.

Көкке ұмтылған – көк күмбез

Жошы хан кесенесі – қазақ жеріндегі көне архитектуралық ескерткіштер қатарына жатқызылады. Ол Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Қаракеңгір өзені бойында орналасқан.

Археологтар күмбезде сақталған таңбаларға қарап ол нысанды салуға өз заманында Жошыға бағынған ру-тайпалардың бәрі қатысқан деген қорытындыға келген. Олардың болжамынша, бұл күмбездің негізгі қаңқасы Жошы хан қайтыс болғаннан кейін, арада бір жыл өткенде, яки 1228 жылы тұрғызылған.

Кесене күйдірілген кірпіш және ғаныш секілді минералды тастардан салынса, ал аумағы 9,55х7,25 метрге тең. Жошы хан кесенесі қазақ даласына ислам діні жайыла бастаған алғашқы жылдардың көрінісін көз алдыңызға әкеледі. Кіре берісін құбылаға қаратып, төрт бұрыштап, төбесіне күмбез орнатқан. Күмбезінің айшығы құмыра ұқсатып салынған.

Не бары 40 жасында қамал бұзып, Қыпшақ даласын уысында ұстаған Жошы жайлы аңыз көп. Бір аңызда, хан өз өлімін осы жерден табады, аң аулап жүрген кезде өзі жаралаған ақсақ құлан оның қолын шайнап тастады делінсе, екіншісінде бағынбағаны үшін хан өз әкесінің бұйрығымен өлтірілді деген де болжам бар.

1982 жылы ескерткіш республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілсе, 2000 жылы кесенені қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Фото: Ерболат Шадрахов


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу