.

Ұлытауда өткен «Көкмайса»

Қарағанды облысы Ұлытау ауданында қазақтың атакәсібі – мал шаруашылығы мен қолөнер шеберлерінің жұмысын насихаттауға арналған «Көкмайса» этнофестивалі өтті.

«Биылғы фестиваль бұған дейін ұйымдастырылған «Бие байлау», «Айғыр қосу», «Қымызмұрындық» сияқты ұлттық дәстүрлерін дәріп­тейтін «Терісаққан көктемі» этно­фес­тивалінің бір бөлігі іспетті, – дейді Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжан­таев, – бұл шара осы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған».

Фестиваль күндері Кененбай тоғаны маңында бірнеше ондаған киіз үй тігіліп, жәрмеңке ұйымдастырылса, базаршылаған халық сауда-саттықтың көркін қыздырды. Сырттан келген қонақтардың бірі алтыбақан теуіп, атқа мініп, серуендесе, қалғандары қайыққа отырып, тоғанның әсемдігін тамсана аралады.

Келген қонақтар фестивальдің екінші күні Ұлытау маңын жаяу аралап өтіп, Едіге тауын бағындырды.

Фестиваль аясында тағам түрлерін жасаудан сайыстар, ағаш өңдеу және былғарыдан жасалатын бұйымдар жасаудан тәлімгерлік сабақтары, дәстүрлі әншілер мен бишілердің қатысуымен байқаулар ұйым­дастырылды. Мерекелік шараға келген қонақтар арасында ұлттық ойындар мен спорттық сайыстарға да қатысқандары аз болған жоқ.

Меркелік шараның жоғарғы деңгейде өтуіне Ұлытау аудандық әкімдігі, «Ұлытау» мұражай-қорығы, «Nomad Explorer» командасы мен «ASTEL» компаниясы атсалысты.

Этнофестиваль барысында қазақтың салт-дәстүрі ешкімді тамсандырмай қоймады.

Фото: Ерболат Шадрахов

       

Пікір жазу