.

Алтайдың Алтынкөлі

Алтын-көл - 1Қарт Алтайдың алтын алқасындай талайларды тамсандыратын ғажайып жаратылыс – Алтынкөл. Тамылжыған тыныштық құшағындағы табиғаттың тамаша сәттерінің бірі! Алтайдың таңғы тұлғасына одан сайын әр бере түсетін Алтынкөл де бей-жай тыныштықты сақтап тұр! Енді аздан соң Күн шуағымен бірге айдын аймағына да тіршілік енетін кез жақын. «National Geographic Қазақстан» журналының фотографы  Ерболат Шадрахов Алтынкөл тылсымын таңғы сағат 5-терде түсірген екен.

Ресейдің Алтай өлкесіндегі теңіз деңгейінен 434 метр биіктікте орналасқан көлдің кереметін айтып тауысу да оңай емес. Ұзындығы 78 шақырым, енінің кеңдігі 0,6-5,2 шақырым, орташа тереңдігі 174 метр, ең терең жері 325 метр болып келетін ерекше айдын – ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени және жаратылыс ескерткіштері тізіміне енген. Таулы Алтайға сапарлаған туристердің Алтынкөлге соқпауы мүмкін емес. Өйткені, Алтынкөлге келмей кету – Алтайды көрмей кеткенмен бірдей.

Алтын көл - 2

Обь өзенінің екінші бір бастау саласы – Би өзенінің жоғарғы жағында орналасқан Алтынкөлге Алтайдың тау қыраттарынан сарқырайтын үлкенді-кішілі өзендер құйылады. Көлге шамамен 70-ке тарта өзен қосылса, оның 70 пайыз суы оңтүстігінен келетін Чулышманға тиесілі екен. 150-ге жуық өзен мезгіліне қарай Алтынкөлден сарқырап, ағып отырады. Сосын Алтынкөл өзінің артық суын Би өзеніне сарқу арқылы Обь өзенінің ағысын қамтамасыз етеді. Көлдің атауына келсек, жаратылысының ерекшелігінен бөлек, оған құятын өзендер аңғары алтын кеніне бай болғандықтан аты да солай аталған деседі. Атауға байланысты алтайлықтар арасында аңыздар да жеткілікті.

Алтынкөл айдыны – миллион жыл бұрын қалыптасқан деген дерек те бар. Тұщы су қоры жағынан ол Ресейде Байқалдан кейінгі екінші орында тұр.

 

Фото: Ерболат Шадрахов

    

Пікір жазу