.

Болашақтың қаласы

mm8047_110715_09984

Бұл мақала 2012 жылы “National Geogrаphic” журналында ағылшын тілінде жарияланған болатын. Оқырмандырымызға сол материалды аударып ұсынып отырмыз. Онда автор Астана қаласынан алған әсерімен бөліседі.

mm8047_110716_11633

Көздің жауын алатын Салтанат сарайының ішінде ұлттық киім киген қазақ бишілері қалыңдықты қоршап алған. Ал қалыңдық беташар рәсімінің басталуын күтіп тұр. Беташардан кейін той­думан басталады.

nationalgeographic_2177187

Астана – жастар қаласы. Қала тұрғындарының орташа жасы – 32. Құрыш қолды құрылысшылардың арқасында қала айлап-­жылдап емес, күн санап көркейді. Елордада қақаған қыста да, жаңбырлы жазда да, тіпті күні­-түні де құрылыс тоқтамаған кездері болған.

Авторы: Джон Ланкастер

Фото: Герд Людвиг

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА АСТАНАСЫ ерекше ғимараттардан кенде емес. Жергілікті астаналықтар ондай ғимараттардың біразына келіскен атау беріп те қойған. Мәселен, мұнда «банан» (ақшыл сары түсті кеңсе мұнарасы), «жеті бөшке» (тұрғын үй кешендері), «от тұтатқыш» (Көлік және коммуникация министрлігі) секілді ғимараттар бар. Алайда тұрғындар «Бәйтерек» монументіне қатысты ешқандай ат таппағандай. Шынында, бұл солай. Ал оның басты себебі «Бәйтерек» – басқа ештеңеге ұқсамайды. Бүкіл әлемде дәл осындай мұнара жоқ деуге де болады.

«Бәйтерек» сөзі қазақ тілінде «биік немесе алып терек» деген мағынаны білдіреді. Биіктігі 97 метрді құрайтын бұл мұнараның сырты ақ түсті болатпен қапталған. Ұшар басында алтынмен көмкерілген әйнек шар орналасқан.

Бұл монументті тұрғызуға қазақ халқының Самұрық құс туралы аңызы негіз болған деседі. Аңызға сүйенсек, алып киелі құс «өмір ағашы» деп аталатын биік теректің ұшар басына жыл сайын алтын жұмыртқа салған екен. Ал монументтің дизайнері кім деймісіз? Әлбетте, автор – Нұрсұлтан Назарбаев. Ол қарапайым болат қорытушыдан президенттікке дейін көтерілген тұлға. Кеңес Одағынан бөлініп, жеке отау құрған Қазақстанды 1991 жылдан басқарып келеді. Жоқтан бар жасап, барын асырып, еселей білген кемеңгер.

mm8047_110628_01871

Астананың орталық алаңында менмұндалап тұрған «Бәйтерек» кешені кешкісін біресе жасыл, біресе қызыл, енді бірде сары түске боялып, жарқырап жанып тұрады. Жаңа астананың нышанына айналған мұнараның биіктігі 97 метр. Ұшар басында алтын жұмыртқа жатқан алып ағаш іспетті.

XVIII ғасырда Петр патша Балтық теңізінің жағалауындағы ешкімге керексіз, қараусыз жатқан шалшықты жерге табан тіреп, аз уақыттың ішінде Санкт-Петербор шаһарын тұрғызды. Кейіннен бұл елдімекен Ресей империясының басқару орталығына айналды. Сол секілді Нұрсұлтан Назарбаев та шалғайдағы игерусіз жатқан жерді таңдап, қазақ елінің туын осында тікті. Иә, Республиканың бұрынғы астанасы Алматы – көрген жанды тамсандырар әсем қала. Алайда президент соған қарамастан астананы ауыстыруға бел буды. 1997 жылдың соңына қарай Қазақстан Республикасының Үкіметі қысы-жазы азынай жел соғып тұратын, қыс мезгілі үскірік аязды, дүлей боранды Ақмола өңіріне ресми түрде қоныс аударды. Бұл аймақ – Орталық Азиядағы ағаш көп өспейтін, жазық далалы жерлердің бірі. Солтүстікке қарай 1000 шақырымға созылып жатыр. Кейіннен бас қалаға Астана деген атау берілді. Осыған орай жыл сайын шілденің алтысында Астана күні атап өтіледі. Сондай-ақ бұл күн Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді.

Мұнай мен басқа да минералды ресурстарға бай Қазақстанның жаңа астанасын көркейтіп, дамыту үшін миллиардтаған қаржы жұмсалып, дүниежүзіне белгілі маңдайалды сәулетшілер шақырылды. «Жаңа қаланы» ескі шаһардан, яғни Кеңес Одағы кезінде бой көтерген оң жақ жағалаудағы ауданнан бөліп тұрған Есіл өзенінің сол жағына қандай ғимараттар салынатыны талқыланды. Нәтижесі адам таңғаларлық. Десе де біреуге ұнағанымен кейбіреулердің көңілінен шықпауы да мүмкін. Алайда қалай болғанмен де, Астанаға жыл сайын халық, соның ішінде жастар әр тараптан ағылып келіп жатыр. Соңғы он жылда тұрғындар саны үш жүз мыңнан жеті жүз мыңға өсті. Бүгінде Астана қаласы қазақ елінің ұлттық бет-бейнесін айшықтап тұр десек еш қателеспейміз. Тоқетері Астана – ауыз толтырып мақтауға тұрарлық шаһар.

Арғы-бергі тарихы Астанаға ұқсас Санкт-Петербург шаһарын Федор Достоевский былай сипаттаған екен: «Әлемдегі теңдесі жоқ, үлкен ыждаһатпен тұрғызылған қала». Бұл – құр мақтау емес. Шындығында да, бұл шаһарды салуға көп күш жұмсалды. Қала күн санап дамып, көркейе түсті. Астана да солай гүлденер ме екен?!

Қала тұрғындарының орташа жасы – 32. Олар үшін Астана қаласы жаңа мүмкіндіктердің қайнар көзі. Мұнда көшіп келгендердің көбі таза қазақтар. Бұлай деуімнің себебі, бұл елде қазақтардан бөлек орыс, неміс, украин және басқа да ұлт өкілдері тұрады. Олар бір елдің туының, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Алайда өзге ұлт өкілдеріне қойылар талаптар да жоқ емес. Мәселен, қазақ тілін жетік меңгерген басқа ұлт өкілдеріне жұмыс табу оңайырақ. Кейбір ұлт өкілдері бұған қырын қарайды. Олар «посткеңестік кезеңдегі өзгерістерден кейін құқықтарымыз шектеле бастады» деп есептейді.

Астананың орталық саябағындағы отбасылық демалыс. Қала тұрғындарының дені жас отбасылар болғанымен, оларға шалғайдағы туыстары жиі қонаққа келіп тұрады. Әсіресе, жазда Астана қонақтарды қарсы алудан жалықпайды.

Астананың орталық саябағындағы отбасылық демалыс. Қала тұрғындарының дені жас отбасылар болғанымен, оларға шалғайдағы туыстары жиі қонаққа келіп тұрады. Әсіресе, жазда Астана қонақтарды қарсы алудан жалықпайды.

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін елде қазақыландыру саясаты жүргізіле бастады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған жұмыс жемісін берді. Оған да Астана қаласы дәлел бола алады. Президент осыдан 71 жыл бұрын Қырғызстан елімен шекаралас жердегі, елдің оңтүстікшығыс аймағындағы қыстақта қарапайым шопан отбасында дүниеге келген. Коммунистік партияның мүшесі атанбас бұрын металлургия зауытында еңбек еткен. Кеңес Үкіметі құлдырай бастаған кезде Жоғары Кеңес Төрағасы болды. Көп ұзамай Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Билікті өз қолына алған сәттен бастап ел астанасын Алматы қаласынан Қазақстанның солтүстік-орталығында орналасқан Ақмолаға көшіруді жоспарлады.

Оның осынау таңдауын бастапқыда басым көпшілік жатырқай қабылдаған. 1830 жылы патша бұйрығымен Ақмола жерінде бекініс салынған болатын. Кейінірек Кеңес Үкіметі кезінде бұл аймақ теміржол торабына айналған еді. Қаланың сол кездегі атауы Целиноград еді. 1950 және 1960 жылдар аралығында Никита Хрущев игерусіз жатқан жерлерді пайдаға асыру мақсатында жаңа бағдарлама жасады. Соның арқасында Кеңес империясын мол астықпен қамтамасыз етуді ойлады. Алайда 1990 жылға қарай ескі шаһар ауыр кезеңді бастан өткерді. Билік басындағылар қанша жанталасқанмен Целиноградтан ешқандай пайда түспейтінін түсінді. Неге десеңіз, қыс мезгілінде ауа температурасы кейде бірден минус 51 градусқа дейін түсіп кетеді. Жазда масалар құжынап жүреді. Ал егістікте таудай болып үйіліп тұрған астықты дүлей жел лезде ұшырып әкетеді.

Мәскеуде білім алған скрипкашы Айман Мұсақожаева да жаңа астананы көшіру туралы ойға күмәндана қарағандардың бірі болды. Өзі Алматыда туып-өскен. Тоқсаныншы жылдардың ортасында концерттердің бірінде Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп қалады. Президент оның өнеріне тәнті болып, Қазақ ұлттық музыка академиясын басқаруға ұсыныс білдіреді. Айман бұған қуана келісімін берген болатын. Сөйтіп, Президенттің бастамасымен Астана қаласында осы өнер шаңырағы құрылды.

ПАРЛАМЕНТ ҒИМАРАТТАРЫ (ҚЫЗЫЛ ЖӘНЕ КӨК), «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» (ЖАСЫЛ), «БӘЙТЕРЕК» КЕШЕНІ

ПАРЛАМЕНТ ҒИМАРАТТАРЫ (ҚЫЗЫЛ ЖӘНЕ КӨК), «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» (ЖАСЫЛ), «БӘЙТЕРЕК» КЕШЕНІ

ПРЕЗИДЕНТ САРАЙЫ

ПРЕЗИДЕНТ САРАЙЫ

Қазақстан Республикасының жаңа астанасы өзге көрікті қалалармен терезесі тең шаһарлар қатарына қосылды. Кеш батып, айналаны қою қараңғылық басқан кезде үкіметтік ғимараттардың түстері өзгереді. Құдды басқа қалаға тап болғандай әсерде боласыз. Президент сарайы Вашингтондағы Ақ үйдің баламасы тәрізді.

«ХАН ШАТЫР»

«ХАН ШАТЫР»

Назарбаев өзінің жоспарларымен бөліскен кезде Мұсақожаева: «Ақмола? Ол қандай жер?», – деп ойлаған еді. Үміттен гөрі күдігі басым болатын. Десе де, соған қарамастан Президенттің ұсынысымен жаңа астанаға қоныс аударды. Бүгінде ол Ұлттық өнер университетін басқарып отыр. Ақшыл көк түсті, дөңгелек ғимаратты шетелдіктер астау деп атап кеткен. Әңгімеміз аяқталған кезде ол менің біраз күте тұруымды өтінді. «Страдивари скрипкамды көргіңіз келе ме?», – деп сұрады.

Назарбаев елорданы Алматы қаласынан ауыстырудың бірнеше себебін алға тартады. Солардың бірі – Алматы қаласы жер сілкінісінің ошағында орналасқан және Тянь-Шань тауларына тым жақын. Яғни бұл қала аумағын кеңейтуге кедергі келтіреді. Сондай-ақ геосаяси жағдайға да мән берілді. Неге десеңіз, Қазақстанның солтүстігі Ресеймен шекаралас. Мұндағы тұрғындардың басым көпшілігін орыс ұлты құрайды. Сол себепті Ресей мен Қазақстан арасында қандай да бір шиеленісті жағдайлар орын алмас үшін осындай шешім қабылданды. Ел экономикасын көтеріп, тұрақтылық орнатуға тырысқан Президенттің қарсыластары да аз болған жоқ. Олар үкіметті жемқорлыққа жол беріп, қарапайым халықтың құқықтарын шектеп отыр деп айыптайды.

Арман қаланы тұрғызу үшін Назарбаев Қазақстанмен серіктес болуға ниетті шетел демеушілерінен көмек сұрады. Парсы шыға нағында орналасқан Катар Әмірлігі 7 мың адамға арналған мешіт салуға қаржылай көмектесті. (Қазақстанда түрлі ұлт өкілдеріне діни наным-сеніміне еркіндік беріліп, баршасына жағдай жасалғанымен ислам дінінің үстемдігі білінеді.) Сонымен бірге ол дүниежүзіне белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокаваны шақырды. Ол Астана қаласының бас сәулет жоспарын жасады. Президент өз елінің жетекші сәулетшілеріне де зор үміт артты. Қаланың бас сәулетшісі Сәрсенбек Жүнісов сол кезді сағынышпен еске алды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Назарбаев қала орталығында алып пирамида салдырғысы келетінін айтқан кезде Сәрсенбек пен оның әріптестері қатты қобалжыпты. «Әлемнің көптеген елдерінде пирамидалар бар әрі олар әр түрлі болып келеді. Солардан өзгеше пирамида салу үшін мықты сәулетші болу керек қой», – деп үрейленген-ді. Ақыры Бейбітшілік пен келісім сарайының құрылысы ағылшын сәулетшісі Норман Фостерге жүктеледі. Айта кеткен ләзім, күн сәулесін өзіне сіңіріп алатын шатырмен жабылған, зәулім киіз үй тәріздес Хан Шатыр ғимаратының жобасы да соған тиесілі.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҒИМАРАТЫ

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҒИМАРАТЫ

Талай жүлдені қанжығасына байлаған британдық сәулетші Норман Фостер қала бейнесін қалыптастыруға зор үлес қосқан шетелдіктердің бірі. Фостердің жобасы бойынша салынған «Хан шатыр» сауда орталығы кешкісін күлгін түске боялады. Оның ең үстіңгі қабатында жабық жағажай және толқынды хауыз орналасқан.

Бейбітшілік және келісім сарайының түрлі жиындар өткізуге арналған залының төбесі әйнектен жасалған. Оның ар жағында алып көгершіндер бейнеленген. Құдды көк аспанда қалықтап ұшып жүргендей әсер береді.

Бейбітшілік және келісім сарайының түрлі жиындар өткізуге арналған залының төбесі әйнектен жасалған. Оның ар жағында алып көгершіндер бейнеленген. Құдды көк аспанда қалықтап ұшып жүргендей әсер береді.


БІРАЗ УАҚЫТ БҰРЫН Н.НАЗАРБАЕВ СӘУЛЕТШІЛЕРДІ ШАҚЫРЫП, 15 МЫҢ АДАМ СИЯТЫН «ЖАБЫҚ ҚАЛА» САЛУ ТУРАЛЫ ОЙЫН АЙТТЫ: ОЛАРҒА АУА ЖЕЛДЕТКІШТЕРІНІҢ КӨМЕГІМЕН ҚОЛАЙЛЫ МИКРОКЛИМАТ ОРНАТЫЛАТЫН ҒИМАРАТ ТҰРҒЫЗУДЫ ТАПСЫРДЫ.


Назарбаев бұл ғимараттарды салдыртып қана қоймай, олардың іші-сыртын, жан-жағын абаттандыруға, әсемдетуге де көп көңіл бөлді. Қала іші алуан түрлі гүлдермен көмкерілді. Мәселен, қызғалдақтар,  егеурінгүлдер және сарыгүлдерден қазақ фольклорына тән түрлі нақыштар мен ою-өрнектер бейнеленді. Жүнісов президент туралы: «Ол айтары таусылмайтын тұлға. Ойына алған істі жүзеге асырмас бұрын көп ойланады. Бір аптаның ішінде райынан қайтып қалуы да әбден мүмкін. Әлі де үлкен ауқымды жоспарлары бар», – дейді. Демек, Астанадағы құрылыс бұнымен тоқтап қалмақ емес. Айталық, біраз уақыт бұрын Назарбаев сәулетшілерді шақырып, оларға 15 мың адам сиятын «жабық қала» салу туралы ойын айтты. Сол үшін ауа желдеткіштердің көмегімен қолайлы микроклимат орнатылатын тағы бір шатыр тұрғызудың мүмкіндігін анықтауды бұйырды.

Назарбаевтың осы уақытқа дейін алған асуы мен жеткен жетістіктерін білгіңіз келсе «Бәйтерек» монументінің төбесіне шығып, қаланы тамашалаңыз. Жалпы көрініс бұрышы – 360 градус. Түрік сырасын сататын бардың жанында малахиттен жасалған биік тұғыр тұр. Жоғарғы қабатына екі келі саф алтын құйылған. Бетінде президенттің оң алақанының ізі бар. Келушілер бұған алақандарын қойып, іштей тілек тілейді. Ал салтанатты шараларда мемлекеттік Әнұран ойнатылады.

Қала көрінісі көрген жанның таңдайын қақтырмай қоймайды. Көшелерден темір тордан жасалып, жүзім жапырақтарымен көмкерілген әртүрлі жануарлардың бейнелерін көруге болады. Мәселен, аққулардың, жылқылардың және керіктердің мүсіндері бар. Құдды бір Диснейлендте жүргендей әсер аласыз. Маусымның жаймашуақ кешінде субұрқақтың маңында балалар көпіршік үрлеп ойнап жүр. Екінші жағында жастар музыканы бар дауысына қойып хип-хоп биін билеп жатыр. Ал кең джинсы киген скейтбордшылар түрлі қимылдар көрсетті. Полицейлер үшін бұл әдеттегі жағдай болса керек, жүздері жылы, сабырлы. Ашық аспан астындағы дәмханада бір стақан француз шарабы 17 АҚШ доллары тұрады екен.

Астананың күннен күнге көркейіп, дамып келе жатқанын сауда орталықтарынан да байқауға болады. Солардың бірі және бірегейі – Фостердің жобасымен тұрғызылған «Хан Шатыр» сауда орталығы. Мұндағы көрікті орындардың бірі – жасанды жағажай. Хауыздардағы жасанды толқынның әсері ерекше. Жағаға төселген құм сонау Мальдив аралдарынан әкелінген екен. Бірде кешкісін жағажайда бикини кеші өтті. Кіру ақысы – 20 доллар. Диджей ағылшын тілінде: «Қане, жақсылап көңіл көтерейік. Бикини кешіне қош келдіңіздер!», – деді. Ерлер мен әйелдер түрлі шараптарға тапсырыс берді. Бірі арақ ішсе, енді бірі «Ред Бул» сусынын алып жатты.

Бұл шаһарда тек қана ауқатты адамдар тұрады деп ойласаңыз қателесесіз. Бұнда жастар күн сайын ағылып келіп жатады. Олардың қатарында Дархан Досанов та бар. Ол бұл қалаға осыдан алты күн бұрын келген екен. Қалта телефоны мен «Sony PlayStation» ойын құрылғысынан басқа ештеңесі жоқ көрінеді. Цифрлы фотоаппаратын сатып, пойызға билет алыпты. Сонау шығыс өңірден, 800 шақырым жерден ат арылтып келіпті. Танымал италиялық мейрамханасына даяшының көмекшісі болып орналасыпты. Алғашында орындықтарды қаз-қатар тізіп қойып, мейрамхананың ішінде түнеп жүріпті. Кейін үш бөлмелі пәтер жалдапты. Алайда ол жерде Дарханнан бөлек тағы он адам тұрады екен.

Араға бір апта салып Досановпен қайта кездестім. Ол маған мейрамханадағы жұмысынан айырылып қалғанын айтты. Көзі нашар көретіндіктен үстелдердегі пайдаланылған ыдыстарды байқамай қалыпты. Содан мейрамхана бастығы сегіз күннің жалақысын төлемей жұмыстан шығарып жіберген. Сөйтіп, ол аш қалмас үшін қолындағы ойын құрылғысын да сатыпты. Көп ұзамай Дархан басқа мейрамханаға қызметке орналасты. Басынан өткерген қиындықтарға қарамастан ол Астанаға келгеніне еш өкінбейді, қайта қуанады. «Болашақта бай боламын. Астанадан өз орнымды табамын», – дейді ол.

Расында да елордадағы жастар шеттерінен талапты. Әрқайсысының өзіндік арман-мақсаттары бар. Есіл өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан тозығы жеткен театрда төрт биші тәлім алады. Олар сол жерде 32 жастағы биші әрі қатал хореограф Әділ Еркінбаевтың жетекшілігімен балет қойылымдарын қойды.

Былтыр көктемде Әділ қызметінен айырылып қалды. Бірақ соған мойымай, қасындағы төрт бишісін жаттықтыруды тоқтатпады. Шама-шарқы жеткенше бастаған ісін орта жолдан тастамауға тырысты.

Бірде мен жас мамандардың жиынына қатыстым. Көбі шетел асып білім алып қайтқан. Осында келіп астаналық түлектер қауымдастығын құрыпты. Жастар жиын қонағы 38 жастағы Айдын Рахымбаевтың сөзін ұйып тыңдады. Айдын оларға өзінің қарапайым көмір сатушыдан елдегі ең ірі құрылыс компаниясының бастығы қызметіне қалай көтерілгенін баяндап берді.

Жастардың бірі одан идеяны бизнеске айналдыру үшін не істеу керектігін сұрады. Рахымбаев еш ойланбастан: «Идеяның маңызы шамалы. Кәсіпке икемдерің бар ма? Қандай бизнес жоспарларың бар?», – деп өзіне қарсы сұрақ қойды. Ол жастарды Том Питерс сияқты бизнестен хабары мол жазушылардың кітаптарын оқуға шақырды. Ал өзі жұмысбасты болғандықтан мұндай кітаптарды кеш оқи бастағанын мойындады. «29 жасымда алғашқы миллионымды таптым. Доллар бағамымен. Ал алғашқы он миллион долларды 32 жасымда жинадым. Сосын енді кітап оқуға мүмкіндік туғанын түсіндім», – деді ол.

Астананың көркі ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Алайда мұнда да қолайсыз жағдайлар болып тұрады. Мәселен, қала орталығында орналасқан су жаңа тұрғын үй кешенінде аз уақытқа жалдап тұрған пәтерімнің бірінші қабатында дүкен болатын. Жаңбыр жауса әлгі дүкеннің төбесінен су аға бастайтын.

Бірде сенбі күні түскі уақытта «Тостмастерс Интернешнл» ұйымының қызметкерлері саябақта ұйымдастырған кездесуге қатыстым. Кенет Америкада білім алған, банктің жас қызметкері жаныма келіп Астананы мақтай берудің жөні жоқтығын айтты. «Қаланың бұдан әрі көркеюі мүмкін емес. Себебі мұнда бәрі мұнай бағасына тәуелді», – деп біраз үнсіз тұрды да иығын қиқаң еткізді. «Бірақ бізде қазба байлықтарының түр-түрі бар. Бірі таусылса, екіншісі шығады», – деді ол артынша.

Алайда саябақта отырған оның әріптестерінің жүздерінен ондай ойды байқай алмадым. Олар жасыл теректің саясына көрпелерін жайып, дастарқан жасай бастады. Суға піскен қызылша, апельсин, еттен дайындалған тұшпара мен мантыны үйіп тастады. Бір жігіт қасындағы адамға қымыз ұсынды. Ал ол кесені келесі адамға берді. Сөйтіп, бір-біріне қымыз таратып шықты. Әлемдік мұнай және газ өндіруші компанияның Астанадағы бөлімшесінде қызмет атқаратын 33 жастағы Жанна Кунашева: «Өз жұмысын жақсы көретін адамдар қол көтерсін!», – деп айқайлады. Жастардың түгелі дерлік қолдарын көтеріп, бірігіп ән шырқады.

Самал желдің лебімен саябақтағы теректердің бұтақтары баяу тербеліп тұрды. Құдды бір жаңа астананың әлі талай белестерді бағындыратынын құлағыма сыбырлап тұрғандай көрінді.

Есіл өзенінің жағалауы. Әдетте бұл жер демалыс күндері астаналықтар мен қала қонақтарынан арылмайды. Кенесары ескерткішінен сол жағалауға өтетін көпірге дейінгі аралықта жаяу серуендеу – астаналықтар үшін кәдімгідей рахат! Арқаның салқын самалы да шаршағанды лезде ұмыттырады.

Есіл өзенінің жағалауы. Әдетте бұл жер демалыс күндері астаналықтар мен қала қонақтарынан арылмайды. Кенесары ескерткішінен сол жағалауға өтетін көпірге дейінгі аралықта жаяу серуендеу – астаналықтар үшін кәдімгідей рахат! Арқаның салқын самалы да шаршағанды лезде ұмыттырады.


       

Пікір жазу