.

Суалған көлдер

ПООПО КӨЛІ Құрғақ әрі қабыршық тұз жапқан Боливия көлі. Қайықтар жағада қайырлап, балықтар мен құстар ғайып болған. Кезінде көлден нәпақасын айырған халық жан-жаққа кетіп жатыр. Олар – құрғақшылық құрбандары.

Ғаламдық жылыну мен суды ысырап етудің салдарынан әлемдегі ірі көлдер тартылып, маңайындағы тіршілік жойылып барады.

Суалған көл табанында көкжиекке қарай созылған көлік ізі көрінеді.

Біз Анд таулы өлкесінде ғайып болған, кезінде Боливияның екінші ең ірі көлі саналған Поопоның құпиясын ашу мақсатында жол талғамайтын көлігімізге мініп, қиқы-жиқы сүрлеулермен басып отырдық.

Көл табаны болса да біз теңіз деңгейінен 3650 метрден аса жоғарыда келе жатырмыз. Көктемгі құрғақ ауадан ерніміз кезерген. Мыңдаған жыл бойы Поопо көлінде балықшылықпен күнелткен ауылдар қаңырап бос қалды. Көлігіміз қам кірпіштен тұрғызылған бос үйлердің жанынан зулап өтті. Ауыл маңында ыстық жел көтерген шаң айналсоқтап жатты. Сонау алыстан су бетінде қалқып тұрған шағын ғана алюминий қайықтар көзге ілінеді. Жақындай бере сағым сейіліп, бізді тұнбаға тасталған бос қайықтар қарсы алды. Мен көліктен түстім. Аяғымның астында еріп, мұздатқышта қайта қатқан балмұздақтай қабыршақ бөліктерге бөлінген тұзды жер сықырлайды.

ПООПО КӨЛІ. Ллапаллгани тұрғыны үйінің алдында кір жуып отыр. Құдық сулары тұз татып кеткендіктен мұнда тұщы су тапшы. Ауыл еркектерінің көбі – құрылысқа, металл не тұз өнеркәсібіне жалдану үшін қалаға кеткен.

Менің жолнұсқаушым Рамиро Пиллко Зола сортаң жерді сықырлата басып, күн астында қаңтарылған күйі жартылай бұзылып тұзға көмілген қайықтардың жанына жақындады. Золаның ойына Швециядағы Лунд университетіне кетпес бұрынғы осы көлде ескекпен жүзген кездері оралды. Гидрология мамандығы бойынша білім қуып, климат өзгерісі бойынша PhD ғылыми дәрежесін алу үшін ол ауылы Сан Педро-де-Кондоны тастап кеткен болатын. Пиллко Зола маған: «Біз сөз қылып жатқан жайт түкке тұрғысыз болып көрінгенімен, өте маңызды! Отыз жыл бұрын бұл көл 3000 шаршы шақырым жерді алып жатқан болатын. Енді оны қайта қалпына келтіру қиын болғалы тұр», – деді.

Кезінде Род-Айленд штаты аумағындай жерді алып жатқан көл бүгінде жоқ. Қайықтың жанында ескірген қос қара резеңке етік жатыр. Жанарыңды қарықтыратын күн сәулесіне ағараңдаған балық қаңқасы шағылысады. «Ақырзаманнан» кейінгі осы бір көріністі тыныштыққа орағысы келгендей жел де тына қалды. Су да, тіршілік те жоқ. Айнала жым-жырт.

Жер шары бойынша климат өзгерісінен мұхиттар мен ауа қабатынан бұрын көлдер ерекше зардап шегуде. Жылу булануды үдетіп, оған судың тапшылығын арттыратын адамзаттың ұқыпсыздығы, табиғаттың лас­тануы, құстар мен балықтар тіршілік ететін ортаның жойылуы «үлес» қосуда. Иллиноис мемлекеттік университетінің су экологі және 64 ғалым бірлесе жасаған көлдер туралы әлемдік зерттеудің қосалқы жетекшісі Катерина О’Релли: «Климаттың өзгеруі барлық жерде өз ізін қалдырмай қоймайды, әр көл әркелкі кешеді», – дейді.

Мәселен, Шығыс Қытайдың Тай көлінде фермалардың сарқынды және кәріз суы циано­бактериялық гүлдердің түзілуіне себеп болады. Ал жылы су өсімдіктердің одан әрі көбеюін жылдамдатады. Бұл организмдер екі миллион адамды ауызсумен қамтамасыз етуге кедергі келтіреді. Шығыс Африканың Танганика көлінің жылынғаны соншалық, төрт тарапындағы төрт елдің миллиондаған кедей тұрғындарына талғажау болған балық шаруашылығына қауіп төніп тұр. Венесуэланың алып Гури гидроэлектрикалық су қоймасы салынған көлдің су деңгейінің төмендегені соншалық, мемлекет бүкіл елді жарықпен қамтамасыз ету мақсатында мектептегі оқу сағаттарын қысқартуға мәжбүр болды. Тіпті жуырда шлюздері алып жүк кемелерін сыйғызатындай етіп кеңейтіліп тереңдетілген Панама каналының өзі жауын-шашын мөлшері қысқарған Эль-Ниньо құбылысының кесірінен зардап шегуде. Жауынның азаюы шлюздер арқылы ағатын әрі мемлекеттің негізгі ауызсу көзі болып табылатын жасанды Гатун көліне де әсер етпей қоймады. Су деңгейінің төмендеуінен кемелерге де шектеу қойылды.

Жылынып жатқан әлемдегі көлдерге кезіккен қиыншылықтардың ең «жарқын» мысалы ретінде жабық су бассейндерін айтуға болады. Оларға су келіп құйылғанымен, ағып шықпайды. Осындай ағынсыз көлдер көбіне таяз, тұздылығымен қатар, сырттан келетін ықпалға аса «сезімтал» келеді. Сондықтан ішкі көлдердің Орта Азиядағы тартылып кеткен Арал теңізінің кебін киюі әбден мүмкін. Арал теңізінің тартылып қалуының басты себебі – оған құятын өзендерді мақта алқаптарына бұрмалау еді.

Осы тектес суды шамадан тыс пайдалану мен артып жатқан құрғақшылық салдарынан болатын құбылыстар бүкіл құрлықтың тұйық көлдеріне тән. Жер серігінен түсірілген суреттер жаға ұстатарлық көрініс­терді паш етуде. Мәселен, Африкадағы Чад көлінің 1960 жылдағы аумағының қазір шағын ғана бір бөлігі қалған. Көлде балық пен егін кәсібіне қажетті су қоры шектеулі. Босқындар да осы көлге тәуелді, сондықтан ресурстарға қосымша жүк түсуде.

Ллапаллганидегі жас жеткіншектер есейгенде баскиім, кілт бауы, сырға және басқа да қолөнер бұйымдарын жасап, ішіп-жемін табу үшін қамыс өруді үйренуде. Көлдерінің қайта қалпына келуінен үміттеніп, ауылда қалған урулықтар күндерін әрең көріп жүр.

Иранның Урмия көлі кезінде Каспий теңізінен кейін аймақтағы екінші ең ірі тұзды көл саналған. Алайда соңғы 30 жылда оның су деңгейі 80 пайыз шамасында төмендеп, көлдегі тұзды асшаяндармен қоректенетін фламинголар жоғалуға шақ қалды. Бүгінде мұнда бірқазандар, көкқұтандар мен үйректер де көп көзге түспейді. Көзге ілінетіні ешқайда апармайтын айлақтар, тұзға шөгіп кеткен кеме қалдықтары мен құнарсыз ақ тұз қабыршақтары ғана. Ескен самал жел тұзды егін алқаптарына қарай ұшырып, топырақтың құнарына өз залалын тигізуде. Зиянды тұзды тозаң 90 шақырым қашықтықтағы 1,5 миллион халқы бар Табриз қаласында көз, тері және өкпе ауруларын өршітуде. Қазіргі таңда Урмияның көзтартарлық көгілдір суы қан түстес қызылға боялған. Оған себеп – су тұздылығының және қайраңдарға күн сәулесі түскенде гүлдеп, түсін өзгертетін бактериялар мен балдырлардың көбеюі. Бір кездері шипалы былауына бола осында ағылатын турис­тер бүгінде қолын төбесіне қойып қашады.

Климаттың өзгеруі Урмияның айналасында құрғақшылықты арттырып, су булануын үдете түсетін жазғы ауа температурасын көтерді. Алайда бұл – әңгіменің басы ғана. Мұнда мыңдаған заңсыз ұңғыма мен бөгет салынып, көлге құятын өзен суларын бұрып, алма, бидай, күнбағыс өсіру жобалары жүзеге асырылған. Мамандар бұлай жалғаса берсе, Урмия Аралдың кебін киюі мүмкін екенін алға тартады. Ғалымдардың жанайғайы президент Хасан Руханидың құлағына жеткен болуы керек, ол бөгеттерден көбірек су бөлу, суландыру жүйесінің тиімділігін арттыру және суды аз қажет ететін өнім түрлеріне ауысу арқылы Урмияны қайта жандандыруға бес миллиард доллар бөлуге уәде берді. Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіске қарамастан, қос көлдің Поопо кебін киюінен сескенген қос мемлекет Урмия мен Үлкен тұзды көлді қалпына келтіруге қатысты өз мамандарының пікір алмасуына кедергі болған жоқ.

Боливияның Альтиплано үстірті оңтүстік Андтың екіге бөлінетін жеріне кептетіліп кіріп, шоқыдай керіліп жатыр. Жазықтың шөбі мен бұтасы қысқа әрі жерге жабысып өседі. Осынау қатал табиғатта күнкөріс қамымен жүрген адамдар да әлгі өсімдіктер сияқты қытымыр келеді. Жазықтық терістігіндегі Перу мен Боливияның шекарасында 3810 метр биіктікте Титикака көлі орналасқан. Оңтүстік беткейіндегі 3656 метр биіктікте көз шағылыстыратын Салар де Уюни бар. Поопо осы екеуінің ортасында жатыр. Бірі – әлемдегі ең биік коммерция­лық кемелер қатынайтын көл, екіншісі – ең ірі тұзды жазық.

Ғалымдардың Поопоның шөгінділермен толып кеуіп, Салар де Уюни секілді тұзды жазыққа айналуынан қауіптенгендеріне біраз болған. «Кемінде алдағы мың жылдықта көлдің жоғалуы болжанбаған», – дейді Оруро техникалық университеті жаратылыстану ғылымының профессоры және Боливияның таулы қыраттарындағы су айдынын тексеретін топтың мүшесі Милтон Перез Ловера. Климаттың өзгеруі, құрғақшылық, өзеннің жоғарғы ағысын шаруашылыққа жаппай пайдалану, тау-кен өндіру секілді біршама факторлар комбинациясы процесті жылдамдатып, көл суының құрғап, құнарсыз­дануына әсер еткен. Перез Ловераның айтуынша, егер биыл Ла Нина Андқа көп жауын алып келсе, Поопо жартылай қалпына келуі мүмкін. Дегенмен өзге мамандар көлдің су құстарын және жойылып кету қаупі төніп тұрған үш түрлі фламинголарға қыстап шығуға мүмкіндік беретін экологиялық функциясының қайта қалпына келетініне күмәнмен қарайды. Онымен қоса, олар өткен мың жылдықта тұрғылықты халықтың басты кәсібі болған балық шаруашылығының қайта жанданатынына да аса сеніңкіремейді.

Бактериялар мен балдырлар қызыл түске бояған көлге жылдар бойы халық Иранның түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатты. Алайда 1980 жылдан бері судың көлемі 80% кемігелі келушілердің қарасы азайған. Қазіргі буын бұл көлге түскендердің соңғысы болуы ықтимал.

Поопо көлінің тағдыры «су тұрғындары» деп аталып кеткен тұрғылықты уру халқының тұрмыс-тіршілігімен тікелей байланысты. Көлдің ауқымы мен тереңдігі жыл сайын кеміген кезде урулықтар балық аулау үшін көлдің ортасына қарай жылжи берген. 2014-2015 жылдары таяз көлдің температурасы қалыпты 15-25 градустан жоғарылап, ондағы балықтар жаппай қырыла бастады. Қарыны жоғары қараған көп балықтың қаңқасы су бетіне шығып қалды. Боливияның Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен урулықтардың ауылы Ллапаллапаниді тексеріп шыққан Франц Аскуи Зуна ондағы су температурасының 38 градусқа жеткенін анықтап, «көлдің қызуы көтеріліп жатыр» деген «диагноз» қойды.

Көп өтпей құстар ашығып өле бастады, ал қалғандары басқа жаққа ұшып кетті. 2015 жылғы қатты булану кезінде су бетінен көтерілген бу Альтипланоның желімен ұшып кеткендіктен, көлдің су деңгейі едәуір төмендеді. Сол жылы мемлекет Поопоны «апатты аймақ» деп жариялады. Маңайдың тұрғындарына макарон өнімдері, күріш, сұ­йықмай және қант таратылды. 2017 жылдың басында жауынның арқасында көлдің суы жартылай толыққандай болды. Федералды шенеуніктер көлдің тікұшақтан түсірілген суреттерін қуана жариялап, бір марқайып қалды. Дегенмен біршама уақыттан соң Боливия президенті Эво Моралес көлдің таяз жерлерінің жылдам қарқынмен тартылып бара жатқанына куә болды. 2017 жылдың қазанында Жер серігінен түсірілген кескіндер көлдің апат алдында тұрғанын растады.

Моралес бұл жайттың табиғи кебу процесі екенін алға тартып, аталмыш жайтта мемлекеттің кінәсіздігін дәлелдеп бақты. Әлгі көл бұрын тартылып, 1990 жылы қайта қалпына келген екен. Алайда мамандар одан бері жағдайдың ушыққанын айтады. Қазіргі таңда суайрық пен көлдің маңа­йындағы кедей тұрғындардың келешегі бұлыңғыр болып тұр.

Пунака Тинта Мария ауылына барар жолда біз аяғына резеңке етік, басына жұмсақ сабан баскиімін қисайта киіп алып, шолақ кетпенімен митыңдап жатқан қарияны көрдік. Көл кепкелі Фелиз Маурисио күнделікті кәсібін қам кірпіш құюға алмастырған. «Бізде көл де, балық та жоқ, – дейді Маурисио, – дым жоқ». 77 жастағы Маурисио – жергілікті балық аулау кәсібін жалғастырушы. Ақсақал «тотора» атты ұзын теңіз қамыстарынан қайық байлау шеберлігімен танылған.

УРМИЯ КӨЛІ. Реза Манафзаде тұзды көлдің жағасындағы жаңа тәсілмен суарылатын жеміс ағашы фермасында жұмыс істейді. Бұнда су тек тасымалданып әкелінеді. «Мен ұлымның болашағына қатты алаңдаймын. Егер Иранда су болмаса, өмір де жоқ», – дейді ол.

Маурисио мен жұбайы және қызы – бір кездері Поопо көлі болған жердің «жаға­лауында» қабырғалары қам кірпіштен, шатыры сабаннан жасалған үйде тұрып жатқан аз отбасылардың бірі. Бір ұлы мал бағу үшін қоныс аударса, екіншісі – Кочабамба қаласында құрылыс саласында жұмыс істейді. Олардың Пунака Тинта Мариядағы және басқа ауылдардағы көршілері жан-жаққа шашырап қашқан. Біразы тігін және тоқыма саласында жұмыс істеу үшін Чили мен Аргентинаға қоныс аударса, қалғандары – қалада қара жұмысшы немесе қалайы, қорғасын, күміс және басқа да металл өндіретін өндіріс орындарында кенші. Қалған 20 шақты адам өздері жанындай сүйетін Поопоның жарқын келешегінен үміт күтіп, Салар де Уюнидегі тұз шахтасына жұмысқа орналасқан.

Жалпы, әлемдегі жағдаймен салыстыр­ғанда, уру тағдыры қарапайым жайт болып көрінуі мүмкін. Бүгінде жер бетінде бес мыңдай уру қалған, мың шақтысы Поопо көлі кеуіп қалғанға дейін оның жағалауын мекендеген. Табиғи апаттарға байланысты орын ауыстыруға мәжбүр болған олар өздерімен тағдырлас жандардың шерулеріне қосылуда. БҰҰ ондаған жыл бұрын табиғатпен етене өмір сүретін, аңшылық пен балықшылықты кәсіп еткен халықтардың жаһандық жылудың зардабын бірінші болып тартатынын ескерткен болатын. Норвегияның Босқындар кеңесінің Ішкі миграцияны реттеу орталығының мәліметіне сәйкес, 2016 жылы 23,5 миллион адам ауа райына байланысты апаттар себебінен баспанасын тастап кетуге мәжбүр болған. Бұл көрсеткіш сол жылғы қақтығыс пен зорлық-зомбылық салдарынан орын ауыстырған 6,9 миллион босқын санынан әлдеқайда көп.

Турасын айтқанда, ондаған жыл бойы табиғи апаттардан бас сауғалағандардың саны соғыс пен қақтығыстан қашқандардың санынан асып түсуде. Бұған құрғақшылық пен табиғаттың біртіндеп жұтауы салдарынан туған жерін тастап кеткендерді қосыңыз. Жер шарында шамамен екі жарым миллиард адам қолжетімді су қорынан әлдеқайда алыс аймақтарда тұрады. Климаттың өзгеруі мен халық санының артуы адамдарды табиғаты қолайсыз аймақтарға көшуге итермелеуде. Бұл, өз кезегінде, тұрғындардың баспанасыз қалу ықтималдылығын 40 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 60 пайызға арттырып отыр.

УРМИЯ КӨЛІ. «Рахманлу» айлағында тек бос ғимараттар мен қайықтар ғана қалған. Көлдің суы мол кезде оған қарсы беттегі Табриз қаласынан бірнеше сағатта жететін паромға заттарын арту үшін көліктер шлюзде кезекке тұратын.

Көшуге мәжбүр болғандардың көбі өз елдерінің аумағынан аспайды. Егер олар шекараны кесіп өтетін болса, ешқандай зорлық-зомбылық немесе қудалауға ұшырамағандықтан, БҰҰ-ның қорғауына ие бола алмайды. «Біз екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ірі мәжбүрлі көші-қон дәуірінде өмір сүрудеміз, – дейді БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры Уильям Лэйси Суинг, – бұл жолы соғыспен қоса климаттың өзгеруі де көші-қонның бас­ты қозғаушы күштерінің бірі болып тұр. Біз климаттың өзгеруінен зардап шеккендердің қоныс аударуына қолдау көрсетуге бармыз».

Жел өтіне қарсы жүйткіп келе жатқан Сузукидің ішінен Пилько Зола: «Тоқта! – деп айғай салды, – артқа жүр!». Біз Поопоның таулы аймағындағы тегіс құмды жазықта зулап келе жатып, суару каналына көлденең салынған көпірден өтіп кеткенімізді байқамай қалыппыз. Айналып жүріп тапқан шағын тоған мен оған іргелес Десагуалеро өзенінің бәрі құрғап қалған. Поопо суының 65 пайызынан астамын сол өзеннен алатын. Десагуадеро – бастауын Титикака көлінен алатын Боливия жазығында 300 шақырым созылып жатқан ірі өзен. Өзеннің бойынан тау-кен өндірісі, шаруашылыққа қолдану мақсатында жүздеген суландыру каналы мен өзге де суды реттеу жүйелері салынған. Боливия мен Перудегі зауыттар мен қалалар суды өзеннің басты саласы – Мауриден алады.

Бізден бір сағаттық жерде 1961 жылы Такахуа өзенінде салынған бөген бар. Оның түбіне бір қабат қалың шөгінділер үйілген. Бетінде фанера қалыңдығындай ғана су. «Бізде осы іспеттес бес бөген бар, – деді сор­ға айналған теңіз табанымен кетіп бара жатып, жанарын төменіректегі су қоймасына қадаған Пилко Зола. – Жартылай қуаң аймаққа бөген салудың мәні жоқ, себебі біз судың жоғарғы ағысын бөгеп, оның булануын жылдамдатудамыз».

Бенжамин Андерсон көлде шалқайып жатыр. Су көлемі 1800 жылғыдан 50 пайызға азайғандықтан, тұздылығы артқан. Мәселен, көлдің солтүстік бөлігіндегі судың тұздылығы мұхиттың тұздылығынан 8 есе көп.

