ЗЕРТТЕУ

Өткен шаққа саяхат

53a

«National Geographic» журналының Орталық Азияға алғаш қадам жасап, тұңғыш рет Қазақстанда жарық көруіне орай Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Назарбаев Университетінде ғалымдар бас қосты. Шараға АҚШ-тан арнайы ғалымдар да келген болатын. Оның бірі «National Geographic» қауымдастығының зерттеу бағдарламалары жөніндегі вице-президенті, «Out of Eden Walk», яғни «Эденнен басталған саяхат» немесе «Әлемдік серуен» жобасының жетекшісі Александер Моэн. Екіншісі – танымал ғалым, екі дүркін Пулитцер сыйлығының иегері, жиһангер-жазушы Пол Салопек. Айта кетерлігі, Пол Салопек қазақстандық көзіқарақты оқырманға да таныла бастаған жиһангер. Ол адамзаттың ұлы миграциясы жолымен, әлемді жеті жыл ішінде жаяу шарлап шығуға бел буған болатын. «Әлемдік серуен» аталатын осы жоба 2013 жылдың қаңтарында Эфиопияда басталған еді. Саяхатшы қазір Каспий теңізі арқылы Маңғыстау өңіріне келіп жетті.

11

Ұлттық музейдегі жиында негізінен елімізде биылғы жылдан бастап жарық көре бастаған «National Geographic Қазақстан» журналының алдағы уақытта қозғайтын тақырыптары туралы әңгіме өрбіді. Әлемдік һәм Қазақстандағы география, археология, антропология салаларындағы соңғы жаңалықтар жайында мәселелер қозғалды.

Бүгінде 700 миллион аудиторияны қамтыған «National Geographic» қауымдастығы 128 жыл ішінде 12 мыңға тарта грант бөліп, бірқатар ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолдау жасады. Басты мақсаты – фотографтар мен журналистер шеберлігін, ғалымдар мен зерттеушілер ізденісінің үйлесімді жұмысын паш ету.

61

Александер Моэн:
Меніңше, «National Geographic» қауымдастығын «International Geographic», яғни «Халықаралық география» деп атайтын уақыт жеткен тәрізді. Өйткені, жыл сайын қауымдастықтың қамтитын ауқымы кеңейіп келеді. Биыл қатарымызға Қазақстан қосылды. Қазақстандық әріптестеріміздің көмегімен біз өз жұмысымызды Орталық Азияда бастадық. Ендігі міндет – ғылым мен білімді мейлінше тарату. Осының аясында біз бұған дейін де Қазақстандағы бірқатар жобаларды қаржыландырдық. Оның бірі – «Наурызым» қорығындағы бүркіттерді зерттеу. Екінші – Арал теңізінің бүгінгі ахуалы.

«National Geographic» қауымдастығының қолдауымен жиһангер-жазушы Пол Салопек адамзаттың әлемге таралу жолын ежелгі адамдар секілді ешбір көліксіз, жаяу жүріп өтуге бел буған. Ат, түйе секілді жануарларды тек жүк артуға пайдаланады.

MM8176_130128_09149

Пол Салопек:
Жобаның тағы бір атауы – «Жұмақтан сапар». Неге? Біз бұған ғылыми және антропологиялық көзқараспен келдік. Ғылыми дәлелдер бойынша, ең алғашқы адамның тіршілік еткен мекені – Африка. Адамзаттың тұңғыш миграциясы да сол тұстан әлемге таралған деген пайым бар. Қазба жұмыстары мен ДНК талдаулары көрсеткеніндей, алғашқы адам Африкада пайда болып, миграция арқылы дүние жүзіне таралған. Менің бұған қызығушылығым аса жоғары. Бұл тарихымызға жасалған алғашқы ауқымды серуен болмақ.

Жиһангер-жазушы «серуенінің» маңызын ғарышқа жасалатын сапардан еш кем бағаламайды. «Өйткені, 100 мың жылда біз бүгінгі деңгейде жеттік, мәселені де шапшаң шешетін шамада тұрмыз. Өзіміздің ойлау қабілеттеріміз арқылы климаттық ауытқуларға, географиялық өзгерістерге өзімізді бейімдедік. Менің серуенім кешеден бүгінге немесе керісінше, бүгінгіден өткенге қарай жасалған серуен», – дейді ол.

Қазақстандық ғалымдар пайымы: Қазақ даласы ең ежелгі адамдар көшінің орталығы болған
Шындығында әлемдегі ең алғашқы адамзаттың ұлы көшіне ғалымдардың бәрі де қызығады. Тіпті, бұл мәселеде түйінін тарқатата түсетін тұстар да баршылық. Соның бір парасын Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі директорының орынбасары, профессор Жәкен Таймағамбетов айтты. Ол алдымен зерттеудің дәл осындай күрделі саласына журналистердің бел шеше кіріскенін аса жоғары бағалайтынын жеткізді. Расында, қарапайым халыққа қандай да бір жаңалықты жеткізу мәселесінде ғалымнан гөрі журналистің сөзі өтімді болатыны белгілі. Мәселен, АҚШ антропологы Джохансон журналистермен бірігіп адамның таралу төркініне арналған қалың оқырманға түсінікті кітап жазып шыққан. Ғалым Салопектің сапары да сондай сәтті болады деген тілегін жеткізді. «Африка туралы қызықтырып қойдыңыз, – дейді Жәкен Таймағамбетов. – Мен дәл осы алғашқы адамзаттың миграциясы мәселелерін зерттеп жүрмін. Пол, Сіз айтқан Homo sapiens миграциясы – бұл негізінен Африкадағы екінші миграция. Одан да ертеректегі адамдардың ең ежелгі миграциясын, олардың Қазақстанға, Орталық Азияға келу жолдарын зерттеп келемін. Америкалық антрополог ғалымдар адамзаттың шығу тегі мен эволюциясына қатысты үлкен төңкерістер жасады, оны мойындаймыз. Қазіргі кездегі генетика ғылымы бұған өзінің түзетулерін енгізіп жатыр», – дейді Жәкен Таймағамбетов.

16ф

Жәкен Таймағамбетов:
Мен Полмен келісемін, алғашқы адамдар 100 мың жыл бұрын Африкадан қоныс аударды. Әйтсе де, бұл тұңғыш емес екінші миграция болатын. Өйткені, Қазақстанға алғашқы адамдар одан да ерте кезде, бірінші көш барысында аяқ басты. Қазақ даласы ең ежелгі адамдар көшінің жүріп өткен орталығы болған. Бұған дәлелдер де жоқ емес. Миллион жыл бұрын шамасында Қазақстанның аумағында адамзат тіршілігі болғанын растайтын артефактілер бар. Сондықтан да, бұл проблема Қазақстанға емес, адамзат эволюциясы проблемаларымен айналысатын әлем ғалымдары үшін де қызықты болар деген үміттемін. Осындай ауқымды мәселеге бойлаған Пол Салопекті де қолдаймын!

Қазақстандық академик, антрополог ғалым Оразақ Смағұл қазақ даласының кереметін алға тартады. Оның пайымынша, Қазақстан алдағы уақытта әлемдік қауымдастықтың қызығушылығына бөлене беретін болады. «Бұл мүмкіндік «National Geographic-тің» елімізге келуіне орай ұлғая түседі деп сенемін» – деді ғалым.

59

Оразақ Смағұл:
«National Geographic» қауымдастығы өзінің ғылыми әлеуетін құрлықішілік Азияға, нақтырақ айтқанда Қазақстанға қарай аударғанына ризамын. Біздің еліміз ғажайып табиғатымен ғана емес, адамзаттық өркениеттің қоныстануы, мәдени дәстүрлері тұрғысынан да қызықтырақ. Геологиялық мәліметтер бойынша, Қазақстан аумағындағы ең көне жер – Көкшетауда. Ал адами қоныстану, тіршілік ету мәселесіне келсек, онда да түбегейлі зерттеуге итермелей түсетін жайттар баршылық. Мәселен, қазіргі қазақ халқы өкілдерінің үштен бірі өздерінің 4-5 мың жыл бұрынғы ата-бабаларының популяциясын бойында сақтаған. Сосын қазақ халқы өзі осыдан 8-6 мың жыл бұрын қоныстанған атамекенінде өмір сүріп жатыр. Бұл өте қызық дерек. Ондайдың әлемде кездесуі сирек. Осылайша, қазіргі Қазақстан халқы «National Geographic Қазақстан» журналы арқылы әлемге еліміздің табиғаты туралы ғана емес, халқының бірегейлігі туралы қызықты материалдар ұсына алатын еді.

Сөз арасында 85 жастағы ақсақал-академик Пол Салопекке ақ батасын берді: «Пол, екі аяғың дерт көрмесін! Сен жаяу жүресің ғой, Аяқтарың аман болсын! Сені діттеген жеріңе жеткізсін!»

58

Бұдан соң кездесу Назарбаев Университетінде жалғасты. Пол Салопек мұнда жобаның екі қырына ерекше тоқталды. Оның бірі – жаһанды жаяу шарлау. Екіншісі – «байыпты» журналистика.

54

7 жыл, 33 мың шақырым немесе 35 миллион қадам!
Пол өзін ғалым санамайды. Әйтсе де мамандығы бойынша биолог. Әңгіме тыңдағанды ғана емес, айтқанды да ұнатады. Әйтсе де, бір орында отыру, бір орында түрегеп тұрып әңгіме соғу ол үшін тым қиын шаруа секілді. «Мен серуенді 2013 жылдың қаңтарында Эфиопия жерінен бастадым. Кестеден қалып келемін. Соңғы тірелетін нүктем – ДНК талдаулары көрсеткеніндей, арғы бабаларымыздың табаны ең соңынан тиген Оңтүстік Америка», – дейді Пол.

Оның сөзіне қарағанда, «Әлемдік серуен» 33 мың шақырымға немесе 35 миллион қадамға тең келетін ұзын сапар. «Негізінде 7 жылда жүріп өтуім кетек еді, әйтсе де қазіргі жағдайға қарасам, бұған 10 жыл кететін тәрізді», – дейді ол.

Жедел ақпараттан «байыпты» журналистиканың артықшылығы не?

«Әлемдік серуен» жобасының тағы бір ерекшелігі – қызықты әңгіме. Айтпақшы, ақпараттың ең ежелгі түрі сол әңгіме жанры. «Ежелгі адамдардың өзі аңға шыққанда, тіпті бергі замандарда да саяхаттан тек олжамен ғана оралмаған-ды. Адамдар ел көріп, жер көріп қана, қандай да бір әңгімемен оралатын. Яғни, ақпараттың ежелгі атрибуты – әңгіме», – дейді Пол Салопек.

Біздің заманымызда ақпаратқа бірінші қол жеткізудің өзі – артықшылық. Дегенмен Пол Салопек бұған басқаша көзқараспен келеді.

3

Пол Салопек:
Шапшаң жететін мүмкіндік бола тұра, мен неге жаяу жүрмін? Журналист ретінде айтарым: егер мен ұшақпен жүретін болсам, бастан кешетін оқиға былай тұрсын, мұншалықты бай әңгімеге қарық болмайтын едім. Сапар аясында кейде мен үшін бір орыннан екінші орынға жету емес, сол екі нүктенің арасындағы жинаған әңгімелерім маңыздырақ болып шығады. Жаяу жүретін адам бәрін сезінеді. Жедел ақпарат таратып, шапшаңдығы шаң қаптыратын журналистикадан гөрі байыпты журналистиканы жаным қалайды. Ел аузынан ақпарат алып, жергілікті халық туралы көбірек білгім келеді. Жүріп өткен жерімнің ерекшеліктері мені көбірек қызықтырады. Бұл тек үлкен географиялық журналистика ғана емес, адамзатқа қатысты тарих. Бұл бір елге ғана емес, баршамызға ортақ тарих. Сондықтан да, мен үшін асығыс ақпараттан гөрі байыпты зердеге мән беру артық. Жаяу жүру идеясы да сол тұрғыдан ерекше.

Түйіндей айтқанда, көлікпен сапарлағанда көзден таса қалатынның бәрі жаяу да «байыпты» журналистикада толық қамтылады. Ол ол ма, осы арқылы адамзаттың таралуына, өркениеттердің бір-бірімен байланысына да барлау жасауға болады. Сондықтан да, Пол өз сапарында көп айтыла бермейтін мәселелерді терең қаузағысы келеді.

60

Назарбаев Университетінде өткен шарада залдағы қатысушының бірі төтеден сұрақ қойды: «Жеті жыл өтті делік. «Әлемдік серуеннің» соңғы нүктесіне жеттіңіз делік. Сосын не істейсіз?» Сирек күлімсірейтін Пол Салопек иығын қиқаң еткізіп алып, бір орында тұра алмайтын әдетіне тағы басып, ары-бері жүріп кетті. «Не істеймін?! Білмеймін. Бәлкім осы серуен барысында жол бойында кездескен достарымды шақырып бас қосатын шығармын. Эфиопиядағы Мұхаммед Банунаны, Израильде танысқан ақынды да шақырармын. Алда талай тамаша адамдар жолығатынына да күмәнім жоқ. Солармен үлкен кездесу жасап, тағы әңгіме-дүкен құрып, сапардан кейінгі әсеріммен бөліскім келеді. Мен сапарымда жолыққандардың бәріне де құрмет көрсеткім келеді. Тіпті барша адамзатқа да».

55

8f

19

70a

64

Фото: Ерболат Шадрахов, Дәулет Сейдағалиев

0
Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз