.

Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!

Наурыз мейрамы – әлемдегі ең көне мерекелердің бірі. Көктем келген бойда мемлекеттік деңгейде тойланатын бұл мереке парсы, кавказ, Орталық Азия елдері мен түркі халықтарына ортақ. Оның ішінде қазақ халқы Наурызға ерекше мән берген. Себебі, «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!» деген баталы сөзден басталатын мейрамның игілі мен берекесі көгілдір көктеммен қатар келеді деп ұққан.

Мейрамды дәстүрлі Наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Бұл күні әрбір үйде Наурыз көже дайындалады. Ырымшыл қазақ халқы әу бастан қасиетті сандарға мән бергендіктен болар бұл тағамға жеті түрлі дәмді қосып дайындайды. Кейбір адамдар Наурыз мерекесі келген күні өз үйіне кемі 7 қонақты шақырса, өзі де 7 үйден наурыз көжеден ауыз тию парыз деп ұққан.

Этнограф-ғалымдардың айтуынша, Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бұл – ұзақ қыстан аман-есен шыққаннан кейінгі жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Мереке кезінде жолыққандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады.

Наурыз мерекесі кезінде арнайы тігілген алтыбақан басында той-думан ұйымдастырылып, ұлттық ойындардан сайыс өткізіледі. Ал таңсәріде қалың көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алатын болған.

Бұл мереке Ислам дәуіріне дейін тойланып, халық арасында ерекше қолдауға ие болып келеді. Шығыс елдерінің (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі.

Фото: Ерболат Шадрахов

       

Пікір жазу