Поопо көлі жылда қарашадан наурызға дейін орта есеппен 38 см жауын суын жинайды, бірақ жеті ай бойы құрғақшылықты бастан кешіреді. Жалпы алғанда, соңғы жылдары жауынды маусым сирей түскен. Альтиплано үстірті Эль-Ниньо тудырған құрғақшылықтан қатты зардап шекті. Ғалымдардың айтуынша, жаһандық жылынудың салдарынан бұдан былай Эль-Ниньоның келуі тіпті жиілейтін көрінеді. Перез Ловераның айтуынша, 2015-2016 жылдары Эль-Ниньо Боливияның таулы қыраттарында бұрын-соңды болмаған ең ірі құрғақшылық пен ең жоғарғы температураны алып келген. Альтиплано буды тау тізбектерінің арасында ұстап қалатындықтан, мұндағы температура әр он жыл сайын 0,9 градусқа жоғарылайды. Осы себепті судың булануы артып, көлдің деңгейі төмендей береді.

Андтағы жоғарғы атмосфералық температура соңғы 40 жылда мұздықтардың шегінуіне ықпал етті. «Титикака-Поопо» су қоймасын қоршап жатқан мұздың жартысы әлдеқашан еріп үлгерген.

«Мұздықтар алғаш ери бастағанда одан өте көп су алынады», – дейді Ла-Пастағы неміс зерттеушісі әрі «Төрт градусқа жылырақ Боливия» атты кітап авторларының бірі – Дирк Хофман. «Алайда біз судың ең жоғарғы деңгейін кейбір мұзды су тоғандарынан ғана байқай аламыз», – дейді ол, яғни мұздықтардан еріген су көлемі түгесілгенше азаюын тоқтатпайды.

ҮЛКЕН ТҰЗДЫ КӨЛ. Үйрек аулау маусымында миллиондаған құс аялдайтын көлде мына «жас аңшы» үлкендердің көмегімен қанжығасын майлап алды. Көл суын ауыл шаруашылығына жаппай пайдалану салдарынан су деңгейі төмендеп, ондағы тіршілікке қолайсыздық тууда.

1990 жылдан бері Боливияның халқы 42 пайызға артқан. Халық санының көбеюімен суға деген сұраныс та арта түсті. Өткен жылы үкімет шөгінділермен бітеліп қалған Десагуадеро өзенінің бір сағасын Поопоға бұрып, канал салған болатын. Сонымен қатар ол Урудың жанкешті жұмысшыларын қоларба, қос жүзді кетпен және біраз ас-сумен қамтамасыз етті. Жұмысшылар судың шағын бөлігін сақтап қалу мақсатында теңіз табанынан биіктігі жарты метрлік кемер соқты. Пилько Зола секілді гидрологтар бұл амалдың пайдасы шамалы деп есептейді. Олардың ойынша, проблеманың шынайы шешімі: бөгендерді ашу, тиімді суғару әдісіне ауысу, өзеннен бұрып алынатын су көлемін азайту. Алайда өзеннің жоғарғы ағысындағы фермерлердің суды пайдалануын шектеу саяси тұрғыдан тиімсіз болып тұр. Сондай-ақ Латын Америкасының ең кедей мемлекеті саналатын – Боливияның суға байланысты жобаларды қаржыландыруға қаражаты мүлде жоқ.

Титикаканы біріге басқарып отыр­ған перу-боливиялық комиссия құрғақшылық кезінде Десагуадеро өзеніне көбірек су жіберіп отыру үшін шлюздер тұрғызды. Дегенмен өзеннің жоғарғы ағысын жағалай қоныстанған перуліктердің суға деген сұранысының артуы себепті келешекте бұл шлюздер керексіз болып қалмақ. Флорида технология университетінің палеоэкологі Марк Буштың айтуынша, өзеннің суалуына Титикаканың су деңгейінің сәл ғана азаюы жетіп жатыр. Өткенге үңілсек, мұндай жайттың үш рет қайталанғанын білеміз.

Ғасырдың ортасына қарай климаттың 1 градусқа жылынуына куә болуымыз мүмкін. Титикака суы қатты буланып, су деңгейі едәуір төмендеуі де ғажап емес.

Кибиризи ауылында таңертең балық аулауға шыққан адам сардинасыз оралмайды. Танзания, Конго демократиялық республикасы, Бурунди және Замбия секілді елдермен шектесіп жатқан Африкадағы бұл көл шамадан тыс эксплуатациялау салдарынан барынан айырылған.

