Болашақ саябақтары — National Geographic Qazaqstan
.

Болашақ саябақтары

Мұздықтың еруі
Күн сәулесі the Garden Wall-ға, Мұз дәуірі мұздықтарынан қалыптасқан тау жотасына түседі. Бір кездері Гриннел мұздығы Wall-дан төмен жатқан алқапты түгел алып тұрса да, жылынып бара жатқан әлемдегі көптеген мұздықтар тәрізді ол да кішірейіп барады. 1850 жылдан бері ол 75 пайыздан аса көлемін жоғалтты.

Глейшер ұлттық саябағы, Монтана


Әлемдік жылынудың әсерінен Американың көрікті жерлерінің де келбеті өзгеріп бара жатқанын мойындауға тура келеді.

Авторы: М. Найхаус, фото: К. Ладзински

Ассетик аралындағы Мэриленд және Вирджиния штатынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан ұлттық теңіз жағалауы біртіндеп батысқа ығысуда. Ғасырлар бойы соққан дауылдар мен Атлант жағалауынан ескен солтүстік-шығыс желі әсерінен бүкіл арал жағаға қарай қашуда.

«Бірте-бірте ығысуда! Эволюция!» – Ишмаел Еннис мысқылдап, жағалауға қарады. Онда ағаш томарлары, қисық бұталар, бір кездері аралдың батыс жиегі болған батпақты шымтезектер шашылып жатыр. Кейінірек құм көміп, арал жылжыған сайын батпақ шығысқа қарай ығысуда.

Ассетикте қызмет көрсету бөлімінің басшылығынан жақында зейнетке шыққан Еннис кезінде талай дауылды көрген. Ұлттық теңіз жағалауы өз тіршілігі үшін солтүстік-шығысқа қарыздар. 1962 жылдың наурызында «Күлді сәрсенбі» дауылы аралды келіп соққанда енді ғана бой түзеп келе жатқан Ocean Beach  демалыс қалашығын жол-ғимараттарымен қоса жайпап кеткен еді. Осы жағдайды пайдаланып, табиғат қорғаушылары 1965 жылы бұл мекенді ұлттық саябақ ретінде қорғау керектігін айтып, Конгресті көндірген. Бүгінгі таңда ол орта Атлантик жағалауындағы барьер аралдың бір бөлігі болып табылады. Сабалақ жүнді жабайы понилері, романтикалы жұлдызды түндері, өзге аралдарда алапат дауыл соғып жатқанда бұл жерге мұхиттан жұмсақ самал есетіндігі үшін сүйікті мекенге айналған. Ғалымдардың пайымдауынша, климаттың өзгеруінен дауылдар күшейіп, теңіз деңгейінің көтерілуі тоқтамаса, Ассетик батысқа қарай жайлап ығысуы мүмкін. Еннис бұл өзгерістердің жақындап қалғанынан қауіптенеді. Дауылдар аралдың оңтүстік шетіндегі паркингті он жылда алты рет қиратып кеткен. Келушілер орталығы үш рет зақымданды.

Мұхиттың жылынуы
Алып жасыл анемонмен қоршалған жоса түсті жалғыз теңіз жұлдызы мидия және моллюскілермен қоректенеді. Олар 2013 жылдан бері Тынық мұхиты жағалауында өте көп мөлшерде өліп жатыр. Ғалымдар жылыған теңіз олардың ауруларға төзімділігін төмендетеді деп қауіптенеді.

Олимпия ұлттық саябағы, Уашингтон


Табиғатынан жасампаз Еннис жағдайдың механикалық ізденісті талап етіп тұрғанын сезді. Саябақ сәулетшісімен бірге Еннис пен оның әріптестері дәретхана, себезгі, жағажай құрылғыларын теңіз дауылы алдында жинай қоюға ыңғайлы болатындай етіп жасады. Олар көлік тұрағы жабындысының түр-түрін жасауда тәжірибе жүргізіп, ақыры бүктемелісін ойлап тапты, ол оңай жөнделеді, керек кезінде басқа жерге бульдозермен апара салуға болады. «Шығыс жағажай инженерлігі» деген атпен біз талай зат ойлап таптық, – деп күлді Еннис. – Климаттың өзгеретіні туралы ойлаған жоқпыз. Тек қажет болған заттарды жасадық».

Бұл қарапайым бейімделудің ауқымды бастамасы еді. Теңіз жағажайы – қазіргі таңда климат өзгерісінің ықпалын мойындаған елдегі ең алғашқы ұлттық саябақтардың бірі. Саябақ шарасыз іспен күреспейтін болды. Арал жылжығанда ол да құрылымдарын құммен бірге сырғыта бермек.

1916 жылдың жазында АҚШ конгресі ұлттық саябақтар ұйымдастыру жайлы заң қабылдап, агенттіктен «келешек ұрпақтың қуанышы үшін бүлінбеген» саябақ пен жабайы табиғаттан кетуін талап етті. Заң «бүлінбеген» деген сөздің анықтамасын бермеді. Саябақтың алғашқы директоры болған магнат Стивен Мазер үшін бұл тек «дамымаған» ұғымымен пара-пар еді. Саябақтың алғашқы менеджерлері Мазерге еліктеп, асқақ висталарды қорғауға да, жетілдіруге де тырысты.

Жылыну, құрғақшылық
Сьерра-Неваданы бойлаған ғаламат секвойялар түнгі аспанмен ұласады. Олар 3000 жыл өсіп тұра алады, алайда олар Калифорнияның есте қаларлық құрғақшылығы сынағына түсті. «Біз мұндай қуаңшылыққа келешектің бір нышаны ретінде қараймыз», — дейді Нейт Стивенсон.

Секвойя ұлттық саябағы, Калифорния


Бірақ агенттік пайда бола салысымен дау-дамай басталды. 1916 жылдың қыркүйегінде белгілі калифорниялық зоолог Джозеф Гриннел «Science» журналында ҰСҚ (Ұлттық саябақ қызметі) бұл жердің көрінісін қорғап қана қоймай, ондағы өсімдіктер мен жануарлардың бастапқыдағы тепе-теңдігін сақтау керектігі жайлы мәселе көтерді. Агенттіктің ішкі және сырттағы жабайы табиғат биологтары Гриннелдің айтқанын қайталап, саябақтарды «бүлінбеген» экологиялық күйде сақтауға шақырды. Бірақ жұрт саябақтарға жанартауларды, сарқырамаларды, діңіндегі тесіктен көлік өтіп кететін ағаштарды қызықтауға келеді. Осыларды сақтап қалу – агенттіктің басты міндеті.

1960 жылдардың басында Ішкі істер министрі Стюарт Юдал ұлттық саябақтар жүйесінде 50-ге жуық кішігірім саябақ бар екенін анықтап, ҰСҚ-ның саябақтардағы тұмса табиғатты басқаруы туралы ойлана бастады. Ол атақты табиғат қорғаушысы Альдо Леопольдтың ұлы, Калифорния университетінің жабайы табиғат биологы Старкер Леопольдты тәуелсіз зерттеу жүргізуді басқаруға шақырды.

The Leopold Report үлкен әсер етті. Ол да Гриннел секілді саябақтардағы алғашқы флора мен фауна арасындағы тепе-теңдікті еуропалықтар қоныс аударған кезеңдегі күйінде сақтап қалуға шақырды. Одан кейінгі жылдарда саябақ қызметі ғылымилана түсті. Олар бұрыннан-ақ қауіпті орман өрттерін ерте байқап, бұл мәселенің алдын алуды үйренді. Қасқырлар мен үлкен мүйізді қойлар сияқты жоғалған түрлерді қайта көбейтті. Алайда басты назарда экологиялық үдерісті қайта ретке келтіру емес, әр саябақты The Leopold Report айтпақшы, «бүлінбеген Американың қалпындай» етіп тұрақты түрге келтіру болды.

Әйтсе де, Леопольд кейін мойындағандай, бұл адамды жаңылыстыратын мәселе еді. Американы қоныстандыру ұғымы байырғы америкалықтардың аң аулап, беталды от жағып саябақ ландшафына ұзақ уақыт әсер етуіне маңызды емес деп онша көңіл бөлмеді. Ол тіпті табиғаттың өз бетінше дауылдар мен құрғақшылықтан, өрт пен су тасқынынан, тіпті ішінде тіршілік ететін жан-жануарлардың өзара әрекетінен де өзгеріске ұшырайтынын ескермеді. ҰСҚ келушілерді қызықтыратын жалғыз себеп сол екенін түсінгендіктен өткен заманның экологиялық көріністерін бұрынғы күйінде сақтап қалуға тырысты.

Теңіз деңгейінің көтерілуі
Ассат аралы Мэриленд пен Вирджинияның бөлігін Хаттерас аралы жағалауындағы материк мен ашық мұхиттың арасында жіңішке бөгет бар. Теңіздің көтерілуі мен дауылдардың күшеюі Хаттерасты жіңішкертіп, тіршілік тарихи құрылымдарына зиян келтіруде, құрлықты түгелімен қалдыруға қауіп төндіруде.

Хаттерас Түбегі ұлттық жағалауы, Солтүстік Каролина


«ҰСҚ Америка қоғамымен мұндағы барлық дүниені әрдайым бастапқы қалпында сақтап қаламыз деп келісімге келген, – дейді Секвойя, Кингз Каньон және Йосемит ұлттық саябақтары ормандарын зерттеген эколог Нейт Стивенсон. – Алайда уақыт осымен тоқтап қалмайды».

1980 жылдан бастап ғалымдар өзгерістің жаңа түрі пайда болғанын бірте-бірте мойындады. Глейшер ұлттық саябағындағы мұздықтар кішірейіп, Секвойядағы орман өрті жиілеп, теңіз деңгейі көтерілген сайын шағын саябақтар аумағы кішірейе бастағаны анықталды. 21 ғасыр басталысымен Глейшер зерттеушілері, 2030 жылдарға таяу бұл саябақтың ең үлкен мұздықтарының жойылып кетуі әбден мүмкін деп мәлімдеді.

2003 жылы Берклидегі Калифорния университетінің бір топ зерттеушісі Джозеф Гриннелдің ізін қуа бастады. Йосемит пен Калифорнияның өзге де саябақтарында зоологтар тұмса табиғатта мұқият зерттеу жұмыстарын жүргізіп, олардың құны «ұзақ уақытқа, бәлкім, бір ғасыр­ға дейін іске аспас» деген болжам айтты.

Берклилік зерттеушілер өздерінің Йосемиттік шолулары мен өзге де ақпаратты Гриннелдің 90 жылдық фотосымен салыстырғанда, кейбір ұсақ сүтқоректілердің мекен ету аясы айтарлықтай жоғары жаққа ауысқанын байқады. Бір кездері жиі кездесетін екі сүтқоректі: боршатышқан мен орман егеуқұйрығы саябақтан мүлде жоғалып кетуге шақ қалған. Климат өзгерісі Йосемитке де жеткендіктен, орман жануарлары ыстықтан қашып, өзге жаққа жер аударғаны түсінікті болды.

Белгілі бір уақыт бойы ҰСҚ бұл тақырыпта тіс жарып ештеңе айтпауға тырысты: Глейшерде арнайы белгілер жинағы бар тізбеде температураның сәл ғана көтерілгені жайлы қысқа ғана ақпарат жазылды. Рейнджерлер мәселенің себебін сөз етуден қашқақтады.

Алайда мәселе өтпелі саясаттан тереңде еді. Адамдар ұлттық саябақтарға тіршілікті сезіну үшін, бір сәт болса да, табиғаттың «бүлінбеген» шынайы күйін көру үшін келетін. Климаттың өзгеруі туралы ыңғайсыз шындықтан келушілерді алдамшы елеске бөлеу ҰСҚ үшін қиындаған үстіне қиындай түсті. Ұлттық саябақтар әсерлі сезімнің орнына енді не ұсынатынын ешкім білмеді.

Өрттер
Орман өрттерінің түтініне оранған солтүстіктегі жартасты таулардың өркеш-өркеш шыңдары таң шапағымен Уашингтон штатындай алыстан ағараңдап көрінуде. Ауа температурасы көтеріліп, құрғақшылық өскен сайын, Батыс өрттері ауқымдырақ және зардабы қаттырақ болмақ.

Глейшер ұлттық саябағы, Монтана


Нейт Стивенсон алты жасқа толғанда ата-анасы оған етік кигізіп, арқасына қолдан жасалған ағаш пәкфрейм іліп, Кингз-Каньон ұлттық саябағына саяхатқа ертіп барған. Содан бергі 53 жылдың басым бөлігінде Стивенсон Сьерра-Невада көне ормандарына жиі барып жүрді. «Менің бүкіл жан-дүнием сол ормандармен байланысты», – дейді Нейт. Қазір ол Секвойя саябағы ормандарындағы өзгерістерді зерттеп жүрген эколог.

Стивенсон секілді зерттеушілер алыс болашақты болжауға қабілетті. 1990 жылдары өткен күндердің нәтижесі оған тым қауіпті көрінді. Ол өз маңайындағы секвойялар мен түлкіқұйрық қарағайлар өзінен анағұрлым ұзақ тіршілік етеді деп сенетін. Бірақ температураның көтерілуі мен кеңге жайылған құрғақшылықтың ықтимал әсерін ойлағанда, ол сенім сейіліп кетті, «бүлінбеген Америка қалпы» қол жетпес өткен шақта қалғандай болды.

Төтенше ауа райы жағдайы
Бұл сурет су астында түсірілді. Гаттерас аралының Cape Point кемпинг алаңындағы әдетте қуаң жерінде теңіз балдырлары өсіп тұр. Биылғы көктемде төрт күн бойы соққан тропикалық Бонни дауылы аралға орташа жылдық көлемнің бір ширегіндей, яғни 35 см-ге жуық мөлшерде жаңбыр төкті.

Гаттерас мүйісі. Ұлттық теңіз жағалауы, Солтүстік Кәролина


«Мен саябақ қызметінің миссиясына сенімді болғанмын, – деп есіне алды Стивенсон. – Кенет біз жоспарлаған мақсаттың қазіргі жүзеге асып жатқан әрекеттен мүлде бөлек екенін байқадым. Өткеннің қателігін біз енді қайтіп келешектің нысаны ретінде пайдалана алмадық».

Стивенсон жаңа миссияның керек екендігі туралы идеясын ҰСҚ-дағы әріптестеріне өзі «рөуд-шоу» деп атаған таныстырудан бастады. Сәл қуақыланып, ойша тәжірибе жасауды ұсынды. «Секвойя ұлттық саябағы тым ыстық және құрғақ болып кетсе, ондағы секвойялардың күйі не болады? Жұмысы тұмса табиғатқа килікпеу боп саналатын саябақ менеджерлері ағаштарды құтқару үшін оларды суару керек пе? Әлде секвойя ұрықтарын салқындау, ылғалды жерге, тіпті, саябақ шегарасынан тысқары жерге қайта отырғызу керек шығар?»

Тыңдармандарды ыңғайсыз үнсіздік биледі. Леопольд сұрақтарды жауапсыз қалдырды.

Қыркүйек айының соңғы күндері. Секвойя ұлттық саябағы. Ашық көк аспан. Сьерра-Невада жотасының ар жағында өртеніп жатқан орман түтінін күшті жел сейілткен. Стивенсон өз тобымен маусымдық тексерісті аяқтап, орман жағдайының көпжылдық санитарлық тізімін толықтыруда. Ең аласа қырларды зерттегенде секвойя деңгейінен төменде орналасқан ағаштардың биыл 16 пайызы жойылғанын байқады. Бұл әдеттегі көрсеткіштен, шамамен, 10 есе артық. «Бұл төмен деңгейлі өрттен соң болатын түр-тұрпат», – дейді Стивенсон. Ұзақ жылдар құрғақшылықтан қажыған аласа қырлардағы ағаштардың көбісі жәндіктердің шабуылынан да қурап жатыр. Биік қырлардағы секвойялы жерлерде бірнеше алып ағаш құрғақшылық зардабынан қылқандарын түсірген, өрттен зақымданған бірнешеуі қурап кеткен. Бүкіл орман зардап шеккен.

Секвойяда да, басқа жерлерде де, климат өзгерісінің ауырт­палығын алдын ала болжай алмайды. Секвойяда орташа температура өсе бермек, қардың орнына жаңбыр жиілемек. Бірақ бұған қарап жауын-шашынның жалпы мөлшері өсіп, не кемитінін немесе аталмыш өзгерістер бірден пайда бола ма, біртіндеп біліне ме, болжау қиын. «Біз ахуалдың қалай өрбитінін білмейміз», – дейді Секвойя және Киңз-Каньон басшысы Вуди Смек. СҚ (Саябақ қызметі) өткенді қалпына келтіре де, келешекке үміт те арта алмайды. Оның орнына болашақта бірқатар үлкен өзгерістерге дайын болғаны лазым.

Тұздану
Солтүстік Эверглейдздегі кипаристі батпақ түбінде америка аллигаторы жемтігін күтуде. Теңіз деңгейінің көтерілуінен Эверглейдзге тұзды су құйылып жатыр, артық тұзды тілі арқылы шығарып тастай алатындықтан енді қолтырауындар аллигаторларды ығыстыруы мүмкін.

Эверглейдз ұлттық саябағы, Флорида


2009 жылы СҚ директоры Джонотан Джарвис The Leopold Report-ты қайта қарау үшін бөлек сарапшылар комитетін құрды. Соның нәтижесінде әзірленген құжат ҰСҚ-ға жаңа мақсаттар жинағын ұсынды. Бүлінбеген қалыптардың орнына ҰСҚ «аяғына дейін зерттелмеген тоқтаусыз өзгерістердің» ретін басқармақ. «Экологиялық көріністерге» қарағанда ол «экологиялық біркелкілік пен тарихи-мәдени деректілікті» сақтамақ. Келушілер тұрақты көріністердің орнына «трансформациялы тәжірибені» көрмек. Бәлкім, ең бастысы, саябақтар «құрлық және теңіз ландшафын сақтаудың негізін құрар». Олар арал ретінде емес, қорғауға алынған жерлердің бір бөлігі ретінде басқарылмақ.

«Тhe Report» әлі ресми саясатқа айналған жоқ. Оның орнына көптеген саябақтар өзгерістен бас тартпай, инфрақұрылымын, флорасы мен фаунасын да жаңа жағдайға бейімдейді. Индиана штатының Дюналы ұлттық көлі жағалауында ғалымдар қоңыржай микроклиматты емен саванналарын іздестіруде. Ол жерлерге СҚ жоғалу қаупі төнген Karner көк көбелегін жерсіндіруі мүмкін. Глейшерде биологтар жолдорбасына албырт балықтың бір түрі голецті салып әкеп, оларды тарихи ареалынан бөлек, көлдің жоғары, салқындау жағына жібергені бар. Мақсат: – балықты өзгерген климаттан және қанқұйлы көл бақтағынан қорғау.

Секвойя саябағында Стивенсон саябақ менеджерлерінің секвойя ұрықтарын саябақтың жоғарырақ және салқындау жерлеріне қайта отырғызғанын қалайды, ұрықтар қалай өнер екен, халық рәміздермен мұндай эксперимент жасағанға қалай қарар екен, білгісі келеді. «Біз өзгеріс енгізуді бастап көруіміз керек», – дейді ол.

СҚ-мен қатар келушілер де өз сүйікті саябағының өзгеруі мүмкін екенін қабылдап үйренулері керек. «Адамдар менен: «Мен бұл жерде әлі де рақаттана алам ба? Немере-шөберелерім бұл жерге кеп рақаттана ала ма?» – деп сұрайды» дейді Дэвис. «Жауап: Иә, рақаттанады! Дәл қазіргідей рақаттанып, қазіргідей келе алмауы мүмкін. Әйтсе де, олар мұнда рақат сезімге бөлене бермек».

ДЕРЕККӨЗДЕРІ: NPS; ЭВЕРГЛЕЙДЗ ҚОРЫ; ФЛОРИДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ; ОҢТҮСТІК ФЛОРИДА СУ БАСҚАРМАСЫ АЙМАҒЫ

Мишель Найхаус Колорадодағы High Country News-де тілші ретінде бастап, 15 жылдан бері климат өзгерісі мен табиғат қорғау туралы жазып келеді. «National Geographic» үшін ол «таза» көмірдің болашағы, Калифорниядағы құрғақшылық және 2015 жылдың мамырдағы нөмірінде Меконг өзеніндегі бөгеттер жайлы жазған. Фото: Дарси Хантер

Кейт Ладзински Колорадоның жартасты тауларында ойнап өскен, жеті континенттің бәрінде жұмыс істеген, штаттан тыс және оқиғалар фотографы. «National Geographic» үшін ол Қытай мен Антарктидада экстремалды альпинистік экспедиция жайлы суреттер түсірді, бұл оның алғашқы фото түсіру тапсырмасы. Фото: Энди Манн

Ыстық , Құрғақшылық
Джошуа ағашы қолдарын иіп, Мохаве юккасын қорғап тұрғандай. 2100 жылға қарай саябақтың көп бөлігі ағаштарға тым ыстық және құрғақ болуы мүмкін. Дегенмен, саябақ биологі Нил Фрикс оған мойымайды. «Джошуа ағаштары өте төзімді. Мен болашақтың болжамдағыдан жарқын боларына сенемін», — дейді ол.

Джошуа ағашы ұлттық саябағы, Калифорния

       

Пікір жазу