы 90-жылдарға қарсы үміткер ретінде билікке келді. Бұл сол кездегі ұрпақтың енді ғана жан-жағындағы әлемге назары түскен кез болатын. Ол: «Қауіпсіз өмір мен өркендеуді әкелемін», – деп уәде берді. 90-жылдардың басында жасалған экономикалық реформа мен мұнай бағасының ең қымбат тарихи көрсеткішке жетуінің арқасында Путин уәдесінің біразын орындай алды.

Тұрақтылық пен экономикалық әл-әуқат күн тәрбіндегі идеологияға айналды. Ол арасында КСРО жасаған күнәларды жуып-шайып, еске алып отыруды да ұмытпады. Путин Кеңес Одағының ыдырауын ХХ ғасырдың ең үлкен гео­саяси қасіретіне теңеді. Оның сөзінше, бұлай сезінбегендірдің жүрегі жоқ, Иосиф Сталин сәл ғана шектен шыққан «эффективті менеджерге» айналып шыға келді. Баспа мен телевизия билік салып берген жаңа жолды, сосын осы бір «ностальгияны» көрсете бастады. Бүгінде осындай саясаттың арқасында ресейліктердің 58 пайызы кеңестік жүйе мен тәртіптің оралғанын қаласа, 40 пайызына жуығы тіпті Сталин заманын аңсайды.

Сергиев Посад ауданындағы Мәскеу рухани академиясының семинария студенттері жаңа завет, литургиялық әуендер, икона салу және т.б. пәндер үйренеді. Коммунистер тарапынан қыспаққа ұшыраған Орыс православ шіркеуі қайта жанданды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі уақыттың басым бөлігі бірігу жолындағы бейшара ізденіспен өтті. Басында демократия орнағанымен, кейін консюмеризм, яғни тұтынушылық, уестернизацияға айналып шыға келді. «Тұтыну арқылы келген бұл жаңғырту да жеткіліксіз еді», – дейді әлеуметтанушы Н.Зорькая. 2000 жылы Ikea жаңа орта тап үшін сәнге айналды. Бұл кеңестік емес, еуропалықтардай тұрудың қолжетімді жолы еді. «Қандай да бір көп шығынсыз-ақ өркениетті өмірдің дәмін сезу мүмкіндігі туды, – дейді ол, – бірақ осы бір декор түгелдей дерлік адам болмысы мен құндылықтарды жасырып, шынайы Ресейді көрсетпеді».

2012 жылы үшінші президенттік мерзімі басталғалы бері Путин ішкі және сыртқы саясатта агрессивті неокеңестік идеологияны күшейтті. Ол бұрынғы Одақ құрамына мүше болған Украина мен Қазақстан секілді республикаларды Мәскеу ықпалында сақтап қалғысы келді. Сондай-ақ Ресей қарулы күштерін бір шалғайдағы Сирияға бағыттады. Дәстүрлі әлеуметтік құндылықтар бірқатар заң арқылы насихатталғаннан кейін өзгеше ойлау мүлде қауіпті болып кетті. Нәтижесінде, Путин армандаған конформист, материалист және тәуекелшіл ұрпақ шыға келді.

Мен бұл мақаланы жариялаған кез Путин танымалдығының шыңына дөп келді. Путин са­й­лауда 80 пайыз дауыс жинаған болатын. Өзге жастағыларға қарағанда сайлау кезінде 18 бен 24 жас аралығындағы жастардың 88 пайызы Путинге дауыс берген. Олар өз елінің әлемдегі алатын орнымен, елдің әскери күш қуатымен мақтанып, ел болашағына кәміл сенеді.

Қазан маңындағы бай аудандардың бірінде тұрған мына сәулетті мейрамхана – сән қуған жастардың орны. Еділ жағасындағы Water & Snow кешені мезгілге қарай түрлі ойын-сауық ұсынады. Жазда – ашық аспан астында суға шомылып, тамақтануға, ал қыста шаңғы мен велосипед тебуге болады.

Новосибирск қаласының тар әрі қараңғы аулаларының бірі. ХІХ ғасырдың кірпіш ғимараттарының арасында сыра ішіп, музыка тыңдап отырған жергілікті сығанды кездестірдім. Бұл – 1995 жылғы Филипп Крикунов өнер галлереясын ашқан жер. Ол көпшілік шоғырланған жерден аулақ шығып, маған айналаны көрсетті. Бөлменің бірі – флюоросцентті алқызыл түспен жарқырап, мағынасыз суреттерге толы керегедегі сөрелерде Лениннің минибюсттері тұр. Келесі есікті ашсаң, жас қылқалам шеберлері селфидің ақылға сыймайтын түрін сынап, қорапшаға басын тығып суретке түсіп жатыр. Оның біреуі әйнек сынықтарына, екіншісі Burger King қалдықтарына толы.

Мен Филиппті сол күні кездестірдім. Ерекше сәнденген жас қыздарға толы Новосибирск қаласындағы кафеде басымыз қосылды. Бұл – Ресейдің ең ірі үшінші қаласы. Елдің өнеркәсіп және ғылыми-инновациялық орталығы есептелетін осы қалада ақша көп. Бірақ әкесіз өскен баланың бірі – Филипп сол байлықтың дәмінен кенде. Ресейдегі басқа көптеген бала сияқты ол да шешесі мен әжесінің қолында өсті. Ұлы Отан соғысына қатысқан арғы атасы Сталин кезінде атылып кетіпті. Әжесі елге танылған химия маманы болды. Шешесі де ғылым саласында жұмыс істеді. «Бірақ үйдегілердің қалағаны да, әңгімесі де саясат болды», – дейді Филипп.

Мәскеудегі продемократиялық қарсылықтар қылаң беріп, Новосибирск тәріздес қалаларға жеткенде Филипп 16 жаста еді. Көшеге шыққан мыңдаған адам еркін әрі әділ сайлауды талап етті. Дей тұрғанмен, бұл наразылық шаралары демонстрациядан гөрі, халықтың жаппай көңіл көтеру кешіне ұқсады. Филипп те Путиннен әбден мезі болған. «Халық наразылығын Путинге жеткізсе де, ешқандай диалог болған жоқ», – дейді Филипп. Кремль бақылауындағы телеарналар көрсеткен Ресейді ол мүлде таныған жоқ. «Олар өзге мемлекетті көрсетті, сондай суайт адамдарды өмірімде көрген емеспін», – дейді Филипп.

Мәскеуден 285 шақырым жерде орналасқан Никольскийдегі «Ауыл күні» мерекесінің қарсаңы. Бір-бірін ұнатқан жастар әдетінше қыдырып жүр. Соңғы дағдарыстарға дейін ел экономикасы мұнайдың арқасында шарықтап, Ресей жастары жоғары жалақы үшін қалаларға келе бастады.

«Бүкіл ел көтеріліп, көшеге шығып жатқанда орнымда тапжылмай қалай отырамын» деген оймен наразылық шарасына қатыстым. Саяси белсенді азамат болғым келді. Өзгені ойлауға мұршам болмады. Әділетсіздік үшін ішім күйіп бара жатты. Бірақ бұдан еш нәтиже шықпады», – дейді Филипп.

Нәтиже болмады емес, болды… Наразылық шарасы үлкен өзгерістер тудырды, бірақ оларды оң деуге келмейді. 2012 жылдың мамыр айында Кремль көтерілісті күшпен басқаннан кейін ондаған адам жаппай ұсталып сотталып, түрмеге тоғытылды.

29 жастағы Михаил Васильев бильярд жабдықтарын сатумен айналысады. Ол ақын Владимир Маяковский ескерткішінің жанындағы «Триумфальная» алаңында скейтборд теуіп жүр. Қазіргі жастар олардың әке-шешесі үш ұйықтаса түсіне кірмеген еркіндікке қол жеткізді.

«Іргесін өзім қаладым», – деп жүрген орта тап тарапынан сатқындыққа ұшырағандай болған Путин авторитарлық саясатын үдете бастады. Осылайша, елдегі саяси жағдай тіптен шиеленісе түсті. Ол еркіндік пен демократияны насихаттап жүрген либералдарды ашық түрде «ұлттық сатқындарға» теңеді.

Мұндай қатал жауап Путин «ұрпағына» қатты әсер етті. Осы оқиғалар оларды саясаттан аулақ жүруге үйретті. «Сөйтіп, мен де қолымды бір сілтедім, – деді Филипп. – Не мен бұл жүйені жеңем, не өзге жүйеде – өнер әлемінде өмір сүремін деп шештім. Бұл сала әлдеқайда жақсы. Саясатта жүйкең тозып бітеді. Уайым-қа­йғы үшін әрдайым бақытсыз сезінесің, өмірден еш ләззат ала алмайсың».

Путин 2018 жылғы президенттік сайлауға түсуге қарсы емес. Дегенмен де оны сайлауда жеңіске жетеді деу ертерек. Бұлай болатын болса, ол билікте 2024 жылға дейін қалады деген сөз. Бұл уақытқа дейін Филипптің жасы 29-ға толады. Путин алғаш таққа отырған кезде Филипп бар-жоғы 5-ақ жаста болатын. Ол сол уақытқа дейін билікте Путинді көргісі келе ме? «Түк етпейді, мен өмір бойы қисайып тұрып келемін ғой», – деп иығын көтерді Филипп.

Автор: Джулия Йофф фото: Герд Людвиг


Джулия Йофф. Жазушы Foreign Policy мен New Yorker басылымдарына мақала жазып жүргенде Мәскеуде тұрды. Бұл – оның «National Geographic» журналына шыққан алғашқы мақаласы.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

3 пікір жазылған

Пікір жазу