.

Африканың high-tech ұрпағы

Африка үшін жоба дайындау – көптеген технологиялық кәсіпорынның мақсаты. Бұл құрлық әлі де белгілі бір деңгейде пайдаланылмаған нарық болып саналады. Әсіресе желілермен қамтамасыз етілмеген шалғай жерлер. Кения астанасы – Найробидегі BRCK жобасының директоры Марк Камау мобильді метеостансаның прототипін ұстап тұр.

«Силикон жазығынан» шабыт алған жастар адамдардың өмірін өзгертетін инновацияларға батыл қадам жасауда.

2004 жылдың бір күнінде Кения­ның Инженер атты қыстағында (бұлай аталу себебі – кезінде мұнда бір ағылшын азаматының техника жөндеу шеберханасы болғандығынан) алыстан нашар көретін бала сол аймақтағы жалғыз баспахананың қасынан өтіп бара жатып, өмірінде көрмеген бір нәрсеге – компьютерге көзі түсті.

Гуілдеген машинаның жанында тұрған бала сөздер мен сандардың белгісіз бір жолмен компьютерден қағазға басылып жатқанына таңырқай қарап қалды. Жасөспірім Питер Кариокай осы сәтте өмірлік жолын тапты.

Орамжапырақ және картоп өсірумен айналысатын ата-анасы Питердің көп уақытын баспаханада өткізетініне алаңдай бастады. Инженер қыстағында интернет ешкімде болмады. Электр жарығының өзі санаулы үйде болды. Технологиялық дүмпу деген ұғымнан ада болды. Соған қарамастан Питердің оған қызығушылығы арта түсті. Бастауыш мектепті үздік бағамен бітірген ол атақты «Масено» мектебіне қабылданды. Ұстазы Питерге компьютерлік ғылыми зертхананың кілтін табыстады. Сөйтіп, ол түні бойы кодтар жазды.

Балаларына компьютерді қолдануды үйретуді жән-тәнімен қалайтын мына самбуру әйелдері Найробидің солтүстігінде орналасқан қыстақтағы оқу бөлмесіне келіп отыр. Интернет арқылы істейтін білім туралы бағдарламалары бар планшетті қолдануды үйренуде. Африканың оқшауланған аймағына мұндай технология арзан смартфон арқылы келді.

2010 жылы он сегіз жастағы компьютер шебері Руанданың Кигали қаласына жол тартты. Кигали Африканың ең таза және тыныш қалаларының бірі болғанымен, транзиттік жүйесі құрлықтағы жалпы нормаға сай келмейтін. Себебі автобустар (шағын фургондар) сенімсіз, үнемі адамдарға лық толы және баяу жүретін. Жолаушылар көбінде есерсоқ мотоцикл жүргізушілеріне сенім артатын. Шындығына келсек, Африканың Сахара шөлінен төменгі бөлігінде жол-көлік оқиғалары өлімнің негізгі себептері ретінде ЖҚТБ және безгек ауруларының санымен теңесуге шақ тұр. Ал Кариокай көрген полиция статистикасында Кигалиде жол апаттарының 80%-ға жуығы – мотоциклдер еншісінде. Бұл деректер Кариокай мен оның бөлмелесі, Канададан келген аспирант Баррет Наштың назарын аударды. Кешқұрым Кариокай мен Наш ноутбуктарын сөндіріп, Кигалидің қызыл шамдары жарқыраған ауданындағы барға баратын. Басты сұраққа жауап іздейтін: Кигали тұрғындарын Uber сияқты тиімді, қолжетімді және қауіпсіз такси-мотоцикл қызметімен қалай қамтамасыз етуге болады?

Кариокай мен Наш бастапқы капитал іздеуге арналған ғаламтор сайтына өздерінің тұжырымдамаларын сипаттаған бейнежазбаны жүктеді. Акселераторлық топ оларға электронды хат жазып, Ирландияның Корк қаласында үш айлық тегін дәріс алуға шақырды. Мұның нақты ұсыныс екеніне көз жеткізген Кариокай мен Наш жұмыстарынан шықты.

Кәсіпкерлер Найробидегі iHub деп аталатын әйгілі технологиялық-инновациялық орталықта бірлесіп қызмет етіп жатыр. Олар мұнда идеяларымен бөліседі, дәрі алады және сайыстарға қатысып программалық жабдықтауға қатысты күрделі мәселелерді шешуде бәсекеге түседі. Бұл – «Силикон жазығының» кениялық нұсқасы – «Силикон саваннасының» жарқын көрінісі.

Кариокай мен Наш 2015 жылдың көктемінде Кигали қаласына тұжырымдамаларының пісіп-жетілген бағдарламалық қосымшаларымен оралды. Оған SafeMotos деген атау берді. Олар такси-мотоциклмен келе жатқанда аспанға бұлт үйіріліп, жаңбыр жауа бастады. Жауын астында қалған көліктер бір-бірімен жарысып, төбеге қарай ағылды. Бір кезде олардың алдында келе жатқан жүк көлігі артқа қарай жүріп кетті. Кариокай мотоциклден ұшып түсті. Кейінірек ернін тіккен хирург мән-жайды сұрастырғанда Кариокай мотоцикл жүргізушісінің жол апатына ұшырағанын айтты.

Дәрігер: «Мен мұндайды күнде көремін», – деді де әрі қарай тіге берді. Енді SafeMotos бағдарламасына арналған маркетингтік талдауы толыққанда аяқталды.

Бастапқы капиталы 126 000 долларды құраған руандалық стартап – бүгінде Африкадағы мотоциклды пайдалану қызметін ұсынатын алғашқы және ең ірі компания. Ол Кигалидегі лицензиясы бар және жіті бақыланатын 400-ден астам такси-мотоцикл жүргізушілерімен серіктес. 2017 жылдың жалпы табыс мөлшері 1,1 миллионды құрайды делінеді. Жуырда Кигалидің жалт-жұлт еткен су жаңа қонақүйлердің бірінің балконында Кариокай маған: «Менің арманым – Кигалиді ешкімнің тісі батпайтын берік «қамалға» айналдыру және одан бөлек он шақты қалаға қарай ойысу», – деп сырын ақтарды.

Uber сияқты компания, Питер Кариокай өзінің SafeMotos бағдарламасы арқылы бүкіл Африканы жолаушыларға арналған қауіпсіз мотоцикл қызметімен қамтамасыз етпек.

Инженер қыстағының мақтанышы – Африканың Сахара шөлінен төменгі бөлігін өзгертуді көздейтін «цифрлық» жасампаздар буынының өкілі. Олардың бой көрсетуі ұялы телефондардың бүкіл құрлыққа таралуымен және жоғары жылдамдықты интернеттің қолданысқа енуімен тұспа-тұс келеді. Соңғы бірнеше жылдың ішінде Батыс елдерінің венчурлық капиталындағы ондаған миллион доллар Кения, Руанда, Нигерия және Оңтүстік Африка сияқты елдерге ағылды. Оның нәтижесі – жаңашыл ұрпақ. Олардың SafeMotos жобасы тәріздес идеялары африкалықтардың тұрмыс жағдайын жақсарта алады.

Африканың жалпы ілгері жылжуына кедергі келтіретін экономикалық және қоғамдық-саяси қиындығына қарамастан, осындай дамудың болуы таңғаларлық нәрсе емес. «Бұл ғаламшарда тек бір ғана құрлықтың халық саны өзгелермен салыстырғанда жылдам өсіп келеді, – дейді Руанда Даму кеңесінің бас стратегі Стив Мутабази, – бұдан да жылдам қарқынмен өсуі мүмкін. Азия елдеріне қызыға да, қызғана да қарадым. Тек бір нәрсе анық. Экожүйеге ерекше мән беретін халқы бар дамып жатқан аймақ инвестиция үшін өте тартымды. Африканың да қазіргі күйі – осы».

Африканың сандық экономикаға кеш аяқ басуында да белгілі бір артықшылықтары бар. Ол «Силикон жазығында» қол жеткізілген табыс пен қателіктерден сабақ алды. Ел нарығы да жаңа шепке қарай бет алып келеді. Арзан жұмыс күші техника құрастыратын зауыттар үшін тартымды перспектива, т.б. Кенияның Ақпарат және байланыс министрлігінің бұрынғы тұрақты хатшысы, Найроби университеті жанындағы бизнес мектебінің кәсіпкерлік пәнінің профессоры Битанге Ндемо: «Қытай мен Үндістанның электроника нарығында қалай бәсекелесетінін қараңыз. Үндістан электронды заттар шығаратын ғаламдық орталық болу үшін дұрыс жолды ұстанып отыр. Қалай?! Екі қолға бір күрек таппай жүрген қарапайым жастарды жарты бағасына жұмыс істете отырып олар өз өнімдерін шығара алады. Мұндай іс тағы қай құрлықтың қолынан келеді? Африканың!» – дейді.

Болашаққа инвестиция салған мына 500 франктық банкнота көрсетілгендей, Руанда елі оқушылардың сандық әлемі туралы білімін кеңейтіп, тұрғындарды интернетпен байланыс­тырды.

Ндемо – өз елінің техникалық әлеуетін көтеріп, оның «Силикон саваннасы» деп аталуына үлес қосқан алғашқы кениялық азаматтардың бірі. Ол бүгінде жарнаманың маңызы артқанын айтады. 2007 жылы Кения­дағы M-Pesa компаниясы жасап шығарған мобильдік ақша аударымы қосымшасы арқасында африкалықтар банкке немесе банкоматқа бармай-ақ, ұялы телефон арқылы дүкендермен есеп айырыса алады. Сонымен қатар, адамдар кейбір компаниялардың жарығы тапшы үйлерге орнатқан күн панельдерінің төлемдерін де осы арқылы төлей алады. Uber – Шығыс Африкадағы өмірдің бір көрінісі. Оның бәсекелестері де жоқ емес.

Бүкіл аймаққа таралған жаңа технология тұрғындардың тауарды, киімді және басқа да заттарды ғаламтор арқылы сатып алуына жол ашады. iCow деп аталатын бағдарлама бақташыларға ірі қара мал санын қадағалауға көмектеседі. Ал Kytabu жағдайы төмен мектептердің оқушылары мен мұғалімдеріне оқулықтарды мобильдік құрылғыға жалға алуға мүмкіндік береді. Африканың экономикалық жағдайы төмен болғанымен, өнертап-қыштықтың дамуына кедергі бола алмады. Кигалидегі Карнеги-Меллон университеті ректорының орынбасары Мишель Бези: «Бірдеңе қажет болса Amazon арқылы тапсырыс береміз. Ауылда бәрін өздері ойлап табуына тура келеді. Оған менің студенттерім дәлел. Олардың жаны жаңашылдыққа құмар», – дейді.

Дей тұрғанмен, Конго Демократиялық Рес­публикасының, Бельгияның және Солтүстік Каролинаның университеттерінде қызмет атқарған Бези: «Африка «Силикон саваннасы» белсенділерінің үмітін ақтай алмауы мүмкін», – деп алаңдайды. Ол: «Идеяның болғаны әрине, жақсы. Бірақ ол іске аспаса, оның ешқандай құндылығы жоқ», – дейді. Скептиктер Африканың Сахара шөлінен төменгі бөлігіндегі халықтың 60%-ға жуығы жарықсыз отырғанын атап өтеді. Тіпті компьютерді қосуға жағдайы бар адамдардың оны пайдалануға мүмкіндіктері шектеулі. Бези интернеттегі қолжетімді мәліметтерді талдап, баға беретін Webometrics сайты бойынша ең жоғарғы рейтингке ие мың университеттің сегізі ғана Африкада (біреуі – Мысырда, қалған жетеуі – Оңтүстік Африкада) екенін айтады. Мұның әсері бүкіл Африка қоғамында анық сезіледі.

«Африка халқының ақпараттық технология туралы түсініктері өте төмен. Жас африкалықтар компьютермен тек орта мектепте танысады. Ал АҚШ-та төрт жастан бастап. Мұндағы компания басшылары IT-технологиялары өз компанияларына қандай артықшылықтар ұсынатындығын еш түсінбейді», – дейді Бези.

Қолдарындағы мәліметті пайдалану Питер Кариокай мен Баррет Наштың міндеттемелерінің бір бөлшегі ғана болды. Әр апта сайын SafeMotos құрушылары клиенттердің жүргізушілерге берген бағасын, пайызбен көрсетілген жаңарған статистиканы электронды пошта арқылы инвесторларына жібереді. Кигали орталығынан батысқа қарай әрі еңіс жолында орналасқан SafeMotos кеңсесіне барғанымда үлкен компьютер мониторының кейін талдау жасау үшін әр сапарды басынан аяғына дейін тіркеп отыратынын көрдім.

Білікті мамандар жағынан SafeMotos компаниясының басына түскен қиындықтар Африка мен «Силикон жазығының» ортасындағы шыңырау іспетті. «Мұнда дарынды бағдарламашыны табу қиын. Сондықтан бәрін өзім істеуім керек», – дейді Кариокай.

Технологиялық әлеуетін қалыптастыру, Руанда елі калифорниялық Zipline компаниясымен бірлесіп, дрондар көмегімен қан мен плазманы жеткізу жұмыстарымен айналысуда.

Ондаған өтініш берушімен сұхбаттасып, олардың ешқайсысының SafeMotos бағдарламасын дамытуға қарым-қабілеті жетпейтініне көз жеткізген Кариокай мен Наш Польшадан үш бағдарлама жасаушыдан құралған топты жалдауды ұйғарды. Сол сияқты жаңа дүниелерді нарыққа (Кигали жолаушыларына, инвесторларға, әлеуетті жарнама берушілерге, Кигали сыртындағы нарықтарға) енгізуді де өз мойындарына алады. Олардың SafeMotos тобына мүдделес адамдарды таба алмауы Руанда сияқты елдерде білім жү­йесінің ежелден ақсап тұрғанын көрсетеді. Кигалидегі Карнеги-Меллон университетінің ректоры Брюс Крог бұл жөнінде былай дейді: «АҚШ-тың тәрбиеге қатысты ұстанымы мүлде бөлек. Бала дүниеге келген сәттен бастап, оны «кім болғың келеді» деген сұрақты қою арқылы тәрбиелейді. Ол жақтағы білім жү­йесі балаларға критикалық ойлауды үйретуге бағытталған. Ал мұнда ол шектен шыққандық болып есептеледі. Бұл мәдениетте балалар бір орыннан тапжылмайды және өз беттерімен шешім қабылдай алмайды».

Әйтсе де, Руанда елі білім беру тарихында керемет, ең бастысы, жүйрік нәтижемен мақтана алады. Оның бір дәлелі – осыдан алты жыл бұрын Карнеги-Меллон университетін Кигалиге арбап әкелу. Пол Кагаме 2000 жылы президент атанған кезінде өз елінің екі онжылдықтың ішінде білімге негізделген экономикаға қол жеткізетінін жариялады. Даму кеңесінде істейтін Мутабази: «Адамдардың көбі күлді, – деп еске алады, – 2008 жылдың өзінде Кигали сыртындағы ешбір жерде талшықты-оптикалық кабельдер болмады. 2010 жылға қарай бүкіл ел талшықты оптика жү­йесімен қамтамасыз етілді. Осыдан жиырма жыл бұрын елдегі жоғары білім алғандар саны 4000 болды. Ал бүгінде 86 мыңды құрайды».

Мұндай прогресс Кариокайдың уақыт кес­тесімен ілесе алмай, кеш келуі мүмкін. Десе де, Кигали – осыдан 23 жыл бұрын 800 000 тұрғынның өмірін жалмаған геноцидке төтеп берген ең үлкен қала – SafeMotos сынды жаңа бастамалардың әрі қарай дамуына жағдай жасап отыр. Ол шағын, мұнда салыстырмалы түрде жемқорлық жоқ және ел билігі өте белсенді. Ал Кариокайдың елінде, яғни Кения­да бәрі басқаша. Ол: «Адамдар шенділерден ешқандай қайыр болмайтынын біліп, бәрін өз күштерімен шешуге тырысады», – дейді.

Уганданың Кампала қаласында орналасқан Fundi Bots компаниясының мақсаты – оқушылардың механика мен электроникаға деген ынтасын ояту үшін мынадай роботтар құрастыру.

Питер Кариокайдың туып-өскен қыстағындағы жолдан 320 шақ. қашықтықта орналасқан тағы бір Кения қыстағында Перис Босир есімді қыз анасы жүгері жинап жатқанда егістікте отырып, басқа өмірді елестететін. Оның Кебус қыстағында көрген адамдарының бәрі фермер немесе шаруашылықты оқытатын мұғалім болатын. Табыс көзі де төмен болды. Ойқыш-ұйқыш жолдар дақылдарды жәрмеңкелерге апаруға қиындық келтірді. Сөйтіп, олар еккен дақылдарын өздері тұтынып, қыстақтан әрі аса алмады.

Алайда Босир он жасқа толғанда тағдыры күрт өзгерді. Ата-анасы оны бес шақырым жерді жаяу жүріп өтпесін деп қарапайым мектеп-интернатқа берді. Белгісіз біреу жеті бірдей Dell компьютерін мектепке сыйға тартты. Босир оны алғаш рет көргенде жанары таңданысқа толы болды. Ол тіпті ұялы телефонды да өмірінде көрмеген еді. Ол әріпті қалай теретінін білмеді. Бірақ жастайынан алғыр болды. Ол көп ұзамай компьютерлердің маңызы зор екенін түсінді: Перис Босирдің қыстақтан қанат қағуына мүмкіндік туған еді.

Босир да Кариокай сияқты үздіктер қатарына еніп, компьютермен жабдықталған орта мектепке ауысты. Ол ұлттық ғылыми жобалар сайысында жеңіске жетіп, Найроби университетіне грант ұтып алды. Оның жатақханадағы бөлмелесі Рита Кимани де кедей ауданнан келген еді. Екеуінің де компьютерге деген әуесі бірдей-тұғын. Босир мен Киманидің жұптары жазылмады және технологиялық сайыстарда ешкімге дес бермеді. Босир болашаққа құрған жоспарлары туралы былай дейді: «Өткенге көз жүгіртіп, қалай өскенімізді еске алсақ, ата-анамыздың егістікте тер төгіп жүріп, ешқайсысы жағдайын түзеу үшін несие алмағанын түсіндік».

Табысы жоғары жұмыс SafeMotos сияқты Африканың технологиялық жаңа бастамаларымен бірге пайда болды. Компанияда Кигалидегі лицензиясы бар 400-ден астам мотоцикл жүргізушісі тіркелген. Фред Хакизимана осы компания арқылы бір жылдан астам уақыт бойы жүргізуші қызметін атқарып, екі есе табысына жаңа үй сатып алып, балаларын жекеменшік мектепке орналастырды.

2014 жылдың көктемінде қос құрбы бос уақыттарын шаруалармен және банк қызметкерлерімен сұхбаттасуға жұмсады. Кения тұрғындарының үштен екі бөлігі ауылшаруа­шылық саласында талмай еңбек етеді. Африка бойынша, несиенің небәрі 1%-ға жуығы шаруаларға беріледі. Босир мен Кимани тәуекел етуге қорқатын банк қызметкерлерін шаруалардың қаржылық есептер мен несие төлемін ұялы телефон арқылы жасай алатынына көндірген жағдайда қаржы секторы мен қызметке мұқтаж клиенттер базасының арасына көпір салуға болатынына нық сенді.

2015 жылдың мамырында Босир мен Кимани FarmDrive сайтын іске қосты. Сандық жазба платформасы банк қызметкерлері үшін кредиттік рейтингті бекітетін және шаруалардың қайсысы кішігірім несиеге лайық екенін анықтайтін негіз. FarmDrive сайтының пилоттық бағдарламасы елу шаруаны құрады. Бүгінде FarmDrive сайтының мәліметтер базасында жүз мыңдаған шаруа тіркелген. 830-ға жуығы несиеге ие болды. Ал банктер Кения­ның ауқымды ауыл шаруашылығына кредиттік бюро ретінде қызмет атқарғаны үшін FarmDrive сайтына ақша төлейді. Қос кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес. «Кения­да бес миллионнан астам шағын шаруа бар. Ал Африка бойынша, 50 миллион шамасында. FarmDrive сайтын іске қосқанда ғаламдық деңгейге көтерілуді көздедік. Бүгінде Азиядағы шаруалардың да жағдайын ойластырып жатырмыз», – дейді Босир.

Қай жағынан алып қарасақ та, Перис Босир мен Рита Киманиді жетелеген ынта-жігер – Кениядағы сандық көріністің үздік үлгісі. Олар туып-өскен жерлерінің жағдайын жақсартуға ынталы. Бүгінде бүкіл әлемді шарлап, бизнес саммиттерінде сөйлеп, өзге де нарықтық мүмкіндіктерді қарастырып жүрсе де, олардың түп-тамыры – Кения. Кедей қыстақтардан шыққандарына қарамастан, бірқатар тарихи және мәдени себептер бойынша Кения үшін таңсық болып саналатын инновациялық қызметтен олар көп нәрсе ұтты. Айқын өзгешеліктерінің бірі – Ұлыбританияның отарлық билігі аяқталғаннан кейін Кения Африкадағы өзге халықтар жіберген қателіктердің қайталануына жол бермеді. Ндемо ол жайлы былай дейді: «Тәуелсіздік алғалы бері Кения экономикасы еркін дамыды. Мұндағы елдердің көбі Кеңес Одағына жақын болды және социализм жү­йесін құруды көздеді. Ал Уганда елі Иди Аминнен зардап шекті. Руанда елінің де жағдайы мүшкіл болды. Ал кениялықтар елу жылдан астам емін-еркін өмір сүріп келді».


«Бірдеңе қажет болса, Amazon арқылы тапсырыс береміз немесе ойлап табамыз».

МИШЕЛЬ БЕЗИ, КИГАЛИДЕГІ КАРНЕГИ МЕЛЛОН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОР ОРЫНБАСАРЫ, РУАНДА


Угандадағы жас келіншектер код жазуды үйреніп жатыр. финляндиялық Rails Girls коммерциялық емес ұйымы қыздарға өз күштерімен бағдарлама жасауды үйретуді көздейді.

Сахараның оңтүстік бөлігі, Кения және Нигерия елдері үкіметтен гөрі аталған ірі елдерге аударылатын венчурлық капиталдан көбірек қолдау көрді.

Ел астанасы Найробиден 60 шақырымдай жерде орналасқан Конза қаласында аумағы 2000 гектарды құрайтын технологиялық орталық тұрғызуға атсалысқандардың бірі Ндемо: «Дәл қазір Кенияда саясат және ғылыми – зерттеу мен жеке сектордың арасында байланыс жоқ. Бұл байланысты тек үкімет орната алады», – дейді ол. 2013 жылы жаңашыл бастамалар үшін Конзо Африканың «ақылды қаласы» деп танылды. Бірақ оның құрылысына саяси шиеленістер мен спекуляциялар кедергі келтірді. Ндемо айтқандай, жылдамдық жетіспеді.

Бүгінде «Силикон жазығының» кениялық нұсқасы – Найробидің Килимани ауданы. Нақтырақ айтсақ, Нгонг-Роуд деген атпен белгілі, көлік қозғалысы тығыз, ескірген жол. Катализаторлардың бірі – iHub деген ықпалды технологиялық-инновациялық орталық. Оның аясында осы елге тиесілі көптеген жаңа бағдарлама пайда болды. Олардың арасында ата-аналарға балаларының денсаулығын жүктілік кезінен бастап сәби дүниеге келгенге дейін бақылауға көмектесетін Totohealth сайты бар. Найроби университетінің ғылыми орталығы Нгонгта орналасқан. Келесі көшеде технологиялық стартаптарды инвестициялайтын танымал 88mph сайтының кеңсесі орналасқан. Ал iHub компаниясына жақын жерде, шаһардың бағдарламалық ауданының қақ ортасында FarmDrive кеңсесі орналасқан.

Босир мен Киманиді қаладағы және бүкіл құрлықтағы кәсіпкерлермен байланыстыратын нәрсе бұл мәдени міндеттеме. Уақыт өте келе олар әрі қарай табысқа жетуге кедергі келтіреді. Стив Джобстың Apple кеңсесін ата-анасының гаражында ашқаны және Билл Гейтстің Microsoft бағдарламасын жасау үшін Гарвард университетінен шығып кеткені туралы аңызға айналған оқиғаларды Батыс халқы жылы қабылдауы мүмкін. Алайда дамып жатқан елдердегі тәуекелшіл компания­лар үшін мөлшерлемелер әртүрлі. «Бұл – Африкадағы кәсіпкерліктің шынайы көрінісі. Екі жүз тума-туыстан құралған қауымдағы жалғыз оқыған адам сенсің. Отбасыңды асырау міндеті – сенің мойныңда. Осылайша, керемет идеяң шектеулі күйде қалады», – дейді Бези.

Қоршаған ортаны инновациялық технологияның көмегімен қорғауға талпынып жүрген Джессика Чиге Найроби маңындағы колледжде бағдарламашы мамандығы бойынша оқиды.

Бір күні түскі кезде Босирмен бірге көлікпен Найробиден оңтүстікке қарай кетіп бара жатқанда Безидің бақылауы ойымнан кетпеді. Босир шаруалардың FarmDrive арқылы алған несиелерді қалай жаратып жатқанын көріп–білсе екен дедім. Олардың мәлімдемелері әртүрлі сипатта болды. Бір шаруа жақсы бапталатын орамжапырақ егістігінің аумағын кеңейту үшін 200 доллар несие алған және екінші рет несие алуға дайын болды. Бір шаруа отбасылық қиын жағдайға ұшырап, несиені қайтаруға жанталасты. Ал бір адам банктің ақшасын егінді суғаруға арналған арық қазуға дұрыс пайдаланбады. Нәтижесінде, алғашқы қалың нөсерде арық шайылып кетті. FarmDrive мақсаттары үшін табыспен қатар сәтсіздіктердің де пайдасы болды. Егер оларды біріктірсе, банктерге несиелік желілерді анықтауға көмектесетін мәліметтердің толық базасын жасауға болады. Сөйтіп, Босирдің зерттеуі өзі туып-өскен Кебус қыстағынан бастап, Кениядағы әрбір фермерлік шаруашылыққа пайдасын тигізер еді. Алайда Босирден африкалық кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қауымдық қысым туралы сұрағанымда ол өз қыстағында ондай жағдайлардың жиі болатынын айтты. 25 жастағы әйел күрсінді де: «Бүгінде анам екеуіміз жиі сөзге келіп қаламыз. Ол мені түсінбейді. «Үйге неге көбірек ақша жібермейсің, бауырларыңа неге жұмыс тауып бермейсің» деп ренжиді», – деді.

Бәлкім, Босирдің анасы қыстағында FarmDrive қызметі іске қосылғанда пікірін өзгертіп, оң көзбен қарайтын болар. SafeMotos бағдарламасының бірлескен авторының әкесі Патрик Уакаба Кариокай: «Біз – африкалықтар кейде өзгерістерге қарсы шығамыз», – деп ағынан жарылды. Ол ұлының өнертапқыш атану мақсатында Найробидегі колледжге бармау туралы шешіміне реніш білдірді. Алайда өткен жылы Руандаға баласының жағдайын білуге барды. Қарапайым шаруа Кигалидің тап-таза көшелерін көріп таңғалды. Ол мұнда жас жігіттің кәсіппен айналыса алатынына көз жеткізді. Қорғаныш баскиімін киіп, мотоциклдердің бірінің артына отырып жүйтки жөнелгенде уақыт пен ғарыштан тыс жерге саяхаттап бара жатқандай болды. Ол зерттелмеген саваннаға бет алып, қарапайым және таныс жолдарды артқа тастап кете барды.

Инженерге қайтып келген шаруа былай деп есіне алады: «Компьютер экрандарының алдында отырған арманшыл адамдардың арқасында күндердің бір күні болашаққа қадам басатынымызды түсіндім».


Уашингтон қаласында қызмет ететін Роберт Дрейпер «NG» журналының фрилансер-жазушысы. Сирил Язбек – фрилансер-фотограф. Словенияның Накло қаласында тұрады. Ол Шығыс Африкадағы технологияның дамуын екі жыл бойы зерттеді.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу