.

ЭКСПО көрмесі: Анталиядан сәлем!

 

Түркияда «Гүлдер және балалар» деген атпен EXPO көрмесі өтетіндігі жайлы екі-үш жыл бұрын естіген едік. Таяуда Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің шақыртуымен «National Geographic Қазақстан» журналы редакциясының журналистері аталмыш көрмеге арнайы мейман ретінде шақырылды. Жер-дүниенің ең ғажап, ең тылсым өсімдіктерін бір жерден көрудің өзі керемет қой. Шыжыған шілдеде кейбір павильондардың іші дәл қыстағыдай -20 градус суық. Сол суықтың өзіне тән өсімдіктері жайқалып өсіп тұр. Жойылғаны, жойылмағаны бар жануарлар әлемін тамашалаудың өзі бір хикая. Көрмеге қатысушы әрбір ел ортақ тақырыпты ашуға барынша тырысып жатқаны байқалады. Қысқасы, биылғы Анталия әлем қиялын арбап тұр. Ертегіге елтіген бала секілді бір ғимараттан бір ғимаратқа өтуге асығасың. Ал одан әсерсіз шығу әсте мүмкін емес. Сол әсерді оқырмандарға тереңірек жеткізу үшін «EXPO 2016 Анталия» Бас хатшысының орынбасары Джанер Йазыджыны әңгімеге тарттық.


img_04871

Джанер-бей, «EXPO 2016 Анталия» көрмесі қалай өтіп жатыр? О баста қанша адам келеді деп жоспарланып еді, соның қаншасы келді? Жалпы, көрмеге келушілер санын алдын-ала болжап бола ма?

Әрине, бұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін алдын-ала жоспар, тыңғылықты дайындық керек. Біз де тура сол халықаралық тәртіппен жұмыс жасадық. Шетелдік және отандық қатысушыларға шақыртулар жіберіп, көрменің басты ерекшеліктерімен қызықтыруға тырысып жатырмыз. Жүйелі жұмыс өз нәтижесін беріп, келушілер легі күннен күнге өсу үстінде. Ресми мәлімет бойынша, 23 сәуірден бастап бүгінге дейін көрме павильондарын тамашалауға 2 миллионнан астам адам келді. Олардың қатарында көптеген шетелдік туристер, журналистер мен кәсіпкерлер бар. 30 қазанға дейін көрсеткіш 4 миллионға жетеді деп күтіп отырмыз. Жалпы, біздің түрік халқы көп жағдайда маңызды нәрсені соңына қалдырғанды жақсы көреді. (Күлді. «Бізге ұқсайды екенсіздер», – дедім мен. Екеуміз қосыла күлдік. Әңгімелесушім бұдан соң тіпті ашыла түсті. – Ред.) Сондықтан, көрме аяқталар тұста қауырт-қарбалас болады деп күтіп отырмыз. Қазақстандық бауырларымыз да көрмеге көптеп келіп жатыр. Әлі де келем деушілерге құшағымыз айқара ашық.

cocuk-3

Көрме тақырыбы неліктен «Гүлдер және балалар» деп аталды?

Адамзат, технология, табиғат тандемі ғаламшардағы үйлесімді қамтамасыз ете алады. Ең басты мақсат – ұрпақтарымызға жабыны жасыл, өкпесі сау ғаламшар қалдыру. Ал оны біз гүл және бала тақырыбы арқылы жеткізгіміз келді. Көрменің басты көрермені – балалар, сондықтан да «EXPO 2016 Анталия» күрделі тақырыптың өзін бала танымына сай, яғни гүл арқылы жеткізуді мұрат етті. Сол себепті біздің ұранымыз – «Жасыл әлем келешек ұрпақ үшін», ал тақырыбымыз – «Гүлдер және балалар».

Көрмені Түркияның басқа қалаларында өткізу туралы да ұсыныстар болды ма? Не себепті Анталия таңдалды екен?

EXPO өткізу идеясы Анталия қаласының бастамасымен қолға алынған еді. Қалалар арасында бәлендей таңдау болған жоқ. Анталия билігі EXPO-ның өздерінде өткенін қалап, бәсекеге кірген болатын. Ал мемлекетіміз бұл іске қолдау көрсетті.

Анталия – ежелгі заманнан бүгінгі күндерге дейін көптеген мәдениеттерге мекен болған, өркениет бесігіндей жер. Қаланың қолайлы климаты мен құнарлы топырағы ботаникалық EXPO өткізуге толыққанды жарамды еді.

sabahsakayikterasi1

alan-genel-2

Көрменің ауданы, инфрақұрылымы қандай?

EXPO аумағы 1100 акр жерді алып жатыр. Біз әңгімелесіп отырған осы жерді үш жыл бұрын су басып жатқан десем сенер ме едіңіз? Қажырлы еңбектің арқасында толық қалпына келтірілді. Шамамен 400 мың шаршы метр жерге 25 мыңнан астам ағаштың 180 түрі мен төрт миллионнан астам гүл отырғыздық. Бүгін бұл жерден екі мыңнан астам өсімдік түрін көруіңізге болады. Көрме бір уақытта бірден 40 мың адамға қызмет көрсете алады.

cin-bahcesi-2

Неше ел қатысуда? Халықаралық павильондар жұмысы көңілдеріңізден шықты ма?

56 қатысушымыз бар. Халқымыз қатысушы елдердің мәдениетін тереңірек тану үстінде. Әр ел эндемиялық өсімдіктерін, салт-дәстүрін әкелді, былайша айтқанда, өз елінің бір уыс топырағын Анталия жеріне әкеліп қосқандай болды. Шетелдік қонақтарымыз павильондарға үлкен қызығушылық танытуда. Сол себепті әріптестеріміздің жұмысына толығымен ризамыз.

Көрме аяқталғасын құрылыс нысандары бұзыла ма, жоқ әлде басқа мақсаттарға пайдалану жоспарда бар ма?

Бүкіл EXPO ғимараттары көрме аяқталғаннан соң да Анталия халқына қызметін жалғастыра бермек.

Бұндай шараны өткізу өте қиын жұмыс екенін білеміз. Құпия болмаса, оған қанша қаражат жұмсалды, қаржы көздерін қайдан таптыңыздар?

Жұмсалған қаражаттың жалпы көлемі шамамен алғанда 600 миллион АҚШ долларына тең. Көрме негізінен мемлекеттік және Анталия қаласы үкіметінің қаражатымен жүзеге асырылды. Одан бөлек демеушілер тарапынан да үлкен қаржылық қолдау таптық.

kucuk-amfi

Бізде бұндайда «бардың малы шашылар, жоқтың арты ашылар» дейді. Қарап отырсақ, EXPO көрмесін өткіземіз деп бүтіндей бір қалашық салып тастапсыздар. Халықаралық көрмелер бюросының көңілінен шығу да оңай емес. Шын айтыңызшы, жұмсалған шығын өз-өзін ақтап жатыр ма?

Мен былай айтайын. EXPO көрмелерінің негізгі мақсаты – қоғам санасын ояту. Жаңа технологиялар, инновация мен қоршаған ортаны қорғау сияқты жаһандық мәселелерге назар аударту. Әр елдің өз мәдениетін танытып, жаңа жобалар ұсынуына мүмкіндік туғызу. Ботаникалық EXPO-лардың міндеті – бағбандық, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау бойынша халық зердесін ашу. Ең бастысы – ол, әрине, өмір сапасын жақсарту. Сонымен қатар, ботаникалық EXPO-лардың міндеттерінің қатарына ұлттық және халықаралық деңгейдегі экологиялық мәселелер мен олардың шешілу жолдарына көңіл аудартуды да жатқызуға болады. EXPO өзі өткен жердің инфрақұрылымын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашады. Біздің көрме әр елдің өзіне тән эндемикалық өсімдіктері мен басқа да ерекшеліктерін таныстырып, бір-бірімен b2b іскерлік байланыстар орнатуға септігін тигізуде. «EXPO 2016 Анталия» көрмесін бүгінде сәтті жүзеге асқан жоба болды деп бек сеніммен айта аламыз. Жасаған жұмыс, еткен еңбектің өтеуі болар, Халықаралық көрмелер бюросы (BIE), Көшет материалдарын өндірушілер халықаралық ассоциациясы (AIPH) Бас хатшылары тарапынан алғыс-марапаттар алып жатырмыз.

gece-genel-2

Жадыраған жаздың ортасында Анкара аспанынан естілген «тосын дауыс» көрме гүлдерін шошытпады ма?

Сауалыңыздың астарын түсініп отырмын. Әрине, теңіз тербелсе, кеме қозғалмай тұрмайды ғой. Сіз айтып отырған биліктегі саяси оқиғалар «EXPO 2016 Анталия» көрмесіне ғана емес, бүкіл Түркияға әсер етті…

istanbulll11

Келер жылы бауырлас ел Қазақстан «Астана ЭКСПО-2017» көрмесін өткізгелі отыр. Ұйымдастыру жұмыстарында өздеріңіз кездескен қандай қиындықтар бар? Қазақ әріптестеріңізге нендей кеңес берер едіңіз? Неден сақтандырар едіңіз?

Алғашқы өткізілген EXPO болғандықтан ашылу күніне дейін бұның не екенін көбі толығымен түсінбеді, көбіне жәрмеңкемен шатастырды. Дәл осындай қиындықтар сіздердің де алдарыңыздан шығады деп ойлаймыз. Сондықтан халықты алдын-ала дайындап алу керек. EXPO-ның не екенін ерінбей-жалықпай айта беру керек. Қарсы пікірлер болады. Ол – заңдылық. Сол себепті ашылу салтанатына дейін EXPO-ның не екенін, әрі EXPO-да не болатынын дұрыс түсіндірулеріңіз керек. Өз басымыздан өткізген тағы бір тәжірибе, көрмеге шетелдік қатысушылардан бөлек жергілікті ұйымдар, қорлар, корпорациялар мен институттардың қатысуы шешуші рөл атқарады екен. Сіздерге де осы бағытта мықтап жұмыс істегендеріңіз дұрыс болар еді деп кеңес береміз.

img_06012

img_0579

thy-2

«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің жарнамасы Түркияда қаншалықты жасалып жатыр, Қазақстанға қанша түркиялық барады деп ойлайсыз, өзіңіз баруды жоспарладыңыз ба?

Келер жылы Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбмен EXPO көрмесі өтетіні жайында хабарымыз бар және оған қатысуды тағатсыздана күтудеміз. «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі жайлы мүмкіндігінше көбірек адам біле берсе екен деп ойлаймыз және ол үшін өз тарапымыздан Қазақстанға қандай да қолдау көрсетуге дайынбыз.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақсат Ясылбайұлы.

img_0547

turkcell-kule-6

Көрменің бас ғимараты өсіп тұрған гүлді елестетеді. Биік сабақтың үстіндегі үш жапырақша Анталияның Адриан үш өткелді тарихи қақпасын да бейнелейді.

 

kazakistan-bahcesi

Қазақстандықтар бұл көрмеде белсенді болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан павильоны көп көрілетіндердің қатарында екен. Бізден басқа, Қытай, Германия, Африка елдері павильондары да сұранысқа ие көрінеді.

 

ece-efe

Көрме бойтұмары Эже мен Эфе біздің Тазша бала мен Мақта қыздың аналогы секілді.

 

cocuk-adasi

«EXPO 2016 Анталия» ботаникалық көрмесінің ашылуы 23 сәуір Түркиядағы Балалар күні мерекесіне орайластырылды.

 

bitki-heykeller-1

Бұндағы жан-жануарлар түгелдей өсімдіктерден жасалған. Олар күн сайын қырқылып, бапталып отырады. 30 қазанда көрме ресми түрде жабылмақ. Ол кезге дейін келушілер саны төрт миллионға жетеді деп болжануда.

bitki-heykeller-3

bitki-heykeller-18

Фотоларды ұсынған: «EXPO 2016 Анталия»

       

Пікір жазу