Поопоның оңтүстігіндегі таулы қыраттарға көз салсаңыз, көл жағалауындағы жел мүсіндеген жартастар маңында өріп жүрген лама, альпака, қойлар мен жабайы викунья табынынан тұратын пейзажға көзіңіз түседі. Ерте көктемде Еуропа мен АҚШ-тың қомағай тәбетін қанағаттандыру үшін егілген ақуызы мол астық – киноа жиналып алынған алқаптар жалаңаштанып қалады.

Сәтсіз уақыт. Маусымдық дақылдар егілмей жатып Чилидегі Атакама шөлінің желі бос егістік алқаптарын жайпап өтеді. Жабайы өсімдіктер мен бұталар өсіп тұрған кезге қарағанда, алабота егу үшін дайындалған алқаптан жел екі есе көп қалдықты көлге ұшырып әкеледі. Нәтижесінде, тереңдігі 3,5 метрлік көл құм мен тозаңға мерзімінен бұрын толып жатыр.

Тау жотасынан төменіректегі Салар де Уюни жазығының беті карта ойнайтын үстелдің көлеміндей қыртыстанған көпбұрышты пішіндерден құралған. Бұл көпбұрыштар ойылып алынып, араларын бөліп жатқан жолдар арқылы жақын маңдағы тұз зауытына жеткізіледі. Поопо келешегінің осындай болғаны ма? Байырғы Уру қоғамының басшысы Паулиньо Флорес: «Олай емес», – деп үміттенеді. Бірақ ол бәріне дайын. 57 жастағы Флорестің отбасы көрші Колчани ауылындағы тұз зауытында жұмыс істеу үшін сонда қоныс аударған.

ТАНГАНИКА КӨЛІ. Мына жүк қайығы кезінде әлемнің көлемі жағынан екінші ең үлкен тұщы көлімен жүзіп жүрген еді… (Сібірдің Байқалынан кейінгі). Бұл көл көп халықты асыраған. Алайда климаттың өзгеруі оған қауіп төндірмей қоймады.

Флорес «Экология орталығы» және «Анд халқы» мемлекеттік емес ұйымдарымен жұмыс істей келе Поопо жағалауынан тұз зауытын ашпаққа бел буған. Ұйымның атқарушы директоры Гильберто Пауельс­тің айтуынша, олар әріптестерімен бірге уру халқының тіршілігін қалпына келтіріп, қоғамды қорғау үшін аймақты жан-жақты зерттеп жатқан көрінеді. Пунака Тинта Мария – кепкен көлдің жағасындағы жартылай босап қалған ауыл. Ауылдың балықшылары мен аңшылары отбасыларын асырай алмай мұрындарынан шаншылды. Осы тектес жайттар әлемнің түкпір-түкпірінде қайталанып отырады.

Флорес көлі қайта қалпына келетін, балықтар мен құстар оралатын күнді армандайды. Ол бір кездері Поопо көлінің айналасында әкесімен және туған-туыстарымен аң ұстап, балық аулаған кездерін сағынышпен еске алады. Урулықтар өздерін осыдан 3700 жыл бұрын Альтипланоны алғаш мекендеген тайпалардың ұрпағымыз деп есептейді. 2013 жылғы зерттеу барысында олардың ежелгі Анд тұрғындармен генетикалық ұқсастықтарының бары анықталды. Жүзбелі қамыс аралдарында тіршілік еткен азат халықтар Инк империясынан да ұзағырақ ғұмыр кешкен және испандықтардың қатал шабуылына төтеп берген. Алайда бүгінде урулықтар сүйікті көлдерінен айы­рылғалы отырған диаспораға айналған. «Егер көл жойылса, уру да жойылады, – дейді Флорес, – көл бізге азық қана емес, келешекке деген сенім де».

ТАНГАНИКА КӨЛІ. Казинга ауылының маңында еркектер сардина аулайтын тор құрған. Мұнда температураның жарты немесе бір градусқа көтерілуі балық түсіміне әсер ететіндіктен, мұндай өзгерістер тіршілігін көлмен байланыстырған миллиондаған адам үшін апатпен тең.

Автор: Кеннет Р.Уейс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу