.

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы…

1 фото

Қазақ даласындағы ерекше сұлу, мейлінше көрікті мекендерінің бірі – Көкшетау. Табиғат жаратылысының осынау тамашасына тамсанған ақындар Көкше өңірін «кербез Көкше» деп жырласа, қылқалам шеберлері ондағы пейзаж тудыратын құбылысты салудан еш жалықпаған. Көкше өңірі жер бетінде сирек кездесетін, өзіне ғана тән ерекшеліктері басым географиялық аумақ ретінде кеңінен танымал. Антрополог Оразақ Смағұловтың айтуынша, Кеңес заманында геологтар Көкшетау өңірін «ең көне жер» деп анықтаған екен.

5 фото

Жер шоқтығы атанған Көкшетау табиғатының әсемдігімен ғана емес, ауасының да жанға шипа, дертке дауасымен де әйгілі. Әсіресе, Бурабай шатқалындағы шоқысы биік бүдірлі таулар, қылқан жапырақты ну орман – демалушыларға жайлылық сыйлап, емге шипа, демге қуат береді. Бурабайдың балшығы мен минералды суы да емдік қасиетке ие.

4 фото

Бурабай Қазақстандағы ғана емес, ТМД аумағындағы ең танымал демалыс орындарының бірі. Теңіз деңгейінен 320,6 метр биіктікте орналасқан Бурабай көлі – емдік қасиетімен де, қайталанбас көрініске толы табиғатымен де көз тартады. Көлдің ортасында орын тепкен алып тас үйіндісі осынау мекеннің ерекше сұлулығын ғана емес, әрбір келушіге құпияға толы сюжеттің сырын ашқысы келетіндей.

Қыратта, тектоникалық ойыста, табиғи тұрғыда пайда болған көлдің ұзындығы 4,5 шақырым, ені 3,9 шақырым. Орташа тереңдігі 4,5 метр, ал ең тереңі – 7 метрге дейін барады. Суы мөлдір, тұщы, жұмсақ. Ешқайда қосылмайтын тұйық көлде ақторта, алабұға, сазан, табан, шортан балықтары өседі. Сыңсыған сұлу қарағайлы-қайыңды орманы, Көкше шоқылары, аңыз болған Жұмбақтас, атақты Абылайхан алаңы, Оқжетпес шыңы – мұның бәрі туристер үшін керемет әсер қалдыратыны сөзсіз.

2 фото

Сонымен қатар, біріне-бірі жақын жатқан Көкшетаудың сексен көлінің бір үзікті тізбегі – Шортанды, Үлкен шабақты, Кіші шабақты, Қотыркөл, Жөкей, Бурабай – тұтастай осы өңірге ерекше сипат береді. Халықаралық туризм агенттіктерінің мәліметіне қарағанда, Бурабай ТМД аумағында ең танымал курорттардың ішінде Ыстықкөлден кейін екінші орында тұр.

3 фото

Мәліметтерге сүйенсек, Бурабай демалыс аймағы ретінде 1810 жылдан мәлім бола бастаған. Онда 1910 жылы қымызбен емдеу – сауықтыру орны ашылды. 1920 жылдан бастап мемлекеттік маңызы бар демалыс кешеніне айналған. Ел Астанасы Арқаға көшірілгелі «Бурабай» шипажайының, ондағы демалыс орындарының маңызы бұрынғыдан да арта түскен. Жақсы жол салынып, демалыс орындары заманға сай жаңарып, қызмет көрсету сапасы да жақсарды.

Фото: Тұрар Қазанғапов, Ерболат Шадрахов.

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз