.

Айдынды Алакөл

Бәсекеге қабілетті елдердің басты тірегі болып отырған туризм саласы Қазақстанда да дамып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Осы бір табыс көзін икемді дөңгелетіп әкетуге қолайлы өңірлердің көш басында Алматы облысы тұр десек ешкім қарсы келе қоймас.

Ел ішінде Алматы облысы аумағының «Жер жән­наты – Жетісу» деп бекер айтылмаса керек. Себебі бұл өңірде көздің жауын алатындай көкорай шалғын алқаптар, төбесін мұз басқан биік-биік таулар, сылдырай аққан бұлақтар мен мөп-мөлдір көлдер жиі кездеседі. Соның бірі Алакөл көлі.

Ол Қазақстандағы ең ғажап көлдердің бірінен саналады. Табиғи минералдарға аса бай көлге еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс және жақын шет елдерден келетін туристер саны жыл өткен сайын артып келе жатыр.

Ресми деректерге сүйенсек, 2016 жылы 450 мың турист келсе, 2017 жылы олардың саны 750 мыңға жеткен. Ал биылғы меже 1 миллионды еңсеру. Алматы облыстық туризм басқармасы өкілдерінің пікірінше, ондағы қызмет көрсету сапасының көтерілуі көлге қызығушылар санының артуына сеп болып отыр. Бүгінге дейін Алакөл маңында ірілі-ұсақты 200-ге жуық нысан мен арнайы жобалар іске қосылған. Соның арқасында өткен жылы туризм саласынан бюджетке 8,3 миллиард теңге табыс түскен.

Мәселен облыс әкімдігі аймаққа келгісі келетін туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 2016 жылы «Жетіген-Достық-Жетіген» бағытына қатынайтын туристік пойызды іске қосса, 2017 жылы Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында жаңа әуежайды қолданысқа берген. Ол әуежайға Алматы, Астана және Талдықорған қаласының тұрғындары ұшып келе алады. Одан бөлек ширек ғасыр бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген Үшарал-Достық күре жолының құрылысы да аяқталуға шақ қалды.

Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарын бөліп жатқан Алакөл – әрі тұзды, әрі тұйық көлдер қатарына кіреді. Ол қазақ-қытай шекарасынан 80 шақырым жерде, Алматы облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Аумағы 20 мың гектарға тең бұл көлге демалушылардың бөлек, балық аулау үшін арнайы келетіндер де бар. Көлдің аралдарымен қоса есептегендегі аумағы 2696 шаршы шақырым, ұзындығы 104, ені 52 шақырымнан асса, ең терең жері 54 метрге дейін жетеді.

Көлдің аты көне түркі тілінде «Ұлы көл», «Таулы көл» деген мағына береді. Расында бір қарағанда оның түсін ажырату қиын. Көлдің көкжиекпен тұстасқан жағы қою көк болып көрінсе, ортасы көк-жасыл, ал жағасы ашық көк түске боялып жатады.

Дүниежүзілік туризм ұйы­мының деректеріне сенсек, әлемдегі туризм индустриясы жер бетіндегі жалпы ұлттық өнім­нің оннан бір бөлігін құрайды. Әлемдегі инвестиция айналымының 11 пайызы да осы туризмді дамытуға бағыт­талған. Ал адамзатты жұ­­мыс­пен қамту жөнінен де туризм индустриясы ал­дыңғы орында, мысалға, жыл сайын жаңадан ашылатын он жұмыс орнының әр­бір тоғызыншысы осы са­ланың еншісінде екенін естен шығармаған жөн.

Фото: Анатолий Устиненко, Алматы облысының әкімдігі.

       

Пікір жазу