.

Қайта түлеген мемлекет

Колумбия президенті Джуан Мануэль Сантос, 66 жаста. Ол еліндегі 52 жылға созылған соғысты тоқтатқаны үшін 2016 жылы Нобель сыйлығын алған. Сантос мырза қорғалатын аумақты ұлғайтқанда да National Geographic сыйлығымен марапатталған.

– Сіз саябақтар, табиғат, теңіз қорықтары мен өзге де қорғалатын аймақтарды мыңдаған шаршы шақырымға ұлғайттыңыз. Бұған сізді не күш итермеледі?

– Біз – биоалуандығы жағынан бай мемлекеттердің біріміз және климат өзгерісінен ең аз қорғалған аймақтамыз. Бұл колумбиялықтар мен жалпы адамзат үшін асыл қазына саналатын аумақтың ең үлкен бөлігін мүмкіндігінше тез арада қорғап қалуға ерекше жауапкершілік артады. Біздің ең құнды ресурстарды сақтауды жеделдетуіміздің себебі – осы.

– Соғыстан кейінгі Колумбия көптеген проблемамен бетпе-бет келіп отыр: жерінен айырылғандарға өтемақы төлеу, соғыстан қайтқан 7000-ға жуық адамға білім беру, хабар-ошарсыз кеткендердің санын анықтау, жерді миналардан тазалау. Қайсысы қауырт?

– Атап өткеніңіздің бәрі де – қауырт, бірақ біз жерді минадан тазалауға басымдық береміз. Колумбия – әлемдегі Ауғанстаннан кейін ең көп мина көмілген екінші мемлекет. Егер бейбіт ғұмыр кешкіміз келсе, елімізді минадан тазартып алуымыз керек. Бұл – ең бірінші мәселе. Бірақ, әрине, өмірлік даму жолымен бірге (соғыс болған аймақтарда), адамдар өзгерісті тез арада байқауы үшін шаруалардың жерлерін қалпына келтіруге басымдық береміз.

– Сіз 2017 жылы жазда Кариб теңізі мен Техаста болған алапат дауыл климат өзгерісінің көрінісі дедіңіз. Ал бұған күмәнданатындарға не айтасыз?

– Климаттың өзгеруін сезбеген жанды мен нағыз ақымақ дер едім. Олар ақиқатты көрмейді. Жер-анаға қиянат жасап жатқанымыз айқын ғой. Бұл бүкіл адамзаттың мәселесі. Мұны тоқтату үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Олай етпесек, болашағымыз бұлыңғырлана бермек.

Соғыстан енді ғана ес жия бастаған Колумбия бейбіт күннің бағасын біледі.

Фото: Марк Тиэссен, NGM қызметкері, сұхбат ықшамдап алынды.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу